Австрияның «Вег унд циль» журналы «....» романын қазақ халқының тарихына байланысты кең алып бағалайды. «Біздің көз алдымызда Бас ақынның өмір тарихы тар кемерінен тасып шыққан жеңімпаз, өрен өзен сықылды, сол кездегі көшпелі қазақ халқының тарихына астасып кеткен. Жазушы үлкен суреткерге тән нәзіктілікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді»,-деп жазды.
Шетел оқушылары мен сыншыларының пікірлерін көрсететін түйінді ой Лейпциг қаласында шығатын «Дер библиотекарь» журналында жарияланды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен: «Жазушының «...» еңбегінде өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі, сол кездің әдет-ғұрып тұрмысы, сол күйінде, әр қырынан, өз сатысымен тамаша бейнеленеді. Бұл кітаптың аты немісше «Таң алдында» деп аталады. Бұл ат болашақ зор даңқы шығатын жаңа ақынның дүниеге келуімен бітпейді. Ол сонымен бірге ғасырлар бойы артта қалған бүтін бір халықтың енді-енді қалыптасып келе жатқанын, оның тарихында тұңғыш рет еркін болашаққа қадам басқанын көрсетеді»,- деп жазды.
Берілген пікірлерде қандай жазушы туралы ақпарат берілгендігін анықтаңыз.
Жазушыны әлемге танытқан еңбектің атауын жазыңыз.
«Жазушы үлкен суреткерге тән нәзіктілікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді»- деген пікірді түсіндіріңіз.