Абай Құнанбайұлы Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет



бет5/5
Дата01.10.2023
өлшемі208,15 Kb.
#112177
1   2   3   4   5
Байланысты:
Абай Құнанбайұлы

Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде
Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзімен көрді. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестері қайыршылық халге душар болған еді. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткішке жетті. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшілері, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезіп кеткендер де көп еді.
Абай қазақтарды мал өсірумен қоса сауда жасауды, белгілі бір кәсіп түрімен шұғылдануды үйрену қажеттігіне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсіп түрлеріне үлкен ілтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаган шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари (яғни қала адамдары болып. — авт.) жауласпайды. Орысқа қарамай тұрганда қазақтың өлісінің ахыреттігін (кебінін. авт.), тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды».
Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрді, байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы оның ашу-ызасын келтірді. Қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға халық үшін қызмет ететін, адал адамдар сайлануы тиіс деп есептеді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті, оның мүдделерін қорғау қасиеттерін қолдап отырды.
Абай және халық ағарту ісі
Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, ғылым-білім үйренуге шақырды.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге...
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз,
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой -
Бес асыл іс көнсеңіз..., -
деп жастарды бес нәрседен — өсектен, өтіріктен, мақтаншақтықтан, еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл іске — талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауга шақырды.
Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол былай деп айтты: «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын».
Абай Құнанбайұлы
Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.
Абайдың пікірінше, адам болу үшін оның бойынан үш түрлі фактор табылуы тиіс. Біріншіден, баланың шыққан тегі жаксы болуы керек, екіншіден, оның әлеуметтік жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, үшіншіден, балаға адамгершілік тұрғысында тәрбие берілуі қажет. Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игілігіне жету жолындағы бұл қырсықты ғылым мен білім аркылы ғана жоюға болады деп есептеді. Ол жастарға үздіксіз еңбек етіп, білім алуды міндет етіп қойды. Білім алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемісті және ізгілікті болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол — оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді.
Аудармашылық қызметі
Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлеңдерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Абай И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.
Абайдың Қазақстан тарихында алатын орны
Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.
Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды.
Ақын өзінің талантты шәкірттерін тәрбиелеп өсірді. Абайдың ізбасар шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Кәкітай және Мағауия болды.
Абай көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп Абай өлеңдері қазақ даласында ауыздан ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан қолға көшіріп алынды. Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағұл жинастыра бастады. Абай өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдың арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жігер жұмсап, игі ықпал еткен адал ақын Көкбай Жанатайұлы (1864—1927) болды. Ол өлеңдер белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханұлының редакциясымен басылып шықты.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде ШекспирПушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
Түрікмен оқырмандары
Ақынның қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай түрікмен ақындары оның өлеңдерін аударды, ал ғалымдар мен сыншылар Абайдың шығармашылық жолы мен поэзиясының түр ерекшеліктері жөнінде зерттеу мақалалар жазды. Абайдың өлеңдерін ақындар М. Сеидов, К. Эзизов, С. Ураев, А. Баймурадов, А. Ораз тағанов түрікмен тіліне аударды. Ұлы ақынның туғанына 125 жыл толу тойы қарсаңында Б. Кербабаев, Б. Сейтақов, А. Алымкулов, Н. Гуллаев, А. Белмурадов, Н. Эсенмурадов тағы басқа Абай өлеңдеріне жан-жақты талдау жасайтын мақалалар жазды. Жиырмасыншы ғасырдың басында түрікмен поэзиясында шарлар алға шықты. Шахир да суырып салма ақын, олар өлеңді алдын-ала дайындықсыз-ақ құрай алады. Ондай шахарлар қатарына ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырған Кер-молла, Байрам-шахир, Молла-мұрт, Дурды-Клыч, Ата Салих жатады. Абай поэзиясына тән суырып салмалық ерекшелік осы түрікмен ақыңдарының поэзиясында кездеседі. Бұл жөнінде түрікменнің әдебиетшісі А. Баймурадов өзінің «Поэзиямыздағы Абай дәстүрінің жалғасуы» («Әдебиет ве сунгат»1974) атты мақаласында кең көлемде сөз еткен. Абайдың өлеңдерімен қатар ғақлиялары, «Ескендір»«Масғұт»«Әзімнің әңгімесі» атты дастандары түрікмен оқырмандарына жақсы белгілі.[12]
Абай туралы
Абай туралы (кітаптар, мақалалар, фильмдер т.б.):

  • Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. “Абай Құнанбайұлының шығармаларының” 1940 жылы шыққан 2 томдық жинағының 2 томында жарық көрді.

  • Абай — қазақтың ұлы ақыны (кітап) — («Жизнь и твор­чество Абая (Ибрагима) Кунанбаева»), Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Абай Құнанбаевтың «Лирикалары мен поэмалары» атты 1940 ж. «Художествен­ная литература» баспасынан орыс тілінде жарық көрген жинағына жазған алғы сөзі. Кітап Л. Соболевтің редакторлығымен шыққан.

  • Абай — қазақтың ұлы ақыны (кітап) — Мұхтар Әуезовтің туындысы (Б. Кенжөбаевпен бірге). Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты 1945 ж. жарық көрген.

  • Абай аулында — Мұхтар Әуезовтің балалық шағына арналған көркем туынды. Авторы Т. Жұртбаев. 1987 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрген.

  • Абай ақындығының айналасы — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. «Әдебиет майданы» журналының 1934 ж. 11-12-санында, сол жылы «Социалды Қазақстан» газетінің 30 желтоқсандағы нөмірінде жарияланды.

  • Абай елі — альбом-шежіре. Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай 1994 ж. «Өнер» баспасынан шыққан.

  • Абай елінде өткізілген мереке — Мұхтар Әуезовтың очеркі. Мұхтар Әуезовтың очеркі. Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойында көрген-сезген жайлардан туған ойларын жазған. Очерк «Қазақ елі» журналынын 1945 жылғы 3-4-санында, кейін Мұхтар Әуезовтың 20 томдық шығармалар жинағында (18-кітап, 1985) жарияланды.

  • Абай еңбектерінің биік нысанасы — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты жазылып, алғаш рет «Социа­лист Қазақстан» (18. VIII. 1945), «Ленин туы» (23. VIII. 1945), «Алтай большевигі» (26. VIII. 1945) газеттерінде жарияланды.

  • Абай жайын зерттеушілерге — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Семей облыстық «Екпінді» газетінің 1940 жылғы 17 шілде күнгі санында жарияланған.

  • Абай жолы (мақала) — («Путь Абая»), Мұхтар Әуезовтың шағын мақаласы. «Литературная газетада» 1954 ж. 13 қарашада шыққан.

  • «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы және оның жазылу тарихы — монографиялық зерттеу. Авторы З. Ахметов. 1984 ж. орыс тілінде «Ғылым» баспасынан жарық көрген.

  • «Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздері — монография. Авторы Л. Әуезова. 1969 ж. орыс тілінде «Ғылым» баспасынан жарық көрген.

  • Абай Құнанбаев шығармашылығын зерттеудің маңызды мәселелері (мақала) — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Алғаш рет 1954 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1 шілдедегі санында жарияланды.

  • Абай Құнанбаев қазақ халқының ақыны және ағартушысы — (10. VIII. 1945) газетінде жарияланған. Мақалада Абайдың ақындық өмір жолымен қалың окырманды таныстыру мақсат тұтылып, негізінен өмірбаяндық деректер қамтылған.

  • Абай Құнанбаев (150 жылдық мерейтойына) — Мұхтар Әуезовтің ғылыми еңбектерінің жинағы. Абайдың 150 жылдық мерейтойына бай­ланысты «Санат» баспасынан 1995 ж. жарық көрген.

  • Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына әзірлік жөніндегі ойлар — Мұхтар Әуезовтің 1940 ж. жазған мақаласы Ә. Тәжібаевпен біріге).

  • Абай (деректі фильм) — деректі фильм. 1954 ж. Алматы киностудиясы шығарған.

  • Абай (диафильм) — диафильм. 1956 ж. Мәскеу «Диафильм» студиясы шығарған.

  • Абай (жарнама кітапша) — осы аттас операның қойылымына арналған орыс тіліндегі жарнама кітапша. 1958 ж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі шығарған.

  • Абай (кинодрама) — жазушының кинодрамасы. Қолжазба жазушы мұрағатында сақтаулы (№141-папка), араб әрпімен жазылған, көлемі 53 бет.

  • Абай (М. Әуезовтың зерттеу еңбегі) — Мұхтар Әуезовтың 1933 ж. жазған зерттеу еңбегі. «XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу құралына» енген.

  • Абай (әдеби журнал) — 1918 ж. Мұхтар Әуезов негізін салған (Ж. Аймауытовпен бірге) әдеби журнал. С. Шикібаев ұйымдастырған «Уақ қарыз серіктестігінің» демеуімен 12 саны жарық көрген.

  • Абай (әдеби сценарий) — жазушының әдеби сценарийі. Автор Абайдың ақындық өнepiн суреттеуді шәкірт ақындар шығармашылығымен қатар өрбітуді мақсат еткен.

  • «Абай» және «Абай жолы» романдарының жазылуы туралы — («Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая»), Мұхтар Әуезовтың мақаласы. Оқырмандармен кездесу кештерінде ойға оралған ой-пікірлері мен оқырмандар сұрауына қайтарған жауаптары негізінде, әсіресе М. Горь­кий атындағы Әдебиет институтында оқитын студенттермен кездесу үстінде сөйлеген сөздері негізінде жазылған.

  • Абайды білмек керек ойлы жасқа — Мұхтар Әуезов жазған оқу құралы. 1997 ж. «Санат» баспасынан толық нұсқасы жарық көрді. Кітап құрастырушы әрі ғалым М. Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және Абай әлемі» деген көлемді алғы сөзімен ашылады.

  • Аймақтану, білім арттыру — «Аймақтану, білім арттыру», Мұхтар Әуезовтің мақаласы. «Жаңа мектеп» журналының 1929 жылы 11-санында жарияланған. Жазушының шығармалар жинағының 50 томдық толық басылымының 3-томында (1998) қайта басылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет