90.Қазақстан тоталитарлық жүйенің нығаюы. Ф. И. Голощекиннің кіші қазан саясаты



бет1/21
Дата26.12.2023
өлшемі74,92 Kb.
#143989
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

90.Қазақстан тоталитарлық жүйенің нығаюы.Ф.И.Голощекиннің КІШІ ҚАЗАН саясаты.Қазақстанда тоталитарлық жүйенің нығаюы 1925 жылдың күзінде өлкелік партия ұйымының басшысы болып сайланған Ф.И.Голощекиннің есімімен байланысты еді. Кәсіпқой революционер, патша отбасының атылуын ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келіп түскен бойда, бірден «қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жоқ» екенін, «ауылда Кіші Қазан» өткізу керектігін мәлімдеді. Негізгі міндет ретінде әлеуметтік саралауды жою арқылы дәстүрлі қауымдастықты бұзу жарияланды. Қазақтарды жаппай отырықшы ету келесі маңызды қадам болуға тиіс еді. Бұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистер тарапынан наразылық туғызуы мүмкін екенін айқын түсіне отырып, Голощекин ең алдымен өзінің көзқарасын бөліспеген партия көшбасшыларымен күресуді қолға алды. Көп ұзамай-ақ, 1926 жылы С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «ұлтшылдыққа бет бұрған» деп айыпталды. С.Сейфуллин, М.Мырзағалиев, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев және басқалары қуғындалды. Олардың көпшілігі республикадан шеттетілді. Ж.Сұлтанов, С.Сәдуақасов және Ж.Мыңбаев қызметтерінен қуылды.XX ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылда-рында тоталитарлық режим қоғамдық-саяси өмірдің барлық дерлік салаларында нық орнады. Қазақстанда ол күштеп ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңінің қайғылы оқиғаларымен қатар жүргізіліп, ерекше апатты сипат алды.Ауқатты шаруашылықтардың жеке меншігін күшпен тартып алып, кедейлер мен орта шаруаларға беру барлық дерлік қазақ ауылдарында қарқынды орын алды. Сол Декретке сәйкес, 700-ге жуық шаруашылық тәркілеуге жатқызылды. Бұл жерде де Ф.И.Голощекиннің белсенді қызметін айтуға болады. «Кіші Қазан» идеясы да соның атымен тығыз байланысты еді.
91.Ауыл шаруашылығындағы күштеп ұжымдастыру саясаты.Ашаршылық салдары.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру — КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы.Ұсақ тауарлы шаруашылықтарды кооперациялау идеясын ғыл. коммунизмнің негізін қалаушылар Карл Маркс, Ф.Энгельс ұсынған болатын. Қазан төңкерісінен (1917) кейін құрылған Кеңес империясының экономикалық даму жолын таңдау мәселесінде үкімет пен партия басшылары екі топқа бөлінді. Олардың алғашқысы — Бухарин тобы (Н.И. Бухарин, А.Н. Рыков, М.П. Томский) экономикалық жүйеде әлі де көп жылдар нарықтық қатынас түрі шешуші тетік болып қала береді деп санады. Екінші топты нағыз сталиншілдер: В.В. Куйбышев, В.М. Молотов, А.А. Андреев, Л.М. Каганович, С.М. Киров, А.И. Микоян, Г.К. Орджоникидзе және т.б., бел алып келе жатқан тоталитарлық тәртіп басшылары құрады. Бұлар берік сенімге және күштеуге сүйену жолымен күрделі экономикалық мәселелерді партиялық-мемлекеттік жүйе шеше алады деген көзқарасты ұстанды және “жарқын болашаққа” жету үшін едәуір құрбандықтардың болуын орынды санады. 1928 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауыл шаруашылығы коммунасы, 1215-і ауыл шаруашылығы артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктері еді. 1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық 1-съезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытын өмірге енгізуге жол ашып, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жекеменшіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды. Қазақ өлкелік партия к-тінің 1-хатшысы Голощекин жаппай ұжымдастыруда да Қазақстанға тән ерекшеліктерді ескермеді. Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың 80 процентке жуығы (4236 мың адамды біріктіретін 706 мың жеке, ұсақ шаруашылық) Қазақстанда болатын. Ұжымдастыру үшін оларды алдымен жерге орналастыру және жаппай отырықшыландыру керек еді. Бұл екі күрделі процесс (отырықшыландыру мен ұжымдастыру) шұғыл түрде қатар жүргізілді. 1930 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында ғана ұжымдастырылған шаруа шаруашылықтарының саны бұрынғыдан екі есе асып кетті. Қазақстан басшылығы отырықшыландыру процесін ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі мал ш-на, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы қойды. Жаппай ұжымдастыру кезінде байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты да жағдайды одан әрі ауырлата түсті (Кулак кәмпеске). Осындай қатал шаралар және ет, астық дайындау науқандарындағы асыра сілтеушілік, қазақтарды дәстүрлі даму жолынан күшпен тайдыру әрекеті халықтың жаппай қарулы наразылықтарын туғызды. Ресми мәліметтер бойынша 1929 - 1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болды. Тоталитарлық жүйе бұл көтерілістерді аяусыз, әскер күшімен басты (Ауыл шаруашылығын коллективтендіруге қарсы шаруалар қозғалысы).Күштеп ұжымдастырудың және жоспарлы түрде жаппай отырықшыландырудың зардаптары өте ауыр болды. 1929 - 1933 жылдары аралығында Қазақстандағы мал басының саны 16 есе азайды. Мұның соңы қазақ халқының ашаршылыққа және жаппай босқыншылыққа ұшырауына ұрындырды(Ашаршылық, Босқыншылық)1930-1933 жылдардағы болған Қазақстандағы ашаршылық (кейде жай Ашаршылық) — Қазақ АКСР жеріндегі ашаршылық. Ол кезде Қазақстанда шамамен 1.5 миллион адам қайтыс болып, олардың 1.3 миллионы қазақтар болған. Ашаршылық кесірінен қазақтар саны 38-42%-ға кеміген, 1930 жылдардағы Кеңес одақта болған ашаршылықтардың ең үлкен пайызы. Басқа деректер бойынша ашаршылықта 2-2.3 миллион адам қайтыс болған.Ашаршылық кесірінен қазақтардың бөлігі басқа елдерге, әсіресе Қытайға, Ауғанстанға және Түркияға қаша бастады.Ашаршылықтың басты себебі - ұжымдастыру деп саналады. Кейбір тарихшылар бұл оқиғаны геноцид деп санайды.Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1млн қырылды.
92.Сталиндік қуғын-сүргін, оның ауқымы және ауыр зардаптары.
1930 жылдары Кеңес Одағында социалистік қатынастар қалыптасып, сталиндік тоталитарлық жүйе толық орнықты.1928 жылы Кеңес үкіметінің басшылығына келген И. Сталин 1929 жылды «ұлы бетбұрыс» жылы деп атады. Халықтың есінде ешбір жазықсыз миллиондаған адамның өмірін әкеткен сталинизмнің «ұлы бетбұрыс» кезеңі мәңгі қалды.БК(б)П ОК-нің 1923 жылғы маусымда өткен мәжілісінен кейін ұлттық идеялардың көріністерін қатаң қуғындау басталды. Ұлт зиялыларының өкілдері ұлтшыл басмашылармен байланыс және Кеңес үкіметін құлатуға ұмтылғандары үшін айыпталды, қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылы басшылық қызметтегі «Алаш» партиясының бұрынғы мүшелері орындарынан қуылып, ал 1924 жылы бірқатар қазақ коммунисі республикадан Орталыққа шақыртылып алынды. Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы қоғамдық-саяси жағдайдың күрделілігі В.И. Лениннің ізбасарлары И. Сталин мен Л. Троцкий және басқалардың арасындағы билік, көсемдік үшін тайталаспен ерекшеленді.Аштық пен жаппай қуғын-сүргін, тоталитарлық режимнің жазықсыз адамдарды қуғындауы мен күштеп жер аударуы осы жылдардағы басты оқиғалар болды.Қазақстанда халыққа қысым жасау саясаты, әсіресе, 1925 жылы қыргүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына Ф.И. Голощекиннің келуімен күшейді. 20 жылдардың соңында ел ішінде адамдардың бір-біріне деген жаппай сенімсіздігі, қорқыныш пен қорғансыздық күйі белең алды.1928 жылдың соңында «буржуазияшыл ұлтшылдар» атанған «Алашорданың» бұрынғы қайраткерлерінің бәрі тұтқындалды. «Алаш» партиясының өкілдерін қудалау мақсатында кез келген айла-шарғы пайдаланылды. Баспасөзде олардың атын қаралайтын мақалалар жарияланып, тікелей арандату әрекеттері жасалды, олардың отбасы мүшелері, жақындары тұтқындалды.Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады.Ұлт зиялыларының екінші тобы 1930 жылдың қыргүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Ресейге жер аударылды. Бұл кезеңде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділевтер атылып, қалғандары әртүрлі мерзімге түрмеге жабылды. Олардың кейбіреулері (М. Дулатов т.б.) лагерьлерде қайтыс болды, қалғандары (А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев т.б.) жазасын өтегенімен «Алашорданың» қызметіне араласқаны үшін қайта айыпталып, 1937-1938 жылдары атылды.1937 жылы БК(б)П ОК-нің, И.В. Сталин мен оның айналасындағылардың «халық жаулары мен олардың құйыршықтарын түп-тамырымен жоюдың» қажеттігі жөніндегі нұсқауы барлық жерде қолдау тапты.1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жауы» немесе «халық жауының сыбайластары» және т. б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді.«Халық жауларының» көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л. Мирзоян, Ү. Құлымбетов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов. О. Жандосов, Т. Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды.1920-1950 жылдардағы заңсыз қуғын-сүргіннің бір көрінісі – мемлекет және оның қызмет иелері мен органдарының қарапайым адам құқықтарын жаппай өрескел бұзып, аяққа таптауы болды. Бұл заңбұзушылық қуғын-сүргін саясатын жүзеге асыру барысында бұқаралық сипат алып, оған заңдық негіз бен жариялылық түр берген Кеңес заңдарының нормалары нұсқаулармен бүркемеленді.Бұл кезең қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығымен сипатталады. Мысалы, 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің ерекше бөлімінің I тарауында көрсетілген контрреволюциялық қылмыстардың 17-сінің 12-іне ең жоғарғы жаза – ату жазасын қолдану қарастырылды. Азаматтарды «халық жауы» деп жариялап, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары да кеңінен қолданылды. Тоталитарлық тәртіп адамдардың өздеріне тағылған айыптауларды әділ, жан-жақты талқылайтын соттың болуын талап ету сияқты ажырамас құқығын да теріске шығарды.Қазақстандықтарға көбінесе жапон, кейде герман тыңшылары деген айып тағылып, айыптаушылар мен сотталғандардың «мойындауы» ешқандай дәлелдеусіз жүзеге асырылды. Көршілердің, қызметтестердің, тіпті таныстар мен туыстардың берген жалған мәліметтеріне негізделген, «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыптау да кең таралды.Қазақстанда, сондай-ақ азаматтарды ұлтшылдық және ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес Одағының құрамынан бөліп алуға тырысты деген айыптау да кең қолданылды. Көптеген адам террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуіне қарсы экономикалық контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырғаны үшін деп негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады. БК(б)П-ның Алматы обкомы мен Халық комиссариатының бұрынғы хатшысы Ж. Садуақасовқа, жазушы С. Сейфуллинге, ағарту халық комиссары Т. Жүргеновке 1937 жылы көп айыптың бірі ретінде «Ырғызда, Қарақұмда, Сарысуда және басқа да аймақтарда болған көтерілістерді ұйымдастырған» деген айып тағылды. Жазушы С. Сейфуллинге «Жапонияның протектораттығындағы Қазақ буржуазиялық мемлекетін құрмақ болған» деген ақылға сыймайтын айып тағылды. С. Сейфуллиннің әйелі, Т. Рысқұловтың әйелі мен қызы, Т. Жүргеновтің әйелі, С. Қожановтың әйелі және т.б. көптеген қазақ, орыс және өзге ұлт қайраткерлерінің әйелдері, балалары жазықсыз азап шекті.«Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдары жұмысының көлемін ұлғайтты. БК(б)П ОК-нің саяси бюросының бастамасымен республикалық және жергілікті партия, кеңес органдарының, НКВД өтініштерінің негізінде жекелеген аймақтардағы қуғын-сүргінге ұшырауға тиісті адамдардың шектеулі тізімін бекітті.Большевиктік режим осылайша қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет