А. Байтұрсынұлы – Ұлттық Ғылымның негізін салушы өткен ғасыр басында «Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман»



Дата21.10.2023
өлшемі26,04 Kb.
#120391
түріОқулық

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

Өткен ғасыр басында «Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» [1] деп жазған реформатор-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының қалыптасуында сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ғалым ұстаз тыңнан түрен салып, оған дейін болмаған оқулықтар жазды, бүгінгі қолданыста жүрген терминдерді орнықтырды, мұғалімдерге әдістемелік құралдар жасап, қазақ әліппесін түзіп берді. Өз заманында-ақ төл әліпбиімізді түзеп, ана тілінде оқулықтар жазудың ел болудағы маңызды қадам екенін түсініп, қоғамдағы қиын жайларды ескере отырып, аса жауапты міндетті өз мойнына алды. Араб жазуын түрлендіріп, қазақ тілінің табиғатына сай түзген қазақ әліпбиі қазақ мәдениетінің дамуында жаңа серпіліс болды, көпшілік қауымды жаппай сауаттандыру мен жазба дүниелердің көптеп басылуына, баспа ісінің өркендеуіне зор үлес қосты. Бұл туралы сол кездің өзінде-ақ М.Дулатұлы, Т.Шонанұлы, М.Әуезов, С.Сейфоллаұлы сынды ұлт зиялылары қалам тербеп, тұлғаның көл-көсір еңбегіне айрықша мән беріп, жоғары бағалаған еді.


ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық ғылымының маңызды бір мәселесі – оқулықтар жазу болатын. Сол кезде енді ашыла бастаған жоғары оқу орындарын айтпағанның өзінде қарапайым мектеп оқулықтарының өзі жоқтың қасы еді. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында сан қилы зерттеулер жүргізе отырып, оқулық жазу мәселесін де назардан тыс қалдырмай, ұлт мүддесі тұрғысындағы маңызды міндет екенін түсініп, асқан жауапкершілікпен қолға алды. Патша заманынан бастап қазақ даласында қолданыста болған кирилл таңбасындағы қазақ әліпбиіне көңілі толмай, тың дүние, төте жол іздеді. Ислам дінімен бірге келген араб әліпбиін негізге ала отырып, бұрынғы қадим замандағы ескіше жазуларды да ескеріп, жаңа әліпби жазып шықты. Қазақ баласының тілін қазақша шығарып, әлеуметтік ой-танымы мен талғамын да қазақша қалыптастыруды қалады. Өйткені ол заманның оқығандары не татарша, не орысша сауаттанып, ана тілінің болмысынан алыс кететін еді. А.Байтұрсынұлы қазақ халқының табиғи болмысын сақтап, кемшіліктен ада болу үшін қазақ баласын өз ана тілінде оқыту жүйесін ұсынды.
Ғалым өз нұсқасында: «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазу белгілері. Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты» [1] деп жүйелейді. Солай дей келе, қазақ тіліндегі қ және ғ үнемі жуан айтылады, ал к мен г және е үнемі жіңішке айтылады. Қалған 19 дыбыс біресе жуан, біресе жіңішке дыбысталады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылғанына бір таңба, жіңішке айтылғанына бір таңба беретін болсақ, барлығы 38 таңба, жоғарыда айтылған 5 дыбыспен 43 таңба болар еді, оларды таңбалауға араб әліпбиі жетпес еді дейді. Кейбір зерттеушілер осы айтылғанды дұрыс түсінбей, А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінің 42 таңбасын жүйелеп берген деген де жаңсақ пікір бар. Әрі қарай үндестік заңына сүйеніп, қазақ тіліндегі сөздерде дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстарға бағынып, не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болатындықтан, дыбыстың жуан және жіңішке нұсқасын бір таңбамен белгілеуді ұсынады.
Тағы бір айта кетерлігі, А.Байтұрсынұлы ұсынған бұл әліпби ғылыми ортада өте жоғары бағаланып, 1931 жылы Мәскеуде шыққан «Литературная энциклопедия» жинағына «Казахский (Байтурсыновский) алфавит» деп енген. Сонымен бірге А.Байтұрсынұлы ұсынған осы әліпби кейінгі кеңес заманындағы латын, одан кейінгі кирилл таңбасына аударылып, сол күйінде көшіп отырған. Яғни, бүгінгі әліпбиіміз сол Ахаң ұсынған жүйемен жасалған дүние. Бұл туралы тілші ғалым Құдайберген Жұбанов олар халық жауы жасаған еңбектер болса да, біз одан бас тартпаймыз, себебі ол біздің тарихымыз, мәдениетіміздің бір бөлшегі деген мағынада пікір білдірген.
Сонымен бірге А.Байтұрсынұлы бүгінгі қолданылып жүрген пәнсөздердің де авторы екені баршамызға мәлім. Қазақ даласында тұңғыш қоңырау соғып, мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин өз оқулықтарында орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы қысқа да нұсқа «Зат есім» деп атады. Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына Ы.Алтынсарин «Зат-мақлұқтың қасиеттерінің аттары» және «Есеп аттары» деген балама берсе, А.Байтұрсынұлы «Сын есім» және «Сан есім» деген атауларды ұсынды. Сондай-ақ, «Местоимение» деген терминді Ыбырай «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп атаса, Ахмет «Үстеу», «Демеу» деп нақты және дәл пәнсөздермен атап берді.
1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы» өзі ұсынған төте жазумен берілген алғашқы оқулық саналады. Мұнда автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибратты өлеңін кітаптың беташары ретінде ұсынады. Кітаптың әріп үйрететін бірінші бетінің жоғарысына «Би исмиллаһи-рахмани-рахим» деген Құран сөзі орнығады. Одан әрі қазақ әріптері төте жазу жолымен ретімен орналастырылып, әр әріптің тұсына таңбасы мен сол таңбаның атауы жазылады. Ал төменгі жағына оқушыға нұсқаулық, яғни түсіндірмесі берілген. Соңына қарай қысқа-қысқа туған-туысқан атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары, ас-тағам атаулары мен дене мүшелерінің атаулары берілген. Бұл оқулықтың жалғасы ретінде 1913 жылы екінші кітабымен толықтырылып шықса, «Әліппе астары» атты әліппеге жетекші құрал 1924 жылы жазылған. Және бұл оқулықтың халықты сауаттандырудағы, қолданыстағы қызметінің зор болғанын бірнеше жыл қатарынан өте жиі басылғанынан көреміз.
Одан кейін үш жылдық оқытуға арналған «Тіл – құрал» оқулығы жеке-жеке үш кітап болып басылады. Алғашқы тіл танытқыш кітап «Дыбыс жүйесі мен оның түрлері» (1914), екіншісі «Сөздің жүйесі мен түрлері» (1914-1915), үшіншісі «Сөйлем жүйесі мен түрлері» (1923). Мұның барлығы Орынборда басылып, әрқайсысы қазақ тіл білімінің табиғатын танытуда, баланың сауатын ашуда өлшеусіз еңбек еткен баға жетпес құнды мұралар болды. Оны осы еңбектің бірінші бөлімі – 7 рет, екінші бөлімі – 8 рет, үшінші бөлімі – 6 рет басылғанынан білуге болады. Бұл туралы арнайы зерттеу жүргізген тілші ғалым А.Қыдыршаев: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми түрде дәлелдеп, ғалымның әдістемелік мұрасының бүгінгі оқытумен сабақтас, өміршең екендігін жазады [2].
Ұлт ұстазы жазған қазақ мұғалімі үшін тағы бір әдістемелік құрал «Байаншы» деп аталады. Бұл нұсқаулық 1920 жылы Қазан қаласында басылады. Мұнда өзінің оқыту тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа оқыту жолында баланы қалай оқыту керектігіне тоқталады.
Сонымен бірге сауатсыз үлкендер үшін «Сауат ашқыш» атты оқулығы ерекше жүйеде құрылған. Оқулықта «Қырық мысалдағыдай» қырық тақырып қарастырылып, мұнда Абайдың, Ы.Алтынсариннің, Шорманның, Елдес Омаровтың, Телжан Шонанұлының, Қыр баласы Әлихан Бөкейханның да шығармалары ұсынылады.
Ғалымдардың пікірінше, бүгінгі білім беру парадигмасы – жаңа өркениеттік бағдар мен мемлекеттік стандарттарға сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Мұнда ең алдымен адамның рухани және шығармашылық дамуы басты орында тұрады. Міне, дәл осы бағытта тынымсыз ізденіс пен үздіксіз еңбектің жемісін қалдырған қазақ халқының ұлы перзенті, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамына өзгеріс әкелу жолындағы күресі мен халық игілігі үшін төккен терінің жемісін көрудеміз. Бүгінгі жаңартылған білім мазмұны А.Байтұрсынұлы негізін салған игі істердің жалғасы десек қателеспейміз. Ол ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірдің өркендеуіне, қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қазақ жастарынының білім мен ғылымды, мәдениет пен өнерді, шаруашылық мен кәсіпті жан-жақты меңгеріп, өзіндік көзқарасы бар жеке тұлға болып қалыптасуына еңбек етті. Оқыту әдістемесінде жастарға барынша жағдай жасап, сабақты оларға ыңғайлы форматта ұйымдастыруға тырысты.
Қазіргі уақытта азат ойлы, еркін көзқарасты, шығармашыл қабылетін жарыққа шығара алатын, тіпті, өз ойлары туралы да ойлана білетін, бәсекеге қабылетті, ізденімпаз жеке тұлғаның, саналы жас ұрпақтың бәсі биік, сұранысқа ие болып отыр. Президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидатын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» болмақ [3]. Заман талабына сай еліміздегі білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерге бет бұрып, дамудың жаңа сатысына қадам басты. Мұның өзі жас ұрпақты білімге қызықтырып, ғылымға ынтық етуде көркем әдебиеттің қуатты күшін пайдалану, ұлттық тәрбиеге ден қойып, рухы биік, намысы өр, азат ойлы тұлға тәрбиелейтін ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылымын, ұлттық педагогиканы қайта жаңғырту болмақ.


Әдебиеттер:
1 А.Байтұрсынұлы. Тiл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері) / ред. Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев - Алматы: Ана тiлi, 1992. - Б. 448. - ISBN 5-630-00007-1
2 Қыдыршаев А.С. А.Байтұрсынұлының лингводидактикалық, лингвориторикалық тұжырымдарының бүгінгі білім беру ісімен сабақтастығы// «А.Байтұрсынұлы және заманауи білім беру мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, 11-12 сәуір 2013 жыл, Орал, 20-28-б.б.
3 Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 1 қыркүйек, 2020 ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет