Төртіншіден, Алаш қозғалысы тұсында шын мәніндегі ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі қалыптасты. Бұл құбылыс тиісінше әдеби тіліміздің көсемсөз жанрын дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа Алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы публицистикалық еңбектерін тізбелемегеннің өзінде, «Қазақ» газеті сияқты ұлттың ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес қосты. «Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын аңғартты. Бұл газет ұлт көсемсөзінің ғана емес, тіліміздің маржан қорының қойнауында өнген әдебиетіміздің де, сонысымен тіліміздің де айшықтыкөркемдігін, бай бейнелілігін ашты. Сондықтан да заңғар Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905-ші жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді» деген еді /2,350/.Ұлттың мүддесін үндеген «Қазақ» газетінің өзі де, аңғарар болсақ, әдеби тілдік жағынан жылдан жылға өскені байқалады. Әсіресе, газет бетіндегі әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерінің тараулана байқалуы газеттің 1917 жылғы сандарынан айрықша көрініс береді. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы, Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына», редакцияның «Алаш партиясы» және тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі. Алаштың рухани көсемі Ахаңның еңбегімен, жігерімен дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге, Түркістан көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және Алаштың астанасы Семей қаласында Райымжан Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған «Сарыарқа» газеттері публицистикалық тіліміздің айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, қазақ публицистикалық тілі мен стилі Алаш қозғалысы тұсында аяқтанды деп айта аламыз.
Бесіншіден, Алаш оқымыстыларының ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектері, әр салаларға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің ғылыми және ғылыми-көпшілік стильдерін қалыптастырды. Айталық, Ә.Бөкейханның тарих, фольклортану, әлеуметтану саласындағы ғылыми шығармалары, А.Байтұрсынұлының 1912 жылдан бастап 1928-1929 жылдарға дейін жазылып жарияланған оқулықтары, оқу құралдары, ғылыми мақалалары, Х.Досмұхамедұлының медицина, биология, тілтану саласындағы ғылыми еңбектері, М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану, әдебиеттану, математика саласындағы ғылыми шығармашылығы, Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері, М.Жұмабаевтың педагогика, әдебиеттану саласындағы еңбектері, Т.Шонанұлының тілтану, әдістемеге арналған оқу құралдары мен зерттеулері, сондай-ақ Ә.Ермековтің, М.Тұрғанбаевтың, Е.Омарұлының, С.Асфендияровтың, М.Бұралқиевтың, Қ.Кемеңгерұлының, С.Сәдуақасовтың ғылыми еңбектері ғылым тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуында айрықша белес болды. Қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен, ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеумен бірге Алаш зиялылары тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін де күресті. Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», М.Дулатовтың «Қазақ тілінің мұңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» т.б. еңбектерде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа тілдердің әсері, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған ойлар өрістетілді. Алаш оқымыстылары бастаған осы ғылыми дәстүр совет тұсында қанша масұқталғанымен, бәрібір қазақтың ғылыми алқабына себілген дән болып көктеп шықты, өз жемісін берді, бүгінгі бізге де қуатты құнар болуда. Әсіресе, Алаш асылдары қалыптастырған ғылыми терминология әлденеше ғылым саласында орнықты. Олардың термин жасаудағы қағидаттары, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін қолдану әдістері мен дағдылары қазіргі қазақ терминологиясының мектебі іспетті. Алаш санаткерлері қалыптастырған осы терминологиялық қор, біздің ойымызша, ғылыми тұрғыдан қорытылу қажет, соған орай оның қағидаттары мен тұжырымдары осы саладағы барлық мамандарға жеткізілуі тиісті. Сонда біз қазіргі термин саласындағы көптеген, жиі айтылып қалып жүрген ала-құлалықтардан арылмақпыз. Сондай-ақ Алаш ғалымдарының сан салалы ғылыми тәжірибелеріне жалпы таза ғылыми деңгейде лайықты баға беретін де уақыт келді деп ойлаймыз. Әрине, ғылыми мұраны зерттеу, зерделеу жұмыстары сонау 1980 жылдардың соңында, 90 жылдардың басынан бері қолға алынуда. Сандаған мақалалар жазылды, ғылыми деңгейі әртүрлі диссертациялар қорғалды, енді оларды қорыту, соның негізінде жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, маңызды мен мардымсыздың жігін ажырату сәті туған сияқты. Бұл мәселенің өзектілігі – ғылым саласында дәстүрлі реттен бас тартып, жаңа жүйені қалыптастырудың қазіргі кезеңімен сабақтас.