“Ер Сайын” әңгімесінің мәнісіҚазақтың ұлы батырларының бірі — Ер Сайын. Ер Сайынды тарихтағы белгілі мезгілімен жамастырып, тарих шеңберіне кіргізіп, қарастыруға әзірше қолға түскен әңгімелердің беретін тарихи мағлұматы жоққа тәндік. Әңгімеде Ер Сайынның болған мезгілін мөлшермен ғана білуге болады. Ер Сайын Қобыландының өкшесін басып шыққан батыр.Қобыланды шал батыр, қартаң тартқан батыр болған кезінде Ер Сайын шығады. Ер Сайын ноғайлы елінің батыры. Бірақ ол кезде ноғайлы мен қыпшақ сияқты түрік таптарының бірінен-бірі жігі ашылмай, қоныс та, жүріс те, араластық жақындығы да болған уақыт. Бергі заманда Еуропа шегіне кеткен ноғайлы жұрты ерте уақытта, қазіргі қазақ даласының бүгінгі Кіші жүз отырған ауданында болғаны рас. Ноғайлы да қазақ руларындай көшпелі елдің бірі болған.Әңгімеде Ер Сайынның аттанып шыққан жері Ойыл мен Қиыл дейді. Ол бұл күндегі Орал облысының бір ауданы. Қазіргі Ақтөбе облысына қарайды. Сол мезгілдегі қыпшақ жүрген ауданда сол ноғайлы жеріне көршілес жер болған. Бұл әңгіме Орта Азия елінің тарихында қыпшақ пен ноғайлы сияқты елдердің бірігіп, іс қылып жүрген көргенін көрсетеді. Маңайында қалмақ сияқты күшті жау болғанда жеке рулардың арасында жасалған саяси бірлікті сездіреді. Бұл жағынан қарағанда Ер Сайын да ескі түрік жұрттарының әңгімесі. Ежелден іргелі болып, тарихтан орын алған қыпшақ руы ноғайлы жұртына аға есебінде болған.Қобыландының Сайынға ағалығы — ноғайлыға қыпшақ аға болғанның белгісі.Әңгімеде ел қиялы бұрыннан бекіліп, қалыптанған әдебиет салтынан адаспайды. Сайын да өзге ұлы батырлар сияқты ерекше туыспен туады. Бозмұнайдай шал жалғыздық,баласыздығынан қолындағы құлдарынан қорлық көріп,әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, жылаған көз жасы,зарыққан көңілмен ертелі-кеш тілеп, Сайын сияқты балалы болады. Сайынның туысына ата пірі араласады. Бұл пір бұрынғы батырлардың туысын қолдаған әулиелердей емес, олардан гөрі батырға жақын келген пір оның жалғыз ғана туысына араласып қоймайды. Атын да қояды. Ер Сайын туып, ер жеткен уақытта, өзінің де түсіне кіріп, одан туатын бала жайынан аян береді. Балалардың атын да айтады, олардың келешекте кім болатынын да айтады.Алғашқы Бозмұнайдың түсіне кірген де Сайынның қолдаушысы, ата пірі. Сондықтан ол пірін ұмытпасын, қысылғантарылған жерде есіне алып, көмекке шақырып жүрсін дейді.Сайынның туысында пірдің араласы осы сияқты болса, ол туған соң атын табуға ел жиналады, ешкім таба алмайды. Сонда белгісіз қария келіп “Аты Сайын болмас па” дейді. Сайынның өз туысы да сәті келген туыс, аты табылу да сондайлық сәтпен табылғандығын білдіреді.Сайын Қобыландыға кездеседі. Егескен ұлы жауы, қалмаққа бірге аттанады. Жолда жауырыншы, жау тосқынының барын айтады. Бұл сапардың жолсыз сапар болатынын, қауіпті болатынын сездіреді.Қобыланды ескі жауырын болжаушының сөзіне нанып, ескі тәжірибесіне бағынып, қайтпақшы болады. Сайын тоқтамайды, кетеді. Бұл сапар Сайынға бақытсыз сапар болып, сол жолда өледі.Сайынның бұл әңгімесі өзге батырлар әңгімесіне ұқсамайды. Өзгеден гөрі жат келеді. Ел қиялы Сайынды батыр десе де, туысын өзгемен тең қылып, ерекшелік билеп, сәт билеп туғанын айтса да, Сайынды әлдеқандай мінезі үшін жазалағандай болады.Теріс мінезді батыр болғандықтан, оның өрісін ұзақ қылмайды. Олай болса, ел қиялы құр батыр атына құлай бермейді. Батырлыққа, ерлік пен мықтылықтан басқа мінезділік,негізділік сияқты шарттар қояды. Батыр құр ғана қол батыры емес, ақылға шалымды, мінезге тартымды, тоқтаулы болсын дейді. Ақылға шолақ, мінезсіз болса, оның өрісі ұзақ болмайды. Сайынның әңгімесінде ел қиялы сондай шолақ батырды жазалағандай болады. Батырға қоятын үлкен шарттар бар екенін білдіреді. Сайынның алғашқы жорықта өлсе де, өлмесе де жолы болмай, қайғыға ұшырайтын себебі не?Оның себебі, алдымен, Сайын өзінің туысын билеп, дүниеге келуіне себеп болған қолдаушысы ата пірін ұмытады.