Ұлт басылымы «Қазақ» газетінің тұңғыш санында А.Байтұрсынұлы: «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға, ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті» деген екен.
А.Байтұрсынұлының 5-томына енген: «Ер Сайын», «23 жоқтау» және ғалымның аты ресми ақталғаннан кейін баспа бетінде жарияланған «Туған тілім», «Дағдарыс», «Қоян» атты өлеңдері, «Шекіспей бекіспейді», «Қалам қайраткерлері жайынан», «Емле туралы» мақалалары, «МОПР һәм күншығыс елдерінің еңбекшілері» кітапшалары кездеседі
А.Байтұрсынұлы әдебиетші, халық әдебиеті үлгілерін зерттеуші ғана емес, оны реттеп, өңдеп бастырушы. 1923 жылы Мәскеудің Күншығыс баспасынан шыққан «Ер Сайын» жырының жөні ерекше. «Ер Сайын» жырының бірінші жолдары: «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда»– деп басталады. Совет өкіметі орнаған 1923 жылы мұндай кітапты жарыққа шығару әрине батылдық пен мұсылмандықтың белгісі. «Алла, Құдай, Алаш, баба, шүкір қылды, мұсылман» сөздері қолданылған.
Әдебиетші А.Байтұрсынұлының реттеп, бір ізге түсіріп бастырған халық әдебиетінің тағы бір мұрасы – «23 жоқтау» атты жинақ. Бұл басылым да Мәскеуде 1926 жылы жарық көрген.
«23 жоқтау» Шәңгерейдің «Сыршы» атты өлеңімен:«Құйрық атып құлиа,Түлкідей қашқан жымиа,Қараңды үзіп барасыңБізден де қайран дүниа...» –деп ашылады. Қазақ елінің батыр ұлдарын жоқтаған бұл жырлар төрт ғасырлық тарихи оқиғаларды қамтиды.
«МОПР һәм Күншығыс елдерінің еңбекшілері (1924)» деген соны аудармасының толық мәтіні де «Табылған туындылары» атты осы тарауда берілді. Бұл кітапша Мәскеуде басылған. Мұнда МОПР ұйымының нендей мақсат көздегені, не үшін құрылғаны баяндалады.
«Кемеге енгеннің жаны бір. Біздің де тіршілігіміз, ел болумыз жер жүзі еңбекшілерінің азаттығымен байланысқан. Мұны жатсаң, тұрсаң есіңнен шығарма!».