Қымызмұрындық - қымыз ашыту маусымының басталуына байланысты әдет-ғұрып. Ауыл адамдары бірін-бірі шақырысып, қымыз ішер алдында арнайы дастарқаннан тамақ жеседі. Қымызмұрындыққа шақырған үй иелеріне ауыл ақсақалдары ақ батасын береді. Қазақтарда жылу жинау әдет-ғұрпы да бар болатын. Оның мәні кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе дұшпанның шабуылынан, қатал қыстың ауыртпалығынан, су тасқыңынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына ауылдас немесе туысқан адамдардың көмек; көрсетуі болып табылады. Олар зардап шеккен жандардың алдына қолдарынан келгенінше мал салып береді, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көрсетеді, бастарына шаңырақ көтеруіне жәрдемдеседі. Мұның өзі зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны ашынғандықтың, қамқорлық жасағандықтың көрінісі еді. Мүмкіндігі бола тұрып, ондай көмек көрсетуден бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен қуылып, аластатылатын. Ал мұндай жазаға кесілгендер өз руының тарапынан жанашырлық жақсылық дәмете алмайды. Өйткені ондай құқықтан айырылған болып саналады. Оларды кез келген қарақшы аяусыз тонап кете алатын.
Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен белшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына көмектесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі міне осындай.
Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі — асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Қазақтар XX ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты пайдаланып көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салып алды.
Әрбір қазақ суға кетіп бара жатқан адамға жәрдем қолын созуға, қиналған адамның өтінішін орындауға, шөлдеген адамға сусын беруге міндетті. Рулас адамдар жоғалған немесе ұрланған малды бірлесе іздеген. Дала тұрғыны өте-мөте мұқтаж, кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл міндетті орындау қажеттігі туған жағдайда кез келген қазақтың жылқы қосынан ат ұстап мініп кете беруге құқықты болған. Бұл үшін ат иесінен рұқсат сұрау міндетті емес-ті. Ондай кезде көлік беруден бас тартқан адамға ат-тон айып салынған және ол туралы жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |