Бисенғали Зейнол-Ғабден
филология ғылымдарының
докторы, профессор
«Сөз құдіреті» сәулесінің нұрлы әлемі
Әдеби жанрлар тілі, поэтикасы туралы зерттеулер бүгінгі таңда аз емес те тәрізді. Алайда, бұл бір қарағанда ғана солай екенін тіл, әдебиет мамандары жақсы біледі. Байыптай үңілген сауатты оқырманға, әсіресе зерттеушілерге осы обьектінің орасан қиындығы жақсы таныс. Проза поэтикасы туралы зерттеулерде дәстүрлі лингвистикалық, стилистикалық аяға сыя бермейтін де талай жайлар бар.
Бұл мәселелерге кезінде В.В.Виноградов, А.Потебня, В.Шкловский, А.Н.Веселовский, М.Бахтин, Н.Поспелов т.б. талай жылдарын арнаған. Қазақ филологиясында да обьективті мәселелерінің мол болатыны да түсінікті.
Проза жанры поэтикасына арналған еңбектерде автор шығармашылығына тән кейбір стильдік қолданыстар болмаса шығарма тілінің поэтикалық тәсілдері ғана айтылады. Елуінші жылдардан басталатын Абай, М.Әуезов шығармаларына арналған еңбектер жанр стилистикасына да, автор стиліне де ғылыми негізді, жүйелі талдаулар жасай алмады. Олар қазақ әдебиеті мен лингвистикасындағы бұл мәселелердің негізгі бастауларына ғана алып шығады. Ал оның басты салалары мен әлемдік дамуға қосылар арналарында негізгі түрде қолға алынуға тиісті жайлар жеткілікті. Міне, осы обьектіні арнайы тексеретін, айқындай баяндайтын, ойлы, терең еңбек – таяуда «Санат» баспасынан жарық көрген «Сөз құдіреті». Авторы – аты түркі әлеміне жақсы таныс, көрнекті тілші-ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор Рәбиға Сыздық.
«Сөз құдіреті» зерттеуші мақсатын айқындайтын дәл жазылған алғы сөзбен басталады: «Осы кітаптың «Сөз құдіреті» деген әсем атауының екі құрамы да астарлы: бұл жердегі «сөз» дегеніміз «тілдің ең кішкентай кірпіші» – «жеке сөз» деген мағынада емес, «тілдің қолданысы» (орысша – речь), яғни «көркем әдебиеттегі тілдің көрінісі» деген ұғымда жұмсалып тұр, ал «құдірет» сөзі «құпия, тылсым» деген танымда емес, адамға ететін әсер, қолданыстағы тілдің көркемдік қуаты, күші» деген мәнде келіп тұр. Демек, сөз құдіретін таныту дегеніміз жазушы тілінің көркемдігін, сол көркемдікті жүзеге асырып тұрған тілдік құралдар мен тәсілдерді көрсету болып шығады».
Соңғы сөйлемдегі «жазушы тілінің көркемдігі» және «осы көркемдікті жүзеге асырып тұрған тілдік құралдар мен тәсілдер» деген тіркестер түсінікті көрінсе де, ойлана келгенде бұлдыры мен бұралаңы мол талдауға да, түсіндіруге де күрделі ұғымдар. Ол поэзияда ұйқас, ырғақ, үндестік, үйлесім, т.б. түрінде көзге түссе, прозада мүлде басқа негіздерге сүйенеді. «Сөзге сөз сәулесін түсіреді», «сөз бен сөз диалогке барады» деген ойлар астарында көркем проза поэтикасына тән басты заңдылықтар көрінеді. Автор сөзі мен кейіпкер сөзі бірде дараланып, бірде астасып қос үнді, көп үнді жұмбағы мол ырғақты, өрнекке ұласады да үндестікке келеді. Проза поэтикасына апарар соқпақ дәл осыдан басталады.
Р.Сыздықтың жаңа зерттеулерінде бүгінгі қазақ прозасы тілі лексикалық, синтаксистік қолданыстар өрнегі мен құрылымдық өрім төңірегінде арнайы сөз болады. Автор мақсаты көркем прозадағы сөз қолданыстың түрлі жанрлардағы тіл, стиль өрнектерін түбегейлі тексеру емес. Оларға тән басты белгілер мен ізденістердің кейбір ұрымтал тұстарын тексеру, болашақ зерттеулердің бағытын байқату. «…бұл кітап тіл білімінің лингвистикалық стилистика» деп аталатын саласына арналады.
Еңбектің алғашқы бөліміндегі М.Әуезовтің повесть, әңгімелеріне арналған тараудың көлемділігі ерекше шабытпен жазылғаны бірден байқалады. М.Әуезовтің тырнақалды туындыларының бірі «Еңлік-Кебектегі» сөз қолданысы, әрлеуінен бастап оның 20-30-шы жылдардағы прозалық туындыларының поэтикасы, оның нәр алған қайнарлары сөз болады. Демек, М.Әуезовке сөз құдіретін танытқан іргелі мектептердің бірі – халық әдебиеті. Қаламгер алғашқы шығармаларындағы асылдарды осы қазынадан алып, таңдап қолданған. Еңбекте М.Әуезовтің эстетикалық объектіні суреттеу, баяндау барысында бірден-ақ осы поэтикалық мән беруді сөздің дәлдігіне, орнында тұруына көңіл қоюы нақты мысалдар арқылы көрсетіледі. «Кез келген қазақтың аузына түсе бермейтін сөздерді түсінікті етіп (контекст арқылы) орнымен жұмсайды. Мысалы, қадаулы қоналқылық … бие байлау науқаны… тау ішінің ықтыртыны жоқ, ысқаяқ … қалың қарағайды құндыздап жүру… Көксеректің сайды жалбылап қашуы… тәрізді сөздерді жазушы қолдан жасамаған, олар тіліміздің мол сөздік қазынасының «бұйымдары» екені даусыз, соларды жиырмадан жаңа асқан жас жазушы жалықпай ізденіп, таңдап, талғап жұмсаған (22-б.). М. Әуезов халықтық эстетикамен ғана шектелмеген. Зерттеушілер қазақ ұғымында қолдану барысында М. Әуезовтің тілімізде бар қалыптарды (модель) пайдаланып өзі жасаған немесе жаңалай қолданған сөздерге де көңіл бөледі. Мысалы, сейілші, түртінді (приписка), кішкене хат (заметка) т.б.
Р.Сыздық жазушының түрлі кезеңдерде проза жанры мен поэтикасы туралы айтылған пікірлеріне көңіл бөле отыра, қаламгер шығармаларының көркемдігін жазушының саналы шығармашылық ізденістерімен сабақтастықта көрсетеді. М.Әуезов ұлылығының үлкен бір белгісі – ол қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік әдебиет алдындағы мәселелерді шығармашылық талғаммен өнер, әсемдік заңдарына сүйене шешіп отырған.
Р. Сыздық М. Әуезовтің поэтикада басшылыққа алған көркемдік шарттарын да атап көрсетеді: «Әдебиет – тілмен әдебиет», «Күнделікті құлаққа сіңген тозыңқы сөзден жазушының қаша сөйлейтіні болады. Әдейі өзінің тілін тақ-тұқ етпей, шеберлік көрік іздегісі келеді. Кенеулі ойды да көрікті, әсерлі етіп айтпаққа талпынады… Жазушының көркем әдебиеттегі тілі тек жабайы, жұпыны ұғымның тілі болып қоя алмайды. Ұғым, түсінікпен қатар, ой мен сезімге де бірдей әсер етерлік айшықты тілмен сөйлеу шарт» (9-б.).
М. Әуезов шығармаларының тіліне талдау жасау арқылы Р. Сыздық қаламгердің сөз таңдау, қолдану, әрлеу шеберлігінің тереңде жатқан сырлы тұстарын ашып көрсетеді. М. Әуезовтың алғашқы шығармаларында-ақ синонимдерді қолдану ерекшелігі, синонимдік қатардан эстетикалық объектіні бейнелеуге қажет сөздерді дәл тауып, әрлей қолдана білуі сауатты оқырманды қайран қалдырады.
Қазақ әдебиеті ерекшелігінің бірі – табиғат көріністерін бейнелеуде теңеулерге жиі бару. Осы дәстүрді М. Әуезов шығармашылықпен қуатты көркемдік жүйеге айналдыра білген. «М. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі теңеулердің дені қазақтың айналасын қоршаған табиғат көріністерінен, күнделікті зат, бұйымдарынан, тұрмыс-салтынан, мал бағу, көшіп-қону тіршілік әрекеттерінен алынады» – деп атап көрсете отыра, зерттеуші жазушы қолданатын теңеулер ішінде қазақ халық әдебиеті үшін кәнігі емес, профессионалдық жазба әдебиетке тән күрделі үлгілердің қолданылуын да айқындай көрсетеді.
Зерттеуде талданатын шығармалар мен қаламгерлер шығармашылығы кездейсоқ алынбаған. Р. Сыздық еңбегінің әр тарауы көркемдігі бірден көзге түссе де, әлі шыңдап қолға алынбаған жұмбақ үндестіктің құпиясын, құдіретін ашып көрсетуге арналды. Қазіргі әдеби тілде өтіп жатқан қуатты, ағынды, иірімді жұмбағы мол құбылыстарға талдау жасалады. Оның теориялық негізі мен заңдылықтары, даму бағыт-бағдарына топшылаулар айтылады. «…көркем әдебиеттің қызу қарқынды өтіп жатқан жанды процесінде оның қазақ әдеби тілінің қазіргі кезеңдегі дамуына жақсы әсер етіп отырған жағымды жақтармен қатар, тілдік-эстетикалық талғам шарттарына сай келмейтін жағымсыз сәттерін көрсетіп, оны түзейтін ғылыми негізде ұсыныстар жасау қажеттігі де даусыз». Осы мақсатты да алға қойған зерттеуші еңбегінің бірінші бөлімінде. М. Әуезов және Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, О. Бөкеев, С. Бердіқұлов, А. Сүлейменовтердің әртүрлі көркемдік идеяларды басшылыққа алған шығармаларына жан-жақты талдау жасау арқылы жазушы тіл мен оның көркемдік әлемі арасындағы жалғастықты ашып көрсетеді.
Еңбектің екінші бөлімі әдеби тіліміздің қызмет (функционалды) стильдері мен терминдері арасындағы айырма ерекшеліктерді түсіндіруден бастап, әдеби және көркем әдебиет тілінің толығу, баю, кемелдену арналары туралы мәселелерге арналған. Соған негізделетін тұжырымдарға құралады. Мұнда зерттеушілерге ғана емес, қаламгерлерге де бағыт боларлық байламдар мол. Бір айта кететін жай, зерттеуде қазақтың әдеби тілі, көркем әдебиет тілі, поэтика мен стилистикаға қатысты қазақ филологиясы алдында тұрған келелі мәселелер үнемі аталып, зерттеудің бағдарлары да көрсетіліп отырады. Соның бірі қазақ филологиясында әлі шыңдап қолға алынбаған жанр стилистикасы, нақты жағдайда проза стилистикасы. Бұл әдебиеттану мықты дамыған елдерде де ерте басталғанмен, әлі күнге дейін шешілмеген. Осы объектіге арналған іргелі, жүйелі, терең, жан-жақты еңбектер аз.
Көркем әдебиеттің әдеби тілдің дамуына қосары мол. Бүгінгі таңда да өзге қызмет (функционалды) стильдермен қатар әдеби тілдің қалыптасып дамуына қазақ әдебиеті өлшеусіз үлес қосып келеді. Көркем әдебиетте сөз құдіреті ерекше көрінеді. Р. Сыздық осы нұрлы әлемнің практикадағы көрінісі мен теориялық қисындарына нақты әдеби деректер арқылы талдаулар жасап, оның тарихи мен дамуы туралы батыл байлам, тұжырымдар айтады. Тұрақтанған, қалыптасқан тәрізді көркем, әдеби нормалардың өзгеру, жаңару, толығу, өсу жолдарын әдеби деректер арқылы дәйектейді. «Халықтың рухани-эстетикалық қажетін толығынан өтеп, ұлттық ұйымдастырушылық қызметін атқарып отырған» көркем әдебиет тілінің әдеби тіліміздің дамуына әсері жан-жақты тексеріледі.
Қорыта айтқанда, әдебиет пен тілді сүйер қауымның көкейінде тұрса да, сөзбен айқындыққа көше қоймаған талай жұмбақтарына бағдарлы жауап бере алатын ойлы, зерттеу кітап дүниеге келген. Еңбектің қазақ филологиясының дамуына қосар үлесі, қозғау салар, түрткі болар қуаты орасан зор. Бүгінгі таңдағы қоғамдық гуманитарлық мәселелерге көз тігіп отырған барша оқырманға ой салары даусыз деп білеміз.
Егемен Қазақстан. 1998. 16 қазан
Достарыңызбен бөлісу: |