Дәріс 8-9. Тақырыбы: Электрондық және виртуалдық кітапханалар және каталогтар. Электрондық оқулықтар мен қашықтық курстар. Виртуалдық мектептер.
Мақсаты: Электрондық және виртуалдық кітапханалар және каталогтар жайлы түсінік беру
Қазіргі заман талабы бойынша білім беруді ақпараттандырудың негізгі талаптарының бірі – оқу үрдісіне электрондық оқулықтарды енгізу. Өйткені, бүгінгі таңдағы білім беру саласында тек мұғалімнің айтқандарын орындау немесе оқулықты пайдалану заман талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан қазіргі ақпараттандыру қоғамында электрондық оқулықтарды пайдаланбай алға жылжу мүмкін емес.
Оқу материалдарын ұтымды игеруде электрондық оқулықтардың атқаратын рөлі зор. Электрондық оқулықтарда теориялық тақырыптар кеңінен беріліп түсіндіріледі. Теориялық материалдар графикалық иллюстрация түріндегі әр түрлі суреттер, сұлба тәсілдер арқылы толықтырылып отырса, онда теориялық білімді оқып, көзбен көріп, түйсіну және оны мида бекіту үрдістері бір уақытта өтеді және материалды қорыту үрдісі ұтымды болады.
Электрондық оқулықтар – ғылыми негізде дайындалған педагогикалық ақпараттық өнім. Электрондық оқулық дайындаудың тұжырымдық негізі модульдік оқытудың педагогикалық теориясы болып табылады. Сонымен қатар электрондық оқулық дайындаудың педагогикалық ұстанымдар жүйесі оқытудың дидактикалық жүйесіне сәйкес келеді. Электрондық оқулықтармен жұмыс істеу әрбір оқушының өз мүмкіндігін есепке ала отырып, оқып үйрену ісін жеке дара жүргізуге жол ашады.
Электрондық оқулық - оқу пәнінің негізгі ғылыми мазмұнын қамтитын компьютерлік технологияларға негізделген оқыту, бақылау, моделдеу, тестілеу, т.б. бағдарламалардың жиынтығы. Электрондық оқулық жай оқулықтарға өте тиімді қосымша мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда:
- кері байланысты іс жүзінде тез арада қамтамасыз етеді;
- жай оқулықтағы ақпаратты іздеу мүмкіндіктері біраз уақыт алатын болса, электрондық оқулық қажетті оқулықты тез мүмкіндік береді;
- гипермәтінді түсіндірулерге өту барысында уақытты үнемдеуге көмектеседі.
Ең бастысы, электрондық оқулықтарды дайындаудың бір жүйеге келтірілген заңдылығы болуы керек. Осыған байланысты электрондық оқулықтарды дайындауда мынадай дидактикалық шарттарды ескерген жөн:
- белгілі бір пәнге байланысты дайындалған электрондық оқулықтың сол пәннің типтік бағдарламасына сәйкес болуы;
- электрондық оқулықтар курста оқытылатын тараулар мен тақырыптарға қатысты дәріс конспектісін қамтитын негізгі зертханалық және тәжірибелік тапсырмаларды орындауға арналған қосымша материалға қатысты анықтама, библиографиядан тұратын көмекші, аралық және қорытынды бақылау сұрақтарынан тұратын тест, материалдарды дайындауда пайдаланылған әдебиеттер тізімдері бөлімдерін қамтуы;
- электрондық оқулықтың кәдімгі оқулықтар мазмұнын қайталамауын, яғни, берілетін тақырыпқа қатысты ақпараттың нақты әрі қысқа берілуін ескеру;
- белгілі бір тақырыпқа қатысты материал 2-3 экрандық беттен артық болмау.
Егер мәтін көлемі бірнеше экрандық бетті қамтитын болса, онда экранда пайда болатын оң жақ тік төменгі көлденеңінен жылжыту сызықтарын электрондық оқулықты пайдаланушының материалға қатысты ойын бөледі және мәтінді жоғары-төмен, оңға–солға жылжыта беру пайдаланушының шыдамдылығына да әсер етеді. Сондай-ақ кейбір пәндерге, атап айтқанда, физика, химия, биология секілді пәндерге қатысты үрдістерді анимациялап көрсету, тіпті кинофильмдер мен диафильмдер үзінділерін MPEG, AVI типті файлдар ретінде сақтап, оларды гипермәтінді формат арқылы электрондық оқулыққа кірістіру оқулықтың көркемдік әдістемелік деңгейін арттырады.