A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Қазақтың көне эпостарындағы хикаялық мифонимдердің поэтикасы



бет28/45
Дата12.10.2022
өлшемі1,03 Mb.
#42556
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

2.2 Қазақтың көне эпостарындағы хикаялық мифонимдердің поэтикасы. Мифтік символиканың, мифологиялық сананың, мифопоэтикалық ойлау жүйесінің көркемдік дәрежеде сақталып жетуін біз халық ауыз әдебиетінің небір маржан үлгілерінен анық көреміз. Қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихында мифтік белгі-бейнелеулердің бастауы эпостарда орын алғандығы да олардың соны бір ерекшелігі болып табылады.
Халық мәдениеті, халық танымы барда оны сақтаушы, жеткізуші, қолданушы бар. Мифтік түсініктер, ұғымдар – халық санасында жатталып, қажетті қайнар бұлақты болашаққа тасып жеткізуші құрал. Миф – қиялдан туған, ойдан шығара салынған дүние емес, халықтың дүние, әлем, өзі турасындағы шындықтың айнасы. Осы орайда ұлттық белгі-бейнелеулердің қатарында мифонимдер де бар. Яғни мифтік сюжетке қатыса отырып, сол арнаға кірігіп кетіп, бір кеңістік шеңберінде жүретін қазақ «сайтаннамасы» немесе хикаялық-мифтік кейіпкерлер. Осы ретте мына бір мәселелерді айта кеткен жөн. Мифтік санадағы мақұлықтар, құбыжықтар қиял тудырған образдар, қорқыныш пен үрей, ғажайып пен таңғалыс үйдіретін бейнелер хикаялық мифологияның негізгі мазмұнын құрайтын ұғымдар мен бірліктер. Қазақ фольклористика ғылымына «хикая» жанрын енгізуші ғалым С.Қасқабасов оған мынадай анықтама береді: «Хикая дегеніміз – ел өмірде бар деп сенген неше түрлі жезтырнақ, үббе, албасты, күлдіргіш, жалғыз көзді дәу, шайтан, пері, дию сияқты нәрселер туралы діни-нанымға негізделген әңгімелер» [5, 95-96 бб.]. Біз осы концепцияны негізге ала отырып, хикаялық жанрдың ерекшелігі мен құрылымдық мазмұнына, хикаяның танымдық, сендіруді мақсат етіп қоятын ерекшеліктеріне тән негізгі кейіпкерлерін шартты ұғымда хикаялық мифонимдер деп атауды жөн көрдік. Өйткені бұл жанр шындыққа бағыттала отырып, халықтың арман-қиялынан туындайтын мифтік кейіпкердің бейнесіне жинақталады. Хикаялық мифонимдердің басты ерекшелігі – халық арасына кеңінен тарап, айрықша жадыда жатталып, еске ұсталуында. Міне, осы мифонимдер қазақтың халық прозасына арқау болып, желі болып жалғасып, белгілі бір идеялық-эстетикалық бүтіндікке ие болады. Халық әдебиетінің шоқтығы биік саласының бірі – эпостық туындылар. Осыған сәйкес батырлық жырларда да халық танымындағы ұғымдар, мифтік сюжеттер, мифонимдердің жалғастық табатыны бесенеден белгілі.
Мифология ұзақ уақыт бойы халық танымы мен аңыз-әпсана, хикаяларын жеткізуші, дамытушы басты құрал десек, хикаялық мифонимдер қоғамның алғашқы сатылық даму кезеңінде, яғни барлық таным мен мәдениеттің басында тұрды. Осы ретте ғалым Е.Жұбановтың мына пікірін келтіріп кеткен жөн: «Миф тудырған образдар эпос геройларынан анағұрлым бұрын пайда болды. Оған қиял-ғажайып ертегілеріндегі «мерген», «ер», «батыр» т.б. кейіпкерлердің берідегі эпоста, батырлар жырларында аты аталатын образдардан әрірек замандарда туғаны, тарихтан бұрынғы дәуірлер тумалары, алыс заман айғақтары екені дәлел бола алады» [6, 89-90 бб.]. Заман өте келе, адамның санасы жетіліп, дүниені танып-білуі жетілгеннен кейін де бұл образдар халық санасында жоғалған. Керісінше, одан әрі үздіксіз дамып, халық арасында кеңінен пайдаланылды. Көркем шығармалардың барлығында дерлік мифологияның, құрығанда, бір ұшқыншағы көрінеді, яғни поэтикалық шеңбері түрліше дамып, көрініс табады.
Қазақ эпосында мифологиялық дүние, ғажайып әлем, балаң көңіл, арман-қиял мүлдем кездеспейді. Анау бір кездердегі мифологияның сипаты өзгешеленіп, өңделіп, тек жалт еткен бір сәулесі түседі немесе кейбір сюжеттер, этюдтердің сарқыншағы беріледі. Енді тақырыпқа оралып, талдау жасасақ, эпостық, ертегілік сарынға тән бір балаға зар болу, оны аруақтардан жалбарынып тілеу сюжеттері шамандықтың сарқыншағы. «Адам өлгеннен кейін аруаққа, тәнсіз рухқа, Құдайдың қызметшісіне, оның өмірін орындаушыға, жердегі тірлігіндегі өзімен туыстас ру мен тайпаның желеп-жебеушісіне айналады. ...Аруақтар аспанңа жақынырақ биік тауларды, Хан Тәңірінің шыңын мекендейді. Елдің айтуынша, олар ақбоз атқа салт мініп, алтынмен апталған ақ киім киіп, қалаулы адамдарына ғана көрінеді екен» [7, 177-б.]. Осы ретте «Қобыланды батыр» жырында әкесі бір перзентке зар болып, қаңғырып, бір моланың басына келеді. Қыдырбай жата кеткен кезде, қасына бір адам келіп:
Аршыланың мен деді,
Сіздің үшін тілеуге
Аллаға бардым мен деді.
Алла берді тілегін,
Ұл менен қыз туады,
Үйге барсаң қатының,
Ноғайлы атын қояды,
Енді елге хан болдың,
Тілегің қабыл жан болдың [8,1-б.], - деген жолдарда оның аруағы қолдап, желеп-жебегенін көреміз. Ал аруақ, біз жоғарыда айтып кеткендей, ақ киімді кісі ғана болмайды, әр түрлі кейіпте келеді. Мәселен, «Шора батыр» жырында Шора жанындағы Құлыншаққа аруағы бар екенін, ол келгенде, қолыңды сермеп, қолыңа қару алып ұмтылма дейді. «Сол уақытта күншығыстан бір айдаһар жылан ысқырып қоя береді. Құлыншақ тек отыра береді. Сонда Құлыншақ беліндегі алмасты суырып алып жыланды шабайын дегенде, жылан жоқ болып кетеді. Енді артына айналып қараса, Шора да жоқ, сонда жер ойылып, Шораны жер жұтып кеткен екен» [9, 368-369 бб.]. Сонда айдаһар – жылан болып келген Шораның аруағы. Қазақ және басқа түркі тілінде, ертегілері мен мифтерінде қолданылатын «айдаһар», «аждаһа» сөздері оларға парсы тілінен келген. ... Ирандық отқа табынушылар (зороастризм) кітабы – «Авеста» Ажи-Дахака деген мифтік кейіпкердің атын сақтаған. Ал ол үндіевропа мифологиясында жалғыз емес. Оның Ахи-Будхнья деген үндіарийлық, Эхидна деген грек-эллиндік параллелі бар» [10, 290-б.]. Аңшыбай батырдың ұрпақтарына тән қасиет – олардың аруағы, пірі – айдаһар. «Парпария» жырында да Парпарияның жауға аттанарда пірлерге сыйынып, сол кезде:
Батырды ашу кернеді,
Кәміл пірі жар болып,
Баба түкті пірлері
Айдаһар болып көрінді.
Соны көріп жаулары
Ысырылды, шегінді [9, 57-б.], - деген жолдардан көріп отырғанымыздай, аруақ айдаһар кейпінде келіп, батырды жігерлендіріп, қуаттандырып, «көңілін судай тасытады», айбынды, қаһарлы кейпімен жаудың үрейін ұшырып, қатты састырады.
Жалмауыз көбіне кемпір кейпінде көрінеді. Атынан байқап тұрғанымыздай, «жалмау», «жою», «асау» сөздерімен төркіндес. Оны мыстан кемпір деп те атайды. «Өзі жер асты патшалығында ұстайтын тұтқындарды жейді, дәудің ұлдарымен бірге өлілер мен тірілер әлемінің шекарасындағы о дүниенің, Еркіліктің жер асты патшалығының есігін күзетеді [7, 187-б.]. Көбіне ертегі-аңыздарда кішкентай балаларды ауыстырып, бәйгелерде тұлпарды қулықпен басып озатын адамдарға көп қастандық жасайтын құбыжық Ол әр түрлі кейіпте көрінуі мүмкін. Мәселен, көптеген мифтік ертегілерде ол өкпе болып судың бетінде қалықтап жүріп, адамдарды өз құрығына түсірмек мақсатта кескінін өзгертіп отырған. Жалмауызға тән қасиет – ол емінеді. Яғни ентелеп, көздері жайнап, от шашып, жалмауға дайын тұрады. «Едіге» жырында:
Екі батыр келеді қасына,
Жалмауыздай емініп [9, 93-б.], - деген жолдарда бұл тұрақты тіркес жалғасын тауып, батырдың жау алдындағы қимылы, әрекеті жалмауыздың образымен салыстырылады. Бүгінгі күнде жалмауыз кемпір мен мыстан кемпірді синоним ретінде қарастыратын бар. Саралап қарар болсақ, екеуінің қасиеті, іс-қимылы мүлдем бөлек ұғым. Жалмауыз – қазақ мифологиясында таза зұлымдықтың, озбырлықтың бейнесі. Ал мыстан – жағымсыз, үрей туғызар образ болса да, біреудің айтқанымен, ырқымен жүріп, болашақты, алдағыны, түсті болжағыш, сәуегей ретінде көрініс береді.
Мифтік танымдардан перінің қызы өте сұлу болып келетіні белгілі. «Таулар мен далалардың, өзендер мен көлдердің үстімен қанатты, алтын шашты әдемі қыздар, ғажайып сұлу аспан арулары ағындап ұшып жүреді. ...Пері қыздардың сұлу болатыны сонша, олар жүрген жерінде айналасына нұр шашады, адамдардың жанын қуаныш, шаттыққа бөлейді екен» [7, 182-б.]. Аңшыбай батыр жасайынан жетім қалып, ешкім елемей, қуып жібергендіктен, тоғайда күнелтіп жүргенде, көлге аққу қонады. Оны атпақшы болған Аңшыбай ұмтылғанда, аққу қызға айналады. Содан кейін тағы бір аққу келгенде, атайын деп кезегенде, сілкіп кетіп қыз болады. Ол да батырдың мән-жайын сұрап, « - Ол мұсылман пері патшасының жалғыз қызы. Мен кәпір патшасының қызымын деді. Неше жылдан бері сенің осында жатқаныңды көріп жүр едік біз. Сенің ерлігіңе арзу болып саған тием мен деді» [9, 17-б]. Осылайша мұсылман пері патшасының қызы мен кәпір патшасының қызына Аңшыбай батыр үйленіп, ел қатарына қосылады. Тіпті оның жақсарған күйін көре алмаған ел-жұрт қастандық істемекші болған кезде, мұсылман пері патшасының қызы:
Өлтіресің не үшін?
Өздерің ойлап қаращы,
Қияметтік дос болдық
Пері мен адам баласы [9, 23-б.], - деп, бақытты, баянды, пері мен адамның жарасымдылығымен кешіп жатқан өмірді сақтағысы келеді. Сонымен, пері тек сұлу қыздың кейпінен бұрын құс болып, оның ішінде аққу болып келеді. С.Қондыбай бұл турасында: «Мифологияда аққу – медиатор. Ол суда, жерде, аспанда қозғала алатын образ ретінде үш дүниені жалғастырушы кейіпкерлердің негізгісі болып табылады» [10, 255-б.], - деген. Символ тұрғысынан қара болсақ: «Лебедь, еще одна солнечная птица, сопровождала Аполлона в еге зимних миграциях в Гиперборею и связывала, таким образом, между собой северные и средиземноморские земли. Знаменитая «лебединая песня» является одним из видов «языка птиц» и этимологически изоморфна. В Индии в изначальных источниках лебедь (hamsa) является верховым животным Брахмы и Варуны и он же высиживает Яйцо Мира (brahmanda) [11, 54-б.]. Демек, салыстырмалы әдебиет тұрғысынан алатаны болсақ, аққу туралы мифтер әр халықта түрліше мән береді. Қазақ мифтерінде Аспани Арулық идеясымен (Соловьев) сай келіп, көбіне сұлулықтың символы бола отырып, көкте бақылап отырады. Олар мейірімді, қайырымды болып келіп, көбіне жаралы, қайғылы адамдарға көмектесу үшін жерге түседі (Қалша батыр мен Аққу т.б.).
Ерлік пен елдік идеясын ту еткен эпостық жырларды айтқан кезде, көкбөрі бағзыбейнесін (архетип) атамай кетуге болмайды. Түркі халқының таным-түсінігінде көк бөрінің алатын орны ерекше. «...Ол – тотем, яғни этникалық ататек (дәлірек айтқанда, этникалық анатек). Қытай жылнамалары арқылы жеткен мифологиялық сюжеттерге сүйенсек, түркі тектес халықтардың бабалары болып табылатын тайпалардың көбі өздерін ана қасқырдың бауырынан тапқан» [12, 114-б.]. Түрік ғалымы Ибрагим Қафесоғлу: «Ертегілер мен аңыз-әңгімелерде әрі ата, әрі құтқарушы ретінде сипатталатын көк бөрі бүкіл түркілер үшін қасиетті саналып кеткен және түркілердің ұлттық символына айналуға дейін көтерілген» [13, 155-б.], - деп бұл ойымызды дамыта түседі. Эпостық жырларда тотемдік сюжеттер бірсыпыра. Соның бірі «Едіге» жырындағы:
Қой секілді қалмаққа
Қойғасын бөрі қояр ма,
Ашығып жүрген бөрі еді,
Артық туған ер еді [9, 94-б.], - деген жолдарда ерлерді бөріге теліп, қой секілді қалмақты бөрілер қоймайды деп, батырлық мәндегі дәстүрлі дүниетанымдағы көк бөрі бағзыбейнесін жандандырады.
Адам жанын қорғап, желеп-жебейтін, басқа қайғы түсіп, торыққанда тығырықтан алып шығатын тағы бір қуатты күші – қырық шілтен. «ерен ғайып қырық шілтен – мұсылман түркілер (қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, т.б.) мифологиясындағы көзге көрінбейтін, рух сипатына ие тірі пенделер (пірлер). Қалыптасқан анықтама бойынша, олар – ғаламды билейтін 40 құдіретті әулие. Мұндағы «ғайып» сөзі «көзге көрінбейтін» дегенді, «шілтен» (парсы тіліндегі чил – «қырық», тон – «тірі пенде») – «қырық жан/пенде» дегенді білдіреді» [14, 121-б.], - деген тұжырымдар С.Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» еңбегінде кең көлемде талданған. «Көрұғлы» жырында қырық шілтен:
Раушан көрмей өскен қапалықты,
Жасынан шілтендерден бата алыпты [15, 21-б.].
...Көрұғлы батыр атанып,
Шілтендерден бата алып
...Ақанай көрде жатып туды бала,
Шілтендер орап алды келе сала.
Баланың көрге барып атын қой деп,
Жіберген шілтендерді хақ тағала [15, 51-б.], - деп, алдында Раушанбекті жетілдіріп, содан соң Көрұғлыны көрден аман алып қалып, жасынан қамқор болады.
«Қазақ эпикалық және шежірелік дәстүріндегі ең басты, ең күшті әулие, «әулиелердің әулиесі». Баба Түкті баласызға бала береді, жолаушы мен жауынгерге көмектесетін пір болып суреттеледі. Баба Түкті – ежелгі түркілік күн тәңірі мен күнтекті патша, абыз, алғашқы адам образынан бастау алған. Ислам дәуірінде ғана бүгінгі образы қалыптасқан. Баба Түктінің үш сипаты сақталған, бірінші – пір, әулие; екінші – эпостық батырдың, яғни Аңшыбайдың баласы, Парпарияның әкесі; үшінші – дуана, қарақұс түріне өзгере алатын, батырға тікелей жәрдем бере алатын сиқыр иесі [10, 15-б.]. Біздің айтпағымыз, Баба түктінің екінші сипаты. Аңшыбай батырдан басталатын әулеттің тізбегінде батыр, әулие жинақталған. Аңшыбайдың ұрпағы Мұсахан, Едіге, Нұрадын, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазилар болмасын түп-тұқиянынан бастап, бүгінге дейін айтып сала береді. Мәселен, «Едіге» жырында:
Атам атын сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай,
Баба түкті Шашты әзиз
Аңшыбайдың баласы.
Шашты Әзиздің баласы
Парпария сұлтан хан еді,
Өз әкемді сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Өзім атым Едіге [9, 77-б.], - деп, кездескен жауға өз ататегін таныстырады.
Эпостық шығармаларда жиі көрініс табатын мотив – түс көру және оны жору мәселесі. Ол белгілі бір орталыққа негізделіп, қиял-танымның шеңберінде жүзеге асатын тылсым күш. Түс жору – қазақ арасында үлкен мәні бар құбылыс. Наным-сенім бойынша, түс арқылы болашақты болжап, алдын-ала не боларын біліп отырған. «Бұрынғылардың айтуынша, түс жору Перғауынның түсін болжаған Жүсіп пайғамбардан басталады» [16, 25-б.]. Ал қазақтың эпостары мен ертегілерінде түсті мыстан жорыған. «Көрұғлы» жырындағы Шағдаттың түсін ешкім жори алмағандықтан, мыстанды шақырады.
...Үңірейген екі көзі, бойы аласа –
Имиген орақ мұрын, жағы қатқан.
Астына бір құлағын етіп төсек,
Жамылған бір құлағы көрпеге есеп.
Еріні екі қарыс, беті бұжыр,
Талайды алдап-соққан, айтқаны өсек [15, 23-б.], - деп, мыстанның тағы бір қыры – түс жорушылығын танытады. Өйткені олар озбырлығымен жердің астында не болып, не қойып жатқанын білетін, жоғарыда айтып кеткеніміздей, алда не боларын болжағыш тыңшы. «Қазақтың ертегі, жырларында мыстан кемпір көп кездеседі. Ол әрдайым ұнамсыз болып көрсетіледі. Мыстанның ұнамды геройларға жасайтыны ылғи жауыздық қана болады. Оның ойлайтыны алтын, байлық, қысқасы құлқыны үшін нендей жамандықтан да жеркенбейді. Халық әңгімесінде... – мыстандар жауыз хандардың көмекшісі болып келеді» [17, 159-б.]. Сөйтіп, мыстандар кеңесші, ақылшы ретінде танылып, көркем әдебиетте архетиптік мәнге ие. Өнердің қай түрін алсақ та, заман ағымының ағысымен алғашында санасыз әрекеттерден басталып, уақыт өте келе, эстетикалық мағынаға тиемел болады.
Сайып келгенде, қоғам мен табиғат, адам мен тылсым дүние арасындағы байланыс – барлық құбылыстар жүйеленіп өзіндік даму жолында өзгеріске, құбылуға бейім болып, тарихи поэтиканың дәуірін бастан кешіреді. Мифтің эпостық шығармалардағы рөліне келер болсақ, халықтық түсініктер, хикаялық образдар эпосты тудыруда халық танымынан, тұрмыс-тіршілігінен, жөн-жоралғы, салт-дәстүрінен ақпар берерліктей маңызды рөл атқарғанымен, ешқашан да негізгі тірегі, оның өзегі бола алған емес. Олар эпостың жанама элементтерінің бірі ретінде ғана шығармаларда өзіндік сипатқа ие болады. Эпос – халық өмірі болса, мифтік наным-сенімдер мен таным жүйесі – халық өмірінің сипатынан сыр шертетін эпостық шығарманың бір бөлігі.
Қорыта келе, эпостық жырларда көрініс табатын хикаялық мифонимдер аруақ, көк бөрі, пері (аққу), жалмауыз, мыстан, Баба түкті Шашты әзиз сияқтылары қолданыла отырып, ұлттық ой-сезімде қалыптасып, танымдық шеңберде жатталып қалған ертегілік, әпсаналық, мифтік ұғымдарды адам санасының түкпірінде, жарқын ұрпаққа өнеге ретінде пайдаланған. Хикаялық мифонимдер қоғамдық сананың даму дәрежесіне сай реалистік, романтикалық бейнелерге, әр түрлі жаңсақ пікірлерге, пайымдауларға ауысқан. Десек те мифтік ұғымдар халықтық ұғым болғандықтан, ел-жұрт, тіл, мәдениет, әдебиет барда, мәңгілік сақталады. Өйткені ғасырлар тоғысында сындарлы сапа мен биік талғамның елегінен өткізіліп, сол жерден ғылыми айналымға, көркемдік шындыққа, тарихи шындыққа сәулесін түсіреді. Әйтпесе халықтың руханият дүниесі нені тілге тиек етпесін, ұлттық мүдде, ұлттық мінез, ұлттық бояу-реңкті есінен бір елі де шығарылмай, кейінгіге жетері сөзсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет