2. Абай және шағатай әдебиеті Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Үйткені Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын.
Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «Әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «Сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы катынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті.
Екіншісі — қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөле таныс ескі Орта Азия үлгісі — шағатай әдебиеті.
Абайдың алды осы екеуі ғана. Абайдан бұрынғы қазақ әдебиеті бұл екеуінің шарасынан шығып көрмеген-ді. Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде осы қолда бар қалыпқа құйылған. Бірқатар сыншылар соңғы кезде де Абай шағатай әдебиетінің шеңгелінен шыға алған жоқ деп мойындайтын сияқты. Бірақ, менің байқауымша, Абай мұны 13-19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, сонан кейін суынып, тастап кеткен тәрізді.
Шағатай әдебиетінің алдымен көзге түсер ерекшелігі — мистицизм, диуаналық лирика. Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның ғашықтығының түрі де бөлек, объекті кім екені белгісіз: құдай ма? әйел ме? — тіпті, еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық. Кәне, Абайда бұл бар ма? — ұшқыны да жоқ.
Жам-у жәм ишрә һузур суы насибумдур мәдам,
Сағия! — та тәркі жам әйләп, геда болдум сеңа!
(Навои).
«Рюмке ішіндегі салдуарлық суы мәңгілікті несібем (еді). Ей, арақ құюшы! — рюмкеден баз кешуге де бардым саған («саған» деп ғашығына айтады — Қ. Ж.), бенде (ке-дей) болдым!» деген сияқты диуаналықты Абайдан тауып болмайды. Абай, «Шырақтар, ынталарың «менікінде» болмасын», — деуімен дүниеге қол сілтеген сұпы болып шықпайды. Ол «мен»-ді кірлететін «менікіне» ғана қарсы. Иран-шағатай мистицизмінің қашып құтыла алмайтыны — сол «мен» — «нәпсі» емес пе? Сондықтан Абай ғашықтықты қаншама өзегін өртей суреттесе де, ғашығының «аяғын жалап», басын бүкпейді. Берілгені соншама, «Саған құрбан мал мен бас» деп, өліп кетуге даяр, бірақ Абайдың көксеген өлімі «еңкейіп өлу» емес, «мендігін» сақтай, шалқайып өлу […].
Дүние азабының тізесі батып, көресіні көре-көре «құдай салды»-ға көнген, өлім мен тіршіліктің жігін жоғалтқан, қарсыласар дәрмен көксемей, тағдырдың лағынат қамытына мойнын өзі сұққан көнбістілік, құлдың идеалы — міне, иран-шағатай әдебиет мистицизмі салған жол осы.
Абай бұдан аулақ. Бұл — қолмен болмаса да, оймен бостандық іздеп, «көппен көрген ұлы тойды» бұзбақ болған адам. Тағдыр қамытынан қалай босанудың жолын, әдісін, рас, таба алмаған. Бірақ, бұлқынбады деу — зорлық.
Міне, осы біріндегі «мен»-нен қашу, біріндегі «мен»-ді ардақтау — Абай мен шағатайдың басын бір қазанға сыйдырмайтын.
Бұл жағынан Абайды шағатайға ұқсатушы да жоқ болмау керек. Бірақ біз Абайдың пікір бағыты, әдеби нысанасы сопышылдық жолынан аулақ екенін айтумен, осы аулақтықтың Абай өлеңінің поэтикалық техникасына да шалығын тигізгендігін мойындағымыз келеді. Үйткені Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ, оның ойы да — сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сыярлық қана болып қоймайды; бірі олай, бірі бұлай да кетпейді; солардың әрқайсысы, үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді шығарады, тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады. Дін, құдай жайын өлең қылса, «Мәкен берген, халық қылған — ол ләмәкән», «Уә күтубиһи дегенмен ісі бар ма?» деп арабшалап кетеді; орыс мектебі, Салтыков, Толстойларды сөз қылса, жаңа кәсіпке шақырса, «здравомыслящий», «занимайся прямотой» деп орысшылап та қояды. Берілген көңілдің шабытына, көтеріңкі бәсеңдігіне қарай, түрленіп, грамматикалық формалары бірде есім, бірде етістік болса, өлең өлшеуі, ырғағы бірде шұбалаң, бірде жүрдек болып келеді. Сөйтіп, Абай өлеңінің мазмұны өзіне лайық түрге орана келсе, түрі де бойына шақ мазмұнын жамылып келеді. Түр мен мазмұн тек жарасып отырмайды, «бірі-біріне ауысып, бірінен-біріне құйылып» отырады.
Осындай іш пен сырттың біте қайнап, қосылған Абайда шағатайдың іші болып, сырты болмауы немесе сырты болып тұрып, іші болмауы мүмкін де емес. Ондай диссонансты Абай гармониясы көтермейді.
Рас, алғашқы әзірде, өлең дүниесіне қадам басқан кезде, шағатай қармағына Абай да ілінген. Бірақ, көп ұзамай ол қармақтан бұлқынып шығып кеткен сияқты. Әзірге белгілі әр кезеңіне жататын 3-ақ өлеңі бар. Оның да бірінің бас-аяғы жоқ. Бірақ, осы аз өлеңінің өзін жазылған мезгілдері мен формалары арасындағы үйлесімі жағынан алып қарағанда, шағатай қаумасынан Абайдың бір аттаса-ақ шығайын деп тұрғанын көру қиын емес.
Үш өлеңнің екеуі 1858 жылы (13 жасында) жазылған да, қалған біреуі бұдан алты жыл кейін 1864 жылы жазылған. Міне, осы алты жылдың өзі шағатай әдебиеті мен Абай арасына едәуір сына болып табылған. 1858 жылы жазылған өлеңдерінің екеуі екі басқа өлең екеніне ешкім таласа алмас. Үйткені бірін қызға айтқан да, біреуі иран-шағатай ақындарына арналған. Екі өлеңнің өлшеуі де екі басқа. Бірақ солай бола тұрып, осы екі өлең бір-біріне сондай ұқсас, бұл ұқсастықты әлдеқалай бола қалған деуге сыяр емес. Бұл екеуінде мезгіл бірлігіне Абайдың әдеби көзқарасының, әдеби техникасының бірлігі де сай келіп, ол Абайдың қай Абай екенін айтып тұр. Ол — иран, шағатай әдебиетінің классиктерімен танысқан, оларды ұғынған, шеберлігіне қол қойған, сондықтан:
Фзули, Шәмси, Сәйхали
Навои, Сағди, Фердауси,
Хожа Хафуз — бу һәммәси
Мәдет бер, я, шағири фәрияд! —
деп солардан медет-жәрдем тілеген Абай. Ол — әлі бұлардың өнеріне өз көзімен қарауға шамасы келмеген, тек еліктей берген Абай.
Міне, бұл Абайдың өлеңдері, осы екі өлең — шын мағынасымен шағатайша шыққан. Өлең ұйқасымының лажсыздығы (заруата шағрия) қуып әкеп тыққанда, әсіресе, артықша орын алатын араб-парсы сөздері — шұбар тіл керек пе? Халық метрикасын менсінбей, ғаруз өлшеуін қолдану керек пе? Халық кәдесіндегі өлең ұйқасын, жолын жинап қойып:
Юзи — раушан, көзи — гәуһар,
Ләғилдек бет үши әһмәр,
Тамағи қардан һәм биһтар
Қаши құдрет, қоли шигә,-
сияқты үш рет жалғасынан ұйқасып келіп, төртіншіден бір түйіп отыру керек пе? — Бұл екі өлеңде осының бәрі де бар. Мұндағы теңеулер де көбінесе шағатай ақындарының мініп-мініп жауыр қылып тастағандары — қазақ сезіміне ұғымсыз бейнелер: «гәуһәр көз», «лағылдай (маржандай) үші қызыл бет», «Сүлеймен», «Шәмши», «Искендір» патшалардай мүлікті, байлығы мол адамдар. Кейінгі кезде тұрмыстың қандай қараңғы түкпірлеріне де жанары түскен кырағы көз әлі онда жоқ. Сондықтан тұрмыстан алынған бейне де жоқ. Күншығыс ақындарынан қалған, тозған бейнелерден шетке шықса-ақ «қасы — құдірет, қолы — шеге» сықылды үйлесімсіз сорлы суреттерге ұшырайды. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Айттым сәлем, қаламқас!»-тарды жазған кезде Абай сүйген сұлуына «қолың шегедей» демеген болар еді; қасты құдіретке теңеудің де орнын таба алмаған болар еді.
Міне, бұл — ақындық беті ашылмаған балаң Абай кезі. Абайда, осындай, түгелімен шағатай тұтқынында болған дәуір болуы, осы екі өлеңнің екеуінің бір жылда жазылуы, түрінің ұқсастығы осыны көрсетеді: екеуінде де шұбар тіл, екеуінде де ғаруз, екеуінде де үштен тастап, төрттен түйген тізгін ұйқасы, бірінде шағатай ақындарына сиыну болып, екіншісінде солардан қалған жауыр бейне болуы — осының бәрі, осыншама ұқсастық, бұл әлдеқалай, кездейсоқ нәрсе емес. Бұл — Абай ақындығының бір кезеңі — шағатайға еліктеу кезеңі, олардан шығып кетпек түгіл, оларды сынамақ түгіл, әлі олардың өз ішіндегі тәуірін таңдап алуға да, өз ішінен түр іздеуге де шамасы келмеген кезеңі.
Енді үшінші өлеңге («Әліп дек ай йүзіңе ғибрат еттім») келсек, мұны жазған кезде Абайдың бір аяғы шағатайда тұрса да, бір аяғы шетке аттауға таянған кезі көрінеді.
Мұнда алдымен көзге көрінетін — Абайдың шағатай әдебиетіндегі өлең техникасының бұлтарыстарын тегіс аралағандығы, өмірден безіп, кейіпті кескін таба алмай, алдындағы жазудың әріптерін бейне қылып пайдаланған шағатай ақындарының поэтикалық ойынына шейін барғандығы.
Я — ярым! қалай болар жауап сөзің?
Мәт — қасың, тәштит — кірпік, секін — көзің.
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар…
Араб әрпінің ас, үс, үтір, секін, тәштиттерінен көркемдік бейнесін іздеу шағатай ақындарына үйреншікті әдет болатын. Навоидің:
Қашларынден, кім ірәр қаниғ көңіл ішре қиял,
О — қызыл кәгәда Нун болұр,- шапақ ішреһилал.
(Қастарыңа көңілдегі қиял қанағаттанады, Ол — қызыл қағазды нұн әрпі, шапақ қызылдығына тұрған ай болып көрінеді) дегеніндегі қасты нұн әрпіне ұқсатуы, немесе:
«Жан»-ымдағы жем — ол екі далаңға пида;
Анден соң әліп — таза ниналіңға пида,
Нуні дағы-ғанбарлық һилалиңға пида,
Қалған екі нуқта — екі қалыңға пида!
(Жанымның «ж» әрпі ол екі қасына құрмандық, Онан соң, «а» әрпі таза бойыңа құрмандық, «н» әрпі дағы жақсы иісті ай жүзіңе құрмандық, Қалған екі ноқат (бірі «ж» ның, бірі «н» ноқаттары) бетіңдегі екі қалыңа құрмандық!), — деген өлеңіндегі ж, д, а, н әріптері мен ноқаттардың бірін ол, бірін бұл мүшелерге меңзетуі — осы әріп бейнесін ісіне асырған ақындық ойыны болатын. Абай осыған шейін барып, шағатай үлгісінің ұшығына шыққан түрі бар. Бұл алты жыл ішінде Абайдың түр іздеу екпіні көп өскендігін көрсетсе, оның үстіне әріп бейнесін шағатайша бейне түрінде қолдануға місе тұтпай, әріп орнына дыбыс алғанын, әр дыбысты сол дыбыспен басталатын сөзге символ есебінде ұстағанын көрсетеді: a — ай, б — бәле, т — тіл, с — саламат, ш — шекер, к — кәміл, м — мейірім, н — нала, тағы басқалар. Осының өзі шағатай үлгісін ішінен шіріте бастағаны болу керек.
Шынында «Әліп дек ай йүзіңе ғибрат еттім» өлеңі алдыңғы екі өлеңнен көріне басқа. Бұл — шағатайдан қашықтай бастаған, қазақтың өз үлгісі қайта бейімделе бастаған кезі болу керек. Тіліндегі шұбарлық нәлі қалмаған да болса, алдыңғы екі өлеңнен көп жеңіл, араб сөзі сирек кездеседі. Өлеңнің өлшеуі де ғарузша емес, буын өлшеулі ұйқасым қазақтың қара өлеңінше. Бұл кәдімгі 11 буынды қазақ өлеңі. Мұны да ғарузша құрылған дәуірлер болуы мүмкін. Ондай күман тудыратын екі-ақ жол бар, ол:
Би — бала и дәртіңе нисбәт еттім,
Си — сәна и мәдхіңа хұрмәт еттім.
Бұл екеуін күманды қылып тұрған — екеуінде де парсы изафетімен байланыстырылған «бала-и-дерт», «сәна-и-мәдх» деген араб-парсы сөздері болуы, изафетттің алдыңғы буыны созылып айтылған болғандықтан, «ұзындық-қысқалық» негізіне құрылған ғарузға ұқсап тұруы мүмкін. Бірақ бір өлеңнің құрылыс жүйесін, өзгесіне қарамай, тек екі жолына қарап шешуге болмайды. Бұл өлеңнің осы екі жолдан басқаларының бәрі, оның үстіне ұйқасымы қазақша құрылғанына дау қалдырмайды.
Ескі күншығыс ақынының әріп бейнесін дөп қолдануы өмірден қашықтап, қаламы мен әрпіне ғана қарап тізесін құшақтап қалған касталық жағдайын көрсетеді. Абай осы белеске шейін өрмелеп барып, шағатай жолының сорлылық үшіне шығып болып, одан безген сықылды. Осы өлеңкен кейін шығыс жұртына қонуды тоқтатқан. Бұдан соңғы Абай өлеңдерінен шағатай үлгісін іздеу, меніңше, құр арам тер.
Абай енгізген өлеңнің жаңа өлшеулерінің кейбірі, — кім біледі — ғарузаға ұқсап та тұратын шығар. Арабтың 28 әрпіне келетін комбинациясының ешқайсысын қалдырмай ұйқасым қуалаған Шығыс ақындарының тоқсан тарау өлең ұйқасымы мен өлшеуі Абайдың қайбір өлеңіне тура келіп те кететін шығар. Бірақ оған қарап, оп-оңай шеше салуға бұл мәселе көнбейді. Қазақтың өлеңінің бар өлшеуін — созып айтып, бұрмалап қараса, — ғарузадан шығаруға болады. Абайдың жаңа үлгілеріне де осыны істеуге болатын шығар […].
Сонымен, 1864 жылдан кейінгі Абайдан шағатай ықпалын іздеу — бос арам тер болып шығады. Үйткені: 1) шағатай әдебиетінің негізгі бағыты мистицизм; Абайда бұл жоқ. 2) шағатай әдебиетінің тілі араб-парсымен шұбарланған шұбар тіл; Абайда бұл — машықтау үшін болмаса, ұшырамайды. 3) Шағатай әдебиетінде өлең өлшеуі — араб-парсының ғаруз өлшеуі; Абай мұны ерте тастаған. 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузын сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып ала жүрген болар еді; Абайдың еш қылуасында олармен әдеби оты өрелі жанатын қылық жоқ.
Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып одан шығып, тастап кеткен ақын.