Етістіктерден зат есім жасайтын жұрнақтар: -ық, -ік, -қ (-ұғ, -үг, -ығ, -іг, кейде -ағ, -ег, -ақ, -ек, -қ, -ғ, -г) зат – құбылыстың атын, іс-әрекеттің орнын, нәтижесін білдіретін есімдер жасаған: йаруқ, қышлағ (ГК), бітік (МҚ, ҚК), емік, тепіг, біліг (емшек, тепкі, білік) (МҚ), буйуруқ, көрк (ҚҚ). Қазіргі қазақ тілімде бұл аффикстің қолданылу аясы кең Кесік, тұрық, кетік, тесік, пышақ, т. б. сөздер етістік түбір мен осы аффикстің қосындысынан жасалған. Бірсыпыра сөздер құрамында оны байырғы түбірден бөліп қарауға болмайды: аяқ тәрізді сөздер бөліп-жаруға келмейтін түбір деп саналғанмен, тарихи тұрғыдан түбір мен -қ аффиксінен жасалған: ада болды (аяқталды, бітті). Егер осының құрамындағы ада мен аяқ сөздерін салыстырсақ (д>й) соңғының құрамындағы - қ - аффикс екені көрінеді [4] . Қазіргі қазақ тілі морфологиясының оқулықтарында кейде -ық/-ік аффиксі есім де, етістік те жасайды дейтін тұжырымдар ұшырасады. Оған мынадай сөздер мысалға келтіріледі: желек, түнек, түйнек, бұлтақ. Анығында мұндай сөздердің алғашқы түбірі - есімдер, -е, -а арқылы етістікке, содан бұрып -қ аффиксі жалғанып зат есімге айналған. Қазақ тілінде осы түбірлерден тараған желеу, желең, түне, түнемелік, түйне, түйнеме, бұлтаң, бұлтаңда сөздері бары мәлім.
Қазіргі қазақ тіліндегі кей сөздер құрамында -қ/-ғ аффиксінің фонетикалық өзгерісін де көруге болады: қыстақ (қыш-ла-ғ) қыстау, күзек -- күзеу, т. б. (-ғ|-қ>у). Қазіргі тіліміздегі -у, -қ аффиксті сөздердің синонимдігі осы кұбылыстың нәтижесі.
Зат есім жасайтын аффикстерді шолып қарағанда мынадай қорытындыға келеміз: біріншіден, қазіргі тілімізде сондай сөздерден зат есім жасайды деп қаралатын аффикстердің қайсысы да (өнімділері де, өнімсіздері де, тіпті «өлілері» де) кейбір фонетикалық өзгеріске ұшырағаны болмаса, негізінен өздерінің бұрынғы қолданылу заңдылықтарын сақтаған. Әрине, аффикстің ескі не жаңалығы оның қазіргі тілде өнімді не өнімсіз қолданылуымен айқындала бермейді. Қазіргі тілде өнімді қолданылып жүрген кейбір аффикстер сонау V-VIII ғасырлардан бастап-ақ белгілі. Ал кейінгі дәуір ескерткіштерінде (орта ғасыр) ғана кездесетін кейбір аффикстер қазіргі тілде өнімсіз қолданылады немесе тіпті қолданудан шығып, «өлі» қосымшаға айналып кеткен. Сонымен қатар, түбір мен аффикстің кірігуі немесе сөз элементтерінің көнеріп ескіруі, сөйтіп сөз құрамы бүгінгі тілдің нормасы тұрғысынан айқын сараланбауы аффикстің өнімді, я өнімсіздігіне байланысты бола бермейді. Қазіргі сөздік қорда әбден орныққан шалғы (шалқу етістігінен емес, шалу етістігінен), орақ, қармақ, құзғын, босқын, батпан, кетпен тәрізді сөздер сондай. Бұлар осы құрамда жиі айтылудан (частота употребления) қолданушы санасында бастапқы түбір семантикасынан бірте-бірте алыстап, қосымшалы күйінде зат атауы есебінде ғана ұғыныла бастаған. Қейде сөз құрамының көнеруіне байланысты бұрын түбір мен қосымшадан құралған негіздің үстіне тағы да жаңа қосымша жалғанатын да болады. Сөйтіп екі қосымшаның бір-біріне қабаттасуынан құранды аффикстер пайда болады: басытқы, қылытқы, сыпыртқы (-ты + қы), т. б. сондай процестің нәтижесі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар. Алматы: Ғылым, 1976, 240 б.
2. Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. Алматы: Мектеп, 1975, 176 б.
3. Нұрмаханова Ә.Н. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. Алматы; Мектеп, 1971, 292 б.
4. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. «Рауан» баспасы, Алматы 1988.
Достарыңызбен бөлісу: |