Эпос түрлері: әңгіме, повесть, роман.
Эпос (грек. epos – сөз, баяндау, әңгіме, өлең) – әдебиеттің бір саласы.
Құрамына аңыз, ертегі, әңгіме, новелла, повесть, роман, эпик. поэма, эпопея жанрлары, сондай-ақ көркем очерктер кіреді. Эпостың басты ерекшелігі – өзі әңгімелеп отырған өмір құбылыстарын кең көлемде, эпик. тұрғыдан қамтып, кейіпкер образын, көркем әдебиеттің алуан түрлі әдістерін мейлінше мол қамту арқылы суреттеу. Көбінесе шығарма жазылудан әлдеқашан бұрын болған оқиға туралы жазылатындықтан, Эпоста баяндау тәсілі басым болып келеді. Эпостық шығармада суреттелетін оқиға оған тікелей куәгер болған адамның атынан баяндалады. Мұндай шығармалардың ерекшелігі оған бірігетін жанрлардың ішкі өзгешеліктерінен айқын көрінеді. Эпостық шығармалар халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Ең көне Эпостық жанр – ертегі, ол барлық халықтың ауыз әдебиетінде бар. Ертегіде оқиға үнемі ертекшінің атымен баяндалады. Онда адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі (тұрмыс-салт ертегілері), қиялдан туған түрлі ғажайып оқиғалар (қиял-ғажайып ертегілер), адамдар мен жануарлар арасындағы жайттар (хайуанатар туралы ертегілер), белгілі бір ертегілік кейіпкердің бастан кешкен қызғылықты оқиғалары (Алдар көсе, Қожанасыр әңгімелері) сөз болады. Эпостық жанрдың ендігі бір түрі – аңыз әңгімелерде нақтылық, тарихилық сипат басым (мыс., Жиренше шешен, әз-Жәнібек туралы аңыз әңгімелер). Шағын көлемдегі Эпостық жанрларға көркем очерк, новелла, әңгімелер жатады.
Қазақ әдебиетінде көркем очерктер Ш.Уәлихановтың сапарнамалық очерктерінен басталады (мыс., “Жоңғария очерктері”, “Ыстықкөл сапарының жазбалары”, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқановтардың көркем очерктері). Қазақ әдебиетіндегі новелла жанры кеңестік дәуірде дамыды (Ғ.Мүсіреповтің ана туралы новеллалары). Эпостық жанрдың шағын түріне жататын әңгіме жанрында қазақ қаламгерлері жемісті еңбек етті. Әуезовтің “Қорғансыздың күні” (1921), “Қыр әңгімелері” (1925), “Қаралы сұлу” (1925) әңгімелері қазақ әдебиетіндегі бұл жанрды еур. биікке көтерді. Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, т.б. бұл жанрда өндіре жазды. Эпостық орта көлемдегі түрі – повесть қазақ әдебиетінде шынайы көркемділікпен игерілді. Қазақ повестерінің классик үлгілері ретінде Әуезовтің “Қилы заман” (1928) және “Қараш-қараш оқиғасы” (1928) повестерін атауға болады. С.Сейфуллиннің “Жер қазғандары” (1928) қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына арналған тұңғыш повесть. Эпостық шығармалардың поэзиялық жанрына эпикалық поэмалар жатады. Абайдың “Ескендір”, “Масғұт” поэмалары эпик.-филос. поэманың классик. үлгілері болса, Шәкерім Құдайбердіұлының “Жолсыз жаза”, Мағауия Абайұлының “Медғат – Қасым”, Әбдірахман Абайұлының “Дағыстаны” романтик. сипаттағы эпик. поэмалар қатарынан орын алады. С.Торайғыровтың “Кедей”, “Адасқан өмір” поэмалары реалистік поэмалардың озық үлгілері. Кеңестік дәуірде Сейфуллин, І.Жансүгіров поэмалары бұл жанрды сапалық жаңа биікке көтерді. Эпостық шығарманың мол мүмкіндігін толық танытатын жанр – роман. Бұл жанрда жазылған С.Көбеевтің “Қалың малы” (1912) қазақ романдарының төл басы болып есептеледі. Кеңестік дәуірдегі алғашқы қазақ романдары қатарында 20-жылдары жазылған Ж.Аймауытовтың “Қартқожа”, “Ақбілек”, “Күнікейдің күнәсі”, Сейфуллиннің тарихи-мемуарлық “Тар жол, тайғақ кешу” (1927), Мұқановтың “Адасқандар” (1928), Жансүгіровтің “Жолдастар” (1935) романдарын атауға болады. Қазақ әдебиетінің дамуы барысында роман жанры сан алуан қырынан дамыды. Соның нәтижесінде қазақ романының тарихи (Ә.Нұрпейісов, “Қан мен тер”), тарихи биограф. (Мұқанов, “Аққан жұлдыз”, Шерхан Мұртаза, “Қызыл жебе”), тарихи (І.Есенберлин, “Көшпенділер”, М.Мағауин, “Аласапыран”; Ә.Кекілбаев, “Үркер”; С.Сматаев “Елім-ай”; Ә.Әлімжанов, “Жазушы”), тарихи-филос. (Кекілбаев, “Аңыздың ақыры”), әлеум.-психол. (Әуезов, “Өскен өркен”), роман-хроника (Есерберлин, “Алтын Орда”), роман-новелла (Ә.Нұршайықов, “Ақиқат пен аңыз”), публицистик. (Әлімжанов, “Көгілдір таулар”), роман-эссе (Қ.Салғарин, “Алтын тамыр”) түрлері дүниеге келді. Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясы қазақ әдебиетіндегі Эпостық жанрдың жеткен биігін әлем әдебиетінде айқын танытты. 2) Ауыз әдебиетіндегі ел қорғаған батырлардың өмірін генеол. тұрғыдан, эпик. сипатта жан-жақты суреттейтін жанрлар тобы. Қазақ ауыз әдебиетінде бұл жанрдағы шығармалар мейлінше мол ұшырасады. Оларды төмендегідей топтарға жіктеуге болады. Қисса-дастандар, лиро-эпостық жырлар, батырлар жыры, тарихи жырлар. Белгілі шығыс сюжеттеріне құрылған дастандар (“Сейфілмәлік”, “Бозжігіт”, т.б.) қазақ халық ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлар (“Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, т.б.), батырлар жыры (“Алпамыс”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, т.б.) кейінгі дәуірде дүниеге келген тарихи жырлар (“Арқалық батыр”, “Бекет батыр”, т.б.). Егер шығыс сюжетінде жазылған қиссаларда лирик., эпик. сипат діни сипат сарынымен берік астасса, лиро-эпостық жанрларда ғашықтық тақырыбы басты рөл атқарады. Батырлар жырының төркіні түркі тектес халықтарға ортақ көне жырлардан (“Алпамыс”, “Көрұғлы”) басталса, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр” жырлары тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана кездеседі, одан кейінгі ноғайлы дәуірінде келген жырларда (“Қырымның қырық батыры”) генеалог. сюжет қолдану, тұтастану арқылы батырлардың үлкен бір ұрпағының өмірін қамтиды.[1]
Мысал – эпостық, шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырылып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанмен, идеясыз астарсыз, ашық, тілі мірдің оғындай өткір, шымшымалы.
Новелланың алғашқы белгілері грек әдебиетінде біздің эраның бас жағында көріне бастағанмен, ол шағын эпикалық түр ретінде Европадағы Ояну дәуірінде туып қалыптасты. Бұл тұста қоғам назары бір түрлі жеке адамдарға ауа бастады: әркімнің дара тіршілігі, ісәрекеті, оның басынан өтетін оқшау оқиғалар, кездейсоқ құбылыстар көп көңілін көбірек алаңдататын болды. Новелла осындай жеке адамдар басынан кешкен оқыс, оқшау оқиғалардан туған еді. Ренессанс кезіндегі Италияның көрнекті жазушысы Боккаччоның әйгілі «Декамероны» – сондай новеллалар циклі. Бүкіл дүние жүзі әдебиетінде жұртқа мәлім айрықша шебер новеллистер – Н.Гоголь мен А.Чехов (Ресей), П.Мериме мен Г.Мопассан (Франция), Эдгар По мен О’Генри (Америка), т.б.
Әңгіме – қиын жанр. Алдымен, көлемі шағын. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден үйіріп әкету үшш, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Сюжетке ене бастаған бетте-ақ оқырманның көз алдына іші-сыртын, мінез-құлқын, іс-әрекетін аттаған сайын аңғартып, адам келе бастауы керек. Ол адам өзіне тән ең бір елеулі өзгешелігімен шұғыл даралана беруге тиіс. Адам тұл көрінбейді, оның өзін қоршаған айналасы айқын көзге түсуі, сол арқылы белгілі бір әлеуметтік топ, қоғамдық орта танылуы шарт. Әлгі адам соның өкілі, типтік тұлға болуы қажет. Осының бәрі жазушыдан өмірді терең білумен қатар, шұрайлы сөз байлығын, жіті байқағыштықты, асқан талғампаздықты, тілдегі тамаша суреттілікті, бір сөзбен айтқанда, қалам тиген жерді өмірдің өзіне айналдырар нағыз шеберлікті, соған қоса кемел идеяға апарар терең білім мен биік мәдениетті талап етеді. Мұның бәрі күрделі, қиын жұмыс, сондықтан болуға тиіс, қаламгер қауым әңгіме жазуды шеберлік шыңдау деп ұғады.
Достарыңызбен бөлісу: |