Өзін тексеру сұрақтары:
Ұлтымыздың қандай дәстүрлері ислам дінінің талаптарымен ұштасып жатыр деп ойлайсыз?
Қазіргі еліміздің қоғамдық санасында діни дәстүрлер қалай кездеседі?
Сіз жастар арасында фитишизмнің белгілеріне сенетіндерді аңғардыңыз ба?
9-дәріс. Зайырлы қоғам негізіндегі рухани-діни құндылықтар және оның исламтануға қосатын маңызы
Дін мен дәстүр халық өміріндегі интеграциялаушы факторлардың бірі болып табылады. Дін ұлттың сенім жүйесіне қатысты құндылықтарын айқындаса, ал дәстүр ұлттың рухани болмысына қатысты факторларды білдіреді. Дәстүрден айырылуы тамырдан айырылу деген мағынаны білдіреді. Қазіргі қоғамдағы жастардың дінге көп бет бұруына оң баға беруге болады. Дегенмен халықтың көп бөлігінің діни сауаттылығының төмендігіне байланысты кейбір жандар теріс діни ағымдарға енуде. Аталған жайт қоғам үшін өте қауіпті үрдіс. Себебі теріс діни ағымға енген адамдар, өздерінің салт-дәстүріне қарсы шығып, оны жоққа шығаруда.
Сан ғасырлардан бері келе жатқан дәстүрлі діни құндылықтарды басшылыққа ала отырып, радикалды идеологияларға қарсы тұру бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Ежелгі замандардан бастап әлемнің әр бөлігіндегі халықтар әртүрлі дәстүрлер жүйесінде өмір сүріп келе-ді. Бұл әлемде тіршілік етуші халықтарға тән заңды үрдіс. Дәстүрлі құндылықтар жүйесі қоғамда өзара диалог, ықпалдастық негізінде орнығады. Аталған құндылықтар қоғамдағы ішкі тұрақтылыққа және ықпалдастыққа қызмет етеді. Дәстүрлі құндылықтарды орнықтыру бірнеше буынның іс-қимылы негізінде қалыптасады.
Құндылық – қоғам өміріндегі этикалық, моральдық-эстетикалық идеялар мен нормалардың, маңызды мақсат-мұраттардың жиынтығы. Ғасырлар барысында тұжырымдалған идеялар санаты халық өмірінде құндылық ретінде орнығады. Құндылықтар жүйесі кез келген қоғам-дық жүйенің даму бағдарын, өмір сүру мәнерін анықтайды. Құнды-лығы жоқ қоғам өмірде бағдары жоқ қоғам. Құндылықтар жүйесі қоғамның ішінде өсіп дамиды және мемлекеттік жүйеден тәуелсіз түрде орнығады. Құндылықтар заман ағысы барысында өсіп жетіліп отырады. Дәстүрлі құндылықтар жүйесі қоғамдық жүйенің тұрақты-лығының, рухани қауіпсіздігінің, ұрпақтар жалғастығының белгісі.
Адамзат қауымының әрбірінде өзіне тән дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Рухани әлсіреу орын алып жатқан қазіргі кезеңде әрбір ұлт үшін дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту күн тәртібіндегі ерекше мәселе. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде қазақ елінде бұл мәселе уақтылы көтеріліп, 2017 жылы сәуір айында Елбасы тарапынан «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақала жарияланды. Аталған бағдарламада қазақ елінің экономикалық жетістіктермен шектеліп қалмай, рухани салада да өсіп жетілуіне жол бастайтын жаңа бастамалар көтерілді. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деді: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Бұдан түйетін ой халық өзінің ұлттық келбетін көрсететін құндылықтардан айырылмай, болашаққа қадам жасауы тиіс. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да ел жастарының рухын көтеретін ерекше бастамалар болып табылатынын атап өткен жөн. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы да ұлттық сапаны жаңаша биіктікке көтеретіні сөзсіз.
Қоғамдық жүйенің әрбірінің өзіне тән құндылықтар кешені қалыптасады. Ол құндылықтар кешені қоғамның өмірінде үлкен рөл атқарады. Дәстүрлі қоғам – салт-сана, ата-бабадан жеткен құндылық-тарды басшылыққа алып өмір сүреді. Қазақ қоғамында орын алған ХVIII-ХХ ғасырлардағы ұлтсыздандыру үрдісіне байланысты құндылықтар жүйесі бірқатар өзгерістерге ұшырады. Құндылықтар арқылы ұрпақтар сабақтастығы, ұлт тарихы жалғасып отырады. Кез келген ұлт өзіне дейінгі ата-бабаларының тарихын саралап, содан өзіндік түйін жасамаса ол қоғамға керітартпа жүйеге айналады. Қазақ халқында «Өткенге топырақ шашқанға, болашақ тас атады» деген нақыл сөз бар. Өткенді терістеп, тарихты өзінен бастаған буын рухани дағдарысқа тап болады. Қазіргі қазақ қоғамында дәстүрлі құндылықтар жүйесіне қайта оралуға талпыну әрекетімен қатар, дәстүрлі жүйені ысыруға тырысу әрекеті де байқалуда.
Қазақ халқының өмірінде айтулы рөл ойнайтын дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға тырысу әрекеті тәуелсіздік алу кезеңімен байланысты болды. Үш ғасырлық бодандық салдарынан ұлттық мінезден, құндылықтардан алшақтап кеткен қазақ ұлты жоғалтуға шақ қалған құндылықтарын түгендей бастады. Тілді, тарихты, дәстүрді және дінді жаңғыртуға қатысты құлшыныс күшейді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың ашылуы, ұлттық ойындардың жаңғыруы, Наурыз мерекесінің мемлекеттік мереке мәртебесіне көтерілуі, қуғынға ұшыраған ұлт зиялыларының еңбектерінің жарыққа шығуы, дін саласындағы жаңғыру жұмыстары тәуелсіздіктің нәтижесі болып табылады. Бұл қарымды әрекеттер ұлттың өз түп-тамырына қайта оралуға талпынуының белгісі еді. Қазақ руханиятына қатысты осы мәселелерді жандандыру әрекетін 90 жылдардағы алмағайып кезең біраз қиындатты. Тәуелсіздік келгеннен соң орнаған ашық шекара саясаты мен ақпарат кеңістігінің ашықтығын кейбір сыртқы күштер өз мүддесіне тиімді пайдаланды. Ақпараттық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, халықтың рухани танымын өзгертудің белсенді науқаны басталды. Нарықтық қатынастардың енуіне байланысты қоғамдық жүйеде құндылықтар жүйесі едәуір дәрежеде өзгерді. Халықтың материалды құндылықтарға құнығуының жоғары деңгейі көрініс бере бастады. Сонымен қатар ұлттық руханиятқа қайшы келетін дүниелердің насихаты күшейді. Жылдам уақытта құндылықтардың алмасып кетуі қарапайым халыққа оңай тиген жоқ. Халық кімнен үлгі алуды, дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтын деңгейге түсіп қалды. Мұндай сәтте мемлекет тарапынан идеологиялық саланың толық бақылауға алынуы, ұлт зиялыларын жат идеологияға қарсы тұруға жұмылдырудың жоғары қажеттілігі байқалды. Осыған қатысты мемлекет тарапынан бірқатар шаралар атқарылды. Дегенмен ол істер қарама-қарсы идеологиялық тараптың ісінен әлсіз болып шықты. Қай кезеңде болмасын мемлекетке идеология саласын назардан тыс қалдыруға болмайды. Мемлекет ғылыми қауымдастықпен, ұлт зиялыларымен біріге отырып, ортақ тұжырым орнықтыра білуге міндетті. Мемлекеттің ұлттық қауіпсізді-гі рухани қауіпсіздікпен де тікелей байланысты. Бүгінгі таңда мемле-кет тарапынан дін саласындағы шетін құбылыстарға, радикалды ағымдарға қатысты кесімді сөз айтылмай отыр. Осының салдары-нан ұлт руханиятына қауіп төндіретін теріс ағым өкілдері әлі де қазақ жерінде өз белсенділіктерін көрсетуде. Қалыптасқан жағдайды уақтылы түземеу мәселенің одан әрі ушығуына әкеліп соғады.
Қазақ елінің рухани бағыт-бағдарын анықтауда ұлт зиялылары мен ұлт ұстаздары маңызды орынды алады. Аталған тұлғалар дінге, руханиятқа қатысты мәселелерді халыққа жеткізуші көпір рөлін атқарды. Ұлттың рухани көшбасшыларының айтқанына құлақ түретін қарапайым халық ол өсиеттерді «ұят», «ар», «обал», «сауап» деген тәрізді ұғымдардың аясына сыйғызып, өмірлік құндылыққа айналдырды. Қазақ елінің дәстүрлі құндылықтар жүйесі осындай негізде орнығып қалыптасты.
Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм мәселесі әлем деңгейінде күрделі мәселе болып тұрғаны белгілі. Көптеген мемлекеттер бұл мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуде. Аталған жайт мәселенің нәтижесіз сипатта өрбуіне ықпал етеді. Жастардың экстремистік ұйымдарға кіруінің негізгі себептері неде деген мәселенің жауаптары тиісті деңгейде ескерусіз қалады. Жұмыссыздық, өмірде өз орнын таппау, дәстүрлі дін өкілдерінен тиісті қамқорлықты сезіне алмау т.б. факторлар жастарды теріс ағымдарға мүше болып кіруге себепкер болады. Мемлекет белгілі бір террорлық акт орын алмас бұрын адамдарды осы жолға түсіп кетуге итермелейтін жоғарыдағы себептермен күрескені жөн. Сонымен қатар деструктивті діни идеологияларға қарсы тұрудағы ғылыми қауымдастықтың орны да тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр.
Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Ел азаматтарының кейбірі зайырлы мемлекетті атеистік мемлекет деген жаңсақ түсінікке бой алдыруда. Осыған байланысты зайырлы жүйеге қатысты түсіндіру жұмыстарының халыққа түсінікті, ұғынықты түрде жүргені жөн. Дін саласындағы мемлекеттік қызмет өкілдерінің кейбірі дін принциптерін дұрыс түсінбей, халықтың зайырлылықты атеизммен ұштастыруына себепкер болып жатады. Зайырлылықты күшейту діндің әлсіретуге апармауы тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясы сенім-наным бостандығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасы аумағында заңды тіркеуден өткен діни бірлестіктің ұстанушылары өз сенімдерін атқаруға құқылы. Діни са-лада бейберекетсіздік орын алмауы үшін бұл саладағы мамандардың біліктілігінің жоғары болуы қажет. Білікті кадрлар дін саласындағы мемлекеттік қызметтің нәтижелі өрбуіне мүмкіндік береді. Мемлекет-тің дін саласындағы қызметі олардың ішкі жүйесіне араласу емес, діни қызметтің заң аясында жүруін қадағалау бағытында жүруі тиіс.
Зайырлы мемлекетте де дін қоғамдық жүйенің бір бөлшегі болып табылады. Философ Серік Есентайұлы Нұрмұратовтың пікірі бойынша дін мен мемлекет мынандай салаларда өзара ынтымақтасып әрекет ете алады:
а) Халықаралық, этносаралық және азаматтық деңгейлердегі бітімгершілік, адамдар, халықтар және мемлекеттер арасында өзара түсіністікке және ынтымақтастыққа оң ықпал ету;
ә) Қоғамда адамгершілік ұстанымдарын сақтауға атсалысу;
б) рухани, мәдени, адамгершілік және патриоттық тәрбие және білім беру;
в) ізгілік және қайырымдылық шараларын іске асыру, бірлескен әлеуметтік бағдарламаларды орындау;
г) тарихи және мәдени мұраларды сақтау, қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау;
д) мемлекеттік билік органдарының кез келген тармақтары және деңгейлерін діни ұйым және қоғам үшін маңызды мәселелер ішінде тиісті заңдар, заңға сыйымды актілер мен өкімдер, шешімдер әзірлеу мәселелері бойынша сұхбаттасу;
е) жауынгерлерге және құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне қамқорлық, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесі және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға қамқорлық;
ж) гуманитарлық зерттеулерді қоса алғандағы ғылым;
з) денсаулық сақтау;
и) мәдениет және шығармашылық қызмет;
к) діни ұйым және бұқаралық ақпараттың зайырлы құралдарының қызметі;
л) қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қызмет;
м) діни ұйым, мемлекет және қоғам пайдасы үшін экономикалық қызмет;
н) отбасы, ана және бала институтын қолдау;
о) адамдар мен қоғам үшін қауіп төндіретін жалған діни құрылымдар қызметіне қарсы әрекет.
Аталған ғалымның пікірінше, мемлекет пен дін бірлесе жұмыс істей алмайтын салаларға төмендегілер жатады:
а) саяси күрес, сайлауалды үгіт-насихат, бір немесе басқа партияларды, қоғамдық және саяси көшбасшыларды қолдау науқаны;
ә) азаматтық соғыс немесе сырттай басқыншылық соғыс жүргізу;
б) тікелей барлау және мемлекеттік заңдарға сәйкес, тіпті діни ұйымның қызметшісі алдында ағынан жарылып күнәсін мойындау және діни ұйымның басшылығына баяндама жасау кезінде де құпиялылық сақтауды талап ететін кез келген басқа қызметке қатысу.
Жоғарыдағы тұжырымдарды көре отырып, мемлекет пен діннің өзара ынтымақтаса алатын саласы да және бір-бірінің ісіне араласпайтын сәттері де болатынын көруге болады. Зайырлы жүйеде дінді біржақты шеттетуге болмайды. Дін, дәстүр тәрізді құндылықтарды халық мүддесі жолында тиімді пайдалана білу қажет. Дін мәселесін тиісті деңгейде бағалаған жүйе осы саланың қыр-сырын толық ұғына алады. Дін – қоғамдық жүйенің ажырамас бөлшегі, адам өмірінің бөлінбес құрамы. М.Жолдасбеков орынды атап өткендей «Дін ұстана алсаң қасиетің, ұстана алмасаң қасіретің». Дінді дұрыс түсіне білу адамды рухани кемелдікке, ал теріс ағымдардың жолын ұстану құлдырауға апарады. Қазақ қоғамында дін мен дәстүр сабақтастық тауып, қанатын кеңге жайды. Дін арқылы ұлттық менталитет, болмыс, мәдениет орнықты. Осының нәтижесінде мемлекеттік мүдде мен діни мүдде арасында қарама-қайшылықтар болмады. Дін мен дәстүрдің байланысы терең тамырлы жүйені құрайды. Дін тек сенім жүйесінен құралмайды, дін адамдардың өмір сүру әдебін, моральдық құндылықтарға қатысты пікір-пайымдарын анықтайтын жүйе. Дін – рухани мәдениеттің маңызды феномені.
Ислам діні бойынша адамның барлық іс-қимылы 3 санатқа бөлінеді:
1. Ибадат;
2. Муамалат;
3. Ахуалат-шамсия.
Ибадат ислам дініндегі құлшылық-ғибадаттарды, сенім негіздері-не қатысты түсініктерді, муамалат экономика, сауда, қаржы мәселеле-ріне қатысты түсініктерді, ахуала-шамсия отбасылық хал-ахуалға қатысты түсініктерді қамтиды. Бұл аталған мәселелер ислам дінінің фикх, ақида, ахлақ салаларында сарапталып қарастырылады. Дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтар жүйесімен де тікелей байла-нысты. Қазақ халқы «иманды адам» деп бойына барлық ізгі амалдар-ды жинақтаған жанды айтады. Шет елден дін саласы бойынша үлкен-ді-кішілі әртүрлі ықпалдар келіп жатқан қазіргі заманда дәстүрлі діни танымды тереңірек зерттеп білу аса маңызды. Ғылымда діни сананы тәжірибелік, тұрмыстық, кәсіби деп үш санатқа бөліп қарастырады. Қазақы болмыста кәсіби діни санадан бастау ала отырып, тұрмыстық және тәжірибелік діни сана өзара астасып кеткен. Дін ұлтымыздың тіршілігінің бір бөлігіне айналған. Қазақ халқы үшін күнделікті өмір-ден бөлек тұрған дін қандай да бір тылсым күш емес, дін күнделікті өмірден ажырағысыз, туылғаннан дүниеден қайтқанға дейінгі барлық шақтарды анықтайтын ірі құндылықтар жүйесі. Қазақтардың арасын-да дін исламның қағидаларының тереңінен тамыр жаюына дін ғұла-малары мен ұлт ұстаздарының қосқан үлесі мол. Ұлт ұстаздарының аса ауқымды еңбектерінің нәтижесінде қазақ халқы ислами рухты бойларына сіңірді. Діни қағидалар халқымыздың мақал-мәтелдерінде, аңыз әңгімелерінде, жыр-дастандарында, шешендік сөздерінде көрініс тауып, діни құндылықтар халық өмірінің бір бөлігіне айналды. Ұлтымыздың дін исламға қатысты түсінік-пайымдары моральдық-адамгершілік қағидаларында кеңінен көрініс тапты.
Ертедегі ислам дінін таратушылар қазіргі діни фанаттар тәрізді салт-дәстүрге, мәдениетке біржақты қарсы шыққанда, тарихты мойындамағанда ол дінді ешкім қабылдамауы мүмкін еді. Ислам төзімсіздікті емес, ізгілікті, мейірімділікті насихаттап, көшпенді халықтың жүрегінен орын алды. Осы себепті ұлтты болмысы аталған дінді қабылдап, оны рухани темірқазыққа айналдырды.
Бүгінгі таңда қазақ қоғамына өздерін саф таза жолды ұстанушы, басқа адамдардың барлығын адасушы деп санайтын және халықтың салт-дәстүрін жоққа шығаратын ислам атын жамылған діни ағымдар аса қауіпті болып отыр. Аталған ағымдар дін исламды ежелгі кезеңдерден бері ұстанып келе жатқан қазақ халқына дінді әртүрлі тәпсірлермен түсіндіріп, санасын адастыруда. Дін исламның қазақ жеріндегі жетістіктерін мойындамау, қазақы дәстүрді «бидғат», «ширк» тәрізді түсініктермен байланыстыру, қазақ ғұламаларының ислам саласындағы еңбектерін жоққа шығару әрекеттері елдігімізге қауіп төндіретін арандатушы факторлар қатарына жатады. Қазақ қоғамы арасына іріткі салып жүрген салафилік ағым өкілдері тәкфир, жиһад идеяларына үндейтін бағыт ретінде такфиршілдік жолды көрсетіп, ал өздерін ақида мәселесімен шектелетін бейбіт, таза жол ретінде көрсетуге ұмтылуда. Салафилік қозғалыс өкілдерінің ойы экстремистік үгіт-насихатты жүргізетін ұйым ретінде такфиршілдік жолды көрсетіп, өздерін халық алдында ақтап алу. Қазіргі кезеңде салафилер қазақы қоғамның арасына ақидалық, фикһтық мәселелерде үлкен іріткі салуда. Салафилер – экстремистік идеялардың таралуының қайнаркөзі. Теріс діни ағым өкілдерін байсалды және радикалды деп бөлуге болмайды. Себебі байсалды салафилік белсенді уақыт өте келе шетін көзқарастарды ұстанатын радикалға айналуы да ықтимал. Салафилік қозғалысы қай заманда болмасын бейбіт, байсалды сипатта болмайды.
Астана (Нұр-Сұлтан) қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен 2014 жылы 18 тамызда «Ат-такфир уаль-Хиджра» ұйымының қызметіне тыйым салынған. 2016 жылы Алматы, Ақтөбе қалаларында орын алған қайғылы жағдайдан соң қазақстандықтар салафизмге тыйым салу мәселесін белсенді түрде көтерді. Бірақ мемлекет салафизмнің ұйымдық құрылымы жоқ екенін негіз ретінде айта отырып, оны идеологиялық қарсы насихат шаралары арқылы жеңуге үміттеніп отыр. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам экс-министрі Н.Ермекбаев Қазақстан Республикасы дінтанушыларының V форумында салафизмге тыйым салу мәселесі жөнінде былай деді: «Біз деструктивті дін ағымдарды қаржыландыру көздерін бұғаттау, сайттарын жабу, радикалды әдебиеттердің таралуының алдын алу, заңсыз діни жиындар өткізуге тыйым салу бойынша нақты шаралар қабылдаймыз. Кейбір діни деструктивті ағымдарға, оның ішінде сәлафизмге сот жүзінде тыйымның болмауы мемлекеттің бұл мәселеде бейтарап қалуы немесе ешқандай шара жасамауын білдірмейді. Егер, біз қабылдаған шаралар тиісті нәтижелер бермесе министрлік сәлафизмге заңмен тыйым салу мәселесін көтереді». Мемлекет салафилік қозғалысқа тыйым салу мәселесін кеш қалдырса, елемесе ол құбылыс одан әрі ушыға береді. Такфиршілдік идеологияда, салафизм де бір қайнаркөзден шыққан. Такфиршілдік идеологияны радикалды, ал салафизмді байыпты деп есептей отырып, екеуін бөліп жару бұрыс қадам. Такфиршілдікпен тамырлас салафизмнің мадхалилік, сурурилік тәрізді тармақтарына да заң жүзінде шектеу қою кезек күттірмейтін мәселе.
Журналист Жақсылық Қуандық «Діни дүмшелік пен діни фанатизм ұшпаққа шығара ма» атты мақаласында салафилердің іс-әрекеті жөнінде өз пікірін былайша пайымдайды: «Ал мына радикалшылардың қылығы бәрінен асып кетті. Кісіні жерлеу дәстүрлеріміздің бәрін мансұқ етіп, талақ етуге көше бастапты. Кейбір ұнамсыз салттарды, мәселен жыртыс тарату, оған түйіп ақша үлестіру сияқты дүниелерді дұрыс бағыттағы діндарлар онсыз да сынап, дұрыс еместігін дәлелдеген соң, тоқтатылып келе жатыр еді, мыналар тіпті шұғыл кетті. Баласы әкесіне деген құрметін білдіріп, өз ақшасына мазар салса немесе қымбат тастан белгі орнатса ол ширк болады, құдайға серік келтіреді деп оны талқандау немесе аталар жолы дұрыс болмаған деген пиғылмен олардың рухына тас атуды не деп бағалайтынымызды біле алмай далмыз. Мұның өзі асыл дініміз Исламның демократтық ұстанымына қарсы шығу екені, осы қылығы арқылы оған зиян келтірілетінін олар сезбейтін де секілді. Алған ілім-білімі аз, бойында әркім айтқан уағыздан шалып қалғандары бар, кейде олары кереғар болып жатса да, басқаларға ұқтыруға келгенде екілене сөйлейтін, өмірден түйген түсінігі мен білігі, тіпті тәлімі де тым таяз екендігі көрініп тұрады». Дінтанушы Мұқан Исахан уаххабшылдық қозғалыстың аса қатерлі екеніне былай деп баға береді: «Егер, Қазақ қоғамында уаһабшылдық қозғалыс үстемдікке ие бола қалса (Құдайым оның бетін ары қылсын), халқымыздың мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі сүнниттік бағыттағы Ханафия мазхабының канондық қағидалары күйреуге ұшырап, Ханафия-Матурудия сенім-наным негіздері күпірлікке баланады. Алаш қауымының сан ғасырлық мәдениеті мансұқталып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы «ширкке» теңестіріледі. Тек илаһи абсолюттік үкімдер (нақл) басшылыққа алынып, заманауи құндылықтарды қорғауға бағытталған мемлекеттік низам жүйесіне мойынсұну күпірлік саналады. Діни бостандықты паш етуші мемлекеттің зайырлық тұрпаты терістеліп, оның орнына жалаң теократиялық сипаттағы тирандық билік орнайды. Демократия, жариялық, адам құқығы т.б. құндылықтар аяқасты етіліп, Қазақияның боз бетеге, сұр соқпағы қанға бөктіріледі. Ең бастысы, ұлт және мемлекет ретінде ішкі мәнінен айырылған араби сипаттағы әйтеуір бір қауым болып күн кешуіміз ғажап емес. Ендеше, Алаш баласын алдағы уақытта зор қасіретке ұшыратар уаһабшылдық ілім бізге соншалықты несімен құнды болып отыр? Неге пышақ кесті тыйым салмаймыз?».
Сонымен қатар уаһабшылдар сияқты қауіпті ағымдардың қатарына салафизм де кіреді. «Салафизм кертартпа діни-саяси ағымы біздің мемлекетіміздің зайырлы ұстанымын өзгертуді және шариғат заңдарына сәйкес теократиялық мемлекет құруды көздейді. Қоғамдық өмірдің барлық саласына арабтық дүниетаным мен дәстүрді енгізгілері келеді. Бұл ағымның ұстанымдары діни алауыздық пен жікшілдікті тудыруға негіз болып отыр. Сондай-ақ салафизм идеологиясы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының позициясына және Қазақстан Республикасы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңына қайшы. Салафизмнің түпкі мақсаты - елдің рухани құндылықтары мен ұлттық бітім болмысын өзгерту арқылы дәстүрлі діни дүниетанымы мен мазһабтық (Ханафилік, Матуридилік) ұстанымына қатер төндіріп, ел ішіне іріткі салу. Салафизм ағымы өзінің қатаң, өзгелерге деген төзімсіз ұстанымы арқылы еліміздегі конфессияаралық, этносаралық қарым қатынастарға, ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікке, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіреді. Бұл ағымның радикалды идеологиясы өз ұстанушыларын діни экстремизм мен террорлық іс әрекетке баруға шақырады. Бұған еліміздегі (Ақтөбе, Алматы, Тараз, Атырау) өткен қанды оқиғалар айқын дәлел» - деген пікірді толық қолдауға болады.
Салафилік қозғалыс қазақы болмысты терістей отырып, қазақы мұсылмандық танымға күмән келтіреді. Сонымен қатар дін мәселесін арабтанумен тығыз байланыстырып, қазақ жерінде ислами мемлекет орнатуды жақтайды. Салафилер жергілікті жердегі тұрмыс-салт, тіршілікті надандықтың белгісі ретінде санайды. Осыған байланысты салафилік ағым өкілдері өздерінің бұрынғы кезеңдерін «жаһилдік» кез деп атайды. Салафилік қозғалыс өкілдері шынайы, таза исламды өздері әкелген деп есептейді және аталған идеяны халыққа сіңіру жолында белсенді әрекет жасауда. Аталған ағым өкілдері халықты көпдінділік мәселесімен үркіте отырып, дінаралық алауыздықты тудыратын идеялардың таралуына себепкер болуда.
Теріс діни ағымдардың әрекеті салдарынан қазақ қоғамының руханиятына үлкен қауіп төнуде. Олар діни сауаты төмен, өз халқының салт-дәстүрін жетік білмейтін азаматтарды әртүрлі әдістермен арбап өз қатарына тартуда. Салафилік ағым өкілдері қазақ азаматтарын өз салт-дәстүрінен, ата-баба жолынан теріс айналуға себепкер болуда. Салт-санамызды мансұқтап жүрген салафилерге қарсы күресу идеологиялық қарсы насихат шараларының күшті болуын қажет етеді.
Радикалды ағымдардың үгіт-насихатының алдын алу үшін оларға қатысты қарсы насихат шараларының іргетасы мықты болғаны жөн. Теріс діни ағымдар қоғамда қалыптасқан құндылықтарды қирату арқылы ел іргесінің ажырауына бастайтын қадамдарды жасауда. Себебі өз іргетасынан айырылған халықты басқару деструктивті діни ағымдар үшін оңайға түседі. Әлемдегі әртүрлі қоғамдық жүйелердің барлығы өзі негіз алған іргетастан барынша ажырамауға, соны сақтауға тырысады. Рухани саланың дәстүрлі арна негізінде дамуы рухани жаңғырудың нәтижелі болуына септеседі. Халықтың ой-санасының радикалды бағытта өрбуі тұлға болмысының құлдырауына, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына алып барады. Халық арасында «Уды у қайтарады» деген ұстаным бар. Осыған сәйкес радикалды ағымдарға қарсы тұрудың ең нәтижелі жолы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болып табылады.
Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту жолындағы іс-әрекеттер қатарына келесідей мәселелерді жатқызуға болады:
Біріншіден, ұлт бойындағы рухани әлеуетті тиімді пайдалану. Қазақ халқының бойында сан ғасырлардан бері келе жатқан дінге қатысты өзіндік тамыры терең жол бар. Бүгінгі міндет аталған негіздерді күнделікті өмірде басшылыққа алу және ұрпаққа насихаттау. «Біз ізгілік пен қайырымдылықты, жалпы имандылықты «обал болады» деген сөзге сыйдыра білген халықпыз. Нан қиқымын төкпеуді, өзгенің ала жібін аттамауды, біреуге қиянат жасамауды, ренжітпеуді, тіпті қорадағы малдың өзін қорламауды үйретіп, «обал болады» деген сөзді ұрпақ санасына сіңіре білген ұлтпыз. Осы құндылықты жастарға көбірек айта беруіміз керек. Оларға дәстүрді үйреткеніміз – дінге шақырғанымыз. «Обал болады» деген сөзді айта беруіміз – ізгілікті насихаттағанымыз» – деген пікірді толықтай қолдауға болады. Жалпы айтқанда қазақы мұсылмандық таным – ислам жөніндегі теріс түсініктерге, жат мәдениет ықпалында кетпеуге негіз болатын рухани темірқазық. Мұсылмандық таным-түсінік негізінде орныққан рухани құндылықтарды жаңғыртудың аясында діннің сыртқы көрінісіне емес, жүректегі имандылықты қастер тұту әрекеті жатыр.
Екіншіден, ұлттың дәстүрлі діни құндылықтары мемлекеттік деңгейде түсіндірілуі тиіс. Бұл жұмысқа дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары және баспасөз ақпарат құралдары белсенді түрде атсалысқаны жөн. Дәстүрлі құндылықтар ұрпақ тәрбиесіне, қоғамда орын алып жатқан әртүрлі кері жағдаяттардың алдын алуға септеседі. Дәстүрлі діни құндылықтарды білу арқылы жастардың рухани иммунитеті күшейіп, психологиялық мығымдығы артады. Дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау жұмыстары халықтың кері бағыттағы діни ұйымдарға қарсы тұруына және моральдық, рухани адамгершілік негіздерінің жандануына жәрдем береді. Қазіргі кезеңде қазақ қоғамын алаңдатып отырған жетімдердің, жасанды түсік көрсеткішінің, некесіз жүктіліктің, қарттар үйінің артуы т.б. ұлт тамырына кесел әкелуші факторларға қарсы тұрудың жолы – дәстүрлі құндылықтардың насихаты болып табылады.
Үшіншіден, әрбір дін тек сенім жүйесін ғана құрамайды, сонымен қатар ол өмір сүру формасына айналады. Осы себепті дін негізіндегі дәстүрлі құндылықтар арқылы да ұлт сапасын жаңа биіктікке көтеруге болады. Осы орайда академик Ғарифолла Есімнің мұсылман зиялыларға қатысты айтқан мына бір пікірі аса құнды болып табылады: «Мұсылман зиялылары кімдер? Олар – имандылық пен әділеттілік жолындағылар, олар ілім, ғылым игерген білікті мамандар. Мұндай азаматтарға коррупция және тағы басқа әділетсіздіктер жат болмақ. Болашақта бүгінгі зайырлы қоғамның зиялылары мен діни қызметкерлерінің біте-қайнасып бірге өрбімей келе жатқан жолын тоғыстырып, түйістіретін болады. Бүгінгідей, ауыл-қалада емін-еркін өріп, әртүрлі діни ағымды насихаттап жүргендерге, мұсылмандықтан тайдыратын әрекеттерге тыйым жасай алмақ. Мұсылман зиялылары – жүрегінде иман, ісінде ізгілігі бар, діннен де, ғылымнан да хабары мол жандар болмақ. Қоғамда дін мен ділді және қазақ тілін орнықтыруға мұсылман зиялылары қол жеткізеді деп үміттенеміз. Себебі дінге берік, білімі – жоғары, иманы – кемел әрі адамшылығы мол, биік адам Алла тағаланың өз сүйіспеншілігімен жаратқан ұлттарының бірі қазақ халқының тілінің өркен жаюына мүдделі болмақ» – деген пікірін белгілі ғалым малай-ислам мәдениеті негізінде дамыған Малайзия Республикасын мысал ретінде келтіре отырып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы арқылы да қарышты дамуға болатынын жеткізеді. Өзінің дінін, дәстүрін білетін азамат пайдакүнемдікке емес, рухани тазалыққа ұмтылады. Мұндай санадағы адамның қоғамға келтірер пайдасы мол.
Төртіншіден діни баспа өнімдеріне дінге ғана қажетті канондық мәтін ретінде қарайтын ой-түсініктен арылу қажет. Дін – тәрбие құралы. Осы себепті діни ақпарат көздерінің сапалы шығуына және халыққа қолжетімді болуына мемлекет барынша күш салуы тиіс. Діни өнімдердің халыққа жетуі негізінде ішкі саясаттағы тұрақтылық, біртұтастық сақталады. Қазіргі таңда ақпарат көздері адамдардың өмірінде үлкен рөл ойнайды. Кімнің қолында ақпарат болса, сол адамның халыққа ықпалы жоғары болады. Рухани деградацияға ұшырамас үшін дәстүрлі емес діни ағымдардың миссионерлеріне қарсы тұру тетіктерінің күшті болғаны жөн. Ұлт руханиятына жоғары деңгейде мән беру, рухани иммуниттеті күшейту – ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі.
Бесіншіден, діни білім беру орындарындағы білім сапасын қадағалау және шәкірттердің зияткерлік қабілеттерін шыңдау рухани тәрбиенің сапалы бағытта өрбуіне мүмкіндік береді. Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл салаға қатысты мәселелерді өз пікірінде көрсетіп өткен: «Жастардың діни радикалдануының себептеріне дәстүрлі дін қызметкерлерін әзірлеу ісінің радикалды идеяларды таратушылардың белсенділігімен салыстырғанда әлсіз болуы, дәстүрлі діндердің техникалық артта қалуы және олардың көбіне ғұрыптық тұстарға ғана мән беруі жатады. Осы тұрғыдан қарағанда мемлекеттің дәстүрлі діндердің қызметіне, дәрежесіне және міндеттеріне жаңаша көзқараспен қарайтын уақыты жетті». Р. Жұмалы келтіріп отырылған мәселелер аса қатты алаңдаушылық туғызатын құбылыстар болып табылады. Дін қызметкерлерінің бәсекеге қабілетсіз болуы ел жастарының діни пананы өзге ағымдардан іздеуге себепкер болады. Діни кадрлардың сапалы болуы – дәстүрімізді терістеп жүрген діни ағымдарға қарсы тұрудың, дін саласындағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғары болуының көрсеткіші. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ҚМДБ-ға қарасты Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың біліктілігін арттыру институты, 9 медресе бар. Аталған білім беру ошақтарынан шыққан кадрлар қазақстандықтардың ислам саласына қатысты сұраныстарын толық қанағаттандыра білгені жөн. Қазіргі кезеңдегі діни кадрлар өз халқының салт-дәстүрінен, тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен және заманауи жаңалықтардан хабардар болуы тиіс. Дін маманының білімінің жан-жақты болуы теріс ағымдарға тойтарыс беруге, дін мен дәстүр үйлесімділігі негізінде орныққан дәстүрлі діни танымымызды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел азаматтарының өзге діни бағыттарға еніп кетуінің алдын алады.
Алтыншыдан, дін мәселесін мәдениеттен, тілден бөліп жаруға болмайды. Ислам қазақ мәдениетінің қалыптасуына аса көп үлесін қосқан дін. Қазақтың материалды және рухани мәдениетінде исламның іздері көп.
Қазіргі кезеңде кейбір ғалымдар мен сарапшылар ислам дінін қазақ мәдениетіне жат етіп көрсетіп, халықты ежелгі наным-сенімдерге оралуға шақыруда. Мәдениеттанушы ғалым Әуезхан Қодар былай дейді: «Қазақстанда тәңіршілдікпен бәрінен де аз санасады. Мұның орнына саны шексіз исламдық секталарға құшақ ашуда. Қазіргі қазақ қоғамы айтарлықтай деңгейде исламданған. Бұл әсіресе қазақ жастарына тән қасиет. Олар білімге бейімділік пен махаббатқа, әлем мен болмысқа ашықтық танытпайды. Оның орнына исламдық және жалған исламдық бонзаға соқыр түрде ерушілік байқалуда. Исламдық бірегейлікті әдетке айналдыру бізді исламдық тарих пен қазіргі заманға байлайды. Бірақ оның алдында біздің ешқандай кінәміз жоқ және ешқандай да жауапкершілікке ие емес. Қазақстан – тәуелсіздігіне көп қиыншылықпен қол жеткізген және отарлаушылық озбырлықтан енді ғана оянған мемлекет. Деколонизация кезінде басымызды ерікті түрде исламдық дәстүршілдік пен сектанттыққа салу жауапсыздық болар еді. Біздің бұған уақытымыз жоқ. Қазіргі уақытта бізде тамаша мүмкіндік бар. Ол – Мэйдзи кезіндегі жапондықтар, Танзимат кезіндегі түріктер, Алашорда кезіндегі біздің қайраткерлеріміз тәрізді өзіміздің қайнаркөздерге оралу. Мен біздің тарихымыздың таза қазақы кезеңі ретінде екі кезеңді ғана айтар едім: біріншісі, ұзақ, бірақ бейсаналыққа тереңінен тамыр алған тәңіршілдік дәуірі және аз ғана уақытқа созылған Алашорда кезеңі. Бірақ дәл осы кезеңдер бізде аз зерттелетініне таңым бар. Якутияны, Хакасияны, Туваны алыңыз. Оларда тәңіршілдік өте жақсы зерттелуде. Ресейде тәңіршілдік қоғамы құрылған, мұндай қоғам Қырғызстанда да бар. Сонымен қоса бізге де қазақ мәдениетінің тәңіршілдік тамырларына ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін және әлемдегі қазіргі болмысқа бейімделген модернизацияланған тәңіршілдікті, неотәңіршілдікті ұстанушылардың ерікті қоғамы ретінде Тәңіршілдікті тану қоғамын құру керек». Бүгінгі күнге тәңіршілдіктің ілімдік жүйесі, құдайлық пантеоны жетпеген. Қазіргі кезеңде ел халқы арасында исламды қазақ мәдениетіне теріс құбылыс ретінде көрсетіп, тәңіршілдікке оралуға шақыру ел арасындағы дүрдараздықты арттырады. Осыған байланыс-ты ел азаматтары арасындағы береке-бірлікті сақтау үшін ислам мен қазақ мәдениеті арасындағы сабақтастықты біртұтас негіз ретінде қарастыру қажет. Осы себепті тәңіршілдік тәрізді идеялардың халық арасында іріткі тудыратын идеяларды таратуына жол беруге болмай-ды. Мемлекеттің идеология саласына жауапты қызметкерлері дін ислам мен қазақ мәдениетінің біртұтастығын халыққа жеткізуі тиіс.
Жетіншіден, қазақ жеріндегі толеранттылық қарым-қатынастардың сақталуы күн тәртібінен түспеуге тиіс. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 18 конфессияны құрайтын 3687 діни бірлестік бар. Толеранттылық қарым-қатынас – қазақ халқының бойында ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру мәдениеті. Досқа адалдық, дұшпанға қаталдық көшпенділер бойында қалыптасқан құндылық. Толеранттылық шексіз бағынушылық пен көнбістікті емес, парасатты, пайымды мәмілегерлікті білдіреді. Қазақ жеріндегі толеранттылықтың сақталуы арқылы дін мен дәстүрдің сабақтастығы, сыйластық, өзара құрмет үрдістері жоғары құндылыққа айналады. Осы саясат арқылы ел ішіне іріткі тудырып жүрген деструктивті діни ағымдардың арбау әдістеріне қарсы тұруға болады. Дәстүрлі құндылықтарынан қол үзбеген, ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтауға күш салған мемлекеттік саясат – рухани қауіпсіздігіміздің кепілі.
Бүгінгі қоғамда ислам ішінде небір ағымдар пайда бола бастады. Сол ағымға кіріп кеткен жастарымыздың аузынан: «Қазақ дінсіз болған, Аллаға серік қосқан, аруаққа табынған, ата-бабаларымыз адасқан» дейтін сөздерді жиі еститін болдық. Сонда, қазақтың діні қандай болды? Қазақ дінсіз болған ба? Діннің тарихына үңілетін болсақ, ислам діні Сауд Арабиясында VII ғасырда пайда болды. Ал, қазақ даласына VIII ғасырда келген. Тарихтан белгілі, Х ғасырда қараханидтер дейтін ұлы мемлекет болған. Ислам соның мемлекеттік дініне айналады. Біздің исламды VIII ғасырдан бастап қабылдағанымыздың үлкен дәлелі – Х-ХІ ғасырларда қазақ даласында діннің үлкен ренессансы болады. Сол уақытта дін ғұламалары дүниеге келеді. Атап айтсақ, ислам дініне бағыт-бағдар көрсеткен, ата дініміздің қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы даламыздың ғұламасы Қожа Ахмет Иассауи, оның шәкірттері – Хакім ата деп аталып кеткен Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахмет Иүгнеки, Сайф Сарайлар және әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламалар шыққан. Бір Отырардың өзінен 30-ға тарта әл-Фарабилердің болғанын қазіргі зерттеушілер зерттеп жазып жүр. Қарап отырсаңыз, ислам діні пайда болғаннан кейін бір ғасыр өтер-өтпес уақытта дін қазақ жеріне тарай бастаған. Сондықтан да қазіргі кезде кейбіреулердің «Қазаққа дін тарамаған» дегені – бос сөз. Мұндай сөзді олар қазақтың тарихын білмегендіктен айтады.
Енді екінші бір мәселе, ХІХ ғасырда кейбір орыс зерттеушілерінің қазақтардағы мұсылман дінінің әлсіздігі туралы, кейбіреулерінің қос дінді ұстанатындығы жайында жазған пікірлері бар. Бұл пікірлер де негізсіз емес. Өйткені қазақ даласы орыс мемлекетіне қосылар алдында 300 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысын бастан өткерді. Үш ғасырға созылған соғыстың кесірінен мұсылман ренессансының нәтижесінде дүниеге келген алып ислам мәдениеті бірте-бірте әлсірей бастайды. Араб саяхатшылары Мауераннахр жайында былай жазады: «Сырдарияның жағалауынан тамның үстіне секіріп шыққан лақ тамнан түспестен секіріп отырып, Әмударияға дейін жетеді», – дейді. Яғни бұл Мәуреннахрдағы, біздің бабаларымыздың ежелгі байтағындағы, былайша айтқанда, жиделібайсындағы қалалардың тығыздығын байқатқан. Сол қалалардың бәрінде: Сығанақ, Сауран, Янгикент, Тараз, Сайрам, Отырар, Ясы, Қарнақта медреселер, діннің ошақтары болған. Иассауиді, Сүлеймен Бақырғаниді, Жүсіп Баласағұнды, әл-Фарабиді, Софы Аллаярды тудырған ұлы мәдениет ошақтары жоңғар шапқыншылығының нәтижесінде қирап, медреселер күйзеліске ұшырап, көбісі құрып кетті. Сол шапқыншылықтың кесірінен қазақтар бұрынғы отырықшылық мәдениетінен алыстап, бірыңғай көшпелі шаруашылыққа көшуге мәжбүр болды. Жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Сол кезеңде қазақтардың дінсізденуі, моральдық хал-ахуалының, ахлағының әлсіреуі басталды», – деп ашық жазады. Орыстардың «қазақтардағы дін әлсіз» деуінің себебі осыдан, яғни осындай бір сұрапыл, нәубет замандарды басынан кешіргендігінен. Содан ХІХ ғасырда қазақ әлеуметі орыс мәдениетімен бетпе-бет келіп, олардың боданына айналады. Отарлаудың қауіпті қыспағына түскен қазақтарға өзге жат өркениеттің көмейіне жұтылып кету қаупі туды. Міне, осы кезде діннің екінші бір ренессансы пайда болды. Біздің қазақтың басшылары, ғұламалары, Құнанбай сияқты ел қамын жеген ерлері егер қазақ қазір исламға бет бұрмаса, дінді жаңғыртпаса, қазақтың орыстанып, шоқынып, ұлттың жойылып кету қаупі барын іштей сезді. Осы кезде батыста Жәңгір хан, Қарқаралыда Құнанбай қажы мешіт салдырса, оңтүстікте Маман бай, шығыста Әбдікәрім болыс медресе салып, үлкен қайрат көрсетті. Осы отарлану қаупі тудырған діни жаңғырығудың нәтижесінде ел ішінде Орта Азияның діни оқу орындарын тамамдаған Науан хазрет сынды ғұламалар пайда болды. Осы факторлардың барлығы қазақ даласында діннің екінші бір ренессансын тудырды. Қазақ балалары медреселерде оқи бастады. Алаш қозғалысы көшбасшыларының барлығы дерлік медреселерден тәлім алып шыққандар. Осындай күрделі де қиын процесті қазақ басынан өткерді. Объективті болу үшін осының бәрін ескерген жөн. Сондықтан да қазақ ешуақытта дінсіз болған емес.
Қазір біреулер «таза ислам» жайында жиі пікір айтатын болды. Арабтың «сәләф» деген сөзі «таза исламды ұстанушы» деген мағынаны береді. Олар VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Яғни Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары. Таза ислам жайында пікір айтып жүргендер өздерін «сәләфиміз» дейді. Халық оларды ішінара «уаһһабшылар» деп те жүр.
Дін Арабияда пайда болды. Құран араб тілінде түсірілді. Алайда Аллаһ тағала дінді арабтарға ғана емес, бүкіл адамзатқа түсірді. Құран арабша болғандықтан, араб тілін білу керек. Өйткені, Абай атамыз: «Кімде-кім араб тілін білмесе, дінді таза білмейді, көп сөйлеп, басты ауыртады», – дейді. Жалпы, араб тілін білу шарт. Енді дін түскенге дейін арабтардың өздерінің ұстанған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, діни наным-сенімдері болды. Исламды арабтар өздерінің наным-сенімдері, салт-дәстүрлері арқылы қабылдады. Әрине, олардың надандық заманындағы дәстүріне көптеген өзгерістер енгізілді. Көп құдайға табынушылық жойылды, қыздарды тірідей көмуге тосқауыл қойылды. Сол кезде мәдениет деген пайда болды. «Мәдениет» деген сөз «мәдина», яғни «қала» деген сөзден шыққан. Былайша айтқанда, «қалалық мәдениет» деген мағынаға саяды. Арабтарда дін түскенге дейін жазиралық мәдениет болса, кейін Мекке мен Мәдина қалаларында діннің шарапатымен қалалық мәдениет қалыптасты. Содан бастап дін жан-жаққа тарай бастады. Ислам діні адамзатқа түскендіктен, басқа да жұртқа тарауы керек болды. Ал, ол жұрттардың да өзінің ұстанған салт-дәстүрі, наным-сенімдері, өздерінің философиясы бар болатын. Осыны ескерген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне тиіспеңдер, нұқсан келтірмеңдер, егер шариғатқа қайшы келмесе» деген еді. Осы сөзді ұстанған сахабалар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпақтары – қожалар қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүріне, түріктік дүниетанымына негізделген ерекше бір ислам мәдениетін қалыптастырды. Оның көрнекті өкілі – Қожа Ахмет Иассауи. Ал, қазір діннің тазалығы жайында әңгіме айтатындар – қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, таза арабтың дінін қабылдатқысы келетіндер. Яғни арабтың салт-дәстүріне негізделген дінді. Олар соны таза дін деп ұғады. Ал, қазақ халқы исламның сыртқы формасына ғана қанағаттанып қалмай, оның ішкі мәйегіне үңілген, ішкі мағынасын тапқан сопылық ағымды қабылдады. Ата-бабамызды «дінсіз» деп жүрген алабөтен ағымдарға қалай тойтарыс бере аламыз? Шәкәрім өзге ағымдарды «шатақ діндер» дейді. Бізде шатақ діндерге «хизбут-тахрир», «уаһһабилік» сияқты ислам дінінде бертініректе пайда болған радикалды ағымдар жатады. Былтыр Новгородтан Волков деген сектолог келіп кеткен болатын. Сонда ол «шатақ діндер» жайында былай деді: «Бұл шатақ діндерге тойтарыс берудің бір-ақ жолы бар. Бұлармен тікелей күресіп еш нәтиже шығара алмайсың. Бұлармен күресу үшін ұлттық иммунитет керек. Ұлттық иммунитет дегеніміз – сол халықтың өзінің ұлттық салт-дәстүрі, ұлттық дүние танымы. Соны мектептен бастап оқыту керек». Сөзінің жаны бар. Орыстар «святое место пусто не бывает» дейді, яғни қазақ руханиятында өзге ағымдар кіріп кететіндей бос жер болмауы керек. Ол үшін балаға мектептен бастап қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың: Иасауидің, Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбектерін оқыту керек. Иасауидің ілімі ауыр дейтін болса, ең болмағанда үш ғұламаның еңбегін оқытып, мектептен балалардың ұлттық иммунитетін қалыптастырып шығаруымыз қажет. Оған арнайы мамандар дайындау керек. Англияда өздерінің ұлттық дүниетанымына негізделген «англиканская церковь» деген бар. Олар өздерінің діндерін балаларына қаншама қаржы бөліп, балабақшадан бастап оқытады. Сонда әлгілерден: «Сендер неге соншама ақша шығарып, балаларға дінді бала бақшадан бастап оқытасыңдар?» деп сұрағанда, олар: «Егер біз қазірден бастап балаларды өздерінің ұлттық мәйегімен қоректендіріп үлгермесек, ертеңгі күні олар басқа, бізге жат ағымдардың қақпанына түсіп, бұзыла бастаған кезде, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіре бастаған кезде, оларды қайтару үшін біз бұдан бес-алты есе көп қаржы жұмсаймыз», – деген екен. Қазір бізде анасын жылатып, атасының сақалын жұлып, «сендер кәпірсіңдер», «сенің қолыңнан тамақ ішпеймін, өйткені сен намаз оқымайсың» дейтін радикалды ағымдардың ішіне кіріп кеткен жастар бар. Сол жастармен мемлекет не істерін білмей отыр. Күресетін еш дәрмен жоқ. Осындай қиын жағдайға душар болмау үшін біз мектептен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптің еңбектерін оқытуымыз керек. Міне, сонда ғана біз ондай ағымдарға қарсы тұра аламыз.
Діни құрылымдық жүйедегі әр түрлі бағдарларды қорытындылай келе, олардың адамзат өміріндегі ықпалдасуға әсер ететін негізгі фактор екенін естен шығармау керек. Дін ұлттың құндылық сенім жүйесін, ал дәстүр рухани болмысқа қатысты факторларды айқындайды. Дәстүрлі құндылықтарды орнықтыру бірнеше буынның белсенді іс-қимылы негізінде қалыптасады. Дәстүрден алшақтау түп негізден, яғни тамырдан айырылу дегенді білдіреді.
Бүгінгі таңдағы қазақ жастарының дінге бет бұруы, халықтың діни сауаттылығының төмендігіне байланысты кейбір жандар теріс діни ағымдарға енуі жалпы қоғам үшін өте қауіпті үрдіс. Ол теріс діни ағымға енгендер өздерінің қалыптасқан салт-дәстүріне қарсы шығып, күрес жүргізуде.
Ерте заманнан бастап әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі дәстүрлер жүйесі орын алған. Ол әлемдегі тіршілік етуші халықтарға тән заңды даму үрдісі болып табылады. Біздің қоғамда ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі діни құндылықтарды басшылыққа ала отырып, радикалды идеологияларға қарсы тұру бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Дәстүрлі құндылықтар жүйесі қоғамда өзара диалог, ықпалдастық негізінде орнығатыны сияқты, олар қоғамдағы ішкі тұрақтылыққа және ықпалдастыққа қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |