Арнау өлеңдері Ақан мұрасында жанрлық түрдің бірі ретінде
Поэзия сырттай қарағанда біртұтас көрінгенімен, оның да жанрлық түрлері көп екенін байқаймыз. Мəселен, Ақан сері мұрасындағы жанрлық түрдің бірі — арнау өлеңдер.
Арнау түрінде жазылған өлеңдер əлем əдебиетінде, соның ішінде қазақ поэзиясында баршылық. Қазақ арнау өлеңдерінің бұлақ көзі тереңнен арна тартады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, сонау VI–VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерінде «Түркі халқы, тыңдаңдар!» деп басталатын арнау өлең бар екені белгілі.
Ақанның арнау өлеңдері не бірыңғай мақтаудан, не бірыңғай даттаудан тұрмайды. Көбіне адамдардың жақсы мінез-құлығына сүйініп, ризалық білдіреді.
Бірде Көкшетау еліне келін алуға ақмолалық құда-күйеулер «Əнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп шырқайтын Ғазиз əншіні ала келген екен. Той жасалып, ақындар, əншілер, қобызшы- домбырашылар жиналады. Сол үлкен тойға Көкшетау елі Ақанды алғызыпты.
Ойын-тойдың гүлі Ақан сері келіп жеткенде, Ғазиз «Құлагер» жырын күңірентіп қоя береді.
Əннің бітер тұсында Ғазиз:
Ай, Бөрібай, Ай, Бөрібай.
Беу, Құлагерім-ай. Қайран, серім-ай, —
деген қайырма қосады.
Ғазиздің іші-бауырыңды елжіретіп, ішкі сарайыңды, санаңды баурап айтқан əнін естіген Ақан сері:
Басасыз шаттандырып «Құлагерді»,
Басқан сайын ашасыз ішкі зарды.
Ақмола уезінің өнерпазы
Мадақтамай болмайды Ғазиз ерді.
Жігіттің дүрри жауһар дүрі екенсіз,
Дүние жаннатының гүлі екенсіз.
Нағашы атаң дұрыс айтқан бəрімізге
Əншінің барып тұрған сыры екенсіз, — деп бағалайды əн дүлдүлін.
Ғазиз ақын:
– Құлагерден де жүйрік бір ат тауып берсем, қайғыңыз сейілер ме еді? — деп тіл қатады. Серінің сондағы айтқаны:
Биеден енді тумас ондай құлын,
Табылмас жинасаң да дүние-пұлың.
Шерімді іште жатқан қозғаған соң,
Əншейін айтқаным ғой көңіл мұңын.
Ғазиздің азаматтығын лайықты бағалап, жиын-тойдың гүлі, «жігіттің дүрри жауһар дүрі екенсіз» деп тегін айтпасы кəміл. Себебі халық əншісі, ақын, композитор Ғазиз Файзоллаұлы — өз дəуірінің саналы, санаулы саңлақтарымен қатарлас шыққан өнерпаз, сері. Өзінің төлтума əндерін он екі тілді гармонмен орындаған. Мұндай қасиет екінің біріне бұйыра бермейді. Сондықтан Ақан сері оған құрметпен қараған, өнеріне ден қойған:
Дəм айдап Көкшетауға келіп қапсыз,
Жақсымен танысуға жыр екенсіз.
Елдегі ақын-əнші екеу болса,
Дəл соның қатарында бірі екенсіз.
Бұл — Ақан секілді атақты өнер иесінің Ғазиз ақынға берген əділ бағасы.
Ақанның арнау өлеңдерінің көлемі шағын болып келеді. Ол «Бименде болысқа» деген арнауында:
Əуелі сөзі бастайын бір Құдайдан, Құдай егіз жаратқан —
Арғын, Найман.
Басқа жүзден Орта жүз дара шығып
Дүниеге өсіп-өніп қанат жайған.
Екінші сөз сөйлейін —
Абылайдан Хандықпен аты шыққан əрбір жайдан.
Ұранға атын қосқан Абылайдың,
Сөйлейін Төлекұлы Сандыбайдан.
Сандыбай шыққан еді асыл тектен,
Қарадан хан боп өткен ақсүйектен.
Қара қалмақ Тортайдың басын кесіп,
Бақ алған он жетіде жекпе-жектен.
Ерлігі үш алашқа мағлұм болып,
Ұранға аты шыққан сол себептен.
Атасы Сандыбайдың Тулақ-Төлек,
Ішінде Орта жүздің заты бөлек,
Жеті атадан келеді билік құрып,
Бəрін де келістіріп айту керек.
Жарасар не десем де асыл затқа,
Құдайдың қалауымен жеткен баққа,
Достарыңызбен бөлісу: |