Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра
тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген
мақалмен
боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын
тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын
байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.
сөз
Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.
Оның қуанышы - елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы
шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның
қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? - деп.
Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па,
әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға
қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады
дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп
сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері
едім дегеннің несі қуаныш?
Енді жұбанышы - жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той,
көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па,
көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп
пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма?
Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме?
Жер білмеген көп
адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының
бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма?
Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы
ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық
болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп
пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!
сөз
Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің
қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі,
жұрт тануы
ешбір халыққа ұқсамайды.
***
Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, жер
жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе?
Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің
қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы
ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай
отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын
үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді
біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып,
өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй,
не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай
тыныш таба ма?
сөз
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза
оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб,
парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан
тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге,
ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе.
Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама
үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым
да - бәрі орыста тұр.
Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын,
ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның
тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен
бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек.
Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін,
адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і
ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние
арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен
жандар соның
қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал
еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе,
ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік.
Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына
қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан
артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан,
бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар - ана оқымаған қазақ балаларынан үздік,
озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған
жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?
Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің
осы қорлығыңа көнгенше,
баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді.
Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы
оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене,
қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел
ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда,
балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!
Мына мен айтқан жол - мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала