А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы


Драматургиялық дискурстағы тілдік тұлға



бет8/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   95
1.5 Драматургиялық дискурстағы тілдік тұлға

Лингвистикалық ғылыми-қолданбалы парадигманың қазіргі кездегі даму деңгейі өзара байланысты ғылымдарды жаңа бағытта қарастыруда ауқымды теориялық база ұсынады.


Дискурстың антропоцентристік моделі (автор – мәтін – оқырман) тілдік шығарма (мәтін) төңірегінде шоғырланған, прагматикалық мазмұнға бай және коммуниканттардың жеке мінез-құлқын айқындайтын күрделі коммуникативті жүйе ретінде сипатталады. Демек, тілдік формалардың, тілдік жағдаяттардың болмысы, қарым-қатынасқа түсушілердің пресуппозициясы арқылы айқындалады.
Поэтикалық тілдің негізгі құраушысы – сөйлеуші тілдік тұлға болып табылады. Бұл ретте хабар жеткізуші тілдік тұлғаны әлеуметттік қарым-қатынас тұрғысынан мінсіз сапаға ие субьект ретінде қарастыруға болады.
Сөйлеушінің тілдік тұлғасы поэтикалық дискурстағы тыңдаушының тілдік тұлғасының өзге де компоненттерімен тығыз байланысты. Дискурс аясындағы тілдік тұлғаның стереотиптік және жеке қасиеттерін зерттегенде, олардың табиғаты кешенді өзара байланысты ғылымдар негізінде қарастырылмайтындықтан, табиғи теоретикалық лакундармен толығатынын байқаймыз. Бүгінде поэтикалық дискурстың антропоцентристік моделі жаңа ғылыми қырынан, яғни прагмалингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық ғылымдардың тоғысында қарастырылып отыр.
Біз сөз етіп отырған мәселенің ерекшелігі поэтикалық дискурстың антропоцентристік моделін кешенді зерттеудің маңыздылығына, ұлттық тілдік мәдениеттің көрініс табуына, поэтикалық дискурсты құрайтын сөйлеушінің тілдік тұлғасының лингвистикалық мәселелерін жаңарту қажеттілігіне негізделеді. Ол үшін поэтикалық дискурстың негізгі сапаларын (перформатифтілігін, интенциялығын) айқындау қажет.
Дискурс ұғымына өте жақын түсінік, бұл – диалогтар. Дискурс кез келген коммуникативтік акт ретінде негізгі екі рөлден адресант және адресаттан тұрады. Яғни, автор мен адресат орындарын ауыстырып, дискурсқа қатысушылар болып, диалог құрады. Егер дискурс ұзаққа созылып, бір ғана айтушымен шектелсе, онда монологқа айналады. Әрине, бір ғана сөйлеушісі бар монологты дискурс деуге келмейді, монолог кезінде де оны қабылдайтын адресат болу керек.
Сахналық дискурс ауызша – акустикалық негізде пайда болып, ойдың тууы мен түсінігі синхронды түрде бір мезетте жүзеге асады. Сондай-ақ, сахналық дискурста айтушы мен тыңдаушының қатысуына орай, жанды контакт, фрагментация бар. Сөйлеу үзік-үзік бөліктерден, интонациялық бірліктерден тұрады. Демек, дискурс – мәтіннің динамикалық қалпы, ол қатысымдық қызметте айқын танылады, тілді тұтынушының тұтастай тілдік тұлғасын көрсетеді. Сондықтан дискурс терминін тілдің қатысымдық қызметіндегі барлық қолданысын біріктіретін атау деуге болады.
Көркем диалогтылықтың (диалогичность) сөздегі семантиканы күрделілендіретін (ассоциативтікті тереңдету, көптеген контекстік-құрылымдық байланысқа ену, кейбір элементтердің мәндерін өзекті ету арқылы және т.б.) ерекшелігі көп жағдайда диалогтық немесе драматургиялық өзгешеліктерді анықтайды.
XXI ғасырдың басында көркем әдебиеттегі диалогтылықты кеңейту және нақтылау бойынша жүргізілген зерттеулер диалогтылықтың көркем әдебиет тіліндегі ерекше бағыттың бірі екендігін көрсетті.
Прагматика және басқа салалардағы мамандардың, семиологтардың, филолог-постструктуралистердің жеткен жетістіктері негізінде, дискурс ұғымы қазіргі жалпы лингвистика және гуманитарлық ғылымдар саласында бірден-бір маңызды ұғым болып танылады.
Дискурс көпжақты категориялы құбылыс ретінде бірнеше құрылымды қамтиды: «1) вербальдық (сөйлеу) тәртіп; 2) акустикалық тәртіп; (дауыс қаттылығы, үн басымдылығы, дауыс ырғағын келтіру, дауыс қарқыны, үзіліс, ырғақ ұстау); 3) кинесикалық тәртіп (мимика, ишара, қалып); 4) кеңістіктік тәртіп (проксемика, қарым-қатынаста кеңістіктікті пайдалану)» [35, 51 б.].
Түрлі жанрдағы әдеби шығармаларда қолданылатын көркем сөздер, арнайы коммуникативтік жүйені көрсетеді, онда барлық қолданылатын тілдік құралдар ең алдымен эстетикалық міндетті жүзеге асыруға бағындырылады. Бұл сөздік құрылымның тілдік емес болмыспен арақатынасының ерекшелігін анықтайды. Әрине, мұндай арақатынастың әртүрлілігі мен ерекшелігін көрсеткен жағдайда, көркем шығарманың кезеңдермен байланыстылығын, оның белгілі бір әдеби бағытқа жататынын автордың қолданған әдісі мен жанрын, идиолект өзгешеліктерін және басқа да факторларды ескерусіз қалдыруға болмайды.
Бүгінде лингвистикалық зерттеулер жүргізу барысында, көркем мәтіндердің дискурсивтік сипатын зерттеу бірден-бір жетекші орында тұр. Яғни, дискурстық талдау элементтерін пайдаланып, көптеген сөз өнеріндегі көркем шығармаларды философия, психология, мәдениеттану, т.б. салаларды қамти отырып, кешенді әдіс арқылы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әсіресе соңғы жылдары мұндай түрдегі көркем мәтіндерді зерттеуге қызығушылық артып отыр.
Бүгінгі таңдағы тіл білімінде жанрлық-стилистикалық вариациялардың әдеттен тыс түрлілігі, сөз өнеріндегі композициялық құрылымдардың көркемдік жүйедегі көрінісі бойынша «әрекеттегі тілдің» деңгейі мен сипаты таңғаларлық кең диапазонда көрініс табуда.
Мысалы, А.К. Михальская «Основы риторики» (1996) атты еңбегінде пьеса мәтінін сахналық көріністерге, құбылыстарға және суреттерге бөліп көрсете отырып былай дейді: «Драматургтердің пьеса мәтінін әрекеттерге, сахнаға, құбылыстар мен көріністерге бөліп қарауы лингвистер мен қазіргі кезеңдегі риториканы зерттеп жүрген мамандардың сөз құбылысын талдауына қатысты еңбектеріне сәйкес келеді. Пьеса мәтіні дегеніміз – ол шын мәнінде дискурс болып табылады, дұрысын айтқанда, мәтіннің сөздік (вербальдық) бөлігі, ал пьесаны үлкен бөлімдерге бөлу (әрекеттер), кейде одан кіші бөліктерге жіктеу (сахналық суреттер) және сахнадағы көріністерді құрайтын өте кіші бөліктер арқылы құбылыстар жасау – бұлар драмалық шығарманың дискурстық құрылымын анықтау болып табылады. Дискурс бірліктері (әрекеттер, сахна, құбылыстар, суреттер) бір-біріне қабысып жатуы тиіс. Тілдік құбылыс классикалық пьесадағы құбылыстарға ұқсас келеді: мұнда қатысушылардың нақты белгіленген құрамы бар – әрекет етуші адамдар, «құбылыс» өтетін жағдай және онда жүргізілетін диалог (дискурс) бар. Егер қатынасушылар құрамы өзгерсе (жаңа кейіпкерлер шығып, бұрынғылары кетеді) немесе «декорация ауыстырылса» жаңа көрініс алға шығады, бұл жаңа тілдік құбылыс туады деген сөз» [36, 48 б.].
Нақты драмалық мәтіннің дискурсивтілігін танытуда театрлық семиотикадағы француздық филолог-постструктуралистік топ өкілдері
Ролан Барт, Патрис Пави, А. Юберсфельд т.б. келулерін айтуға болады.
Ғалымдар тарапынан аталған бағыттағы концепцияны жүзеге асыруда
П. Павидің 1987 ж. Францияда жарық көрген «Театр сөздігі» атты еңбегі зор болды. Сөздік 1991 жылы көптеген еуропа елдері тілдеріне және орыс тіліне аударылды. Осы сөздікке арналған қысқаша алғысөзінде А. Юберсфельд театрлық семиотика өкілдерінің театрды ұғынуына былай деп баға береді: «Театрдың адамзаттың ерте кезеңдегі тарихына қатысты маңызды көркемдік тәжірибе екені белгілі. Патрис Павидің «Театр сөздігі» еңбегі осы мәдени тәжірибе мен ерте заманғы және өнердің қазіргі кезеңдегі формасы мен эстетикасы арасындағы үздіксіз байланыс үдерісін көрсетеді» [37, 198 б.]. Сөйтіп, ғалым, көркем универсум ретіндегі драматургиялық мәтін феноменінің көптеген гуманитарлық ғылымдармен тығыз байланысын тұжырымдайды.
Театр – кодталған тәжірибе, ал жасырылған кодтарды анықтау өте қажет және қызықты нәрсе. Сахнада бұрынғы нысандарды анықтайтын кодтар әлі де қолданыста жүр ме, немесе қазіргі кезеңде қолданылып отырған және белгіленген жасырын кодтар бар ма? Қалай болғанда да жоғарыдағы сөздік, театр тарихының сөздігі бола алмағанмен, театрлық нысандар мен әдістердің эволюциясын ескеріп, оларды айқындап жазып қою үшін де қажет.
Театр екі жақты аспектіде көрініс табатындықтан (сахнаға арналып жазылған мәтін және көркем сахналық қойылым), қазіргі таңдағы гуманитарлық ғылымдарда болып жатқан өзгерістердің мән-маңызын анықтау үшін де театрлық сөздіктер аса қажет.
Лингвистика және семиотика саласы көркемдік универсумдарды зерттеудің жаңа құралы болып отыр. Онда тілдік құралдар мен кез келген көркем тәжірибе көрініс табады. Ол туралы А. Юберсфельд: «Театр – өз кезегінде түрлі визуальды, дыбыстық, статистикалық және динамикалық, тілдік және тілдік емес белгілер жүйесін танытатын орын» [37, 190 б.],-дейді.
Театрлық семиотика арнасында зерттеулер жүргізу сонымен қатар, дискурс ұғымын алға шығарып, драматургиялық көркем шығарма мәтінін түбегейлі түсіндіруге, бұл ұғымның нақты жетілуіне (алдымен – постструктурализм позициясы негізінде), дискурстық талдау әдісін жасауға мүмкіндік берді.
Қай кезеңде жазылған драмалық шығармалар болмасын нысаны мен мазмұны бойынша ерекше әркелкі болады: өзара бір-біріне әсері, түрлі жанрлардың стильдік вариациялық тоғысуы, көркемдік әдістер, тақырыптар, әрекет етушілер типажы және т.б. ерекшеліктері – драмалық шығармаларда байқалып отыратын басты тенденциялар.
Драматургиялық мәтінге кешенді түрде филологиялық зерттеулер жүргізуде дискурстық талдауды қолдану, драматургтың ойын барынша адекватты түрде түсіндіруге жетелейді. Мұндайда дискурс-талдау пьесаның арқауының сөз жоқ, әлеуметтік, психологиялық, мәдени жақтарын біріктіре отырып, драматургиялық шығарманы жасаудағы автордың танымына әсер етуші басқа да сипаттарды зерттеп білуге мүмкіндік туғызады.
Дискурсивтік тұрғыдан көркем драматургиялық шығармаларды зерттеу – жаңа стилистиканы – ХХI ғасырдағы стилистиканың басқа қырларын жасауға әкелді. Бұл өз кезегінде әдеби тілдің шегінің кеңеюіне, қарапайым сөздің радикалды жағдайдағы мүмкіндіктерін белгілеуге жол ашады. Сондай-ақ, шектеулі түрде қолданылатын лексиканың жалпылай пайдаланылуын нығайтады, активті және пассивті сөздіктегі стилистикалық белгіленген қайта бөлінулерді нақтылайды, түрлі бағыттағы жаңа құрылымдардың міндеттік параметрлерін айқындайды.
Театрлық семиотика үшін дискурс категорияларын есепке алудың мәні бар. «Егер дискурс (сөз арқылы) ұғымы астарында «пікір айту» мағынасы тұратын болса, оған дискурсивтік механизмдік көзқарас шарты қойылады» (Геспен). Бұл тұста спектакль дискурсы – мәтіндік және сахналық материалдардың қойылған пьесаның ритмі мен өзара тәуелділігінің ұйымдастырылуына байланысты болады» [38, 81 б.].
Драмалық тілді зерттеудің дәстүрлі әдістерін дискурс-талдау элементтерімен толықтыру мынадай мүмкіндіктерді береді: толық және көпқырлы түрде драматургиялық эстетикалық күрделілендірілген барлық тілдік құрылымдарды зерттеуге, көркем шығарманың мәтіні астарындағы ассоциативтік мәндерді «реттеуге», бір жағынан оны нақты кейіпкерлер бейнесі арқылы (жеке дискурстар деңгейінде), екінші жағынан – драматургтың концептуалды-эстетикалық позициясы (жан-жақты қамтылған дискурс деңгейінде) негізінде қарастыруға болады.
Театрлық дискурстың табиғаты туралы А. Юберсфельд айтқан пікір, біздіңше, анық әрі дәл сияқты: «Театрлық дискурс өзінің табиғаты бойынша, сөйлесудің сипаты туралы сұрақ болып табылады: Яғни, «кім кіммен сөйлесіп жатыр және қандай жағдайда сөйлесуге болады?».
Дискурс-талдауды қолдану драматургиялық диалогты толық меңгеру үшін жаңа жол ашты. Драматургиялық диалог жеке фрагменттердің тізбегін құрайды. Яғни мұнда әңгімелесушімен микродиалог құру орын алады. Сондықтан ережеге сәйкес, бұл фрагменттер тақырыптық және конструктивті байланыспен өзгешеленеді.
Сонымен, драмалық мәтіндерде дискурсивті талдауды қолдану драматургтің түпкі ойын адекватты талқылауға мүмкіндік береді. Дегенмен де, бұл жағдайда дискурс-талдау драмалық шығарманы жасау үдерісіндегі автордың танымына әсер ететін әлеуметтік, психологиялық, мәдени және басқа да сипаттағы факторлардың негізіндегі пьесаның сөздік қорын тікелей меңгеруге негізделеді. Сондай-ақ, дискурсивті талдау драматург ойын толығырақ қабылдауға мүмкіндік туғызады, өйткені ол драмалық шығарманы оқудың шынайылық принципін жүзеге асыруға көмектеседі.
Драматургтің дарыны ең бірінші кейіпкер сөзінде іске асатыны белгілі. Пьесадағы әрекет етуші тұлғаның сөйлеу стихиясы басталғанда-ақ автор алдымен өзіне назар аудартады, яғни нормативті лексиканы қолданғанда-ақ автордың стилі белгілі болады.
Драмалық дискурстың дүмпуі болмаса оқырман да, көрермен де пьесаға қызығушылық танытпас еді. Кез-келген пьесаны бастапқыда екі «өмір сүруге бағдарланған» айғақпен түсіндіруге болады: әдеби шығармадағы «өмірі» – көркем мәтін, ал сахналық өмірі – спектакль ретінде қабылданады.
Қазіргі таңда сөйлеуші тілдік тұлға поэтикалық дискурстағы әмбебап антропоцентристік модельдің бөлшегі ретінде қарастыруды қажет етеді.
Сахнадағы сөйлеу актісінің дискурстық сипаты туралы С.Б. Альпатина: «Сахна тіліндегі дискурс дайындықсыз еркін түрде жүзеге аспайды. Сахна тілі эмоция мен экспрессияға бай болып келеді. Драмалық шығарманың мазмұндық ерекшелігіне орай әртүрлі мақсаттағы сөйлеу актілері жүзеге асады. Сахнадағы дискурста сөйлеуші де, тыңдаушы да, көрермен де, сөйлеу жағдаяты да бар. Дискурстағы сөйлеуші мен тыңдаушының қарым-қатынасындағы сөйлеу мақсатының жүзеге асуы кешенді түрде болады» [39, 9 б.],-дейді.
Ал осы тілдік тұлғаның қалыптасуы туралы белгілі ғалым Н. Уәли «Тілдік тұлға тек тілдің ғана субьектісі емес, адресант пен адресат ретінде сөздің де субьектісі. Дәстүрлі парадигмада сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, бейдәстүрлі парадигмада сөз мәдениетінің түп қазығы тілдік тұлға болуға тиіс» [33, 58 б.],-деп көрсетеді.
Тілдік тұлғаның дискурстық моделі мен концептуалдық жүйесі туралы зерттеуші Г.Ә. Мұратова былай дейді: « ...Ұлттық мәдениетті меңгеру мен психологияның қалыптасуы тіл көмегі арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан тілдік тұлғаның болмысын зерделеу кешенді талдау негізінде тарихи-мәдени қайнар көздерді, мәтіннің этноұлттық ерекшеліктері мен әлеуметтік сипатын, халықтың философиялық дүниетанымы мен психологиялық мінездемесін айқындау арқылы іске асуы және адамның тілдік болмысын түсінуге, зерделеуге жетелейтін лингвистикалық категория ретіндегі тілдік тұлға құбылысы қазіргі білім парадигмасының мазмұнын, күй-қалпын айқындаушы маңызды ғылыми ұғымға айналуда» [40, 10 б.].
Нәтижесінде дискурстық талдаудың зерттеу нысанын қарастыруда, дискурстың динамикалық характері бірінші орынға қойылады. Демек, дискурстық талдаулардың қатарына контекстуалды-когнитивті және прагматикалық факторлар (жағдаяттар контексі, әлемді тану ілімі, пресуппозиция) жатады.
Сондықтан, этнолингвистикада дискурстық мәдениетті танытатын мәтіндер әлемдегі ментальды фрагменттер болып табылады. Әлеуметтік лингвистикада дискурсты коммуникативтік жағдаяттар есебінде қабылдау қалыптасқан. Ал психолингвистикада дискурс түрлі типтегі мәтіндердегі (жазбаша және ауызша) тілдік әрекеттер негізінде қарастырылады.
Сондықтан, бүгінде лингвомәдениеттану аясында тіл және ойлау, тіл және тілдік тұлға, тіл және мәдениеттің өзара байланысы жіті қарастырылуда. Лингвомәдениеттану көптеген филологиялық парадигмаларды, соның ішінде антропоцентристік, функционалдық, прагматикалық, салыстырмалы-салғастырмалы, лингвокогнитивті, коммуникативті, яғни, интердисциплинарлы мәселелерді қамтиды.
Тіл мен мәдениеттің арақатынасындағы өзгешеліктерді қарастыратын лингвомәдениеттануды зерттеудің ауқымы өте кең. Аталмыш саладағы зерттеулерді В. Фон Гумбольдт, Э. Сепир, Г. Пальмер, Дж. Гринберг,
Е.С. Кубрякова, Ю.Н. Караулов, В. Телия т.б. еңбектерінен кездестіруге болады.
Лингвомәдениеттанудың нысаны – репрезентанттың тілдік-мәдени кодын атқаратын тіл болып табылады. Яғни, лингвомәдени код тіл және мәдениеттің кешенді қызметін қамтиды. Демек, лингвомәдени кодтың иесі – тілдік тұлға болып есептеледі.
Тіл және тілдік тұлға да белгілі бір мәдени ортада өмір сүреді. Ал мәдениет болса, белгілі үш нәрсені қамтиды. Біріншіден, адамның материалдық және рухани қажеттілігін, екіншіден, мәдениетті тұтынушылық, үшіншіден, институционалдық байланыстарды жүзеге асырады. Мұндай жағдайда мәдениетті құрайтын әлеуметтік-психологиялық, модустық және өркениеттілік бағыттарды көрсетуге болады.
Бұл ретте орыс ғалымы С.В. Иванова: «Соответственно, специфику, обусловленную принадлежностью к определенному этносу, будет логично именовать национальной, или этнокультурной, или национально-культурной. Культурно-языковая специфика предполагает особенности проявления лингво-культурных связей в широком смысле. Итак, лингво-культурное исследование сосредоточено на анализе национальной специфики, реализующейся в особенностях культурно-языкового взаймодействия. При этом данное взаимодействие покрывает широкую область фактов языка и культуры. Им оказывается охваченной вся система языка, а также все пространство культуры что предполагает учет трех ее составляющих: цивилизационной, социально-психологической и модусной» [41, 12 б.],-деп атап көрсетеді. Мұндағы өркениетті мәдениет адамзат дамуының түрлі дәрежедегі техникалық және технологиялық тұрғыдан жетілуіне қатысын қарастырады.
Әлеуметтік-психологиялық мәдениет ұлттық характер, менталитет, халықтың болмыс-бітімінің көрінісін зерттейді. Ал модустық қызметі болса, шындықты көрсету тәсілдерін, ақпаратты қабылдау және беру жағын көздейді.
Тілдік тұлға категориясына жүгіну мақсаты «көркем бейненің тілдік әрекеттеріндегі негізгі стихияларын заттандыру» ұғымы арқылы алдын-ала анықталады (Ю.Н. Караулов).
Драмаға қатысты жағдайларда, тек тілдік тұлға феномені ғана кейіпкерлердің тілдік стихиясының таралу сипатын анықтайды, сонымен қатар, драмалық шығармалар құрылымының кейбір бөліктері тілдің қолданысының өзіндік ерекшеліктерін айқындайды.
Драмалық шығармалардың дискурстық сипатын зерттеуде кейіпкер тұлғасының тілдік, шығармашылық ішкі интенциясы айқындалып, оның ішкі дүниесі арқылы шығармалардың құрылымы да өзгеше болмыста құрылатындығы анық. Мәселен:
Ақан. Ұйқы өлімнің есінеуі ғой,
Көзім қалғып, көңілім ояу қалған екен, әйтеуір.
Серпіл көңілім,
Ән шарықтап, баяғыңа қайта бас!
Жүрегімді бір толқыт та,
Домбыраның құлағына бір ілін,
Шықсын даусың саңқ етіп!
Сорғалап кеп
Надандықтай жартасты соқ,
Қалсын жартас қаңсылап!
Қорқыт атам қобызындай,
Талмай, тартып күйіңді.
Фирдоуси мен Науаидай
Тарқатармын шеріңді!
Іздегенім өмір сенің толқының,
Еркін күлкің,
Қатты ашуың болса, бәрін көрсет те,
Бір жағаға лақтырып кет, өкінбен! (78) (Ғ.М.)
Міне, мұнда тілдік тұлғаның шығармашылық қиялы мен білімі аңғарылады. Драматургтің Ақан болып толғанысында өмірдегі оқиға сол тура мазмұны күйінде суреттеліп беріле салмаған. Ол автор ойы арқылы басқаша сипатта (сөздердің образдылық күші) бейнеленген. Көркем шығарма әлемінің құндылығы да автордың тілдік бейне арқылы өз жан дүниесінің шындығын көрсету.
Көркем шығарма түрлі тілдік тәсілдердің көмегі арқылы ғаламның көркем бейнесін жасайтындығы белгілі. Дүниетаным ұғымы объективті және субъективті факторларға байланысты екендігі тағы белгілі. Сондықтан, автор тaнымына өзі өмір сүрген тарихи кезең, әлеуметтік орта, ұлттық ғалам бейнесі өз әсерін тигізбей қоймайды.
М. Әуезов пен Ғ. Мүсірепов сол кездегі қазақ мәдениетіне тән символдар мен образдарды тудырады. Олар халықтың этникалық мәдениетін, дінін, аңыз-әпсанасын білетін тілдік тұлғалар қалыптастырды. Мысалы:
Ақан. Ақтоқтыдай Аяулыға,
Оқа емес еді айтсаң да...
Былтыр жазда көргенімде,
Қара көзі бір жалт етіп қалғанда,
«Ләхаулымнан» жаңылып бір кетіп ем,
Аяғандай, қайтып көзін салмап ед!
Ұрлап қана күрсінгендей болғанында ішінен,
Сол лебінен естен тана жазып ем.
Ұзын кірпік найзадай кеп қадалғанда кеудеме,
Сорлы жүрек құр дірілдеп, қалып еді қансырап!
Аузы ашылып кетпегей де, япырмау...
Сері дей бер,
Енді ешкімнен жасыратын сырым жоқ.
Бұл дүниені опасыз деп,
Безіп келіп еді де;
Өзі үйінде, ойы алыста,
Кезіп келіп еді де.
Сүю деген адам үшін ұлы дін бар тұрақты,
Анаң – Хауа, атаң – Адам
Сол дін үшін тастап кеткен жұмақты...
Осы діннің пайғамбары болуға,
Көкшетауға көшеді де сері Ақан!
Бұ да ескі жұрт,
Сері біткен таптап сарып,
Ығыр еткен мұны да.
Амалым не, үнім де еркін,
Тыным да еркін шыға алатын
Сар жайлауым осында!
Қондым осы жұртыма! (82 б.)
Мұндағы Ақанның шерге толы ғашықтық сөздері адамның ойы мен эмоциясын оятуға бағытталған. Ал көрермен оны өз түйсігі мен сезімі арқылы қабылдайды. Осындағы көркем мәтін элементтерінің өзгешелігі де суреткердің ішкі жан дүниесін, таным тереңін көрсететін тілдік тұлғасын, жеке стилін айғақтайды. Демек, мұнда ұлы суреткер өз қиял дүниесінің қайталанбас бейнесін қалыптастырған.
Қос мағынаны ұштастыра отырып, тілдік бірліктердің семантикасын ұғындыру сөз семантикасының түрлі қырларын талдау үшін аса қажет шарттардың бірі. Мәселен, жоғарыдағы мысалдағы сорлы жүрек, опасыз дүние тіркесімдері қазақтың танымын, эмоциясы мен сезімін жеткізудегі тірек сөз бола алатын тілдік бірліктер. Пьесадағы тілдік тұлғалардың әр сөздің мәнін жыға танып, әр сөздің қадір-қасиетін білгендігін осындай сөздері дәлелдейді.
Драматургиялық дискурста кейіпкерлер тілінің қызметі өте зор, пьесаның көркемдік құрылым кеңістігі аса кең. Драматургиялық дискурста автордың түпкі ойын беру, драматургтың индивидуалды-авторлық қолтаңбасын көрсету, ең алдымен суреткердің лингвостилистикалық сипаттағы қасиеттерін ашу мүмкіндігі мол.
Поэтикалық дискурстың әмбебап күрделі моделі семантикалық, синтаксистік, прагматикалық деңгейлерде қарастырылады. Мұндағы семантикалық зерттеу сөйлеуші мен тыңдаушының ақпаратты шынайы жеткізуімен байланысты болса, синтаксистік деңгей – тілдік формалардың мәтіндегі байланысын көрсетеді. Ал прагматикалық қызметі сөйлеуші мен тыңдаушының пресуппозициясы мен индивидуалды, әлеуметтік-ситуативті мінездемесіне, тілдік жағдаяттарға сүйенеді.
Тілдік тұлға поэтикалық дискурстың белсенді субьектісі ретінде белгілі бір лингвистикалық, және экстралингвистикалық құралдар арқылы коммуникацияда көрінеді. Демек, сөйлеушінің тілдік тұлғасы лингвистикалық, экстралингвистикалық элементтер арқылы қарастырылатын күрделі құрылым болып табылады. Мұндай құрылым инвариантты, когнитивті, прагматикалық негізде қалыптасады.
Инвариантты деңгей, яғни автордың тілдік тұлғасының құрылым деңгейі (вербальды-семантикалық, вербальды-грамматикалық, семантикалық-түзілімдік) тілдік бірліктерге қатысты қарастырылып, тілдік шығарманы құруға және қабылдауға негізделеді. Бұлар морфема, сөз, сөзформа, сөз тіркесі, синтаксема, басқару, келісу болып табылады.
Сондай-ақ тілдік тұлғаның когнитивтік құрылым деңгейі тілдік бірліктердің қатысуымен, яғни нақты тілдің иесі ретіндегі автордың тұрақты индивидуалды-концептуалды әлем бейнесін жеткізуімен жасалады. Мұндай бірліктерге денотат, сигнификат, фрейм, басты пікір (афоризмдер, сентенция, мәтелдер), фразеологизмдер, метафоралар жатады.
Сонымен қатар, тілдік бірліктер, тілдік тұлғаның әлем бейнесін танудағы динамикасы, белсенді позициясы арқылы ойын, мақсатын білдіруінде де көрініс табады. Мысалы, пресуппозиция, дейксис, дәлелдердің берілу тәсілі, жоспарлар, коммуникативті және тілдік стратегияларды тілдік тұлғаның прагматикалық деңгейінің құрылымы деуге болады.
Сөйлеуші тілдік тұлғаның инвариантты деңгейін талдау морфемаларға, сөз, сөз тіркесі, сөзформа және коммуникативтік ортада қабылданатын басқа да қолданыстағы нормативті модельдерге сүйенеді. Мұндай талдаулар тілдік нормалардың ерекшеліктерін меңгеруге бағытталады.
Лингвистикадағы «тіл – сөз – дискурс» үштағанына сүйенсек, біздің зерттеуіміздің нысаны болып отырған драма алдымен мәтін күйінде хатқа түсіп, мәтін ішінде орналасады. Одан кейін сахналану барысында нақты вербалды, бейвербалды тұлғалар арқылы сөйлеу актісі бойынша жүзеге асырылады. Соңында субстанциялық әрекет бойынша драма тілі дискурстық айналымда өмір сүреді.
Басқа өнер туындыларымен салыстырғанда, көркем әдебиет адамдардың тілдік қызметін қайта жаңғыртуға қабілетті. Көркем тілдің осы қасиетіне
М.М. Бахтин ерекше мән беріп, оны былай деп баса көрсетеді: «Әдебиеттің негізгі өзгешелігі – мұнда тіл коммуникация мен сөйлесудің құралы ғана емес, сонымен бірге бейнелеу нысаны. Тек көркем шығармада ғана біз сөйлеуші кейіпкерді бақылай аламыз, ол «өзі туралы» дауыстап айтуда өзін көрсете алатын сөз тасушы тұлға. Драматургиялық шығармада сөз сөйлейтін кейіпкерге ерекше рөл беріледі, онда әрекет етуші бейнелер арқылы тілдік-көркемдік құрылымның композициялық-стилистикалық аумағын танытуда тіл жетекші орында тұрады» [42, 28 б.].
Ал ЛитЭС-те (1987) «Драматургияда кейіпкерлер сөздері шешуші мәнге ие болады; әрекетке қатысушы бейнелердің айтқан сөздері мәтінде тұтас, үздіксіз желіні құрайды. Драмадағы және театрдағы сөз екі түрлі адресте жұмсалады: кейіпкер – актер сахналық бейнемен диалогқа түседі және ойын монологты түрде көрермендерге апеллирлі түрде жеткізеді»,-делінген [8, 100 б.].
Драмалық шығармаларда сөйлеу артықшылығына ие болған кейіпкер (тек осылар) көп жағдайда, басқа әдеби түрдегі субъектілерден ерекшеленеді және ұқсас та болып келеді.
Драмалық кейіпкер, бір жағынан лирикалық бейне болатындықтан, ол тек қана өз атынан сөйлейді, өзінің «менін» ашады – ойланады, әрекет етеді, ерік-қалауын білдіреді. Бір жағынан, ол эпикалық кейіпкерге ұқсас, сондықтан тек өзі ғана емес, басқа бейнелермен де бірде тығыз, бірде алшақ әрекет жасайды. Драмалық кейіпкер екі модус аралығындағы айрықта тіршілік етеді. Осы екі ипостас арасындағы қарама-қайшылық ойынның болмысын құрайды. Демек, бет-бейне мен тілдік перденің (языковая маска) айрықшаланатын тұсы да осында.
Драмада адамдарды тұлға дәрежесіне көтеру – басымдылыққа ие үрдістердің бірі. Драматург жетекші орынға нақты кейіпкерлер типін шығарып отырады.
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде реалистік әдістің орнығуы, табиғи мектептен бастау алады. Ол халықтық фольклор еді. Мәселен, М. Әуезов пьесалары XX ғасырдың бірінші жартысындағы өзіндік түрде қазақ өмірінің энциклопедиясы іспетті болды. Онда тарихи кейіпкерлер бейнесі және шынайы символикалық бейнелер көрсетілді. Соның ішінде ел кезген дәруіштен бастап, ел басқарған көшелі билердің көркем образдары дара тілдік ерекшеліктерімен құнды. Мұндай дара тілдік құбылыс кейіпкер бейнесінің психологиялық біржақты көрінуін де тежеуге әсер етті.
Сонымен, XX ғасырдың басында қазақ драматургиясында жетекші әдіс ретінде реалистік әдіс толық орнықты. Қалай десек те, өткен күннің бір белгісі болып табылатын драмалық көркем дүниелерінде Ж. Аймауытов, Б. Майлин,
М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов кейіпкерлерінің қайталанбас дара тілдік жүйесін жасады.
Кейіпкерлердің психологизмін терең көрсетуде жаңашылдық сипат енгізген Ғ. Мүсірепов болды. Драматург өзінің шығармаларында ішкі әрекеттерге баса назар аудару, кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, олардың көңіл-күйіне үңілдіру арқылы, сыртқы әрекетті дамтушылықтың қажеттігін жоққа шығарды. Сондықтан пьесадағы қайсыбір кейіпкердің ішкі монологтарды іске асыруы авторлық қызығушылықтың, жаңашылдыққа ұмтылыстың көрсеткіші болады. Мұндайда драматургтер көркем бейненің психологиясын ашуға жаңаша акцент бере отырып, оның жан дүниесінің қалтарысын көрсетуге күш салды.
Т.Г. Винокур «Язык современной драматургии» (1977) атты еңбегінде XХ жүзжылдықтың 60-70 жылдарындағы орыс драматургиялық мәтіндерінің ерекшеліктерін талдай келіп, осы кезеңдегі пьесалар тілінің бірден-бір ерекшелігі «әлеуметтік-топтық» принципінде кейіпкерлер тілін индивидуализациялау болып табылады, оның нысандары, концентрациясы басым болуын жаңаша үлгі деп тану қажет деп есептейді. Біз де осы пікірге қосыла отырып, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Ғ. Мүсірепов кейіпкерлерінің тілін «әлеуметтік-топтық» ерекшеліктерімен индивидуализацияланған классикалық реалистік бағыттағы үлгі деп санаймыз.
Драматургиялық кейіпкерлердің өзіндік ерекшеліктерін, яғни белгілі бір типтегі тілдік мәнерді қолданушыларды анықтау Ю.Н. Карауловтың ұсынған «тілдік тұлға» моделі арқылы қарастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан автор: «составляющий указанную структуру набор языковых умений может расцениваться как определенный (лингвистический) коррелят черт духовного облика целестной личности, отражающей в специфической языковой форме ее социальные, этические, психологические, эстетически составляющие, т.е. опредмечивающей в речевых поступках основные стихии художественного образа»,-деп көрсетеді [43, 71 б.].
Пьеса кейіпкерлері, әрине, өздерін оқуда немесе жазуда көрсете алмайды, мұндай мүмкіндік оларда жоқ, тек ішкі сөз (ішкі монологтар) сияқты тілдік қызмет түрлері, пьесаның сахналық түрде жүзеге асырылуына құрылады.
Аталмыш кезеңдегі пьеса авторлары көркем образдар жасауда кейіпкерлерінің тіл тазалығына басым түрде назар аударып, сол арқылы олардың жан-дүниесінің ізденісін, интенсивті ішкі өмірлерінің арпалысын көрсетеді.
Драматургиялық дискурс нақты адресат пен адресанттың арасындағы көзбе-көз жүзеге асатын ағымдық сипатқа ие сөйлеу әрекеті.
Нақты уақытта, белгілі бір орында, нақты коммуниканттар арасында жүзеге асатын драматургиялық дискурстың табиғаты субстанцияға (тілдік тұлғаның өзара қарым-қатынас жасап, ақпарат алмасуы) жатады.
Драма тілі де көп пропозициялы дискурс түріне жатады. Оның ішінде макропропозициялар, әрекет және күй пропозициялары ерекше орын алады. Бұл туралы ғалым К.Қ. Садированың «Қазақ тіліндегі көп пропозициялы дискурстың құрылымдық негіздері» (2009) атты зерттеуінде көп пропозициялы дискурс когнитивтік-семантикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Автор: «Көп проппозициялы дискурс танымның, ғалам туралы білімнің тілдегі көрінісін жеткізетін бірлік. Демек, онда ұлттық таным да көрініс табады. Оны зерттеу тілдің, сөздің (речь) коммуникативтік қызметінің когнитивтік астарын, тетігін анықтап, дискурс пен мәтін арасын ажыратуға ғана емес, коммуникативтік тұлға сөзінің, қазақша сөз сөйлеудің оң және теріс өзгерістеріндегі әсер ететін факторларды ажыратуға, ұлттық танымды бекітетін модельдерді саналы түрде іске қосуға мүмкіндік береді»,-деп тұжырымдайды [44, 9 б.]. Демек, драматургия тілі халықтың тарихи-мәдени өмірінен хабардар ететін тілдік деректік ақпарат көздеріне ие.
Сонымен, тіл – әлеуметсіз өмір сүре алмайды. Бұл жағдай көркем әдебиет тілінің ішінде, әсіресе, драма тіліне де қатысты. Өйткені, драматургия тікелей әлеуметке бағытталатын жанр.
Ал сахнадағы тілдік тұлға – ұлттық тілдің нағыз сапасын жинақтап сақтаушы субъект болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет