Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді



Дата03.11.2023
өлшемі19,9 Kb.
#121472
Байланысты:
Ғаламға жауған нұр


Ғаламға жауған нұр
«Уа, Мұхаммед!Адамдарға айт: "Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді"
Әли Имран, 31
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Я, Аллаһым, бір Өзіңе деп Дидарыңның ұлылығындай, Патшалығыңның құдіретіндей мақтау-мадақтар жолдаймыз! Сондай-ақ, пайғамбарлар мен елшілер күмбезінің ең соңғы кірпіші, Раббысына деген кіршіксіз махаббат пен Оған қайтар Күнді барлығынан биік қойып, сын сағатта да «үмметім» деумен болған, жүректердің төрінен орын алған – Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Аллаһ Тағаламен бірде-бір періштенің қатысуынсыз тікелей уахи алу мүмкіндігіне ие болған Мұса пайғамбардың (ъ.с) дәуірі еді. Сондай бір тілдесу барысында Мұса (ъ.с): «Раббым, Мұхаммед деген кім?» деп сауал тастады. Мейірімділердің Мейірімдісі былай деп үн қатты: «Әй, Мұса! Жаратудағы Құдіретім және Ұлылығыммен ант етейін! Раббың Өзіне Мұхаммедтен де ардақты құлды жаратпады. Мен оның қадірлі есімін күллі әлем мен мақлұқтарды жаратардан мың жыл бұрын Аршыға Өз есіміммен қатар жаздым. Ұлылығыммен және Даңқыммен ант етейін! Құлдарыма ең үлкен сый етіп әзірлеген – Жәннатыма ешкімнің кіруіне мұрсат бермеймін! Ең алдымен оған Раббысына аяулы жаратылыс – Мұхаммед және оның үмметі аяқ баспайынша!».. Аллаһ пәк! Оның құлына деген сүйіспеншілігі де сондай пәк! Ешбір пайғамбар мен оның үмметіне көрсетілмеген сый-құрмет пен біз біле бермейтін жеңістер Мұхаммед Мұстафаға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тарту етілді. Міне, екі әлемнің Сәруарының Рахман алдындағы дәрежесі осындай салмақты еді. Ал, Пайғамбарымыздың Алланың хаққысына және Оның Сөзіне деген адалдығы қандай болды?! Ендеше, қалам тербегелі отырған кіршіксіз махаббаттың ұшқыны біздегі "ұйықтап жатқан" жүректерімізді бір сілкіндіріп, екі дүниелік мақсатымызды және бір айқындауымызға септігін тигізуін Раббымыздан сұраймыз! Аллаһ бұл жолда жеңілдік берсін!
«Дидары үшін бұлттардан жаңбыр сұралатын пәк жанды, жетімдердің панасы, жесірлердің қорғаны» деп бала күнінен жырға арқау болған Пайғамбарымыз (с.ъ.с) анасының құрсағына біткен сәттен бастап-ақ Хақ Тағаланың тәрбиесінде болған еді. Оның кемел ақылы мен таза табиғаты жәһилият дәуірінде де ешбір пұтқа табындырмады, лас істерді жанына жуытпады. Кеудесін кернеген ынтызарлық ақиқатқа, яғни жаратылыстағы мүлтіксіз әсемдік пен таңғажайып құбылыстардың Иесіне жетелеп, Онымен қауышар сәтке дейін оңашаланып ойға шомуды сүйкімді етті. Алғашқы құлшылығы мен бұл амалдағы тұрақтылығының нәтижесі де күттірмеді. Қамал бағындырар қырық жасына таяған уағында ақиқаттың ақ таңы атып, күйрек күмәндардың торларына шырмалған ғаламға нұр жауды! Расында, жүректер Раббысын еске алумен тынышталады.¹ Қияметпен екі саусақтың жақындығындай қатар келген аманатты жеткізуші Жәбірейіл періштенің Пайғамбарды қапсыра 3 мәрте қысуы – бұл істің салмақтылығын бағамдап берді. «Ей, бүркенген! Тұр енді! Ескерт! Раббыңды ұлықта!»² деп пәрмен алған сәтінен бастап ол күндізі мен түнінде де бүркенген жылы төсегін тәрк етіп, тікесінен тік жиырма жылдан астам Сүйіктісінің қызметінде болды. Алладан келген әр бұйрықты бұлжытпай орындап, қараңғылық құрсауындағы жұртына да ескертті. Бірі – жүректері Ислам нұрымен шомылып, «Рахманның құлдарына» айналып жатса, енді бірі – өздеріне о дүниелік ор қазып жатқандарына күмәнмен қарады. Алапат отты ескертуші Пайғамбарға (с.ъ.с) «жынды, адасқан, сиқыршы» секілді зілді сөздермен келеке етулерімен қоймай, намаздағы халінде үстіне нәжіс лақтырудан да тайынбады. Өз жұртынан қайран болмаған соң Пайғамбарымыз мықты саясаткер ретінде Меккеден кейінгі ірі деп саналған қала – Таифқа жаяу сапар шегеді. Алайда, соңғы пайғамбардың келуіне қанық бұл елдің зиялы саналған өкілдері «бұл пайғамбарлық неге бізге берілмеді?!» деген тәкаппарлық оймен ақиқатты шімірікпестен теріске шығара салды. Онымен қоймай Пайғамбарымыздың «Арамыздағы әңгіме осы жерде қалсын» деген сөзіне "жігітше" жауап қайтармастан, бүкіл елге теріс жариялап, 6 жастағы баладан 60-тағы қарияға дейін қолдарына тас ұстатып, Алла Елшісінің соңына салды. Елестетіңізші, толассыз атқылаған тастардан оның мүбәрак денесі жарақаттанып, аяқ-киімі қанға толды. Бұл елден де дін жанашыры табылмағанына қамығып, жүрегі жылап: «Уа, Аллаһ! Өзіңе күшімнің әлсіздігінен шағым жасаймын! Маған ашулы болмасаң, көрген қиындығыма көңіл аудармаймын да! Бірақ Сенің амандығың мен үшін қажет. Дүние мен Ақыреттің ісі түзелген жүзіңнің нұрымен маған ашуыңның түсуінен пана сұраймын!» деп дұға етіп келе жатқан еді. Осылайша, жанындағы Пайғамбар үшін денесін тасқа тосқан серігі – Зәйд ибн Харисамен бірге жүзім бағына келеді. Кенет оларға Аддас есімді құл жүзім әкеліп береді. Әрбір ісі тұнып тұрған өнеге – Аллаһ Елшісі аптықпастан жүзімді үзіп «БисмиЛЛәһ» деп жейді. Құл жүрегінің діріл қағуына бір ғана сөз жеткілікті болған екен, ол таңданысын жасырмады. Өзін Нәйнәуәданмын деп таныстырғанда, адамның жанды жерін дөп басатын Пайғамбарымыз: «Ізгі Юнус ибн Маттаның елінен екенсің ғой. Ол – менің бауырым, ол – пайғамбар. Мен де пайғамбармын» деп жүрекке жол таба білді. Аддас сол сәтте-ақ әлемге рақым етіп Жіберілушінің аяқ-қолын сүйіп, мұсылман болды. Демек, қаншама шақырымдар мен тән жарақаттары осы бір Алланың құлы үшін жасалған екен. Сапарын тәмамдағалы жатқан Пайғамбарымызға Жәбірейіл (ъ.с) Раббысынан хабар алып түседі. Аллаһ Тағаланың рұқсатымен таулар періштесі Таиф жұртын жермен жексен ету үшін тек Пайғамбарымыздың бір ауыз сөзін күтіп тұрған еді. Бүкіл қанына Алланың мейірімі сіңіп кеткен әз Мұхаммед бұл жолы да көзге жас үйірітерлік сөздер айтқан еді. «Раббым, олар білмейді ғой. Керісінше, Аллаһ Тағала олардың үрім-бұтағынан Оның жалғыз Өзіне ештеңені серік қоспастан ғибадат ететіндерді шығаруын үміт етемін» деп дұға етті. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырудың хас Үлгісінен бұл оқиғадан қандай ғибрат аламыз? Ең алдымен, ол – Ислам әлеміндегі алғашқы құлшылық – ойланудың иесі. Асылында, Аллаһ Тағала Құранның көп аяттарында адам баласын ойлануға шақырады. Жаратылысқа қарап түйін шығару – біздерді Жаратушымыздың Құдіретін ұғына түсуге жетелейді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз дін уахи етілмей тұрып та, біздің тілімізбен айтар болсақ, көз алдында мотивация көрмей-ақ бұл амалында тұрақты бола білді. Біз де оның салған сара жолымен жүреміз десек, аз амалымыздың өзінде тұрақтылық танытқанымыз жөн. Одан кейін ойға оралатыны – Айша анамыздың (р.а.) Аллаһ Елшісін «Ол – тірі Құран» деп сипаттауы. Неліктен? Себебі, ол Алладан түскен ақ аятқа амал етуге асығатыны соншалық Раббысының Сөзі тұла бойында қанымен жүгіріп, түгелдей бітім-болмысына айналғандығынан еді. Өзіне орынсыз жала жауып, ауыр сөздерімен тіл тигізгендерге көркем сабыр етуі – біздер үшін өшпес өнеге. Өйткені, дінге бет бұрып бастаған шақта көпшілігіміз туыстарымыз, қоғам тарапынан осыған ұқсас сөздер естіп жатамыз. Демек, сені олардың сөзі қайғыртпасын!³ Ал, жанымен қатар тәні де азап шеккен Пайғамбарымыздың «таспен атқанды, аспен атуы» - нағыз кемелдіктің бейнесі! Ашуға бой алдырып, «қысым көрген адамның дұғасы қабыл» деген хабарға амал етуге асығатын біздер тапталып, таяқ жемесек те,хаққымызға кірген жағдайларда Пайғамбарымыз секілді кең жүрекпен қарай алып жүрміз бе?! Аллаһ елшісінің шексіз өнегесін шектеулі қағазға сыйдыру мүмкін емес. Алайда, жоғарыда келтірілген ғибраттан «Аллаһ Елшісін мұндай мінез-құлыққа не итермеледі?» деп ой жүгіртіп көрейікші... (жалғасын оқымай тұрып ойлануыңызды сұраймыз)
Сүйікті Пайғамбарымыз махаббаттардың ең абыройлысын таңдады. Ол Алланы жанынан да тәтті сүйді. Сол махаббатта түгелдей еріп кетті, яғни Раббысы үшін жанын берді, Ол ұнатқан амалдарды орындауға еш қиналмады. Пайғамбарды көрмесе де, ол туралы таңнан қара кешке дейін жаман сөздерді көше ортасында айқайлап айтатын еврейді өз қолымен тамақтандырған әз Елшінің әрекеті – ол дүниеден озған соң ғана жарыққа шыққан жасырын амалы еді. Абайша айтсақ, Пайғамбарымыз Алланы сүю арқылы адамзаттың бәрін сүйді. Ол көзінің нұры – намазда аяқтары іскенше тұрып, артынша екі қолын Раббысына жайып өз басы үшін емес, үмметінің ақыреттегі халі үшін көз жасына ерік бере дұға ете алды. «Бауырларымды сағындым» деп сахабалардан кейін келетін мұсылмандарды да жанына жақын тұтты. Мүмкін, оның сағынышында біз де бар болармыз... Пайғамбарымыздың бүтін болмысын мөлдір бұлаққа теңер болсақ, сол бұлақтың бастауы – Алланы ихсан дәрежесінде жақсы көруі еді. Сөзіміздің соңын Пайғамбарымыздың дұғасымен тәмамдаймыз.
Уа, Аллаһ Тағалам! Маған Өзіңді сүюді әрі Сен сүйген нәрселерді сүюді және мені Өзіңе жақындататын нәрселерді сүюді нәсіп еткейсің!Өзіңе деген сүйіспеншілікті су іздеп қаталаған жанға судың құнды болғанынан да құнды қыла гөр! Әмин! Аллаһым баршамызға һидаят берсін!

Дана Талғатқызы


1. «Рағд» сүресі, 28-аят
2. «Муддәссир» сүресі, 1-5 аяттар
3. «Ясин» сүресі, 76-аят

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет