Айбейханым Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,
Төл емген екі енені марқадайын,
Есілге, Едіреймен қамалған қу,
Көкмайса жерің бар ма Арқадайын.
Ақ Найман Қожамбетке Арғын жетпес,
Төрт ру Қаратайдан қазақ етпес.
Көкжарлы Сары, Жомарттай қайсының бар,
Қызығы Мысыр, Шамдай естен кетпес.
Есігі іргенекті жатыр талай,
Ойласаң есің шығар санай-санай.
Бора батыр көптігі толық дуан,
Атасы әулие өткен ер Қонақбай,
Дәулетке Бора-дағы артық асқан.
Кім баймын дегенменен жағаласқан.
Жаяубайлар көрді ғой малдан ыза,
Қозғалып көшіп жұртқа жете алмастан.
Қайсы Арғын жетеді Аман, Көшеріме,
Мен дайын сөзді қалай десеріңе,
Кең қолтық өзім теңдес кез болмаса,
Алтайдың көзім толмас есеріне.
Түйкі мен Жоламандай тумас қазақ,
Дұшпанын беттетпеген жүндей сабап.
Менімен айтысуға қайда жеттің,
Жыл сайын мүжуші едің сүйек қажап,
Қоңырға жан теңелмес Бәкешпенен,
Құр айғай түк өнбейді егеспенен.
Түнеп қыдыр қонбаған Ыбырайға:
Күн етті тойсам деген өңешпенен.
Ел арытпас Серікбайдың жарлығынан.
Құт болды бас қыдыры барлығынан.
Мақтаған ЬІбырайың дәнеңе емес,
Бүлінді бар Тобықты пандығынан.
Наймандай, Арғын болмас қоңыр майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақта өнері асқан ер болғанда
Бағланы Жігітектің кетті қайда.
....................................................................
Айдана Сал Біржан, мақтансаңшы түбін ойлай,
Арғынның бәрін білем бірін қоймай.
Күнінде-ақ болып тұрған ел бүлінді,
Тобықты быт-шыт болды үріккен қойдай.
Быт-шыт қып Тобықтыны тентіретті,
Түбіне аяғында түгел жетті.
Елге құт, берекелі кісі болса,
Маңғазы Шекетайың қайда кетті.
Өнердің күш көрерсің өкімінен,
Сезімнің түйсең керек секілінен.
Жарыған жалғыз Арғын көрінбейді,
Жас қызын ұстап берген кекілінен.
Түйеше құр бойыңа сенесің сен.
Қара керей Матайға жау болған жоқ,
Барақтың артық қайрат етуінен.
Ісің жоқ Найман қуып жетуінен.
Тойғұлының асында бәйге тікті,
Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен.
Төлеуші ең бір түйе ұрлап екі бала,
Антұрған ұялмайсың бітіміңнен.
Құтырмай жайыңа жүр жынды делбе,
Келіп кісі болмассың біздің елге,
Сыр білмейтін жеріңе мақтана бер,
Бұл жақта құр айғайың кетер желге,
Ей, Біржан, көңіліңді тындырайын,
Аруақ пенен құдайға ұрдырайын.
Найманда түлеп ұшқан ақиықпын,
Топшыңды қанатыммен сындырайын.
Құнанбай не себепті Омбы барған,
Ер еді өз басы әділ қылды жарған.