Ежелгі сақтардың әскери-теократиялық идеологиясы («Алтын адам» киімінің үлгісінде) Сақтардың соғыс өнері сол кезеңдегі өз заманына тән, жетілген, озық өнер болды. Тарихшылар «Сақ дәуірі – соғыс тактикасының шыңдалған кезеңі» деп тұжырымдайды. Сақ армиясының ең негізгі күші атты әскер болған. Олар атты меңгергені сонша, соғыс басталса, атқа қонған аруақты ерлер жаудың шебін талқандап қана қоймай, ары бетіне дейін тіліп өте шығатын болған. Бұл туралы Геродот жазбаларында да сақтардың ең озық жетістігі ретінде атты әскердің ролін ерекше бағалайды. Тарихтың атасы былай деп жазады: «Олар салт атпен де, жаяу да соғыса береді. Әдеттегісіндей олар садақпен, найзамен және айбалтамен қаруланады. Найзаның, жебенің, айбалтаның ұшы мен жүзін жезден жасайды да, бас киімін – дулығасын, белбеуі мен шығыршығын алтынмен аптайды. Олар аттарына жезден өмілдірік – қап кигізеді. Жүгенін, ауыздығын және ноқталығын алтынмен жалатып, өрнектеп қояды. Олар темір мен күмісті тұрмыс-тіршілігі үшін қолданбайды, өйткені оларды бұл елде кездестіре алмайсың. Оның есесіне алтын мен жездің көптігінде есеп жоқ». «Сақтарды жаулау мақсатында келген басқыншылар не оларды жаулай алмайды, не олардан қашып құтыла алмайды» деп те ескертеді. Атты әскер дегенде, атты әскери арбалардың да сақтардың қолдануы жайында жазбалар сақталған. Мысыр перғауындары мен грек армиясына ғана тән деп келген әскери арбалар мен рыцарлық қару-жарақтар Ұлы Даланың көшпелі тайпаларының да пайдалануы осы кейінгі жылдары анықталды.«Алтын адам» — 1970-ші жылдарының басында Есік қорғанында — сақтар тайпасының жас көсемінің зираты табылды.[1] Дәлірек айтқанда: Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі. 1969-1970 жылдары археолог К.А. Ақышев тапқан.Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 3 шаршы км жерді алып жатыр. 40-тан астам обадан тұратын қорымның оңтүстік шетінде биіктігі 6 м, диаметрі 60 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды.Біреуі ертеректе тоналған. Екіншісінен жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, көлемі 3,3х1,9 м, биіктігі 1,5 м, сол жақ бөлігіне қойылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Қабірдің оңтүстік және батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан істелінген ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған.Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған.Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін “хайуанат нақышында ” жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар — ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Қорған қазбалары Қазақстанды 5 ғ. ЗБ мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді.[2] Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.