Жоқтау - дауыс қылу деп те аталады, қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады.
Ахмет Байтұрсынов: «Жоқтау өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның әйелі, иә қызы, иә келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз – жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты келеді» [1, 308 б.], – деп түсініктеме береді.
Өмір бар жерде өлім де бар» дейтін халқымыз өлгенді дәріптеп, еске түсірумен қатар тірі шағында еткен еңбегі мен жасаған жақсылығын кейінгіге үлгі ету мақсатында туындаған «жоқтау» дәстүрінің тамыры тереңге жайылған.
Елге қадірлі, беделді адамның қазасын лайықты жырмен жоқтау оның артындағы қалған ел-жұртына салмақты сын болған. Әдетте, жаттанды сөздермен көпке белгілі жоқтау үлгілері ондай кезде жаңаша айтылып, мазмұны жағынан толығып отырады. Ел есінде сақталған осындай жоқтау үлгілері ауызша тарап, көпшілігі кейінгі ұрпаққа жеткен.
Осындай жоқтаулардың бірі – “Мамайды шешесі Қараүлек ананың жоқтауы” (1559). Қараүлек ана Мамайдың бойындағы асыл қасиеттерін терең жеткізіп, осындай адам өлген соң елдің келешегі не болады, орнын кім толтырады деп тебіренеді. Жоқтаудың айтылған уақыты да, ондағы адамдардың өмір сүрген дәуірі де тарихи деректерге сәйкес. Атақты Қаз дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтау жыры да (1758) – аяулы азамат есімін қастерлеп, кейінгіге оның ісін жоқтау жыры арқылы жеткізе білудің жарқын үлгісі. Қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады.
Кеңгірбай би туралы ел аузында сақталған жоқтау бар. Оны «Жоқтаған жыр» деген атпен ХІХ ғасырда белгілі ғалым В. Радлов жарыққа шығарған [10]. Бұл жоқтауда биді «жеті атасы бай өткен», «қаптатып жылқы жаптырған» дәулетті, «жеті рудан қол жиған», «қабырғадан қан кешсе, қажымай оған күлетін», қарсы келген дұшпанға «қар жаңбырдай бораған» батыр, Қаратаудай қайратты, «қарасы мен төресі қамап ақыл сұраған» дана,«Кәріп пенен қасарға», «жетім менен жесірге» қайырымы мол, «қонақ келсе қой семізін сойдыратын» жомарт тұлға ретінде сипаттайды. Тіпті жоқтауда Кеңгірбай бабаны «Хан иеміз» деп дәріптейтін, асыл нұрдан жаралған ерекше құбылысқа балайтын жерлер де бар.
Жоқтауда Кеңгірбай образын жеріне жеткізе мақтаумен қатар, жағымсыз қылықтарын да көрсеткен. Бірақ, А. Байтұрсынов даңқты бидің бейнесін қаралайтын төмендегі жолдарды алып тастайды: