Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1


Жұбанов Е., Өмірәлиев Қ



бет3/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Жұбанов Е.,

Өмірәлиев Қ.
Сөз құпиясының сыры
Тіршілік қажеті үшін халықтар материалдық және рухани игіліктерді қатар дамытып келеді. Ал халық тұрмысының өзгеруіне байланысты материалдық игіліктер де, ауысып отырады. Сондықтан бір дәуірде жасалған, тұтынуда болған заттар ұрпақтардың өсіп-өнуіне, тіршілік тынысына сәйкес тарихқа, көнеге айналып отырады.

Бірақ тарихтан тарихқа үнемі ауысып отыратын бір нәрсе бар: ол – халық жасаған тіл мәдениеті.

Жеке ұрпақтардың бірін-бірі ауыстыруынан бұрынғының бәрі – тарих. Ал, тіл мәдениеті осындай ұрпақтар ауысуларының бірнешеуінен өтіп барып бүгінгі күнге жетті. Бұл тіл бірін-бірі ауыстырған барлық ұрпақтардың тұрмыс-салтын, ой-санасын, жан дүниесін түгел өзінде сақтап, күллі тарихты сөз түрінде бүгінгі ұрпағына жеткізді. Сондықтан әр халықтың тілі мен сөз мәдениеті – сол халықтың өзі, өз тарихы, өз тарихының айнасы. Әрине, сөз де өледі. Ал, оның әр кезде жалпы халықтық тұтынуда болуы – тірілігі. Бұл тұста оларға жаңа мағына жүктеп, жаңа сөз орамы ішіне енгізіп, кейінгі буынның түсінік-танымына лайықты орында пайдаланып, өздеріне қызмет беріп көтермелеу арқылы жаңа қатарға қосып отыру – әр дәуірдегі сөз зергерлерінің ісі. Ал, осы орайда жеке сөздердің көлеңкелене, көлегейлене бастаған байырғы мағыналарының көзін аршып, бүгінгі буынға танытып отыру, жоқшы болу – тіл мамандарының абыройлы, ардақты міндеті.

Біз тіл зерттеушілері тарапынан жасалған осындай игілікті, нәтижелі істі «Мектеп» баспасынан жақында шыққан Р, Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» деген кітабынан көріп отырмыз.

Филология ғылымының докторы Рәбиға Сыздықова – халықтың сөз мұрасына зор сүйіспеншілікпен қарайтын білімдар ғалым. Автор жаңа еңбегінде де осы қырынан танылған. Өйткені мұнда туған әдебиетіміздің өткені мен бүгінгі мәселелері түгел және жетік баяндалған.

Тіліміздегі жеке сөздердің этимологиялық таза ғылыми тұрғыдан келіп ашу бар да, ол сөздердің мағынасын көпшілік оқырманға лайықтап түсіндіру, яғни өмір тәжірибесінің талап тұрғысынан талдау бар. Кітапта осы екі ерекшелік шебер ұштастырылғанымен соңғы сипатқа ерекше назар аударылған. Бұл автордың «нені, қай тұрғыдан, кімге айтып беру керек» деген талабынан туған ерекшелік.

Мектепте оқушыларға қазақ тілі оқулықтары көлемінде білім беру – әлі толық күйінде ана тілін таныту емес, ол – ана тілінің жүйесін программалық, ережелік, анықтамалық сипатта үйрету. Оқушыға тілді, оның қыр-сырын оңай ұғындыратын, көркемдеп жеткізіп отыратын қосымша кітаптар, солар арқылы көркем сөз үлгілерін қару еткен мұғалімдердің тынымсыз еңбегі.

Тілді үйрету формаларды, категорияларды үйрету арқылы емес, оны таныту, оның құдіретіне басқаларды қанықтыру, сөздің көлеңке мағыналарының сырларын, сөз үлгілерінің көркем айшықтары тасасында тұрған контекстік мәнін, яғни «тіл астындағы тілді» үнемі, үздіксіз, жүйелі түсіндіріп отыру арқылы ғана жүзеге асырылады.

«Сөздер сөйлейді» – осы зәрудің өтеуі. Абайдың: «Көлеңкесі түседі көкейіңе» дегеніндей, автор бұл кітабында оқығанда көңілге көлеңкесін түсіретін, бұлдыр, сағымданып тұратын сөздердің мағыналарын ашуға талаптанған.

Ғалым жаңа еңбегінде мақал-мәтелдерде, батырлар жыры мен лиро-эпостарда, ХҮ – XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың өлең-толғауларында, яғни мектеп программасында бар әдеби үлгілерде кездесетін, түсініктемесі берілуі керек сөздердің көбіне тоқталған. Және оқушыларға, әсіресе мектеп мұғалімдеріне әдеби текспен жұмыс істеудің, ондағы түсінуге қиын сөздермен, сөз тіркестермен, контекспен жұмыс істеудің ыңғайлы үлгілерін берген. Яғни сөздерді сөйлету әдісі – әлі жүйелі жолға түспеген, сөз танытуда олқы жатқан оқыту әдістерін толықтыруға септігін тигізген. Бұл еңбектің педагогикалық және методикалық құнын арттырған.

Автордың жеке сөзді, оның мағынасын методикалық-лингвистикалық талдаулар арқылы текстіні толық түсіндіруі де жақсы шешім екендігін атаған орынды. Өйткені, шындап келгенде, жұмыстың жазылуына да осындай жайлардың әсер еткені анық байқалады.

Зерттеуде жүзден аса сөздің мағынасы ашылған. Олар нақтылы текстер мен сөз тіркестері арқылы талданған. Керекті жерінде көне жазба ескерткіштеріміздің материалдары, бұрын-соңды шыққан беделді сөздіктер дерегі қоса қамтылған. Бұлардың сыртында жеке автордың сол сөз туралы айтқан пікірлері де келтірілген. Мысалы;

Сан шерулі қол болса,

Батырлар болар ағасы,

– деген Махамбет ақынның сөзін V класс оқушысынан бастап филолог-студентке дейінгі аралықта кімдер оқымады?! Көп жылдар бойында осы жолдарға көз тоқтатып, көңіл аударған ешкім болған жоқ: оқытыла салынады, оқи салынады. Күнде өздері бірнеше рет қолданатын аға сөзін күңгірт ойға оралтады да, нобайлап ұғынады. Ал автор аға сөзі Махамбет пен өзге ақын-жыраулардың өлеңдерінде мұның әскери басшы, әскери атақ, дәреже, құрметті атақ деген ұғым беретін термин сөз екенін дәлелдейді, оның мәні мен мағынасын ашады. Сондықтан жақсы еңбектің жұртшылықтың жүрегіне жол табатындығына біздің де сеніміміз мол.
Қазақстан мұғалімі 1980. 5 декабрь



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет