Кәрің қайтіп күн көрер! Жарастық жоқ, жалын жоқ, Жарым қайтіп күн көрер! (5 б.)
Мұндағы екпін түсіріле, көрер етістігі арқылы қайталанып жасалған жолдарды оқығанда да, күңіренген үн құлағыңызға келеді. Осындағы дауыс ырғағының эмоционалдық реңкі, екпіні, тынысы, шығарманың сазымен үйлесе келіп, пьесадағы қарт Абыздың қоңыр тартқан, күйзелген жан тебіренісін білдіреді.
Сөйлеу ағысында болатын кідірісті пауза дейді. Интонацияның маңызды компоненттерінің бірі болып табылатын паузалар мағынасына қарай физиологиялық, ситуациялық, эмоциялық, интеллектілік сияқты түрлерге бөлінеді.
Жоғарыдағы мысалдағы паузаның лингвистикалық функциясы шумақты фразаларға, синтагма, ритмикалық топ, сөздерге бөліп, сонымен қоса, сөйлемдердің түрлі мазмұндық сезімдік т.б. қарым-қатынастарын анықтауға қатысып тұр. Ал мысалдағы сөйлемнің интенсивтілігінің молайып, жалпы эмоциялық бояуының қоюлануына логикалық тұрғыдан акценттелген көрер етістігі ықпал етіп тұр. Интенсивтілік дыбыстардың негізгі тонының жиілігімен астасып, сөйлемдегі сөздердің акценттелуіне қатысады. Демек, логикалық акценттелген сөздің интенсивтілігі де мол болады.
Интонация компоненттерінің тағы бірі – тембр деп аталады. «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Абыз қарттың сөзіндегі көңіл-күйі, реніші, ызасы, ашуын білдірудегі әуез, ырғақ, интонацияның реңкі арқылы эмоциялы түрде басым беріліп тұр. Пьесадағы Абыз қарттың тағы мына бір сөзін келтірейік:
«Батыр десем... белге шықпай ойда ойнақшыр бейпіл ме ең?.. Азамат десем ауыл үйдің тентегі ме ең?.. Елдігім қайда сондағы? (12 б.).
Қай шығарманың болсын идеал мақсатын білдіріп тұратын, яғни шығарманың діңгек-қазығы іспетті сөйлемдер болады. Келтірілген мысалдың ой-өзегі елдікті, ел болуды мансұқ тұтқан Абыздың сұраулы сөйлемдерінде жатыр. Осы сөйлемдердің интонациялық синтаксистік құрылымының мәні қандай! Мұнда да интонация арқылы шебер поэтикалық өрнек жасалып, үлкен ойды білдіріп тұр.
Көркем әдебиет тілін қарастыруда, көркем интонацияны зерттеу саласы әлі де тың. Бұл құбылыс өзіндік құрылымдық ерекшеліктері бар, мәтіндегі авторлық интонациялардың өзгешеліктерін қарастыруды қажет етеді.
Ауқымды фонетикалық формадағы дүниелерді синтаксистік тұрғыдан қарастырғанда, күрделі синтаксистік тұтастықтардан, сөйлеудегі түрлі коммуникативтік типті (хабарлы, бұйрықты, сұраулы) интонемалардан құралады. Интонемалар синтагмалардың барлық түрлерінде көрініс табады, бұл интонациялық өрнектердің фразалардағы құрылымдық-семантикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Осыған орай, поэтикалық шығармалардағы интонемалар туралы ғалым З.М. Базарбаева былай деп өте нақты көрсетеді: «Направление движения частоты основного тона, тональные диапозоны и уровни, мелодические интервалы, интенсивность, пауза, темп, тембр, локализация ударениий и др. просодические средства участвуют в интонационно-ритмическом построении поэтических произведений» [164, 269 б.].
Демек, интонациялардың репрезентациясын талдауда нормативті және авторлық, соның ішінде авторлық стилистикалық құралдарға баса көңіл бөлінеді.
Жоғарыда айтылған мәтіндегі авторлық интонация туралы
М.И. Баламакова: «Осознание роли стилистической графики как особого средства выражения авторской интенции, а также знание способов ее интонационной репрезентированности необходимо для адекватной интерпретации художественного произведения, для подлинно филологического его понимания [165, 163 б.],-деп анықтайды.
Интонациялар сахналық мәтіндерде сөйлеу әуенін, созыңқылығын, интенсивтілігін, сөйлеу қарқынын білдіреді. Сондай-ақ, сөздердің мағынасын айқындаудың маңызды құралы ретінде сөйлеуді дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәселен, көркем мәтіндерде дыбыстардың қайталануы күрделі құбылыс. Ғалымдар өлеңде кездесетін дыбыстық қайталамаларды эвфониялық және метрикалық деп бөліп жүр. Дыбыстардың дисгармониясының эстетикалық мәні күшті болатындығы айқын. Дыбыстық құрам әсіресе поэтикалық тілде айқын сезіледі. Ғалымдар поэтикалық тілдегі әуезді-мағыналық құрылым көркем шығармалардың қуатын арттыратын негізгі құралдарға жатады (Л. Тимофеев) десе, О. Брик шығарманың тек дыбыстық жағын талдау, оның сыртқы әдемілігін ғана көрсетеді дейді. Осы пікірге орай, белгілі ғалым Р.Сыздықтың «Сахнадан естілер сөз жайында» мақаласындағы: «Дыбыс үйлесімі белгілі бір өлшемге сай құрылған, төгіліп тұратын шешендік типтегі монологтарда өте-мөте көзге түседі. «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Ақан сері – Ақтоқты» сияқты қазақ драматургиясы классикалық шығармаларының көп жерлері өлең емес, қара сөз бола тұра осындай ұйқасты-үйлесімді сөздермен келеді» (Астын сызған-біз) [1, 167 б.],-деуінде интонацияға да қатысты үлкен мән жатыр.
Осы орайда, Абай өлеңдеріндегі көркемдеуіш тәсілдерді қарастырған
Б.А. Қалиев: «Әуезділіктің (фониканың) стилистикалық «белсенділігі» тілдің эмоциялық бояуына (реңкіне) байланысты болады. Тілдің дыбыстық жағына мән берілу үшін сөздердің дыбыстауда (оқылуда) айқын бөлінуі және мәнерлілік бейнелілікке ие болатын дыбыстардың да бөлініп айтылуы тиіс. Бұл поэзия мен жоғары эмоционалды прозада ғана болуы мүмкін айрықша дауыс ырғағын (интонацияны) қажет етеді. Мұндай шығармаларда сөздердегі интонациялық еркіндікке едәуір қол жеткізіледі»,-дейді [166, 68 б.].
Ал Е.В. Суслова болса, өлең стиліндегі интонацияларды қарастырады. Өлең құрылымы интонациясының материалы – тілдік интонация болып табылады. Көркем шығармадағы автордың дара қолтаңбасындағы интонацияларды айқындауға күш салады. Ол туралы автор былай дейді: «Базой для проявления авторской индивидуальности в интонационнном стихотворном стиле является речевая деятельность, направленная на выражение авторской концепции картины мира, устойчиво соотносимой с личностным смыслом открываемом в слове и в стихах» [167, 6 б.].
Осы ретте кейіпкердің көңіл-күйін білдіріп, буырқанған сезім-күйін бейнелеуде төкпе ақ өлең үлгісі таптырмас құрал. Ондағы үдетпелілік пен ұйқасты құрылым сезімді дәл бейнелейді. Мәселен, Қозының шешесі Мақпал тау аңғарында былай деп ішкі шерін ақтарады:
«Опасыз дүние десеңші... Иесі де кетті, дәулет те бітті. Мұңдасың мұңың ғана, сырласың сырың ғана... (20 б.)
Бұл орайда тағы бір айта кететін нәрсе, дыбыстық қайталамалардың түріне жататын – ырғақ мәселесі драмалық шығармалар үшін де маңызды. Бұл поэтикалық мәтіндердің табиғатын танытуда да аса қажет тәсіл. Суреткерлер өз шығармаларында дыбыстық жүйені талғап қолданады. Яғни, ырғақ инерциясын қалыптастырады.
Сонымен, интонацияның қай тілдің болса да жалпы жүйесіндегі орнын анықтау оңай мәселе емес. Б. Мальмбергтің айтуынша, просодияның, яғни интонацияның орны – тілдің құрылымының нағыз өзегінде жатады, оны аңғармау, оның маңызын дұрыс түсінбеу – тілдің жалпы табиғатын түсінбеумен барабар.
Театрдың көркем дәстүрлі тәжірибесімен қаруланған сахна тілі, ұлттық тілдің типтік санын, әуезді сөйлеудің, яғни әуенділік, иілгіштік, үнділік, сарындылық, мәнерлілік күшін, орфоэпиялық тазалықтың ең жақсы қасиеттерін жинақтайды.
Сахнадағы сөйлеудің типтік сапасы театр дамуының, актер өнерінің ерекшелігінің және режиссерлік ұстанымның жалпы үрдістерінің әсері арқылы қалыптасады.
Сахнада дауысты игеру де саналы шығармашылық процесс болып табылады. Дауыс сезімді, көңіл-күйді, яғни, адамның ішкі жай-күйін толық білдіре алатын құрал. Дұрыс ойлайтын адам дұрыс сөйлейді. Сондықтан мұнда хабардың өзі емес, оған деген сөйлеушінің көзқарасы маңызды.
Актер динамикасы, эмоционалды-психологиялық көңіл-күйі, мәтіннің мағыналық мазмұнын беру, айтып тұрған тақырыбына өзінің сенімі, өзгені де сендіруі, ипмровизациясы, эмпатиясы арқылы көрерменді ақпаратты қабылдауға дайындап, белсенділігін арттырып, аудиторияның атмосфералық жағдайын қамтамасыз етеді.
Дикция, дауыс, екпін, тыныс, орфоэпия, ауызекі сөздің логикалық-интонациялық заңдылықтары, осының бәрі – сөйлеу шеберлігінің маңызды да қажетті қырлары. Сахнада әртістің аузынан шыққан үнге қойылатын ең басты талап – дыбыстың таза, анық болуы. Яғни, дикция дегеніміз – бұл дыбыстың анық айтылуы. Бұл ретте орфоэпиялық және логикалық сауаттылық талап етіліп, ойдың нақты, анық болуы қадағаланады.
Ұлттық театрымыздағы сахна тілі жастарға үлгі болуы тиіс. Біздің театрларымыз, ұлттық сөйлеу мектебі, сөйлеу мәдениетінің эталоны қалыптасқан театрлар.