8-дәріс. Салт-дәстүрдің теориялық және діни негіздемелері мен оның ағартушылық арналары
Дәстүр латынның «trаditiо» деген сөзінен шыққан «тапсыру», «беру» деген мағынаны білдіреді. Дәстүр –
1) тарихи тұрғыдан қалыптасқан ұрпақтан ұрпаққа берілетін әдеттер, ережелер, тәртіп ережелері;
2) өзін-өзі ұстауда, күнделікті тұрмыста қалыптасқан әдеттер;
3) ата-бабалардан жеткен аңыздар. Дәстүр – белгілі бір қоғамда, әлеуметтік топта қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әлеуметтік және мәдени мұра жиынтығы. Дәстүр қатарына қоғамға ортақ құндылықтар, идеялар, әдет-ғұрыптар жатады. Қазақ тіліндегі дәстүр сөзі араб тіліндегі «дустур» деген сөзінің баламасы. Араб тіліндегі мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң деген ұғымдарды білдіреді. Аталған сөздің терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделей келе мынадай ой түйіледі. Қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталған болуы ықтимал. Осыдан келе салт-дәстүр деген ұғым пайда болған.
Британдық философ К. Поппер, дәстүрді қалай әрекет ету керек және қандай нәтиже күту керек деген сауалдарға жауап беру факторы ретінде бағалайды. Әлеуметтік өмірде жүріп-тұру үшін адам дәстүрді білуі тиіс. Дәстүр арқылы адам солай болуы тиіс және басқаша болуы мүмкін емес белгілі бір оқиғалар мен құбылыстар жайында білетін болады. К.Поппердің ұстанымы бойынша әлеуметтік өмірдегі дәстүр қызметін зерттеу арқылы дәстүрдің қалай пайда болатынын, қалай қолданылатынын және ұстанымға қалай айналатынын білуге болады. Біз адамдардың іс-әркетінің, мақсаттарының, құндылықтарының, ұстанымдарының бірыңғай сипаты жайлы айтқан сәтте дәстүр жайында сөз етеміз.
Француз әлеуметтанушысы Г.Лебонның ойынша дәстүр халық ортақ тарихи үрдістің факторы ретінде халық психологиясын бір арнаға біріктіретін құбылыс: «Дәстүрлерде бұрынғы буынның идеялары, қажеттіліктері, сезімдері көрініс табады. Халық – өткен буынмен жасалған организм. Адамдар топпен бірге болған сәтте дәстүрді оңай пайдаланады. Дәстүрсіз ұлттың жаны да, өркениеті де болмайды».
Ресейлік ғалым С. Корневтің ойынша, «дәстүр дегеніміз – аса көлемді индивидуалды қалау еріктердің бір шығармашылық жобаға бірігу формасы. Дәстүр индивидуалдылық пен ұжымдық сананың қарама-қайшылығын жояды. Дәстүр – жеке тұлғаның өз белсенділігін ортақ жоба негізіне қарай бейімдеуі. Біз дәстүрдің жоғалуы туралы айтқан сәтте, құрғақ ғұрыптар мен көне догмалардың жойылуы жөнінде айтпаймыз. Дәстүр болмаған сәтте тұлға толыққандылығын жоғалтып, тобырлық күй кешеді».
Философия ғылымдарының кандидаты, ресейлік ғалым В.Б.Власова дәстүр ұғымына келесідей анықтама береді: «Дәстүр – қоғамдағы индивидтер мен топтардың әлеуметтік байланысы. Оның мазмұны ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан белгілі бір іс-әрекеттерді, ұстанымдарды жүзеге асыруда болып табылады».
Философия ғылымдарының докторы, профессор Э.С.Маркарянның ойынша, «дәстүр дегеніміз әртүрлі адамдар ұжымында жүзеге асатын әлеуметтік тұрғыдан ұйымдастырылған топтық тәжірибе».
Ресейлік философ В.Д. Плахов дәстүр ұғымына мынандай анықтама береді: «дәстүр – бір буыннан екінші буынға жалғасатын тарихи тұрғыдан қалыптасқан тұрақты, мығым қарым-қатынастар жиынтығы. Дәстүр әлеуметтік қатынастарға 6 деңгейде әсер етеді. Бірінші деңгей өмірлік жағдаяттарға сәйкес келеді, екінші деңгейде дәстүрдің нақтылы-тарихи модификациясы жүреді, үшінші деңгейде дәстүр дінде, өнерде, экономикада, саясатта көрініс табады. Төртінші деңгей кезінде, дәстүр қоғамдық феноменнің бір бөлігі ретінде орын алады. Алтыншы деңгейде дәстүр жалпыжүйелік заңдылыққа айналады. Алтыншы деңгейде жалпыға ортақ деңгейде диалектикалық заңдар жұмыс істейді.
Ресейлік ғалымдар С.Бондарева мен Д. Колесов дәстүрге қатысты мынандай баға береді: «Дәстүрлер арнайы ұмтылмаса да, әр индивидтің өміріне кіреді, оның өмірін толықтырады. Бұл құндылық өмірді қалыптастырады және реттейді, сол қоғамға тән әдістермен индивидтердің белсенділігін талдайды. Әрбір қоғам өз өркениетінің иесі мен мәдениетінің тасымалдаушысы ретінде дәстүрлермен өзара алмасу ортасы болып табылады».
Ресейлік философ Н.В. Солнцевтің ойынша «дәстүр өзіндік қоғамдық құбылыс ретінде тек қана адамдардың рухани-адамгершілік байланыстарыгн ғана емес, сонымен қатар материалдық, өндірістік байланыстарды да білдіреді. Дәстүр адамдардың материалды және рухани өмірінің барлық салаларында қызмет етеді».
Польшалық әлеуметтанушы Е. Шацкий дәстүрдің мәніне қатысты келесідей негізгі әдістер мен көзқарастар бар екенін айтады:
Функционалды – рухани мұраны жеткізу;
Объектттік – жеткізілетін құндылықтарды саралау;
Субъекттік – қазіргі буынның бұрынғы буынға қатынасы.
Психология ғылымдарының кандидаты, ресейлік ғалым Л.Столяренконың ойынша, әдет-ғұрып адамдардың өмірін реттейді. Барлық адамдарға ортақ дәстүр негізінде бірігуге жәрдемдеседі. Әдет-ғұрып қоғамдағы тұрақтылықты, ұлттық келбетті сақтауға, адамдардың бір мәдениет негізінде бірігуіне жағдай жасайды. Ал Х.Субиридің ойынша, дәстүр тарихи үрдістің мәнін құрайтын өмір салтын жеткізудің жалпыға ортақ әдісі. Дәстүрдің шынайы субъекті ретінде адам нәсілі көрініс береді. Осыған байланысты дәстүрді түсінудің өзіндік үш мәні көрініс табады. Бірінші, тарих тек әлеуметтік тарихты ғана емес, биографияны да қамтиды. Екіншіден биографиялық дәстүр жеке биографиядан ерекшеленеді. Үшіншіден, жеке биография мен тарих дәстүрдің біртұтастығын өлшеуші екі түрлі әдіс.
Дәстүр қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтиды. Заман өзгерген сайын, дәстүр де дамып, жаңа мазмұнға ие болып отырады. Ал заманның талабына сай келмейтіндері ығыстырылып жатады. Дәстүр моральмен, халық тіршілігімен белсенді байланыса отырып, қоғамды ұйыстырушы, реттеуші рөлін атқарады. Жалпы Шығыс халықтарының өмірінде дәстүр үлкен рөл атқарады. Дәстүр халық өмірінің этикалық тұстарына үлкен мағына сыйғыза отырып, тұтас мемлекетті дұрыс арнаға бұрды. Белгілі бір шектеулер мен тыйымдарды халық арнайы заңсыз-ақ басшылыққа алып, соған бағынды. Бұл халықтың өміріндегі дәстүрдің ірі дәрежедегі орны бар екенін дәлелдейді.
Қытай философы Конфуцийдің ілімінде басты екі ұғым бар: ұстаз және дәстүр. Ұстаз ұғымы жеке тұлғаға қатысты болса, ал дәстүр ұғымы халықтың тәжірибесін, дүниетанымын білдіретін түсінік. Ұстаз білімі асқан тұлға, шәкірт оны мойындап, білім үйренуі тиіс. Ал дәстүр халық өміріндегі белгілі бір рәсімдерді, тәртіптерді білдіретін ірі феномен. Жер бетіндегі әрбір халықтың ұлттық бірегейліктері, өзіне тән салт-дәстүрі болады. Ежелгі заманнан келе жатқан дәстүрлердің негізі мықты қай заманда болмасын өзектілігін жоймайды. Даму диалектісіне орай дамып, өзгеріске төтеп береді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, кейінгі буынға жетеді. Әрбір халықтың дәстүрінің тамыры аса тереңде жатыр. Дәстүр – ұлттық тұтастықтың, ұлт мәдениетінің түпнегізі. Егер белгілі бір халық тамырынан айырылса, онда оның ұлттық бейнесі де жойылады. Сонымен қатар дәстүр ежелден келе жатқан арнасынан ауытқып, бұзылып кетсе, халықтың халықтығы да жойылады. Қазақ ұлтының ұлттық бейнесі-нің күретамыры – халықтық дәстүр. Дәстүр – қазақ халқының мента-литетінен, өмір сүру ерекшелігінен, ұстанымдарынан хабар беретін асыл мұралар жиынтығы. Ел басына күн туған қиын кезеңдерде (Патшалық Ресей, Кеңестік билік) қазақ халқы өзінің салт-дәстүрінен біраз алшақтады. Бабалар аманат ретінде қалған дәстүр атты мұраның жай-жапсарын анықтап бере алатын адамдар сиреп кетті. Бұл жайт ұлты өміріне төнген қауіптен хабар беретін құбылыс еді.
Қазақ халқы ұстанатын дәстүрлі діни таным имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабына негізделетіні белгілі. Қазақ халқының мұсылмандық танымының бір ерекшелігі дін мен салт-дәстүрдің сабақтасуында болып табылады. Имам Әбу Ханифа діни мәселелерде үкім берер сәтте халықтық салт-дәстүр шариғатқа қайшы келмесе, оны да дәлел ретінде қолданған. Құран Кәрімнің Хужурат сүресінің 13 аятында былай делінеді: «Әй, адамдар! Сендерді бір еркек пен әйелден (Адам ата мен Хауа ана) жараттық. Бір-біріңді танып-білуілерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар қылдық». Сонымен қатар Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз белгілер бар». Бұдан түйетін ой әрбір халықтың өзіне тән ерекшеліктермен жаратылуы Жаратушы қалауындағы іс. Ұлттар әртүрлі болуы себепті, салт-дәстүрлер де бір-бірінен өзгешеленеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан Ирак жерінде өмір сүре отырып, осындай ерекшеліктерді ескерген. Соған сәйкес Құран, Сүннеттен сұраққа жауап табылмаған жағдайда әдет-ғұрыпқа да жүгінген. Ислам ғұламалары әдет-ғұрыптың дінде назарға алынуы үшін кейбір шарттар қойған: Бірінші шарт, әдет-ғұрыптың кеңінен қолданыста болуы керек. Егер үкім шығарылатын жердің халқы белгілі бір мәселе бойынша әртүрлі әдет-ғұрыптарды ұстанатын болса, ортақ қолданыста жоқ болса, онда ол әдет-ғұрыпты негізге алып, діни үкім шығармайды. Екінші шарт, төреші рөлін атқаратын әдет-ғұрыптың сол мезетте бар болуы қажет. Үкім шығару кезінде бір әдет-ғұрып бар болып, кейін ол өзгеріп кетсе, үкім беретін кезде қолданыста болған әдет-ғұрып негізге алынады.
Қазақ тіліндегі «әдет» сөзі арабтың «әл-ъада» сөзінен шыққан. Адамдар арасында көп қайталану әсерінен дағдыға айналған істер әдетті білдіреді. Ал «ғұрып» сөзі арабтың «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекеттер, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. Әдет және ғұрып сөздері өзара синонимдер ұғымдар. Шариғат кітаптарының кейбірі «урф» сөзін қолданады, ал өзгелері «әдет» сөзін қолдана береді. Қазақ тіліндегі салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұғымдары халық арасында қалыптасқан, күнделікті тіршілікте қолданылатын мәдени ерекшеліктерді білдіреді. Ал ислам шариғаты әдет, ғұрып ұғымы аясынан адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді түсінеді. Мұсылман фикхында әдет, ғұрыпқа қатысты терминдердің аясы кең. Мәселен қазіргі араб тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты «адат уа тақалид», «турас шағби» деген сөздер де қолданылады.
Белгілі бір халық арасында әдет-дағдыға айналған және ислам шариғатына қайшы келмейтін істер мұсылмандық фикхта екінші деңгейлі дәлел ретінде қолданылады. Ең бірінші кезектегі қайнар көздер Құран Кәрім және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті. Басты қайнар көздерден белгілі бір мәселеге қатысты жауап табылмаған жағдайда ғана әдет-ғұрыпқа жүгінуге болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның сахабалары қандай да бір мәселелерге қатысты үкім шығарған сәтте халық арасындағы ғұрыптарды да пайдаланған.
Атақты ғалым Абдулла ибн Ахмат ән-Нәсәфи «әл-Мустасфа» атты еңбегінде әдет-ғұрып жөнінде мынандай пікір білдіреді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». Ханафилік ғұлама Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсінуді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді».
Әдет-ғұрыптың өзі екі топқа бөлінеді:
1)Жалпы;
2)Жалқы.
Жалпы әдет-ғұрып қатарына Жер шарының әртүрлі бөлігіндегі мұсылман халықтары арасында қалыптасқан ортақ әдет-ғұрыптар жатады. Мәселен, үйлену рәсімі, талақ жариялау, сауда, қолөнерге байланысты әдет-ғұрыптар осы қатарға кіреді.
Жалқы әдет-ғұрып санатына белгілі бір аймаққа, қалаға ғана тән әдет-ғұрыптар жатады. Мәселен, қалыңдық мәхірін белгілеуде, ақша бірлігінде әр аймақта айырмашылықтар, өзгешіліктер болуы ықти-мал. Жалқы әдет-ғұрып шектеулі орта арасында қалыптасқан өзіндік норма, ережелерді білдіреді. Әдет-ғұрыптың бұл түрінің аясы тар.
Сипаты жағынан әдет-ғұрып 2 түрге бөлінеді:
1) іс әрекет түріндегі әдет-ғұрып. Іс-әрекет түріндегі әдет-ғұрып адамдар арасындағы қарым-қатынаста дағдыға айналған істерді білдіреді. Мәселен, адамдар саудагер «саттым», тұтынушы «сатып алдым» деген сөзді айтпай-ақ қолма-қол сауда жасай береді. Қос тарап та өзіне қатысты міндеткерліктерді біледі. Осыған байланысты дағдыға айналған әрекет арқылы олар бір-бірін оңай түсінеді.
2) сөз түріндегі әдет-ғұрып. Сөз түріндегі ғұрып адамдардың белгілі бір сөзді айту арқылы соған қатысты мағынаны түсінуі. Адамдар тобы осы сипатты сөзді естіген сәтте мәселенің не жайында екенінен бірден хабардар болады. Оған мысал ретінде ақша мағынасында теңгені, құлшылық мағынасында намазды қолдануды, сондай-ақ Құдай дегенде Жаратушының еске түсуін жатқызуға болады.
Ханафи мазхабының кейбір ғалымдары шариғатқа сай келетін ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылатынын айтады. Бұған дәлел ретінде олар Құран Кәрімнің «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятын мысал ретінде келтіреді. Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаят та қарымды дәлел ретінде саналады: «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, ал мұсылмандар жаман деп есептеген нәрсе Алланың алдында жаман».
Әдет-ғұрып ислам шариғатында үлкен орын алады. Жоғарыда атап өткеніміздей Алла Тағала өзінің шексіз нығметімен Жер бетінде түрлі ұлттар мен ұлыстарды жаратты. Әртүрлі ұлттар бір-біріме араласа отырып, өзінің ұлттық келбетін сақтап қалуы да тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қоштасу қажылығында былай деген еді: «Сіздердің араларыңызда ең абзалдарыңыз ақтарыңыз немес қараларыңыз емес, ең тақуаларыңыз». Сонымен қатар Алла елшісінің хадисінде былай делінеді: «Ешқандай арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықпен өлшенеді». Бұл сөздері арқылы Алла елшісі расистік көзқарастардан аулақ болуға, адамзаттың бәріне бірдей мейіріммен қарауға шақырып отыр. Әр халық өзінің дәстүрін ұстануға құқылы. Исламның алғашқы кезеңінде Мекке мен Мәдине халқын араб ұлты құрағанымен, олардың салт-дәстүрінде едәуір айырмашылықтар болды. Пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге хижрет жасаған сәтте, Медине халқының салт-дәстүрін ескеріп, олардың пікіріне үлкен құрметпен қараған. Мединеліктердің әдет-ғұрпы шариғатқа қайшы келмесе оны пайдаланған. Салт-дәстүр Құран Кәрімге және Пайғамбар сүннетіне қайшы келмесе қай заманда болмасын қолданыла береді.
Имам әл-Ғазали ғұрып жөнінде мынандай пікір білдірген: «Ғұрып дегеніміз – адамдардың жан дүниесінде саналы түрде бекітіліп, болмысы түзу адамдар тарапынан құпталған дүние». Ислам дінінің фикһтық кітаптарына назар аударып қарайтын болсақ, ислам дінінің ұстанымдарына қайшы келмейтін әдет-ғұрыптар құқықтық шешімдер шығаруда елеулі рөл ойнағанын байқаймыз. Мұсылман халықтары арасында «Амалу әхли-Мәдина» атты ұғым бар. Ислам құқығындағы «Амалу әхли-Мәдина» ұғымы – Пайғамбардың көзін көрген сахабалардың орталығы – Мәдина халқының арасында кең тараған әдеттерді білдіреді. Малики мәзһабының негізін қалаушы Имам Мәлік «Амалу әхли-Мәдинаны» күшті дәлелге жатады деп есептеді. Малики мәзһабының факихтары ахад хабармен салыстырғанда Мәдина халқының іс-амалдары негізге алынатындығын білдірген. Ижтихадқа емес, Пайғамбардың, сахабалардың ұстанған жолын әдетке айналдырған Мәдина халқының қалыптасқан әдеттерін басшылыққа алуға болатынын Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Жүсіп те мойындаған.
Қазақ халқында орныққан ұлттық салт-дәстүрдің басым көпшілігі ислам дінімен тамырлас. Әрбір халықтың ұлттық болмысын, мәдениетін айқындаушы таразы – халықтың рухани танымы һәм діні. Дәстүрлердің орнығуында, тамыр жаюында діннің атқарар рөлі зор. Егер белгілі бір халық өз дінінен ажыраса, діннің сарқыншақтары әдет-ғұрып формасында ғана көрініс табады. Салт-дәстүр – кез келген халықтың дініне, өмір сүру формасына, ұлттық ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы қалыптасып жинақталған өзіндік нормалар формасы. Бұл нормалар арқылы бір топты екіншісінен айыруға және олардың әлеуметтік жүйедегі ерекшеліктерін анықтауға болады. Дәстүр ұлттың өмір сүру қағидаларын анықтап, қоғам заңдылығы ретінде адамдардың тәрбие, тағылым, тіршілік ережесіне айналады. Халық аталған талаптарды бұлжытпай орындайды. Қоғамның ауызбіршілігінің сақталуы тікелей осы дәстүрлерге байланысты. Ал аталған ережелерді бұзған, құрметтемеген жандар дәстүр заңы негізінде жазаланған. Дәстүр қазақ қоғамының өмірінде бұлжымас заң рөлін атқарған. Мәселен, қуанышты сәттерде той өткізу, Күн мен түн теңелген күнде Наурыз мерекесін тойлау, бойжеткенді қызды құтты ұясына ұзату, үйге келген қонаққа қонақасы беру, айтулы оқиғалар кезінде шашу шашу, белгілі бір ауылға жаңадан көшіп келген кісіні ерулікке шақыру т.б. осы қатарға кіреді. Жалпы айтқанда салт-дәстүрдің халық арасындағы тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Жоғарыда аталған салттардың барлығы халық арасындағы ауызбіршілікті, береке-ынтымақты сақтауға бағытталған. Атадан балаға мұра болып қалып отыратын мәдени-тұрмыстық, кәсіптік ерекшеліктерінің көрінісі дәстүр арқылы көрінеді. Салт-дәстүрдің мол болуы – халық руханиятының байлығының көрінісі болып табылады. Әдет-ғұрып, ырым, тыйым, дағды салт-дәстүр санатына жататын құндылықтар жиынтығы.
Жер бетіндегі әрбір өркениеттің өзіндік ерекшеліктері бар. Тарихшы ғалымдардың пікірінше, әлемде бірде бір ұлт дінсіз, сенімсіз өмір сүрмеген. Жер бетін мекендеуші түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзіндік ұлттық ерекшеліктері, тілі, дәстүрі, діни сенімдері болады. Алла Тағала Құран Кәрімнің Хужурат сүресінің 13 аятында былай делінеді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендер бір ер, бір әйелден(Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай ақ бір-бірінді тануларың үшін сендерді ұлттар,рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». Бұл аятты саралай отырып, түрлі ұлттар мен ұлыстардың жаратылуы Алла Тағаланың қалауындағы іс екенін көруге болады. Осыған сүйенген мұсылмандар «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ» деген пікірді айтады. Құран Кәрім араб қауымына түскенімен, мұсылмандардың барлығы бірдей араб емес. Қазіргі уақытта әлемдегі 2 миллиард мұсылманның 300 миллионын ғана арабтар құрайды. Араб емес мұсылман халықтарының әрбірінің мекендеген аймағына қарай өзіндік ерекшеліктері болады. Ислам шариғаты бұл өзгешіліктерді жоққа шығармайды. Ислам ғұламалары заман мен мекеніне қарай шығарылатын пәтуалар да өзгеруі мүмкін екенін айтады. Бір айта кетерлігі мұсылман халықтарының барлығы өздерінің түп-тамырын ислам дінінен алады. Осы себепті олардың салт-дәстүрлері, мәдениеті бір-бірімен ұқсас болып келеді. Барлық мұсылман халықтарының танымы Құран мен хадиске негізделеді. Ал мұсылман халықтардың салт-дәстүрінің ислам шариғатымен сәйкес келмейтін тұстары жойылып кеткен.
Ислам шариғатында пенденің еркіне қалдырылған ерікті яғни мубах істер бар. Олардың қатарына мерекелерді, тойларды өткізу, салт-дәстүрді орындау т.б. кіреді. Аталған жағдаяттар әр халықта әртүрлі болып келеді. Қазіргі уақытта кейбір фундаменталистер айтып жүргендей, салт-дәстүрдің барлығы бірдей бидғат деген түсінікке еруге болмайды. Дәстүрлер мұсылман ғұламаларының мақұлдауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар болып табылады. Ұлттық ерекшеліктерді ескермеу, қазақ ұлтын арабтандыруға тырысу діни фундаменталистердің ісі болып отыр. Жоғарыдағы аятта келтірілгендей, ұлт пен ұлысқа бөліну жаратылыстың мызғымас заңы. Аталған заңға қарсы шығу надандық пен қасаңдықтың айқын белгісі болып табылады.
Бүгінгі таңда қазақ жастарының арасында дінге қатысты қызығушылық жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Құлшылық рәсімдеріне қатысушы және діни білім алған жастардың басым көпшілігін жастар құрайды. Дегенмен дінге қатысты қызығушылық білдіріп жүрген жастардың кейбірі радикалды топтардың құрығына түсіп, жоғары максималистік көңіл-күйін көрсетеді. Құран мен сүннет жолының басты мәндерін түсінбей, өзім білемдікке салынады. Аталған жастар мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабих аяттарды алдыға шығарады. Осының салдарынан қоғамда дінге қатысты әртүрлі түсінбеушіліктер туындап, мұсылмандар арасындағы бірлікке қауіп төнуде. Фундаменталды көзқарасты ұстанған жастар, діни фанатизмге бой алдырып, халқының мәдени мұрасын, тарихын толық жоққа шығарады. Өздерінің шала сауаттылығы мен албырт көңіл-күйлері арқылы осындай теріс қадамға барады. Шариғатты терең түсінген жан мұндай қателікке бой алдырмайды.
Дін мәселесіне келгенде дәстүрлі жолды ескермеу, барынша арабтануға тырысу әрекеті қалыпты діндарлар арасында да кездеседі. Дін жолын ұстанудың жөні осы деген оймен араб, түрік сөздерін қаз-қалпында жазады. Қазақ даласына VIII ғасырда енген ислам діні халықтың өмірінің біртұтас бөлшегі болып кеткен. Араб тіліндегі сөздер де тілдік ерекшеліктерімізге бейімделіп, қолданыс тапқан. Ал бүгінгі таңда кейбір діндарлар Жүсіп, Жақия, Жүніс деп аталатын есімдерді Юсуф, Яхия, Юнус деп атайды. Діндарлар осы әрекеті арқылы екі түрлі қателікке бой алдырады:
1. Дін мұратын дұрыс түсіне алмау. Дін ислам ұлттық, тілдік ерекшеліктерді жоюға шақырмайды. Ислам Жер бетін мекендеген ұлттардың өзіндік дәстүрлері мен заңдылықтарының сақталуына жағда жасайды;
2. Халқының тарихынан, менталитетінен хабарының болмауы. Ана тілімізге араб, түрік тілінің сөздерін енгізіп, тілдің тазалығын ластайды. Олар өздерінің осындай әрекеттерін ерекше білімпаздық, үлкен абырой деп санайды. Бұл әрекет бірбеткейліктің, шектен шыққан фанаттықтың көрінісі болып табылады. Ислам діні ұлттық, тілдік ерекшеліктерді жоққа шығармайтынына қарамастан оларды мансұқтау фанат адамға тән әрекет. Мұндай типтегі жандар тіпті қазақ ақын-жырауларының дін тақырыбындағы шығармаларын да өз сенімдеріне қарай бұрмалап жазып жүр.
Қазақ қоғамында дәстүрді жоққа шығаратын нигилистермен қатар дінді төмендетіп, ұлттық дәстүрді ғана мойындаушылар да бар. Арнайы терең діни білімі болмағанына қарамастан дін тақырыбын талқылауға құштар мұндай жандар қоғамда дінге қатысты негативті көзқарастардың туындауына себепкер болуда. Олар өз сөздеріне дәлел ретінде дәстүр мен данышпандардың пікірлерін келтіреді. Ислам шариғатынан жеткілікті деңгейде хабары болмағандықтан, дін мен салт-дәстүр арақатынасын тереңірек түсіндіруге қауқарсыз болады. Осының салдарынан дінді төмендетіп, тек салт-дәстүрге ғана басымдық береді. Мұндай пікірдегі жандар дін мен дәстүрдің сабақтастығын орнықтырудың орнына қоғамда алауыздықтың тууына себепкер болуда. Салт-дәстүрін сақтаған елдің келешегі кемел. Салт-дәстүр өз еліңнің өзгелерден айырмашылығын, ерекшеліктерін бағамдауға мүмкіндік береді. Әлемдегі алып империялар жаңа аймақтарды отарлаған сәтте, ассимилиция саясатына ерекше мән берген. Яғни бодан жұрттың тілін, дінін, дәстүрін ұмыттырып, оны өзіне сіңіріп жіберуге тырысқан. Егер белгілі бір халық өз дәстүрінен, дінінен, тілінен айырылса, ол ұлтты жоқ ету қиынға соқпайды. Өзге халыққа ассимилицияланған халықтың болашағы жоқ. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылман үмбетін өзге халықтардың теріс салт-дәстүріне ермеуге шақырған. Себебі өзгелердің теріс ғұрпын қабылдау арқылы рухани құндылықтар құлдырап, иман әлсірейді.
Қазақ халқының ислам дінін қабылдағанына 1 дәуірден аса уақыт өтті. Қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті, әдебиеті мұсылмандық таныммен үндесіп, ислам ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам адамзатты дұрыс арнаға бұрып, ізгі істерді басшылыққа алуына, теріс істерден аулақ болуына мүмкіндік жасау үшін келді. Шариғат таразысына қайшы келмеген салт-дәстүрдің барлығы халық өмірімен біртұтас түрде күй кеше береді. Фикх саласында әдет-ғұрыптардың құқықтық нормалардың бір тармағы ретінде қаралуы көп жайтты аңғартады. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», - деп бұйырған. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) араб қоғамында Алладан жеткен заңдарға қайшы келетін салт-дәстүрлерге тыйым салған, ал шариғатқа қайшы келмейтін ғұрыптарды қабылдаған. Мазхаб ғұламалары шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрді басшылыққа алуды құптаған.
Ресей және Кеңес үкіметінің отаршылдығы тұсында қазақ халқы ата дінінен алшақтады. Алып империялардың мақсаты – бодан ұлттың табиғи байлығы мен өзге де ресурстарын өз мүддесіне пайдалану екені ерте кезден белгілі. Империялар үшін бұл мақсатқа жетуді тиімді жолы – халықты дінінен, салт-дәстүрінен ажырату болып табылады. Рухы биік ұлттан гөрі ассимилицияланған ұлтты басқару оңай. Осы себепті әрбір империя бодан ұлттың рухын құлдыратуға барынша күш салады. Дініне, тіліне қатысты жүргізілген зобалаң саясаттың соңы мәңгүрттер тобырының пайда болуына ықпал етеді. Кеңес Одағы дінге қатысты терминдердің барлығын архаистік түсінікке айналдыруға тырысты. Құдайды жоққа шығарып, атеистік сананы ту еткен кеңестік қоғамда қазақ ұлты өзін ұлт ретінде жоғалтып алуға шақ қалды. Қазақтың көптеген перзенттері өзінің тілінен, дінінен, ділінен бейхабар болып қалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткізген тәуелсіздік арқылы ғана қазақ руханиятында ренессанстық құбылыстар белең ала бастады.
Елбасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деп атап өтті. Расында да Елбасы айтқандай салт-дәстүрдің халық өміріндегі орны ерекше. Салт-дәстүр ұдайы түрде діннің ықпалымен дамып, өзіндік форма орнықтырады. Тарих беттерін саралап қарайтын болсақ, діни танымы әлсіз болған ұлттардың дәстүрі де, тілі де жойылып, ұлт ретіндегі өмірлерінің тоқтағанын көруге болады. Дін – дәстүрге қатысты бағамдау, реттеу қызметін атқарушы күш. Діни үкімдер мен дәстүрдің өзара айырмашылығы бар. Діни үкімдер – Жаратушы тарапынан бұйырылған, міндетті түрде орындалуы тиіс амалдар. Ал салт-дәстүр адамдар көп дағдылануы салдарынан орын алған іс-әрекеттер жиынтығы болып табылады. Салт-дәстүрлер заман ағымына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, алғашқы мыңжылдықтарда өмір сүрген тайпалардың салт-дәстүрі өзгеше болған. Ал аталған тайпалардың ұрпақтары болып табылатын қазақтардың салт-санасы дін ислам негізінде өрбіп, одан әрі дамыды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, «Саясат күнде өзгереді, ал дін - мәңгілік». Әртүрлі қоғамдық жүйелер өзгеріске түсіп жатқанымен діни құндылықтар бастапқы қалпын сақтап қалады.
Халықтың салт-санасы және дүниетанымын ескере отырып, шешім шығару мұсылман құқығына тән жол. Шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрді сыйлау, пәтуалар беру мәселесінде оны да құрал ретінде пайдалану әрекеті ислам құқығының кеңдігін, ашықтығын көрсетеді. Осы тәрізді ерекшеліктерді көре отырып өзге ұлт өкілдері ислам дінін қабылдап, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |