1.2. Сөз таптарын жаңартылған білім мазмұны аясында оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс – тәсілдер
Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерде оқытудың түрлі формаларының пайдалануы оқытудың әдіс–тәсілдерінің жаңаруы, бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, инновациялық педагогикалық технологияны игерген, психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік дағдылы жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші, ойшыл мұғалім болуын қажет етеді.
Грамматиканы оқытуда жаттығу жұмысының мәні зор. Оқушылар грамматикалық материалды оқулық пен программаға сай білгендерімен (терминдерді меңгереді, анықтамаларды индуктивтік жолмен есте қалдырады), жаттығу жұмыстары жүргізілмесе, ол ұзаққа бармайды, ұмытылып қалады. Сондықтан да мұғалім оқушыларға грамматикадан саналы да терең, тұрақты да берік білім бергісі келсе, жаттығу, дағдыландыру жұмыстарын жүргізу арқылы олардыңдағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына тасымалдай алатын (ережелерді жаңа фактілерге қолдана алатын) жаттығу әдістерін білуге тиіс. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие болады. Жаттығу арқылы балалардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерімен жұмыс жасауға, ойлау қызметіне дағдыланады. Өйткені оқушылар жаттығу процесінде үздіксіз анализ-синтез жасайды, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстырады, абстракциялайды, жалпылайды, жаттығу арқылы білімін жүйелейді. Грамматикалық жаттығулар, оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және лексикалық болып бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |