106.Д.А.Қонаевтың Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы ретіндегі қызметі. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақ Өлкелік комсомол комитеті оны Мəскеудің түсті металдар мен алтын институтына оқуға жібереді. 1936 жылы Мəскеудегі түсті металдар мен алтын институтын тəмамдап, тау-кен инженері деген мамандық алады. Институтты аяқтай сала арнайы жолдамамен келіп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері жəне оның директоры болып істейді.Қоңырат кенішінде Д.А.Қонаев өз маңына адамдарды топтастыра біліп, олардың күш-жігер, қайраттарын арттырып, жұмысқа шыңдала кірісулеріне ықпал жасады. Сол кездегі жағдай адам төзгісіз еді: жазда — қайнаған қапырық болса, ал қыста — қақаған аязды борандар адамның үрейін алатын, азық-түлікпен қамтамасыз ету жағы да дұрыс жолға қойылмаған еді. Бітпейтін алысқа созылған ұшы-қиырсыз кең дала, жақын маңайдағы — 500 шақырым жердегі тұрғылықты жерге дейін салынған жол да жоқ. Тек ұшақпен ғана жете аласың. Ал 30-жылдардың басында қанша ұшақ болды дейсіз? Соған қарамастан, еңбекшілердің қажырлы күш-қайратының нəтижесінде Қоңырат кеніші мен Балқаштағы мыс қорыту комбинатын тұрғызуға қатысты ұйымдастыру жұмыстары, белгіленген жоспардан асып, 150–200 пайызға орындалды. КСРО Жоғары Кеңесінің 1939 жылғы 26 наурыздағы Жарлығымен Д.А.Қонаев «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Бұл оның тұңғыш наградасы еді.Қазақстан Компартиясының басшысы Н.А.Скворцов 1939 жылы 9 қарашасында Д.А.Қонаевты Риддер кенішіне директорлыққа тағайындайды. Риддерге Д.А.Қонаев келген кезге дейін пайдалы руда қазбасын табу жоспары орындалмады, жердің бетін жоғары жақтан көлденеңінен қопару жұмыстары аяқталып, тұрақты жұмысқа кірісу ісі арманға айналғандай еді.Оның алдында тұрған негізгі міндет құрылып жатқан пайдалы қазбалармен қамтамасыз ететін фабриканы іске қосу жұмыстарын дайындау жəне осы кен ошағын пайдалы рудаларға толтыру керек болды. Ал пайдалы қазбалар өте аз табылатын. Риддердің жұмысын тоқтатып, оны жабудың сəті келгендей-ақ еді. Бұл кезең 1940 жылдарға тұспа-тұс келді. Еуропа мемлекеттері соғыс құшағына оранғандықтан, еліміз де қан майданға əзірленіп жатты. Тура осы жағдайда мыс, құрыш, қалайы немесе басқа түсті металдардың қаншалықты қажеттілік пен сұраныс тудырғандығын айтпаса да болады. Д.А.Қонаев осы өлкедегі жұмысы тоқтауға жақын қалған кен ошағына 1939 жылдың қараша айында келді.