78.Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасының құрылуы. Бұрынғы Ресей империясының шеткі аудандарында, соның ішінде Қазақстанда алдымен уақытша өкімет, кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұлттық мемлекет құру жайлы мәселе қарала бастады. Ресей империясының шеңгелінен босаған өзге халықтармен қатар қазақ елі де азаттыққа ұмтылды.
Елдің шығысындағы алғашқы Кеңестік республика 1918 жылы 30 сәуірде жарияланған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Түркістан АКСР-і) болды. Қазақстанның оңтүстік облыстары (бұрынғы Сырдария, Жетісу) Түркістан АКСР-інің құрамына енді. Түркістанда құрылған алғашқы ұлттық мемлекет көп өмір сүрген жоқ.
1919 жылы 10 шілдеде В.И. Ленин «Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декретке қол қойды. Қазақ ревкомының басшысы болып ұлты поляк, кеңестік тұңғыш комиссар С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынұлы, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев енді. Кейін оның құрамына А. Авдеев, Ә. Әйтиев, Ә. Әлібеков, С. Арғыншиев, Х. Ғаббасов, Т. Седельников, С. Сейфуллин, В. Радус-Зенькович тартылды.
Қазревком мен оның жергілікті жердегі органдары қазақ даласында Кеңестерді ұйымдастыру, ұлттың зиялы өкілдерін Кеңес құрылысына тарту, қазақ жерін біріктіру жұмыстарын жүргізді. Қазревком атынан «Ұшқын» газеті шығарылды.
Азаматтық соғыс шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекет туралы идеяларымен санаспауға болмайтынын большевиктерге көрсетті. Олар кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізуге мәжбүр болды.
1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық қызу жүріп жатты.
1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамындағы «Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданды.
1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезі өткізілді. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешев, ал Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып В.А. Радус-Зенькович тағайындалды.
Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды. «Декларацияда» Қазақ АКСР-ның мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Декларацияда әрбір ұлттың ана тілін пайдалануға толық құқығы бар деп көрсетілді.
Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары және Каспий облысы мен Астрахан губерниясының қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қаласы (1920-1924 жж.) болып белгіленді.
Патша әкімшілігі енгізген «киргиз» деген атау 1925 жылы сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атауын қайтарып алды. 1924 жылы ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губерниясы РКФСР-ге өтті.
Жаңа әкімшілік бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей облысы уезд дәрежесінде кірді) облыстарынан және үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ Қарақалпақ автономиясы кірді. 1924 ж. 5-10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңесінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды.
Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының жариялануы ел тарихындағы зор тарихи маңызы бар оқиға болды. Қазақ халқы бұл тарихи жағдайды отаршылдыққа қарсы ғасырларға созылған күресінің нәтижесі, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабылдады