Жалпы жұрнақ арқылы зат есім жасау зат есімдерді тудырудың ең бір өнімді жолы болып табылады.Оны мына төмендегідей саралап көрсетуге болады:
1. Есімдерден зат есім тудыратын өнімді жұрнақтар;
2. Есімдерден зат есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар;
3. Етістіктен зат есім тудыратын өнімді және өнімсіз жұрнақтар.
4. Зат есімнің реңк мәнін тудыратын жұрнақтар.
Есімдерден зат есім жасайтын жұрнақтар: -лық/-лік (-лығ, -ліг, -луғ, -лүг). Көне түркі жазбалары тілінде заттын мекен-орындық тәнділігін білдіреді: қабақлық (қауақ егілген жер), тарығлық (етістік, тарығ - егіс), т. б. Қазіргі қазақ тілінде осы мағынасы кейбір сөздерде байқалады (егістік, қауындық). Дегенмен, нақ сол дәрежеде өнімді емес. Ал заттың арналған мақсатын (саласын) білдіру мәнінде (түндік, тұздық, сулық) қазіргі тілімізде кең қолданылуы осы орын-мекенге тәнділікті білдіру мәнінің негізінде қалыптасқан.
Қазіргі қазақ тілінде -лық және -лы аффикстерінің өзара мәндес, кейде алмасып қолданылуы бар: -лық аффиксінің құрамы мен генезисі жайында, негізінен екі түрлі пікір айтылып келе жатыр. Бірсыпыра зерттеушілер жеке сөздің постпозициялық қолданысынан қалыптасқан деп қарайды. Н. А. Баскаков ондай сөз деп лық (лық толы) сын есімін көрсетеді Рамстедт -лы және -ғ элементтеріне ажыратады да, -лы септік жалғауы, ал -ғ сын есім жасайтын аффикс деп есептейді [4].
В. Котвич -лық-тың алғашкы элементін (-л) тұнғыс тіліндегі көптік қосымшасымен салыстырады. Бұл пікірлерді қорыта келгенде, -лық құранды деп қарау орынды. Қөне түркі тілінде бұл аффикстің -лығ, яғни, соңғы дыбысы -ғ болуы оның фузиялық процесс негізінде қалыптасқандығын көрсетсе керек. -лық аффиксі дамуының екінші бір қыры -шылық, -гершілік қосымшалардың құрамынан көрінеді Мұнда о баста құранды аффикстің өзі -шы және -герші (-гер, -ші) косымшаларымен тұтасып кеткен. Бұл - негіз (туынды түбір, туынды сөз) құрамының морфологиялық ығысу (переразложение) процесіне ұшыраудың нәтижесі. Морфологиялық ығысу нәтижесінде олардың өзара жымдасуы сращение - фузия болған.
-шы, -ші, -чы, -чі істің иесін, іс-әрекетті жасаушы субъектіні білдіретін сөздер жасағаш бедізчі (өрнек салушы, өрнекші, суреяші), йолчы (жол бастайтын, көрсететін адам, жолшы) (Орхан.). Есім түбірлерге, немесе етістіктен есімге айналған түбірлерге жалғанып, іс иесін - субъектіні, кәсіпкерді білдірген. Қазіргі қазақ тіліндегі қолданысы да сондай етікші, жұмысшы, балташы, т. б. Ескерткіштер тілінде кездесетін ллымчы, бірімчі, өтегчі, сығытчы (кредитор) сөздері қазақ тіліндегі терімші, оқушы, жазушы (есімге айналған түбірлерге жалғанған) тәрізділерден ешбір ерекшеленбейді.