Медициналық психология - дәрігер мен аурулардың арасындағы қарым- қатынас, түрлі аурулардың психологиясын емдеу жолдарын және дәрігердің іс-әрекетінің және аурудың мінез-құлқының аспектілерін зерттейді. Ол мынадай бөлімдерге бөлінеді: психикалық кұбылыстардың мидың физиологиялық құрылымдарына қатынасын зерттейтін нейропсихологиядан; адамның психикалық әрекетіне дәрілердің әсер етуін зерттейтін психофармақологиядан; адамның денсаулығы мен оны нығайтуға арналған шараларды жүзеге асыру саласын, оның әдіс-тәсілдерін айқындайтын психопрофилактика және гигиенадан; адамның психикалық ауытқушылықтарын зерттейтін патопсихологиядан; психикалық ауытқушылықтары бар адамдардың өзіндік психикалық ерекшеліктерін зерттеп, психотерапевтикалық көмек көрсететін клиникалық психологиядан.
Әскери психологиясы– адамның соғыс жағдайындағы, ұрыс кезіндегі, әскери дәрежесі жоғарыларға сөзсіз бағыну жағдайындағы психологиясымен, әскери әрекеттер кезіндегі адамның мінез-құлқын, басшылар мен олардың қарамағындағылар арасындағы қатынастардың психологиялық жақтарын, әскери азаматтардың отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру және т.б. мәселелерді зерттейді. Әскери психологияның маңызды міндеті- әскери оқу- тәрбиенің психологиялық мәселелерін талдау болып табылады.
Спорт психологиясы - спортшыларды баулу мен тәрбиелеудің негіздерін зерттеп, олардың іс-әрекетінің психологиялық ерекшеліктерін қарастырады. Спорт жетекшілері мен бағынушылардың өзара қарым-қатынасын, оларды даярлаудың жағдайын, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, психологиялық даярлығын іздестіре келе, оларды жаттықтыру және күш- қуатын жинақтау деңгейін, жарыстарды ұйымдастыру, өткізу мәселелерінің факторларын, спорттық жарыстарда жеңіске жету үшін қажетті рухани және моральдық қасиеттердің қалыптасу заңдылықтарын ашады. Әрбір ел мен халықтың спорт өнеріндегі ерекшеліктерін де ескере отырып, оларды жаттықтыру міндеттері анықталады.
Даму психологиясы - әр адамның жасына байланысты психикалық даму заңдылықтарын, әр түрлі психикалық процестердің (естің, ойлаудың, қиялдың, сезімнің) ерекшеліктерін, тұлғаның психологиялық қасиеттерін зерттеп талдайды. Даму психологиясында балалар психологиясы, жеткіншектер психологиясы, жасөспірім психологиясы, ересек адам психологиясы және қарттық психология салалары бар.