Тапсырма әзірлеудің 2-кезеңі - оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттарының негізінде бағалау критерийлерін құрастыру
Бағалау критерийлерін анықтау үшін келесі сұрақтардың төңірегінде ойланып көрейік:
Практикада объективті бағалау бар ма?
Бағалаудың шынайылығы неден көрінеді?
Бағалау шынайы болуы үшін қандай талаптарды орындау керек?
Бағалау критерийі деген не?
Бағалау критерийлері қандай болуы керек?
Бағалау критерийі – білім алушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі. Бағалау критерийі оқу мақсаттарына жету қалай тексерілетінін көрсетеді, яғни, оқушы оқу мақсаттарына жеткенін көрсету үшін нені орындау қажеттігін сипаттайды. Сондықтан бағалау критерийлері өлшемді, оқушының оқу мақсаттарына жету деңгейін анықтайтындай болуы керек. Сонымен қатар бағалау критерийлері орындалатын, яғни оқу мақсаттарына сәйкес анықталған болуы тиіс және оқу мақсаттарының аясынан шықпауы керек. Олар мұғалім мен оқушы үшін нақты, анық және түсінікті болуы тиіс.
Оқу процесіне қатысушылардың барлығы оқушы оқу мақсатына қандай нақты әрекет арқылы жеткенін көрсетуі қажет екендігін түсінуі тиіс, мысалы атау, анықтау, көрсету, шешу.
Оқу мақсатына сәйкес қанша бағалау критерийі болуы тиіс? Бағалау критерийлерінің санын көбейтпеген жөн. Әдетте, оқу мақсатының маңызды тұстарын бағалау орынды болып табылады. Сондықтан бағалау критерийлерінің санын азайтыңыз, барлығын қамтуға тырыспаңыз. Оқу мақсаттарының деңгейі мен көлемін есепке алыңыз
Тапсырма әзірлеудің 3-кезеңінде, тапсырмаларды саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру қажет. Ойланып көрейік.
Ойлау дағдыларының деңгейлері: бұл неліктен маңызды?
Ойлау дағдыларының деңгейі – әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі.
Дағдыларды дәл анықтау критериалды бағалаудың маңызды аспектісі болып табылады. Критериалды бағалау жүйесінде ойлау дағдыларының деңгейлері үш топтың аясында қарастырылады:
білу және түсіну;
қолдану;
жоғары деңгей дағдылары (талдау, жинақтау, бағалау).
Бағалау критерийлерін Блум таксономиясы бойынша тиісінше ойлау дағдыларының деңгейіне дұрыс сәйкестендіру, мысалы бағалау критерийі «Білу» немесе «Түсіну» деңгейіне сәйкес келетінін анықтау, мұғалімге күтілетін нәтижеге бағытталған оқушы әрекетін дұрыс таңдауға және соған сәйкес келетін тапсырманы әзірлеуге көмектеседі.
Бағалау критерийлерінің сапасын бағалау үшін бірқатар талаптар белгіленген тексеру парағын қолдануға болады, мысалы:
Бағалау критерийі оқу мақсатымен байланысты;
Бағалау критерийі нақты, анық және тиянақты;
Бағалау критерийі бақылауға болатын (өлшенетін) нақты әрекетті сипаттайды;
Бағалау критерийі ойлау дағдыларының деңгейіне сәйкес келеді;
Бағалау критерийі күтілетін нәтижелерді көрсетеді.
Тексеру парағын бағалау критерийлеріне сараптама жасау үшін пайдалануға болады.