1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ғана тағайындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды.
Бұл шектеулерді персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша нысанда тіркейді.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдамау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.