Метатану аспектілерін санаттау
Өз жұмысының нәтижесінде Флейвелл метатануды өлшеудің үш құрылымын (өлшемдерін) сипаттай отырып, балалар метатануының мониторингі мен талдауының негізін анықтады:
• білім алушы тұлға ретінде өзі туралы білімі;
• мақсаттар мен тапсырмаларды білу, түсіну және бағалау;
• тапсырманы орындауға қажетті стратегияларды білу және оларды бақылау.
Бірінші өлшем жеке білімге қатысты; өзін оқушы ретінде тани отырып, бала, мысалы, өзінің мықты және әлсіз жақтарын сезінеді, оқу үдерісінде не ұнайтынын, не ұнамайтынын түсінеді және жеке мақсаттарды белгілеу қабілеті туындайды. Флейвелл оқушылардың өзінің оқуын саналы түрде сезінуі дамыған сайын (бұл да сол жұмыста) балалардың басқа оқушылардың да өз оқуына қатысты таңдауы, күшті және әлсіз жақтары бар екендігі туралы метатанымдық түсінігінің де кеңейетіндігін анықтады.
Флейвелдің екінші өлшемі тапсырмаға бағытталған, ол оқушының өз мақсаты мен тап-
сырмаларын білу, түсіну және бағалауды қамтиды. Метатанудың бұл аспектісі оқушының тапсырманы қалай талдайтынын және бағалайтынын немесе күрделілік деңгейін қалай салыстыратынын көрсетеді. Сондай-ақ, үшінші метатанымдық құрылымды Флейвелл тапсырманы орындауға қажетті білім мен тәсілдерді бақылау деп анықтайды. Оқушылардың орындауы қажет тапсырманы анықтауы және бір немесе бірнеше тәсілдердің көмегімен тапсырманы орындау жоспарын құруы стратегиялық бақылау көрсеткіші болып табылады. Түрлі тәсілдердің салыстырмалы түрдегі тиімділігі бағаланып, оқушылар өз әрекеттерін түсіндіреді. Оқушылардың таңдауы мүмкін тәсілдерінің біреуі – басқалардың білім аясы кеңірек болуы мүмкін деген жеке көзқарасына байланысты олардан көмек сұрау. Табыс, ұмтылыс және тиімді тәсілдерді қолдану арасындағы негізгі байланысты қалыптастыратын болғандықтан, метатану ұғымын бір оқушының «қалай оқу керектігін үйренуі» деп қарастыруға болады. Метатанымдық қабілеттердің дамуы мен тиімді ойлау мен оқудың арасында байланыс бар. Шанк пен Циммерман (1994) балалардың өз оқуын бақылауға алу мен оны жүргізу барысында оларға дербестік беруге баса назар аударады. Өз бетінше жұмыс істеу және даму ниетін авторлар метатанудың маңызды аспектісі ретінде таниды. Оқу үдерісінің табысты болуы ынталандыру, әлеуметтік және эмоционалдық себептер арасындағы күрделі әрекеттестік пен метатанымдық білімге байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |