№ 9 дәріс
Тақырып. Мектеп жасына дейінгі балалардың өнімді қызметі
Жоспар:
Мектеп жасына дейінгі балалардың бейнелеу және құрастыру әрекеттерінің ерекшеліктері.
Бейнелеу және құрастыру әрекетінің түрлері.
Сурет салу.
Мүсіндеу.
Конструкциялау.
Балабақшада бейнелеу іс-әрекеті сабақтың сурет салу мүсін жасау аппликация және конструкциялау сияқты түрлерін қамтиды. Баланың айналадағы дүние туралы әсерлерін бейнелеуде осы түрлердің әрқайсысының өз мүмкіндіктері бар. Сондықтан бейнелеу іс-әрекетінің алдында тұрған жалпы міндеттер әрбір түрдің ерекшеліктеріне, материалдың және онымен жұмыс істеу тәсілдерінің өзгешеліктеріне қарай нақтыланады.
1. Бейнелеу және құрастыру әрекетінің бір түрі - сурет салу.
Сурет салу балалардың өздерінің шығармашылық белсенділігін көрсету үшін үлкен мүмкіндік беретін сүйікті сабақтарының бірі.
Суреттердің тақырыбы алуан түрлі болуы мүмкін. Балалар өздерінің қызықтырған нәрселердің бәрін салады: жекелеген заттарды және айналадағы өмірден алынған көріністерді, әдеби кейіпкерлер мен декоративті ою-өрнектерді және т.б.
Сурет салудың әсерлі құралдарын пайдалану олардың қолынан келеді. Мысалы, нақты затпен ұқсастықты беру үшін сурет салушының бейнеленуші объектіге қатынасын білдіру үшін және декоративті планда түс пайдаланылады. Композиция тәсілдерін пайдалана отырып, балалар сюжетті жұмыстарда өз ойларын толығырақ әрі байырақ бейнелей бастайды.
Алайда сурет салуды жете түсініп, оның тәсілдерін техникалық жағынан меңгеру кішкентай бала үшін айтарлықтай күрделі, сондықтан тәрбиеші жұмыстардың тақырыбына баса назар аударуға тиіс.
Балабақшада негізінен алуан түрлі бейнелеу мүмкіндіктері бар түрлі-түсті қарындаштар, акварель және гуашь бояулары пайдаланылады.
Қарындашпен сызықтық форма жасалады. Оның өзінде бір бөліктен кейін екінші бөлік біртіндеп салынып, алуан детальдар қосылады. Содан кейін сызықтық бейнелер боялады. Сурет жасаудың мұндай бірізділігі баланың аналитикалық ойлау қызметін жеңілдетеді.
Бір бөліктің суретін салып алған кейін, ол онан әрі қандай бөлікті жасау керектігін еске алады немесе натурадан көреді. Оның үстіне, сызықтық нұсқалар бөліктердің шекарасын анық көрсете отырып, суретті бояуға көмектеседі.
Бояулармен сурет салғанда форма бояу дақтары арқылы жасалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда бояулардың түс пен форманы сезінуді дамыту үшін үлкен маңызы бар. Бояулармен айналадағы өмірдің алуан түрлі бай түстерін беру оңай: ашық аспан, күннің батуы мен шығуы, көк теңіз және т.б. Бұл тақырыптарды қарындаштармен орындағанда көп еңбек, жақсы дамыған техникалық дағдыларды талап етеді.
Балабақшаның бағдарламасымен әрбір жас тобы үшін грфикалық материалдардың түрлері белгіленген. Ересек және мектепке даярлық топтары үшін қосымша көмір қарындашын, түрлі-түсті борларды, пастельді, сангинаны пайдалану ұсынылады. Бұл материалдар балалардың бейнелеу мүмкіндігін кеңейтеді. Көмір мен сангинамен жұмыс жасаған кезде сурет бір түсті болып шығады, мұның өзі заттың формасына және фактурасын бере білуіне барлық назарды жұмылдыруға мүмкіндік береді: түрлі-түсті борлар көлемді беттер мен ірі формаларды бояу жеңілдетеді; пастель түстің алуан түрлі реңкін беруге мүмкіндік жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |