АЛҒЫ СӨЗ
Оқулықта микроорганизмдердің клетка құрылымы мен ондағы болып жататын
метаболиттік реакцияларға негізделген иллюстрациялық материалдар берілген.
Бұл оқулықты жасау әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология факультетінің қазақ
және орыс тілдерінде биология және биотехнология бойынша маманданушы студенттерге
«Микроорганизмдер метаболизмі» пәнінен 25 жылдық дәріс оқу тәжірибесі түрткі болды.
Қазіргі таңда ағылшын тілін игеру маңызды болғандықтан, біз материалдарымызды
ағылшын тілінде де көрсетуді жөн көрдік.
Оқулықта микроб клеткасының құрылымы, олардың алуантүрлігі, қоректену типтерін
білдіретін суреттер мен сызбалар көрсетілген. Прокариоттардың метаболизм ерекшеліктері,
негізінен қоректену, ашу, анаэробты тыныс алу, оттексіз фотосинтез, хемолитотрофия және
т.б. тек прокариот клеткаларында болып жататын процестерге баса назар аударылған.
Қазіргі таңда жаратылыстану ғылымы бағытында жұмыс істейтін ғалымдардың
назары полимерлердің көптеген түрлері жататын, мөлшері 100 нм аспайтын
нанобөлшектердің құрылымы, функциональды байланыстары, электронды, физикалық,
химиялық және басқа да қасиеттерін зерттейтін ғылымның жаңа пәнаралық бағыты –
наноғылымға бағытталғандықтан, біз оқулықта наноғылымның жаңа, фантастикалық,
технологиялық бағыты – нанобиотехнологияға қысқаша шолу жасауды жөн санадық. Оның
міндеттеріне гендік инженерия әдістерімен қажетті қасиеттерге ие тірі материяның жаңа
түрлерін жасау, жекеленген молекулалар мен клеткалардың түрлерін, мысалы, ДНҚ,
бактериялар, вирустар және т.б. табуға қабілетті микроскопиялық датчик-биочиптерді құру,
дәрілік заттардың жаңа түрлері мен оларды жеткізу құралдары жасау, т.б. кіреді.
Бұл оқулық «Микроорганизмдер метаболизмі» курсын оқу кезінде және бақылау
тапсырмаларын орындау мен микроб клеткаларының метаболиттік мүмкіншіліктеріне
негізделген биотехнологиялық өндірістер мен биопрепараттарды жасу кезінде микроб
клеткаларындағы биохимиялық процестердің ерекшеліктеріне танысу барысында өз үлесін
қосатындығына сенеміз, ал нанобиотехнология әлеміне саяхат студенттерді қызықтырады
және заманауи пәнаралық ғылым – нанобиотехнологиямен танысуға мүмкіншілік тудырады.
Алайда, оқулықта көптеген сұрақтар, мысалы, антибиотиктер синтезі және олардың
микроб клеткаларымен байланысы, пробиотикалық микроорганизмдердің ерекшеліктері
және т.б. қарастырылмаған.
Бұл жаңа оқулық болғандықтан, арине, кемшіліктер де жоқ емес. Біз сіздердің әрбір
ескертпелер мен тілек-ұсыныстарыңызды қабыл аламыз және келесі жаңа оқулықты жасауда
ескереміз.
Достарыңызбен бөлісу: