99.Соғыс тұтқындарының тағдыры.«Түркістан легионнының»тарихы. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес армиясы қатарында соғысқа қатысып, неміс фашистеріне тұтқынға түскен түркі текті әскерлер адамзат тарихының ең ауыр қасіреттерінің бірін бастан өткерді. Бірақ өкінішке орай олар Кеңестік кезеңде орынсыз күйе жағылып, “сатқын” ретінде көрсетілді. Шындығында олар елдерінің тәуелсіздігі үшін күрескен және көбісі осы жолда құрбан болған қаһармандар еді. Бұл шындық Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жасалған зерттеулермен айдай анық ортаға шығып келеді.Легиондарының құрылу тарихы Нацистік үкіметтің Шығыс Министрі Альферд Розенбергтің есімімен тығыз байланысты. Немістер ІІ дүниежүзілік соғыстың бас кезінде күтпегендей аса көп, атап айтқанда миллиондаған Кеңес әскерін тұтқынға түсіреді. Екіншіден немістер Сталиннің қылышынан қам тамған озбыр саясатына Кеңестік азаматтардың, әсіресе орыс емес халықтардың өкілдерінің наразы екенін білетін. Сондықтан Розенберг осы тұтқынға түскен қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік сынды әскерлерден “Түркістан легионы” атты ерікті армия тобын жасақтауды ойлап, Нацистік жоғары басшылыққа ұсынады. Бастапқыда басшылық оны қабылдағысы келмейді. Ақырында Розенбергтің қадағалауы нәтижесінде қабылданады.Нацистік тұтқын лагерьлеріндегі әскерлердің жағдайы тым аянышты еді. Аштықтан, суықтан, аурулардан күніне жүздеген, мыңдаған адам өліп жатты. Лагерьдегі жағдай күннен-күнге нашарлап бара жатты. Кейде тұтқындарға бір апта бойы жейтін тамақ берілмеген кездері де болды. Міне осындай жағдайда лагерьлердегі тұтқындарға легиондарға қатысу туралы ұсыныс жасалды. Қатысқандарға ыстық тағам, жылы киім, тіпті жалақы және 15 күнде қалаға шығып қыдыру мүмкіншіліктері берілмек еді. Сонымен қатар оларға неміс армиясында соғысып, отандарын Кеңестік империяның қызыл шенгелінен азат ететіндіктері айтылды. Бірақ бұл соңғысы өтірік еді. Соғыстан кейін неміс сырты істер министрлігінің архивінен шыққан құжаттар нацистердің Түркістанға тәуелсіздік бермейтіні, тіпті Большевиктерден да жабайы түрде қанайтыны анықталды.Ол кезде мұны білмеген тұтқындардың көпшілік бөлігі сеніп, қалған бөлігі сенбесе де лагерьде өліп кеткенше, тірі қалудың амалын ойлап легионға қатысуға келісім берді. Тұтқындар арнайы жаттығулардан өткізіліп неміс армиясының құрамында соғысқа дайындалды. Бір қатары соғысқа да қатысты. Жанкешті ерліктер көрсетті. Немістерге сенбеген бір қатары армиядан қашып кетті.Ақырында соғыс аяқталды. Әлем тыныштық тапты. Бірақ легионға қатысқандардың азабы тағы да біткен жоқ. Олар енді өздеріне соғыс тұтқыны емес, сатқын ретінде қараған Сталиннің құрығына іленбеу үшін шетелдерде қалай да болса қалып қалудың жолын шарқ ұрып қарастырды. Өйткені елге оралғандар ату жазасына кесілді, итжеккенге айдалды. Халықаралық келісімдерге сай АҚШ және бүкіл Еуропа елдері оларды ұстаған жерінде Кеңес Одағына қайтарып отырды. Осы құрыққа іленбеу үшін олардың тартқан азабы адам айтқысыз. Міне біз бүкіл осы жағдайларды “Түркістан Легионының ақиқаты” атты еңбегімізде ортаға салғандай болған едік.Енді Түркістан легионында қанша адам болғаны туралы жалпы санына келер болсақ, зерттеуші Александр Даллин немістердің ресми жазбалары бойынша соғыс кезінде кеңес армиясынан тұтқынға алынғандардың жалпы саны 5 162 000 болғанын айтады. Бұл тұтқындардың басым бөлігін орыс емес ұлт өкілдері құраған. Олардан 1 981 000 адам тұтқын лагерлерінің ауыр шарттарында көз жұмған. Тұтқындарды белгіленген жерлерге жөнелту кездерінде өлгендер мен жоғалып кетті деп тіркелгендерді есепке алғанда, бұл сан үш миллионан асады. Тірі қалғандардан 800 мыңдай әскер «Тұтқындардан жасақталған легиондар» жобасы үшін қолданылған. Карелия тұтқын лагерьлерінде үш миллион тұтқынның қаза тапқанын, тұтқындардың көпшілігінің орыс ұлтының өкілі болмағанын ескерсек, кем дегенде бір миллиондай түркі текті әскердің лагерьлерде өлім құшқанын болжап, жорамалдауға болады.Түркі текті әскери бөлімдерге жауапты болған генерал Хайгендорф та бір сөзінде тұтқын лагерлерінде бір миллионнан аса түркі текті әскердің көз жұмғанын айтады. Бұған тұтқын лагерлерінен аман шыққан және немістер жасақтаған легиондарға алынған әскерлерді де қосуымыз керек. Бұл мәселеде әр түрлі сандар айтылады. Жоғарыда да айтылып өткендей Даллин мұны 800 мың, Түрік легиондары мен неміс бас қолбасшылығы арасындағы байланыс істерінде жұмыс істеген Ертүрік 900 мың, ал Түркістан Ұлттық Комитетінде жұмыс істеген Икрам Хан болса, бір миллионнан асады деп көрсетеді.Қорыта айтқанда, ІІ дүниежүзілік соғысқа Кеңес армиясы қатарында қатысқан екі миллион түркі текті әскер болған. Бұлардың басым көпшілігі неміс тұтқын лагерьлерінде ауыр жағдайларды бастан өткеріп, жарымы көз жұмған. Тірі қалғандары өлмеудің қамын ойлап, легиондарға қатысқан. Олар Сталин айтқандай сатқын емес, әрбірі ұлт қаһарманы. Өйткені олар бір бөлігі Кеңес Одағына қарсы соғысса да, отандарына сатқындық жасаған жоқ, тіпті отандарын тәуелсіздікке жеткізем деп ойлады. Өкінішке орай Кеңестік идеология оларды туған халқына құбыжық ретінде көрсетіп “сатқын” ретінде танытты. Осындай жалаға ұшырағандардың бірі қазақтың бір туар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай.Құдайға шүкір, қазір қазақ тарихы ғылымында үлкен жетістіктер баршылық. Мұстафа Шоқайдың қыр-сырын, тарихтың басқа да қатпарларын әлдеқашан ашып болды. Бүгін қазақ тарихшылары Шоқайдың нацистермен, яғни фашисттермен ешқашан бірге істемегенін архив құжаттарымен дәлелдеп отыр. Өйткені Шоқайдың нацистерге қарсы екені жайында жүздеген дерек табылып жатса, оның олармен бірге істескені туралы бір де бір дерек жоқ. Тіпті Мұстафа Шоқай Шығыс Министрі Альфред Розенбергтің 1941 жылы желтоқсан айының ортасында өзіне жасаған Түркістан легионына қолбасшылық ұсынысын қабылдамады. Сол жылы 27 желтоқсан күні Париждегі үйіне қайтар жолда Берлинде беймәлім жағдайда көз жұмды. Яғни фашисттермен бірге істемегені үшін өмірден озды. Қабылдағанда кім білсін, біраз уақыт тағы өмір сүрер ме еді?Ал Түркістан легионы болса Шоқай дүние салғаннан бес айдан кейін, атап айтқанда 1942 жылы сәуір айында құрылды. Оған қолбашсы ретінде Уәли Қаюм Хан тағайындалды. Демек Шоқайдың легионға еш қатысы жоқ. Ал Кеңестік жалған үгіт-насихат болса қазақтың адал да қаһарман азаматына “фашисттермен бірге істескен сатқын” деген жала жапты. Бұл Шоқайдың ерлігіне үлкен қыянат болып табылады.Сонымен қорыта айтар болсақ, Түркістан легионындағылар сатқын емес. Олар өмірде қалу үшін мәжбүрліктен оған қатысқан және бір сыпырасы елін Кеңестік езгіден құтқарып, тәуелсіздікке жеткізу жөніндегі немістің жалған насихатына сеніп, ұлт жолында жанын берген қаһармандар.