Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет4/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
БазарбаевМүсілім

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Уәлиев Нұргелді


филология ғылымдарының кандидаты


Толғаулы тоқсан қызыл тіл

Рәбиға Сыздықова Абайдың сөз өрнегі.

Зерттеу. 1995 ж.
Абайдың сөз, тіл әлеміне бару оңай емес. Оның сырын ұғып, кілтін білмеген адам әдемі құрылған дүниені құлатып, рәсуа етуі мүмкін, яғни үлкен сөз ұғарлық дәреже керек. Абайдың өзі сөз, тіл туралы: «қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған», «толғауы тоқсан қызыл тіл», «улы сия, ащы тіл», немесе «өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма» дейді ғой. Мұндай жағдайда ғажап сөз шеберінің өнер сарайына батыл кіріп, ғылыми тұрғыдан талдау жасау даярлықты, білгірлікті қажет етері даусыз. Осы жерде бірден айта кетелік, автор еңбегіндегі: сөз – өлеңнің арқауы, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үндестіру деген кілттері қандай ойға қонымды десеңізші. Әрі қарай: бейнелілік, эстетикалық өріс, өлең және сөз, синонимдер, сөз – символ, дыбыс гармониясы, түбірлес сөздер деген уәждері ғалымның Абай сөз өнерін жүдетпей, жүйрік ой, епті қолмен жазып отырғанына көзіңізді жеткізеді.

Жалпы, Абай мұрасы туралы Р.Сыздықованың бұл жазып отырғаны тұңғыш кітап емес. Мұнан бұрын да бірнеше еңбегі жарық көрген. Әрине, қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы, рухани абызы туралы таным-білім заман өткен сайын биіктей бермек. Кейде ғылым ақиқатты ғана айту үшін емес, тану үшін қызмет етеді. Абайтанудың да алғашқы беттері ұлы тұлғаны алдымен суреткер ретінде танудан басталған. Ал суреткердің ең басты құралы – тіл екені белгілі. Күндегісін күнде қолданып жүрген кәдімгі тілдің көркемдік құралына айналу заңдылығын ашып білуде тіл мамандарының айтары да, берері де аз емес. Кезінде А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев және басқа да ғалымдардан басталған абайтанудың тіл біліміндегі желісі жалғасып келеді. Бұл салада зиялы қауым абайтанушы ретінде Р.Сыздықованың еңбегін ерекше атайды. Ақынның сөз шеберлігін, тіл кестесін лингвистикалық тұрғыдан біраздан бері зерттеп келе жатқан ғалымның жаңа еңбегінде енді мәселе жаңа қырынан қойылған. Абай дәуіріндегі тілдік нормалар, оның жаңару үрдістері, қазақ тіл кеңістігіндегі ақынның орны және тағы басқа мәселелерді саралап, анықтап алу бұрыннан-ақ қажет болатын. Зерттеушінің «Абай шығармаларының тілі» (1968) деген көлемді еңбегі алдымен осындай өзекті мәселелерді шешіп алуды көздеген еді. Осыдан кейін іле-шала жарық көрген «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) деп аталатын еңбегі қазақ өлеңінің синтаксистік құрылысын алғаш сөз еткен, негізгі тілдік белгілерін саралаған бірегей талдаулардың бірі болды.

Зерттеушінің бұл аталған еңбектерінде сондай-ақ Абай нәр алған бұлақ көздері айтылады, жыраулар поэзиясына тән элементтер, фольклор тіліне тән белгілер, сөйлеу тілі мен кітаби тілге тән қолданыстар, болмысы бөлек өзге тілдік элементтер жүйе-жүйесімен талданып, олардың жұмсалу себептері мен уәждері көрсетілген-ді. Әрине, мұндай әр тұрпатты элементтердің суреткер тілінде ұшырасып отыруы түсінікті. Әдетте, қазақ тілін бір ғана тіл деп ұққанымызбен, оның өмір сүру формалары (тұрпаты) бірнеше: сөйлеу тілі, жергілікті тіл, фольклор тілі, ақын-жыраулар тілі, кітаби тіл. Бұлардың өзегі бір болғанымен, әрқайсысының заңдылықтары, өзіне тән элементтері бар. Осылардың бәрі де Абай тілінен табылады екен. Міне, зерттеуші Абай тілін қарастыра отырып, сол кездегі синхрондық бөліктегі әдеби тілдің сипаттары мен ерекшеліктерін ашып көрсетті. Бірақ әлі де шешімін таппаған мәселелер бар еді. Себебі әр текті, әр тұрпатты элементтерді бір қазанда қайнатып, тілдік бір арнаға салған Абай ма әлде ондай арна бұрыннан да бар ма еді? Басқаша айтқанда, әдеби тілдің негізін Абай салды ма деген мәселенің басын ашып алу да күн тәртібінде тұрды. Осындай бағыттағы ізденістің, зерттеудің барысында ғалым «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1981, 1993) деген көлемді монография жазып, Абайға дейін де нормасы тұрақталған, әсері қуатты әдеби тілдің болғанын, ол ауызша түрде қызмет еткенін, оның негізгі үлгілері ХV-ХVІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясы мен шешендік сөз үлгілері екенін айқындап, арнай терминологиялық мазмұн бере отырып, оны ауызша әдеби тіл деп атады. Абай осы ауызша қызмет еткен әдеби тілді арқау ете отырып, оның ұлттық жазба түрдегі негізін салғанын дәлелдеді.

Суреткердің сөз құрамы мен сөз шеберлігі лингвистикалық зерттеудің әдіс-тәсілдері арқылы ашылмақ. Абай шығармаларының тілін сол кезеңдегі әдеби тілдің үлгісі ретінде тексеріп алмай, ондағы сөздер мен сөз тұлғаларының, синтаксистік құрылымдардың сипатын ашып алмай, бірден суреткерлік шеберлігіне көшу қиын болар еді. Міне, ғалымның жоғарыда айтылған зерттеулерден соң, келесі кезекте ақын тілінің көркемділігін, оның сөз шеберлігін талдауға баруының, абайтануға қайта оралуының осындай себебі бар. «Абайдың сөз өрнегі» – алдыңғы екі кітаптың заңды жалғасы іспетті. Әдетте тіл көркемдігі сөз бола қалса, қаламгердің көріктеуіш құрал-тәсілдері, бейнелі сөздер мен сөз орамдары алдымен ауызға алынады. Мұндайда текстің тек теңеу, бейнелеу, әсірелеу, мағына құбылту тәрізді жерлері «шұрайлы» көрініп, қалған тұстары назардан қаға беріс қала береді. Әрине, ондай айшықты, әшекейлі сөздер алдымен көзге шалынып, ерекше әсер ететіні де сөзсіз. Алайда нағыз көркем шығарма – іші шымыр, сырты жұмыр бір бүтін, біртұтас дүние. Бүтіннің бөлшектері қалайда тұлғасы, мағынасы, қызметі, реңкі жағынан ұжымдасып, жымдасып жатады. Демек, көркемдік деген шығарманың өн бойына тән біртұтас нәрсе. Оны үзіктерден іздемей, бүтіннің құрамына еніп тұрған әр бөлшектің мәні, мағынасы, қызметінен және олардың бір-бірінен байланысынан, басқаша айтқанда, уәжділіктен іздеу қажет екенін зерттеуші толық дәлелдейді. Сөйтіп, көркем тіл кестесіне енген дыбыс, сөз, сөз тұлғалары, ырғақ, әуен көркем ойды көрікті етіп берудің құралына айналатынына көзіңізді жеткізеді.

Жасыратыны жоқ, осы кезде дейін ұлы ақынның сөз кестесіндегі шумақ сайын, немесе жол сайын қайталанып отыратын сырт қарағанда тек ұйқас үшін айтылғандай болып көрінетін, шоғырымен жұмсалатын кейбір тұлғаларда пәлендей бір шеберлік бар деп ешкім тап басып тани қойған жоқ болатын. Ендігі жерде зерттеуші, суреткердің тіл кестесіндегі жеке сөзді былай қойғанда, грамматикалық тұлғалардың стиль тезіне түсіп, қалайша көркемдіктің жүгін көтеріп тұрғанын көрсетіп береді. Атап айтқанда, зерттеушінің пайымдауынша, ақынның философиялық ой толғайтын тұстарда, сурет жасайтын сәттерде және жай ғана баяндайтын жерлерде әртүрлі тұлғалар шоғыр-шоғырымен қайталанып, ерекше мәнге ие болады екен. Осылайша ақын динаминалық, статикалық күйді беруде сөз тұлғаларының ерекшеліктерін шебер пайдаланады. Бұрынғы ізденістерде ұлы ақынның сөз кестесінде сан алуан сипаттағы сөздердің кездесетіні белгілі болғанмен, оның мәні беймәлім болатын. Себебі тілдің небір інжу-маржаны, бейнелі, айшықты үлгілерінен басқа ақын тілінде кездесетін кітаби (шағатай тіліне тән сөздер) реңкі бейтарап, мазмұны төмен қарапайым сөздердің, тұрмыстық сипаттағы атаулардың жұмсалу реті мен жүйесі сараланып көрсетілмеген болатын. Ал бұлардың қызметі мен көркемдік жүгін, стильдік мәнін ең алдымен текст түзу заңдылығы негізінде тануға болатынын осы зерттеуден аңғарамыз. Олай болатыны ақынның қаламына ілінген әрбір тілдік элемент алдымен тақырыпқа (ақынның айтпақ идеясына) бойсұнады екен: олар әуелі тақырып жағынан үндеседі, мағына жағынан үйлеседі, субъективті модальдық, объективті модальдық (ашық рай тұлғалары) жағынан шоғырланады, деректі-дерексіз, жағымды-жағымсыз сипаты жағынан жымдасады.

Осының бәрі біздің баяндауымызда қиындау ұғылып тұрғанымен, айналып келгенде, көркем әдебиет деген үлкен ұғымға қызмет ететін пайымдаулар. Абайдың сөз өрнегі өлең өрнегі не себепті әрбір ақынның қолынан келе бермейтін қиюын тауып, жұмыр боп қалыптасқан күйде деген сұрауға жауап беретін тұжырымдар. Р.Сыздықова зерттеуінің артықшылығы – әңгіме әдебиет жайында, молынан айтсақ, өнер жайында екенін әсте естен шығармауы. Рас, мазмұн мен форманың үйлесімінен туып отырған әдеміліктің тілдік тетігі осы кезге дейін құпия болып келген-ді. Басқаша бұраумен ашылатын сол құпияның кілтін, міне, оқырмандарымыз осындай зерттеуден байқай алады. Абайтанушы ғалым текст түзудің теориялық негіздеріне сүйене отырып, ұлы ақынның жазба тілге тән текст құруының, сөз өрнегін жасауының шарттары мен заңдылықтарын ашады. Сондықтан ғалымның бұл зерттеуін ұлы суреткердің көркемдік әлемін тереңірек тануға мол септігін тигізетін жаңа бағыттағы бастама деу қажет.


Қазақ әдебиеті. 1995. 22 тамыз

Ысқақұлы Дандай





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет