Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың?
Ұйқтайтын бар не сиқың?!
Міржақыптың:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты.
дегендері бұрын-соңды айтылмаған, ұранға ұласар дәуірдің ең кезек сөздері еді. Осы сөз, осы ұран қазақ әдебиетінің әлі жиырма жылға жуық жүрер жолын айқындап берді. Осы замана шындығынан шыққан реалистік ойлар бірде романтикалық, бірде сентеминталистік, енді бірде символистік бағытта болғанымен ұлт-азаттық мазмұнын сақтап, Жүсіпбектің «Ақбілегіне», Мұхтардың «Қилы заманына» дейін іштей кернеген азаттық рухын сақтап келді. Бойында осындай рух бар реалистік әдебиет Сұлтанмахмұтта толық көрінсе, оның көрнекті үлгілері Мағжанның «Шолпан» жинағында, Берниязда, Сәкен мен Бейімбеттің алғашқы өлеңдерінде, Ахмет Мәметов, Сәбит Дөнентаевтардың кейбір шығармаларында көркемдік көрінісін тапты. Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім шығармаларында жалпыадамзаттық адамгершілік, имандылық, ізгілік, мейірбандық, адалдық сияқты мәселелер көтеріліп, бұл тақырыптар олардың діндарлығынан өрістеп жатты. Реалистік астар, реалистік орта мен уақыт алғашқы қазақ романдары делініп жүрген «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» сияқты туындыларда көрінді. Бірақ, бұлардың идеялық шешімінде, әсіресе, әйелдер образын жасауда сентиментализм қабаты да мол еді[7].
Реализм әдебиетінің кеңінен қанат жаюы – жаңа жанрлық түрлерді қалыптастырды. Балаларға арналған қарапайым әңгімелердің орнына повестер келе бастады. Драма жанрының алғашқы үлгілері туды. Дидактикалық поэма ғибратшылдық сарыннан шығып, саяси, тарихи, махаббат тақырыптарына бет бұрды да, олардың мазмұнына орай пішініне де өзгерістер ене бастады. Әдеби дамудың өскелеңдігін көрсететін сын жанры өмірге келді.
Абай сыншыл реалист ақын
2.1 Абайдың жас шағындағы шығармалары
Абайдан қалған ақындық мұраның молы — ұсақ үлгідегі қысқа формалы өлеңдер болғандықтан, жаңағы айтылған тексеру, зерттеу әдісін әуелі осы лирика түрлеріне айрық-ша қолданып өтеміз. Бұл шығармалардан жанры басқа болғандықтан, Абайдың поэмаларын, аудармаларын және қара сөздерін бөлек-бөлек қарастырамыз.
Сонымен, Абайдың шығармаларын бұл кітап көлемінде тексеру мынадай бөлімдерге жіктелетін болды:
1. Абайдың жас шағындағы өлеңдері.
2. Абайдың лирикасы.
3. Абайдың поэмалары.
4. Абайдың аудармалары.
5. Абайдың қара сөздері.
Енді Абайдың жас шағындағы шығармаларын талдауға кіріспес бұрын, бұл уақытқа шейін қазақ тілінде болған әдебиеттік-тарихтық зерттеу, тексерулердің кейбір әдіс ерекшеліктерін атап өту керек [8].
Бұрынғы зерттеушілердің бір алуаны ақын шығармаларының мазмұны мен идеясынан туатын және зерттеудің өздері нақтылап алынған ғылымдық мақсатынан туатын арнаулы, шартты түрдегі тақырыптық топтаулар жасайтын. Бұл тексерулер Абай шығармаларының қай жылдарда туғанына қарамайды. Тақырып жағы мен идеялық өзгешеліктеріне қарай, өздеріне керек шығармаларды бөліп, ойып- ойып алып талдайды.
Сонда, Абайдың эстетикалық көзқарасы, педагогикалық ойлары, философиялық көзқарасы, қоғамдық, тарихтық идеялары деген сияқты немесе Абайдың орыс клас-сиктерімен жалғасы, кейде Абай ақындығының түрлері, Абайдың тілі деген сияқты әр алуан жекеше тақырыптарға арналған зерттеулер туады.
Әрине, бұлайша арнаулы тақырыптар мен мақсаттарға ерекше көңіл бөліп, сол жайларды ғана зерттеу орынсыз, керексіз демейміз. Көбінше зерттеудің нақтылап, ерекше зер салып, дәлелді етіп зерттеу шамаларына қарай, бұл сияқты арнаулы тақырыптың әрқайсысы өз көлемінде көңілге қонады, орынды боп, бағалы еңбек боп шығулары әбден мүмкін.
Бірақ солай бола тұрса да, бұндай ойдым-ойдым тақырыптарға нақтылы арналған зерттеулер ақынның мұрасы туралы толық дерек бермейді. Рас, жоғарыда аталған, ақын-дық ерекшелігі, тіл өзгешелігі, педагогикалық, эстетикалық, философиялық мәселелердің бәрі де Абай шығармаларынан арнаулы күйде табылып отырады [9].
Бірақ осы аталған күрделі, зор мәндері бар салалардың барлығы да Абай шығармаларында жекешеленіп, екшеліп, бөлініп тұрған жоқ. Кейбір ірі өлеңдерінде немесе кей жылдардың туындыларында сол жайлардың барлығы да азды-көпті түрде айқын көрініп отыратыны даусыз. Сондықтан Абай шығармаларының барлық елеулі өзгешеліктерін, қасиеттерін кеңірек қамтимын деген зерттеулер, осы мәселелерді бір жақты іріктеу мен тексерудің әр кезеңінде, еріксіз сыңаржақтыққа ауысып кетіп отырады. Тексерудің бұл түрі де бұрынғы Абай шығармаларынан: "Ой туралы", "Өзі туралы", "Ақындық туралы", "Халық туралы" деген шартты түрдегі, бір жақты топтау сияқты болады.
Сөйтіп, жоғарыда айтылғандай, ақынның жас шағынан бастап, қайтыс болғанына дейін қатар ілесіп отырған ақындық жолын шоламыз. Ақын өнерінің дамуына, ойларының өсу, өрістеуіне сәйкес тексеру болады. Жоғарыда аталған ірі тақырыптардың (ақындық ерекшелігі, тіл өзгешелігі, орыс классиктерімен жалғасы, эстетикалық, педагогикалық, философиялық көзқарастары, тарихтық, қоғамдық идеялары, т.б.) бәрі де нақтылы шығармалардың жан-жақты өзгешеліктерін сынау, талдау ретінде үнемі қамтылып оты-ратын болады.
Абайдың толық жинағы 1858 жылы жазылған екі өлеңнен басталады. Біріншісі — "Иузи — рәушан", екіншісі — "Физули, Шәмси". Бұлардан соң, 1864 жылы жазылған "Әлифби" өлеңі бар. Ақынның он үш жас пен он сегіз, он тоғыз жастар арасында тудырған шығармалары осы.
Жалғыз бұл өлеңдер емес, Абайдың сол жылдарда осы алуандас жазған басқа өлеңдері де болса керек еді. Бірақ олардан іздерек табылған жоқ.
Мынау өлеңдер тұсында айқын байқалатын ерекшелік — шығыс ақындарының үлгісінде жазылғандықтары. Екінші өзгешелік — бұл өлеңдер жатқа, ауызша шығарылған шығармалар емес. Бұнда Абай анық жазушы ақын. Біз XIX ғасырдың басы мен орта кезінде жасаған Махамбет, Нысамбай, Мұрат сияқты ақындардың шығармаларынан ақынның өзіне тән стиль ерекшеліктерін айырып тексерсек те, "олардың қай өлеңі жазылып айтылған, қайсысы ауызша жырланған" деген сұрақтарға нақтылап, деректі жауап бере алмаймыз. Өйткені олардың жазғаны мен ауызша шығарғанының стильдік өзгешелігін айыру оңай емес [10].
Ал Абайдың мына кітапшылап, араб, парсы, ескі өзбек ("шағатай" немесе "түркі" деп аталатын) тілдерден көп сөздер кіргізіп тудырған өлеңдері, тек қана жазумен туатын шығармалар екенінде дау жоқ. Әйелдің сұлулығын бейнелеген "Иузи - рәушан" деген өлеңде жас Абай анық еліктеуші ақын екендігін көрсетеді. Бұнда қыздың көзі гәуһәр, бетінің ұшы лағыл тастай қып-қызыл, тамағы қардан бетер, қасын құдіреттің, жаратушының қолы шеккен. Және өзі дүние жүзіндегі сұлулардың раһбары — көсемі, басшысы. Ал осыған бұрынғы шығыс тарихында байлығымен, патшалық әмір құдіретімен аңыз болған атақты жандар — патша Сүлеймен, патша Ямшид, патша Искәндәр — бәрі де ынтық болар еді. Солар бар мүліктерін салса да, бұл сұлудың бағасын өтей алмас еді, — деп жырлаушы жас ақын өзінің бар тек, төркінін танытады.
Сөз айттым "Әзірет Әлі айдаһарсыз", Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз", — деп қысылғанда, өзінің жас шағында жаңағыдай өлең жазғанын ұмытып кеткен болу керек. Болмаса, көзі жарқыраған жылтыр тас, беті шиедей болған қызыл тас тәрізді сұлу-дың сары ала иегі бар қыздан айырмасы аз-ақ екенін аңғару қиын емес.
Реалистік жолға орыс классиктерін терең тану арқылы ауысып алғаннан кейінгі Абай, әрине, мынау үлгіде өлең жазушы, еліктеуші ақынды мазақ етпеске мүмкін емес. Ал жаңағы өлеңде Абай шығыс ақындарының бар үлгісін түгел меңгерген. Теңеулері шектен асқан әсірелеуді көрсетеді. Өмірге, шындыққа жанаспайтын орасандық шығыс поэзия-сының көп ғасырлық дағдысы еді. Абайдың еліктегені кім екенін де тану қиын емес. Осы өлеңде және бұдан кейінгі екі өлеңде де Абай өзінше түркі тіліндегі (сол кездегі әдебиет тілі деп саналған) үлгіде жазып отыр. Бірақ анық сол түркі сөзі мен осы өлең қатарында келетін араб сөздері әлдеқайда көп. Өлеңнің уәзін ырғағы да, жеке сөздердің айтылуы да кітап үлгісінде "нигә", "шигә" деп, қазақтың "неге", "шегеді" деген сөздерін кітапшылап, әдейі бұрмалайды. Өйткені алып отырған өлең ырғағы, ритмнің өзі арабтан иран, шағатайға жайылған "ғаруз" өлшеуінің үлгісі [11]. Араб өлеңінің ырғағына сай мәтпен созылатын ұзақ үнді дыбыс пен қысқа үнді дыбыстардың алма-кезектесіп отыруынан қуралатын өлшеу. Бұл — қазақ сияқты елдердің тіліне, өлең құрылысына мүлде жанаспайтын ырғақ. Бірақ өздері азербайжан, өзбек, түрікпен, татар, қазақ сияқты елдерден шығып, арғы замандар мен бертін кездердегі араб, исләм мәдениетінің ықпалын көрген классик ақындардың көбі өз халықтарының тілдерін бұрмалап жазатын. Өздерінің өлең қатарларына жаңағыша араб, парсы сөздерін көптен- көп кіргізіп, аламын тілмен жазады. Сол үлгі Науаиде, тағы басқа Абай қадірлеген ескі түркі-шағатай ақындарында көп кездеседі. Өзі шәкірт, өзі бала ақын Абай соларға барынша бой ұрып, алаңсыз еліктейді. Екінші өлеңінде: Физули, Шәмси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, — деп, сол еліктеген, өзіне үлгі еткен ақындардың аттарын да балалық шыншылдықпен тегіс атап береді. Осы орайда айта кететін тағы бір ерекше мәселе бар [12]. Бізде бүгінге шейін Абайдың Шығыспен байланысын айтқанда, кейбір жайлар ұшқары сөйленеді. Абай мұсылманша оқығандықтан, араб пен парсы тілін түгел білген боп суреттеледі.
Кейбір зерттеушілер Абайды араб, парсы классиктерін де түгел білген етіп қояды.
Анығында, бес-алты жыл мұсылманша оқығанмен, ол кездегі шабан оқытудың шалағай методикасын еске алғанда, Абай арабтың классик поэзиясын түгел ұғарлық дәрежеге жетті деу асыра сөйлеу болады.
Сондықтан да Абайдың мына санаған ақындарының ішінде арабтың атақты классиктері: Мұтанәбби, Әбу Ғала- Мағрилер кездеспейді. Оған тілдері түсінікті ең жақын ақындар болғандықтан Науаи, Физули үлгісі көп әсер етеді. Жас шағында сол ақындар өздеріне үлгі еткен Фирдоуси, Сағди, Қожа Хафиз тәрізді ұлы классиктердің ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аударма арқылы таныс болуы көңілге қонымдырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай білгенде, түрікшеленген аудармалардан білу керек.
Ал, олай болса, Абайдың шығыс поэзиясымен таныстығын атағанда, оның үлгі еткендері осы күнгі советтік шығыс елдеріміз: азербайжан, өзбек, тәжік сияқты елдердің ұлы классиктері деу керек [13].
Абайдың орыс классик поэзиясынан алған үлгісін мол бағаламақ болған дұрыс ниеттегі кейбір тексерушілер "Абайда шығыс поэзиясының әсері де болған" деген пікірлерге қытықтанып, шамданып қарайтыны бар. Ол дұрыс емес.
Анығында, Абай жаңағы анықталған Жақын Шығыстың кейбір үлгісін анық пайдаланған. Оған жас шағында аз ізденумен, арзан еліктеу түрінде барған болса, бері келіп, әбден қалыптанып, ұлы реалист, шебер классик, мастер болған шағында да, сирек түрде болса да, оқта-текте айналып соғып отырады. Мысалы, 1889 жылы жазылған "Қор болды жанымда", 1891 жылы жазылған "Көзімнің қарасында" ақын махаббат жайын тағы да жаңағы аталған, өзіне анық түсінікті болған, бүгінгі ұлы советтік Отанымыздың қадірлі, кәрі классиктері Науаи, Физулише жазатыны бар. Бұл жерде біз Абайдың реалист ақын болып қалыптасқаннан кейін де, сол жаңағы Жақын Шығыс поэзиясында кездесетін толып жатқан сөздіктерді, ақындық лексиканы шығыстық әдебиеттен алатынын талдаймыз.
Тек ескерте кететін нәрсе, Абайдың барлық поэзиялық мұрасында Шығыстың орны классик поэзиясының орнынан әлдеқайда аз. Бірақ, жалпы алғанда, жаңағыдай анық-талған жақын Шығыс мәдениетінің әсері болғанын атамай болмайды. Ол жәй Абайдың ақындық нәр, қор алған тектері, іздену өрісі, жалпы ойшылдық, ақындық диапазоны кең болғанын көрсетеді. Мысалы, грузиннің атақты классигі Шота Руставелидің идеялық, поэзиялық, философиялық негіз қорларын айтқанда, барлық зерттеушілер оның араб, иран мәдениетінен және орта ғасырлардағы батыстық мәдениеттен екі жақты үлгі-өнерлер алғанын жасырмайды, ашып айтады. Тіпті соны Руставелидің өз заманынан бойы озған ерекше қасиеті деп айтады. Өз тұсындағы дүниежүзілік мәдениетке бұның кең құлаш жайып, еркін пайдаланғанын мақтан етеді. Абай жөнінде, егер ол өмір бойы сол өзіне үлгі еткен шығыс поэзиясының ескілігіне ұдайы табынып, бағынумен қалса, бұны ақынның орасан олқылығы, айыбы дер едік. Бірақ Абай ондай емес.
Жаңағы жастық жайында, бала шағында айтқан шығыс үлгісіндегі еліктеу өлеңдері ақын Абайдың тек қана алғашқы адымы ғана болады да қалады. Жігіттікке кіре бере, Абай ол үлгіде жазуды мазмұн жағынан да, түр жағынан да табылған жол екен деп білмейді. Осының шындығын тіпті сол шығысшылап жазған өлеңінің ең үлкені "Әлифби" бәйітінің өзінен де анық аңғаруға болады [14].
"Әлифби" өлеңінде шығыстық ерекшеліктердің барлығын өз бойынан көрсетумен бірге, ол поэзиядан бөлегірек, оқшауырақ тұрған айқын өзгешелік те бар. Бұл ретте өзге жайларды қойып, өлеңнің соңғы екі жолын еске алсақ та болады.
Үтір мен асты-үстілі жазу да бар, — деп келіп, Абай сүйікті сұлуға арналған хаттың ең соңында нақтылы тілек айтады. Онысын натуралдық түрде, тұрпайылау етіп анықтап, ашып салады. Бұндағы Абай құрбы қызға сәлем-тілек жолдап отырған көп жеңіс қой жігіттің бірі болады. Шығыстық шер сөздер қосып, ғашық-мағшұқ жайларын тал бойы ұйып жырлаған сияқтанып отырып, "Әлифби" өлеңінің ақырында Абай сезім, сана жағынан жаңағы шығыстық сарыннан өз басының сау екенін танытады, сергек екенін байқатады. Ендеше, бұл бұрын қазақ жазып көрмеген өлеңдік оқшау түрді қызықтап, тамашалаған сияқты да, уақытша әуестік есебінде сол өлендік түрмен ғана ойнағандай болады. Кейін, аз уақыттың ішінде-ақ, өмір шындығына жақын өлеңді өз халқының анық халықтық тілімен жазып кететін Абай, мынау тұста тек аз уақыт қана өзінің көзі түскен және өзін жас шағында қызықтырған, таңдандырған үлгіге аз бой ұрады. Мұндағы тағы бір қасиеті — Абай діншіл мистикаға берілген Йассауи, Сопы Аллаярдың бірде-біріне маңайламайды.
Ақындық үлгісін іздеп жүрген жас қазақ ақындары айтып келген қара өлеңнің, жырдың әр алуанын білсе де, өзі де солайша жырлауға жараса да, алғашқы кезде ел ақындарының үлгісінше өлең айтуды місе қылмайды. Бұрын қазақ құлағы сирек естіген өзгеше өлең үлгісіне қызығады. Қиын тынды баурағысы келеді.
Дұрыстығын айту керек, Абай терең сезім, идея, мазмұн жағынан түгелімен шығыс ақындарының ықпалына берілмесе де, өлең құру шеберлігі, түр жаңалығы жөнінде бұл кезде де көп нәрсе табады. Сонда, әсіресе өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді. Дастан жазған Науаи емес, ғазелдер жазған Науаиге еліктегісі келеді.
Атақты "Чардиуан" Науаи лирикасының төртке бөлінген жинақтары еді. "Чардиуанның" төрт бөлімі адам өмірінің, ақын тілегінің төрт кезеңіне арналған: балалық, жігіттік, орта жас, кәрілік кезеңінің көңіл сыры, мұң сезімі баяндалатын.
Абайдың жоғарыда біз атаған шығыстық өлеңдері "Чардиуанның" жігіттік дәуірін, нәзіктік нақыстарын жырлаған үлгілеріне келеді. Науаидің барлық ғазелдері ерекше шеберлік, көркемдік мазмұн сарындардан басқа, түр жағынан толып жатқан қиын, қызық ырғақ үлгілер көрсететін. Өлең шумақтарына қарап, жол есептері бойынша бөлінетін бір түрлері бар еді. Мысалы: ғазелдер ішінде "Мұстәзәт", "мұхамәс" (бестік), "Мұсәддәс" (алтылық), "Мұсәммән" (жетілік) деген шумақ өлшеулер болған. Екі жолдан ұйқасатын "Мұснәун"; төрт жолдан құралатын "рабаят"; кейде егіз екі жолдан қосылып, ұйқасты сөздерді ойнақы етіп беретін "тұйық" өлшеуі болған және де түрі мен мазмұны бірдей жұмбақ, аса шебер құрылатын "Мұәмме" үлгісі бар. Мазмұн жағынан алғанда, "сақинама" — ішкілік-сауық өлендері болады. Осы түрлермен қалыптанған сыршылдық өлеңдердің арнаулы сюжеті болмаса да, көпшілігі көңіл сырына, ішкі сезім ырғағына арналады [15].
Абай "Әлифби" өлеңінің әр жолын араб алфавитінің ретімен тізеді. Науаиде да сол араб алфавитімен тізілген газелдер бар. Бірақ ол әр жолдың басы емес, қайта аяғындағы ұйқасты сөздердің ең соңғы дыбысын әліфби ретімен келтіреді.
"Чардиуанның" барлық саны қырық мың жол өлең болғанда, бұлардың орта жасқа, кәрілікке арналған бөлімдерінде, газелдерінде Науаидің терең толғауы, философиялық ойлары да, қысқа қайырып, шебер етіп қалыптаған ақыл-нақыш сөзі де, афоризмдері де көп кездеседі.
Жас ақын Абай Науаидің, осы соңғы айтқандай, анық классиктік ұлы өрісіне бара алмаған. Ол дәрежеде ұзақ ізденіп, терең бойлап салынбаған. Тек жігіттік, жастық сезімдеріне жаңа мода болғандай тың түр ғана іздейді. Сол себепті "Әлифби" өлеңінде жоғарыда аталып өткен Науаи ғазелдерінің кейбір сырт түрі, өрнектерін ғана көреміз.
Тегінде, анық ішкі сана-сезімге келгенде, Абай сол өзі аз дәурен үлгі еткен шығыс классиктерінің шығармаларындағы ішкі мазмұндарға түгел табынған деген пікірді біз ай-рықша бөліп айтамыз. Өйткені шығыстың көп классигіне ортақ болған бір жәй, махаббат сияқты сезімдерді жырлауда мистикалық элементтер де болады. Ғашықтықтың өзін құдайды тану жолындағы жан әрекеті есебінде жырлау басым еді. Сондықтан ғазелдерде аталатын "мағшуқа" қандай отанның, нендей халықтың қандай шаһарын мекен еткен жан екенін біліп болмайды. Оған ынтығып жырлаған жырлардың ешбірінен сол сұлудың атын, тегін де, нақтылы түсінің өзін де аңғарып болмайды. Бұл жер басқан адамзат па, жоқ, бір мекенсіз, нақтылы дерексіз ғажайып жаралған перизат па? Оны да айыру қиын. Ғашығына жолдаған наз, тілектер табыну сарынына айналғанда, жаратқанға жалбарынып отырған сопылық, мистикалық тұманды күйрек сезімдер басымдап кететіндері болады.
Осындай құдайшылдық сарын ғашық жайын, көңіл халін, табиғат көркін атаған теңеулердің бәрінде де көп көрініп отырады. Науаи сияқты ұлы классикте бұл өзге-шеліктер кемірек болғанмен, Абай көп оқыған өзге шығыстық ақындардың көбінде осы өзгешелік ерекше мол болған. Абайдың қасиеті сол — жас шағының өзінде де, еліктеуші бола тұрса да, өзінің махаббаттық арман-шерлерін, тілектерін жырлауында сопылық, бендешілік, құдайға құлшылық, мінәжатшылық күй сарындарға бармайды.
Көп теңеулерде кітапшылап, әсірелеп жырлап отырса да, жоғарыда біз айтқан "Әлифби" өлеңінің соңғы жолдарындай жердің жігіті боп шығады және арнаулы тілек пен нақтылы сәлем айтып жатқан түсінікті мақсаты бар тұмансыз жаршы болады. Болашақ реалист ақынның жақында ауысатын өрісін, әдісін аңғартқандай.
Осы жайды "Әлифби" өлеңі ғана емес, ең алғаш кітапшылап жазған "Иузи — рәушан" деген өлеңнің соңғы жолдарынан:
Мұбәдә болса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз,
Кетіп қуат, йумылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә? — деген сөздерінен де аңғаруға болады. Басында жер сипатты емес, хор сипатты, қолға түспес алыс сұлу, мына тұста ынтық жігітке бетпе-бет кездеседі. Сонда түсінікті құмар-лық, нақтылы тілекпен тал бойы ұйып тұрған жастың көпке мәлім күйі бар шындығымен аңғарылып тұрады. Әрине, бұндағы тіл шұбарлығы — Абайдың жаргонға орынсыз қызыққан кемшілігі. Мазмұны өзіндік, мистикасыз болса да, еліктеудің арзан үлгісіне кеткендігі көрінеді.
Бұлардан соңғы Абайдың жас шағынан бізге жеткен, жылы белгісіз өлеңі "Сап, сап, көңілім". Жігіттік, жастық мінездеріне арналып айтылғанмен, Абайдың бұл өлеңі жоғарғы тексерілген жолдардың барлығынан мүлде басқаша. Ең әуелі оқушыға салғаннан айқын көрінетін өзгешелік — бұл өлең таза қазақ тілінің өзімен жазылады. Мазмұны мен мағынасына қарағанда, Абайдың бұдан бұрын азды-көпті айтылып келген өлеңдерінің өзінше, өзгеше бір қорытындысы сияқты. Жылы белгісіз болғанмен, ақынның жиырма-жиырма бес арасында өз өмірінің осы шағына нақтылап, арнап айтқан өлеңіне ұқсайды. Бұндағы ойлар мен сезімдер жас жігіттің өзіне де, өзі құрбы тұрғылыстарына да арнаған тоқтау сөзі, сын, толғау сияқты. Ең әуелі, бұл өлеңде Абай қазақ әдебиетінен бөлек үлгіге еліктеуді өзіне енді лайық көрмеген сияқты. Өз өмірінің шындығы бұл жырда аса айқын қонымдылықпен айтылады.
Ұзақ өлеңнің көркем жолдарында ел жігітінің тіршілігінен тысқары тұманды, оқшау хал де, сезім, теңеу де жоқ. Қыз андыған жігіттің түнде жортқан, жеңіл-жеңсік қуған әдеті өзгеге де ой түсіреді. Бұл өлеңде жасанды теңеулер жоқ. Қайта қазақтың шешен, орамды, терең мәнді сөздерін қолданады.
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап aп, біреу сабасын? — деген жолдарда сыншыл оймен қатар, сол кездегі қыр жігітінің басынан кешетін анық көріксіз, көңілсіз болмысын арнаулы трагедиялық қалпында береді.
Өмірдің өткел кезеңінде тұрған, ой түскен жас орынсыз деген мінездер, істер жайын көп сұрақтармен баяндайды. Тыңдаушысын ойландырып, өзіне ақыл салып айтады. Опасыз, тұрақсыз, тынымсыз жортуылдан қайту керек дегендей, тасқындаған көңілді ауыздықпен шаужайлағандай болады.
"Сап, сап, көңілім" деген сабырдың, тыйылудың сөзін үнемі қайталап отырады. Айтпақ жайын әдейілеп, көп қайталап, осы өлеңді жазудағы мақсатын, ойын ерекше нықтай түседі. Опасыз жас болмау керек, таңдап сүйген біреуі ғана бар, тең сезімге табынған жақсы жастың адамгершілік пен махаббатты қабыстырамын деген ниеті көрінеді [16].
Барлық осы аталған өмір, ой, сезім жайлары шындыққа бағынған. Бусанып тұрған жанды, шындығы бар жыр туады. Ақын алыстан тұмандатып орағытпайды. Айтпақ ойының сөздері де дәл табылған. Қозғайын деген пернесін дәл басады. Және өз басының тәжірибесін шығарып, өзіндік мінін сынап, шенеп отырған кісі болып, сол кездегі көп жастың халіне арнаған үлгілі сөз айтады.
Қазақ жасының Абай заманындағы махаббат жөнінде қолданатын іс, мінезі тұрпайылау, натуралдық күйде екендігін осы өлең дәл ашады. Ер мен әйел арасындағы жарастық, жақсы сезімді қасиеттей білмейтін, топас тәрбиені әшкерелейді. Ендігі түсінігі бойынша махаббат, жастықты сөз қылатын ақын құр құмарлық қызығын шала- шалағай күйде жырламасын. Адамгершілік тәрбиесін өсіріп, асырғандай, моральдық жоғарғы дәрежеде түсініп жырласын дейді.
Абайдың жас шағындағы өлеңдерінің қорытындысы есепті болған "Сап, сап, көңілім" енді жақын шақта реалист сыншы және шыншыл ақын боп қалыптанатын Абайдың алдағы өрісін аңғартады.
Ақынның толық жинағында жылы белгісіз өлеңдер тобына қосылған "Тайға міндік" деген бір өлең бар. Мазмұнына, тақырып тегіне, сын сырына қарағанда, бұл өлең де жаңағы тексерілген "Сап, сап, көңілім" атты өлеңмен бір бітімдес, екеуі де бір мезгілдің туындысы. Жиырма-жиырма бес арасындағы ой түсе бастаған сыншыл, өр талапты ақынның жастық толғауын танытады. Енді азаматтық сапа, санада өзіне жаңа өр, өріс белгілеп отырған ойшыл жас бұл кезге шейін басынан өткен балалықпен бозбалалық, жігіттік шақтарын сынай шолып өтеді. Бір өзі емес, қазақтың өзі құрбы жасының бәріне де ой сала, шіміркене жырлайды. Өлеңінде келтірген дәл деректі балалық суреттері, бозбалалық алданыш, жұбанышы, болымсыз тәрбие, шала сауаттылық, арзан әуейілік және солардың нәрсіз нәтижесіндей дайынсыз күйде үйлі-баранды өмір бастау — осының бәрін де болашақ реалист, сыншыл жас ақын салқын оймен қатаң сынап өтеді [17].
...Шала оқудан не жарыдық,
Қалғаннан соң құр надан?
Бағасыз жастық — Бозбастық,
Адастық, — деген жолдардан жоғарыда айтылған сыншыл сана айқын аңғарылады. Сонымен қатар оқу-тәрбиенің өзгеше өрісін мақсат еткен бағыт та байқалады.
Қайын бардық,
Қатын алдық,
Енші тиді аз ғана.
Шаруа атандық,
Енді ойландық,
Қала берді бозбала.
Бұрынғы қайда?
Ойбайла — Не пайда?
деген соңғы жолдарында өткен өмір жолына өкіне қараған ширығуды танытады. Бұл өкініші — өзін-өзі қамшылап, намысты талапқа бет қойған, ізденгіш жігердің өкініші. Өзі құрбы қазақ жасынан шыққан ақын-өнерпаздың Абайдан өзгесіне әлі мұндай сапалы ой оралған жоқ-ты. Абай осы соңғы екі өлеңімен жастық шағының өзінде де соныға бас-қалы тұрған ақын екенін танытқанды.
Тіл, теңеуде, өмірлік нақтылы деректерін тізіп теруде ақындық тың жаңа үлгілі жолын іздей бастаған өнерпаз сезіледі. "Тайға міндік" — шумақ, ырғақ, ұйқас құрылыстарымен де өлеңге жаңаша тың түрлер енгізуді мақсат еткен талапты көрсетеді.
Бұл екі өлеңнің мазмұны мен стиль үлгісі Абайдың сол жастық шақтың өзінде де көркем шебер жырлар туғызуға жетіп қалғанын байқатады. Дәл осы өлеңнің өзіне қарап- ақ, Абайдың жігіттік шағында жазған шығармалары бір бұлар ғана емес, әлденеше өлеңдер болған деп нық сенуге сыяды. Тек өз өнерін әр кезеңде әр өлеңмен сынап, барлап жүрген ақын ол кездің шығармаларына өз басы толық мейірлене алмай, ұқыптап сақтамаған сияқты.
Сол себепті осы алуандас әлденеше шығармалары жоғалып, ұмытылып, кейінгі шаққа жетпей қалған болу керек. Бірақ ең алғаш қолына қалам алып жазған "Иузи — рәушаннан" бастап, осы соңғы екі өлеңге шейін жеткен Абайдың жас ақындық жолы бар екені ап-айқын сезіліп тұр. Оның басы — жеңіл, сыртқары еліктеуден басталып, соңғы кезеңі — ойы да, көркі де өсіп, пісіп қалған болашақ ойшыл, сыншыл ақынның іздену, өсу кезеңін көрсетеді. Бұл шығармаларына бойлай қарап, танып, біліп талдамай, кейінгі өскелең үлкен шығармалар беретін классик Абайды сол шығармаларынан ғана бастап тексеріп тану, жарым жолдан бастағандай жартылай тексеру, шалағай тану болар еді.
2.2 Абайдың реалистік шығармаларының үндестігі
Абай творчествосының көркемдік әдіс ретінде реализм жайында М. Әуезовтың, Қ. Жұмашевтің, М. С. Сильченконың, М. Қаратаевтың, Ә.Тәжібаевтың т.б. зерттеу еңбектерінде үлкен – кіші көлемде, әр қилы дәрежеде сөз болып отырады. Олардың бәрі де Абай реализімінің өз тұсындағы және ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары үшін ең құнарлы ұғым мектеп ұлы мектеп болғандығын атап көрсетеді. Әдебиетші ғалым М. С. Сильченко: Абайдың халық шырымен творчестволық қарым – қатынасының тарихи маңызын айта келіп: «Халық лирикасының ілгерімін тенденциялары ағартушы ақынның талант күшімен шыңғыра түсті. Бұл Абайдың көркемдік әдісі – сыншыл реализмге оның елеулі бір қыры ретінде кірігіп кетті» деген пікіріне көңіл аударған жөн. Сондықтан Абай шығармаларын салыстырғанда оның әдебиеттегі ескі дәстүрлерге қалай күрескенін білмейінше, оның реализімін түсіне қою қиын. Шын мәніндегі релистік әдебиет жасауды мақсат тұтқан Абай ең алдымен «мал үшін тілін безеп, жанын жалдап жүрген ескі дәстүрдің ақындарын қатты сынап, мін, кемшіліктерін халық алдында масқара етеді [18].
Абай творчествосын тұтас алсақ, оның өлеңдері сыршылдыққы, шыншылдыққы толы мол қазына. Бірақ ұлы Абайдың реализмге келу жолы – оқтай түзу, кең кесілген жол емес. В. Г. Белинский айтқандай, өмірдің мін – мүлтіксіз идеалдың шағын ғана өз туындыларының тақырыбы етіп алған ақын қандай жетістіктерге жетсе, жоққа шығару, сынау тәсілін қолданған ақын да сондай жетістікке жете алады. Абайдың сатирасының түп негізі Гоголь, Салтыков, Некрасовқа қабысып жатады. Абайдың көп өлеңдері Пушкинмен, Лермонтовпен үндес. Үндес болғанда алған тақырыбын суреттеді, дүниені сезінуі үндес, бірақ еліктеу, табыну жоқ. Солай болған соң, «бірі жамау, бірі құрау» өлең авторларына сынай қараған Абай реалистік поэзияның жақсы үлгілерін қазақ әдебиетіне енгізіп отырады. Оны орыс, шығыс әдебиеттеріндегі қалпында емес, қазақ рухына төл тұмардай қабыса кететін етіп енгізеді. Абайда еліктеу жоқтың қасы, керісінше үндестік барын дәлелдейтін өлеңдер жетерлік. Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс» өлеңдері Пушкин, Некрасовта кездесетін осы аттас лирикаға үндес. Бұл жөнінде Некрасовтың «Мороз воеводасы» мен Абайдың «Қысын» теңдестіруге әбден болады. Қыс мезгілі Абайда ел шаруасына кәрін төккен қатал сыншы бейнесінде алынады. Әсіресе кедей – кепшіктер үшін ызғары қатты. «Ақ киімді денелі ақ сақалды» болған соң – ақ оқушы қыс бейнесін алыстан іздеп әуре болмайды, елес қумайды, тек өмірде болатын дайын суретті, қыстың адам бейнесіне көшкен аллегориялық бейнесін елестетеді.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларын қор қылма итке малды. –
дегенде Абай қыстың «түсі суық» жамылғысын ашып, мол баққан шаруаны қыс әлегінен сақтандырады. «Құр жібер мына антұрған кәрі шалды» - дегенде өмір құбылысын сезіну жағынан, өз ойын өзінше дәл суреттей алу жағынан орыс классиктері мен Абайдың үндестігі барынша айқын танылады. Некрасовтың бейнелеуінде қыс суреті ел сүйген, жауынгер бейнесінде алынса, Абайдың әлек салғыш «Қысы» ашқарақ, араны ашылған «Кәрі құда» бейнесінде суреттеледі. Орыс халқының ұғымында халықтың мәні бар. Қатты қыс орыс шаруалары үшін игілік пен молшылықтың нышанын аңғартады. Ең алдымен қыс қатты болып, қар қалың болған жылдары егін бітік өседі, түсім де мол шығады. Екіншіден, қыс айларында орыс шаруаларының қолы босап, бой жазып тынығатын кездері. Ұлы екі ақынды қыс бейнесінің осындай екі алуан сипат алуы екі елдің тұрмыс жағдайларының өзгешеліктерінен туған. Шыныда да, мал баққан, көшпелі қазақтар үшін қыс кәрлі, жұттың жұтын жетектей келеді де, шаруаны шайқалтып, ауыр күйзеліске соқтырады. Мұны ауызша әдебиетте «қылышын сүйретіп қыс келді» деген мақалмен толықтай суреттей аламыз. Демек, басқа ақын – суреткерлер секілді Абай да табиғат көріністерін әлеуметтік өмірден бөліп алмайды, қайта оның сырларын ашатын фон ретінде енгізеді. Ол адамды да, оны қоршаған табиғатты да тұтас байланыстыра отырып, реалистік арнадан ауытқымайды. Бұл ретте В.Т.Белинскийдің «Ақын неғұрлым данышпан болған сайын табиғатқа тереңірек араласып, оны құшағына тұтас қамтып алады. Сөйтіп бізге табиғатты өмірмен барынша байланыстыра алып көрсетеді» - деген сөзін келтіре аламыз. Орыс ақындарымен қатар Абайдың сыншыл, реалистік лирикаларын аса көркем, өзгеше шыншыл еткен сипаттардың бірі осы деуге толық қақыңыз бар.
Қазақ поэзиясының өзіне дейінгі – халін басқа елдердің әлдеқашан басып өткен кезеңі деп тапқан ұлы ақынымыз реалистік пейзаждардың жақсы, озық үлгілерін қазақ әдебиетіне молынан кіргізіп отырады. Оны орыс әдебиетінің ұлы классиктері Пушкин, Лермонтов, Некрасовта кездесетін қалпында емес, қазақ әдебиетінің ұлттық ерекшелігіне қабыса кететін етіп, өз ойын өзінше дәл суреттеу арқылы асқан шеберлікпен кіргізді [18]. Абайдың «Күз бен қыс жайындағы өлеңдерінің идеялығы, олардың реалистік стилі», - деп жазады ғалым М. С. Сильченко – «Абай көзқарасының материалистік қырларының және оның демократтық идеяларының тереңдігін көрсетеді», - деген. Абайдың орыс ұлтының шығармашыл өкілдерімен үндестік, ұқсастығының тағы бір қыры мына жайдан да анық байқалады. Абайдың халықтығы, оның реализімінің ең басты түйіні өз халқына сын көзбен қараушылық. Иісі қазақ баласының бойындағы жаман қылықты өлтіре сынаған Абай туған халқын бар жүрегімен сүйген, оның іргелі ел болуын аңсаған, көптеген өлеңдерінде өз халқының ауыр тағдыры қапастығына, қараңғылығына күйзеледі, жаны ауырады. Н .Г. Чернышевский бір жерде өзінің ұлы халқына «Жалкая нация, нация рабов» дейді. Бұған В. И. Ленин Чернышевский өзінің халқын жанындай сүйгендіктен айтып, соны жоюға бар шығармашылығын арнаған Абай ескілік мерездерді, рушылдықтың кесірлерді, өткір зілмен мінеп, жанға батыра бетке басады.
Адам деген атым бар,
Адам қылмас халқым бар.
Өтірік пен өсекке,
Бәйге атындай аңқылдар –
деп келетін өлең шумағына көз жүгіртсек Абай жалпы халықты емес, ел мазасын кетірген қулар мен сұмдарды уытты сынның нысанасына іледі.
Ұлы орыс халқының ең бір керемет күшті жері - өзін-өзі қатты сынай білуінде. Бұл ретте орыстың көркем классикалық әдебиеті адам айтқысыз тарихы роль атқарады. Гоголь мен Гончаров, Салтыков пен Толстой орыс халқының денесінен қаншама тікенек алды, қаншама шаңын жуды. Ұрыса отырып міней отырып, халқын аспанға көтереді. Ал олар болса туған халқын үлкен жүрегімен сүйетін адамдар еді. Абайдың да халық тәрбиесіндегі негізгі құралының бірі – халқын айтып емірену, сол елді бүлдіруші, бұзушы жандарды «улы сия, ащы тілмен» күйрете сынау. Одан халық өспесе, кемімейтінін Абай да мейілінше жақсы түйсінген.
Реалистік әдебиеттің міндеті - өмір құбылысын, заман сипатын шынайы бейнелеу. Абай тозығы кетіп қаусаған феодалдық қоғамға: «Несі өмір, несі жұрт?, Өңшең қырт, Бас қаңғырт» деп өз кесімін айтып, болашаққа зер сала қарайды. Мұнда Абайдың феодалдық қоғамынан мүлде безінумен бірге, сол қоғамның болашағы жоқтығын сезінген сыншыл реализм әдісі де анық танылады. Бұл Абай реализімінің демократияшылдығын ғана емес, сонымен бірге, оның халықшыл бағытын да әйгілей түседі, әріректе Гоголь, Гончаров, Шедрин суреттегенде орыс чиновниктерінің жаман мінезінен жирену тәсілінің Абай творчествосындағы қазақ шындығы тудырған өмір объектісі еді. Абай өзінің сыншылдық өлеңдерінде Гогольдің, Гончаровтың, С, Шедриннің, Толстойдың тамаша үлгілерімен халықтың сана – сезіміне қатты әсер етіп отырды. Гогольдің «Өлі жандары» мен «Ревизорын» оқығанда көз алдымызға кілең бір помещиктер, бірінен бірі өткен жексұрындар шыға келері анық. Шындығында да Пушкинді былай қойғанда орыс әдебиетінде әлеуметтік тіршілікті Гогольдің осы екі шығармасындай суреттеген шығарма болған емес.
Ұлы Абайдың қазақ даласындағы озбырлық пен зұлымдықты әшкерлеп сықық етуі, қазақ қоғамындағы үстем топтың іс - әрекетін саралап көрсетеді, олардың қолы бос, жұмыссыз ерігіп отырғанын сынады, қазақ кедейлерінің аянышты халіне жаны ашып, күйзелу сарыны көп ретте оны орыстың ұлы жазушысы Гогольмен жақындастырады.
Гоголь өзінің «Өлі жандарында» қолынан іс – келмейтін, майда тілді не онда, не мұнда жоқ, тоғышар, тұрақсыз Маниловты, ар – ұяттан безген ұсқынсыз Собакеевичті, сараңдық пен арамза пиғылдың иегері Плюшкин мен Коробочканы, маскүнем, құмарпаз, зорлықшыл, өтірік десе жүзі жанбайтын Ноздревті, қулық – сұмдық пен айлакерліктің символы – Чичиковты, қысқаша айтсақ, сол кездегі орыс қоғамындағы үстем тап өкілдерінің әр түрлі типтерінің барлық шындығын саралап көрсетіп, жұрт алдына жайып салған болса, ұлы ақын Абай қазақ байларының бір тобы – ауыл аралап, ас ішуден қолы тимейтіндігін, енді бір тобы – қырқын мінсе, қыр аспайтын қырт мақтанның соңында күпілдеп бос жүргенін, қысқасы «сабырсыз, арсыз, еріншектерді», домалақ арыз жазуға жаны құмарларды өсек пен өтірікті жүндей сабап, ел арасын жауықтырушылардың, орынсыз бос сөзге үйір желауыздарды құлағынан тізіп әшкерелеп, олардың ешбір тындырлы жоқ іс - әрекеттерінің шын сиқын ашып береді. Сөйтіп қазақ даласының Маниловтері мен Чичиковтерін өлтіре сынады және де бұл данышпан жазушылар өз халқын жақсы көргендіктен де біреуі россия қоғамын, біреуі қазақ қоғамын сынап өз әдебиетіндегі сыншыл реализмді дамытты.
Абайдың болыс билерді сынап жазған өлеңдерінде Гоголь сыншылдығының әсері сайрап жатады. Патшалық чиновниктердің елге келуі дәл Городничиге «Ревизордың» келуіндей қорқынышты да үрейлі оқиға болып көрінетіні даусыз. Ояз начальнигі келгенде немесе губернатор келерде қазақ ішіндегі болыс, байларда да зәр – иман қалмайтын, не істерін білмей қатты сасатын «Күлембайға» деген өлеңінде осы жайтты:
Жай жүргенде бір күні,
Атшабар келді лүпілдеп:
«Ояз шықты, сияз бар»
«Ылау» деп «үй» деп дікілдеп,
Сасып қалды күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп – деп аса жіті байқағыштығымен шебер суреттеген. Сол секілді Салтыков Шедринде «Господа Головлевы» деген шығармасында орыс дворяндарының ол өмірдің құмарсыз, кертатпа өмірге айналғанын Идюшка мен Арина Петровналардың сипатын жасау арқылы көрсетеді. Шіріп бүлінуге арналған дворян өмірін бұлай етіп көрсетуі – сыншылдық реализм әдісінің тамаша жемісі еді. Өйткені Шедрин көрсетіп отырған сол дворяндар өмірінің айрықша бір өзгешелігі – семьялық азғындықты тудырған сол қоғамның зымиян аярлығында еді. Осылар сияқты Абай да өз заманының шаруаға қыры жоқ, «Сырын түземей, сыртын түзеген», «бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ», «ел жігіттерін»:
«Бір ар шөпке шапаны сондай шап – шақ,
Мүшесінен буынып басады алшақ.
Қарсы алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тұмақтың құлағы салтақ – салтақ.
Жазды күні ақ бөркі бүктелмейді – ақ,
Қолында бір сабау бар ол дағы аппақ.
Керегеге сабайды шаншып қойып,
Бөркін іліп қарайды жалтақ – жалтақ.
Осындай сидақ жігіт елде көп – ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ», - деп жер жебіріне шен шенейді. Шаншып қойған сабауға ілінген бөркіне жалтақ – жалтақ қарап, мәз болған жігіттің «Арын сатып, ант ұрып іздегені – Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас» - екенін түсіндіре кетеді. Міне Абайдың тұрлаусыз, ынтасыз кейіпкерлері мен Гончаровтың өз шұлығын өзі киюге ерінер тоғышар Обломовтары әрқайсысы өз қоғамдарының ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, бір – бірінен аумайды. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың кейіпкерлері мен Гоголь, Гончаров, Шедрин кейіпкерлерінің әрқайсысының өзіне тән ұлттық психологиясы өзгеше бола тұра, сонымен бірге, бұлардың бір – біріне ұқсас келуі – қоғамдық формациялардың адамды – адам қанауға негізделуінде еді.
2.3 Абайдың халықтығы мен реалистігі туралы
Абайдың халықтығы - оның өз халқының рухани зердесі болуында, халқы үшін ойлана, сезіне отырып алдындағы алысты көруінде, халқына тарихи болашағын көрсетіп беруінде. Сондықтан да тарихи фокустегідей, синтездегідей барлық аса маңызды деген, бүкілхалықтық нәрселер, халықтың алдыңғы қатарлы ақыл-ойын тебіренткен, тарихи проблемалық нәрселер Абай творчествосынан айқын көрінді.
Октябрь революциясына дейін қазақ халқының тарихында еңбекші халықтың тағдырын, оның болашағын, "Қоғамның қан соқталы жораларын" Абайдай ойлаған, қан жұта қамын жеген ешкім де болған жоқ. Ол Белинский айтқандай талант болды. "Бүкіл қоғамның тереңде жатқан ойының, мүмкін әлі де болса өзіне де көмескі армандарының органы болды. Екінші сөзбен айтқанда: ақын жеке-дара, әлдеқалай нәрсені бейнелемей, жалпыға ортақ, қажет нәрсені, бүкіл өз заманына колорит және мән беретін нәрсені бейнелеуі керек". Міне, Абайдың халықтығының тұтас алғандағы мәнін бейнелеп беретіндер осылар, Абай мұрасының басқа да осылар сияқты көптеген елеулі бейнелері бар. Алайда Абайдың халықтығына берілген бұл анықтама Абай мұрасы таптық табиғатта деген ұғымға қайшы келе ме? Жоқ, қайта керісінше, біз көрсетіп өткен Абай творчествосының халықтығы, Абай заманының таптық қоғамының жағдайларында, Абай мұрасының алдыңғы қатарлы демократиялық мәдениетке қосылатынын мейлінше толық анықтап береді, олай болса, еңбекші халық бұқарасының мәдениетіне қосылғаны, былайша айтқанда, тарихи болашаққа ие еңбекші шаруалардың мәдениетіне қосылғаны. Сондықтан Абайдың халықтығы деген ұғымды біз оның мұрасының бүкіл табиғаты таптық деген ұғыммен тікелей диалектикалық біртұтас байланыста түсінеміз.
Екінші мәселе, әсіресе республика жазушыларының съезі күндеріндегі өте-мөте актуальды мәселе — Абайдың реализмі туралы. Бұлай дегенде, ақынның көптеген тақырыптарға: болыс-билер, жебір байлар, сахара күресінің билеп-төстеушілері — рубасылар, молдалар, надан, бірақ өткен кездің тағылық ғұрыптарын ұстануда көндей құрысқан қатал әкелер туралы, парақор, сатылғыш чиновниктер, жалақорлар мен жатып ішер жалқаулар, тағысын-тағылар туралы жазған өлеңдері сахара өмірінің ең күрделі деген құбылыстарын мейлінше қамтығанын, оның бер жағында, бұларды поэзияда қамтығанын, өткен шақтың әлеуметтік шындығының терең тамырларын сыншылдықпен, өте айқын ашып бергенін көрсетеді. Бұл шындықты суреттеп көрсету әдістерінде қазақ әдебиетінде принцип жағынан жаңа сапа пайда болды. Біз халық көпшілігін хандардың езуіне белсене қарсы шыққан Махамбет поэзиясында да реализм болғанын білеміз, бірақ Абай реализмі басқаша реализм болды, бұл нағыз искусствоның, жоғары искусствоның сапалық негізі болды [19].
Абай творчествосында шындық пен идеялық терең байланыс сендірерліктей өте айқын болып келеді. Сөйтіп, бұл Абай реализмінің өзіне тән сипатын құрайды. Абай шығармаларының өзі суреттеп отырған шындықтың, негізінен алғанда, өзін қоршаған қоғамдық өмірдің барлық күнә-сұмдығы мен дерт-сырқатының бәрін бірдей өте батыл шындықпен, ашу кернеген ызамен әшкерелеп отыратындығы адам таңғалғандай күшті. Абайдың тұрмыстың шірік-сарсықтарын, қоғамдық зәбір-жапаны, надандықты, қулық-сұмдықты мейлінше тілдеген өлеңдерін оқығанда В.И. Ленин "...жалынды протестант, өлтіре әшкерелеуші, ұлы сыншы" деп сипаттаған Л.Н. Толстой реализмі есіңе түседі.
Абайдың мұрасындағы айқын белгілер, мысалы, қазақтардың XIX ғасырдың екінші жартысындағы "қоғамдық өмірін" кеңінен, нақты түрде, жан-жақты алып, сын көзімен қарай суреттеуі Абай реализмі сыншыл реализм екенін көрсетеді. Мұндай фактінің қазақ жеріндегі тарихи алғышарттары Қазақстанға капиталистік қарым-қатынастардың ене бастауы, өлкедегі өндіргіш күштердің жаңа дамуы (қалаларда, өнеркәсіп ошақтарында), халықтың тұрмысына жаңа, отырықшы еңбектің шарттарының ене бастауы, сауда-өнеркәсіптік қаланың ауыл мен деревняны қамтуының күшейе түсуі және осы құбылыстарға байланысты өткен ғасырдың ақырында, қазақ қоғамындағы реформадан кейінгі шындықтың жалпы фонасында таптық жіктелу мен таптық антагонизмнің күшейе түсуі болды.
Қазақ әдебиетінің тарихында XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі алдыңғы қатарлы қазақ қоғамының үздік шыққан өкілінің творчествосында сыншыл реализмнің туып, дами түсуінің идеологиялық және тарихи алғышарттары, міне, осылар болды. Абай шығармасының дені өлең, бірақ өз тұсындағы қазақ шындығының суреттері оның шығармаларында кеңінен алынған әлеуметтік-экономикалық сипатта өте толық, бәрін бірдей қамтитын жан-жақты болып беріледі, өз заманының өте айқын айнасы болып шығады. Оның өлеңдері, поэмалары, қара сөздері өзіне тұстас қоғам өмірін, қоғамның барлық жіктерін, кәрі-жасын толық сарқа қамтыған, әрқилы күйде қамтыған жан-жақты энциклопедия болып келеді. Мәселенің түйіні мынада, барлық көргенін, сезгенін, ой жүгіртіп, танып-білгенін Абай өз творчествосында нағыз реализм стилінде, яғни терең талдау жасай отырып, сын көзімен қарай бейнелеп берді.
Абайды тұтас оқып шыққанда қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық, праволық, семьялық және қоғамдық халі туралы, сол сияқты тарихи мәдениеттік, моральдық күйі туралы тамаша айқын, жан-жақты және дәлді түсінік алуға болады. Абай мұрасы терең реалистік және алдыңғы қатарлы бола отырып, сол сыншыл реализм аумағында алдыңғы қатарлы идеялы болуымен көзге түсетін үлкен искусство болғаны даусыз. Сонымен, біз көрсетіп өткен екі үздік қасиетті, атап айтқанда, халықтық пен өмірлі қасиеттер, яғни реалистік шыншылдық қазақ халқының рухани мәдениетінің бүкіл тарихындағы Абай творчествосының бүкіл жаңашыл және ұлы мәнін ерекше анықтап береді. Бүкіл творчествосының бұл ең басты, анықтаушы белгілерін, өзін қазіргі тарихи мәніне ие еткен белгілерді, Абай орыстың классиктік әдебиетінің алдыңғы қатарлы халықтық-демократиялық ұлы дәстүрлерінен алды, соған борышты. Абайдың эстетикалық көзкарастарының дамуынан Пушкин мен Лермонтов орасан зор орын алды. Өзінің онан арғы творчестволық эволюциясында Абай халық көпшілігінінің асыл ойы мен арманын жырлаушы ретіндегі ақынның ерекше қызметі мен борышы туралы Белинский мен Чернышевскийдің эстетикалық канондарын терең қабылдады. Чернышевскийдің искусство шығармаларында өмірді түсіндіріп беретін және өмір құбылыстарына үкім шығаратын маңыз болады деген бір ғана он жетінші тезисі қазақ классигінің өмір көзқарасының көп жақтарын анықтап берді [20].
Біз Абайдың эстетикасында, дүниені түсінуінде және дүниеге көзқарасында Белинскийдің, Герценнің, Чернышевский мен Добролюбовтың көзқарастарымен айқын және терең байланыс бар екенін көреміз. Бұлар тұтас ғылыми талдау жасау үшін өте зор және игі объект деуге болады. Және біз бұл қымбат бейнелерді Абай атына үлкен алғыс айта отырып еске түсіреміз, өйткені Абай бұл сияқты шипалы қайнарға соншалық шексіз сеніммен, ентелеп сүюмен мойын бұрды, жатсынудың, керенаулықтың, фанатизмнің ғасырында мұның өзі өте сирек кездесетін, аса құнды жаңалық болды. Абайдың орыс әдебиеті мен қоғамдық ойының таңдаулы деген дәстүрлеріне осыншалықты дәйектілікпен, біржолата берілу фактісінен орыс әдебиетінің барлық халықтарға, әсіресе Россияның қаналушы халықтарына сергектік достықпен, көңіл бөле қарайтын, ұлы гуманистік, өзіне тарту күші шешуші орын алады. Добролюбов айтқан ойды: "Нағыз патриотизм, адамзат баласына деген адал сүйіспендіктің жарыққа шығуы ретінде, жеке халықтарға жирене қараумен сыйыса алмайды" деушілікті орыс халқының кемеңгер ұлдарының тек бір ұрпағы ғана қайталап қойған жоқ. Совет жазушысы А.Н. Толстойдың: "Алдыңғы қатарлы орыс әдебиеті Россияны мекендеуші халықтарға менсінбей қарау дегенді еш уақытта білген емес. Онда кейбір Европа халықтарының әдебиетіне тән отарлық ағын, отарлық мотивтер ешуақытта болған емес" деген сөздері әбден әділеттік еді. Орыс әдебиеті мен қоғамдық ойының, міне, осы игі ниетті, тарихи миссиясы өздерінің барлық жақсы дәстүрлерімен, XIX ғасырдың бүкіл өн бойында, Россияның езілген халықтарының арасынан шыққан Абай сияқты классиктің ақындық және қоғамдық бейнесінің үздік жаңа сапада дамуын, қалыптасуын тұжырымдай берді. Ақынның соңғы кезеңдегі творчестволық және қоғамдық өмірінің барлық фактілері ақынның өз заманының реакцияшыл-консервативті күштерінен соншалық алыс, жат және оған берілместей бекем болғанын, оның есесіне өксігі күшті, өгей заманда өзінің есіз қалған, бақытсыз халқына деген жарық сәулеге көрсетер жолды таңдап алуда мейлінше дәйекті, болаттай қажырлы ұлы болғанын дәлелдейді. Бұл біздің бақытты ұрпағымыз үшін Абайдың ұлы есімін, қазақ халқының мәңгі өшпес даңқы мен мақтанышы болып отырған, жақында, қымбатты оқушыларымыз, Косая гора металлургия заводы коллективі жазғандай, мейлінше жақын туыс, бауыр болған есімді, өзінің соншалықты сүреңсіз тарихи алысынан совет халқына соншалықты жақын болып отырған Абай есімін асыл, қымбат ете түседі.
Қорытынды
ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетіндегі əдеби бағыттар табиғатын байыптағанда зерттеушілердің ағартушылық, ағартушылық-демократтық (Б.Кенжебаев), сыншыл реализм əдебиеті (Е.Ысмайылов), ағартушылық-демократтық бағыттағы сыншыл реализм (Ə.Қоңыратбаев) деген ұстанымда болғанын, əрі əдебиеттің қоғамдық өмірдің шын мəніндегі айнасы, елдік мұраттың жыршысы болғанын танытудан туған тұжырымдар екенін байқаймыз. Мұның бəрі түптеп келгенде, шығармашылық ізденістер барысы əдеби дамудағы «реализмнің сыншылдық бағытын өрістетті»
Әдетте, өткен дәуірде өмір кешкен ақын – жазушылардың жазғандарын жеке талдап айта салу оңай да, шеберлікті, өзіне - өзі үлкен талап етіп қойған әдеби бағытын дұрыс тану көп еңбекті керек етеді. Бұлай дейтініміз қандай әдеби ағын болмасын, тіпті әр елдікі, халықтыкі десек те ұқсастық, ерекшелік болатындығы аңғарылады. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» десек те өзгешеліктері мен бірге үндестігі болатынын білдік... Себебі қоғамы ұқсас болған елде қарама – қайшылық та, үстем топқа деген наразылық та бірдей болатыны даусыз. Біз жоғарыдағы орыс ақын – жазушылары мен Абай шығармаларын салыстыра қарағанымызда мейлі орыс, қоғамы болсын, мейлі қазақ қоғамы болсын ұқсастық барын ұқтық. Ал айырмашылығы әр ұлттың ұлттық менталиментіне ғана тірелгендей. Сыншыл реализм - өмір шындығын нақты көрсете алатын әдеби ағым болғандықтан осы ағымға қалай сілтеген ақын – жазушылардың көздеген мүдде тұрғысынан шыққаны айқын. Өйткені өмір шындығы әр елде кездесетін, әр халықтың арасынан табылатын шындық. Сол шындықты ашына айтқан сыншыл реалистік жазушылардың бұл ретте өз елінің көзін ашуды көздеген мақсаттары үшін еңбек еткені рас.
Жалпы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет өкілдері Абай негізін қалаған сыншыл реализмді одан әрі дамытып, тың табыстарға жетті.
Ұлы ақынның қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттарды сынай отырып жасаған өлмес образдарын өз заманында пайда болған тың бейнелермен толықтырды.Сонымен, ХХ ғасыр басындағы әдебиет романтизм және сыншыл реализм әдісінде жазылып, ояну, азаттық, күресшілдік сияқты үлкен идеяларды қозғады, оқу-ағарту, әйел теңсіздігі, надандық, сияқты қазақ қоғамының дертті мәселелерін тақырып етіп алып, әлемдік әдебиет жеткен биік өрені бағдарлады.Қорыта келгенде айтарымыз, ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдері жазба әдебиеттің дамып, әлемдік әдебиеттер қатарына қосылуына, жаңа жанрлардың игеріліп, мазмұн мен пішіннің бір-біріне сай бірлікте болуы жолында аянбай еңбек етті. Қазақ ақын-жазушылары көрк емдік деңгейі жоғары туындылар тудырып, олар кейінгі асқар биіктерге жол ашқан шығармалар болды.
Пайдаланылған әдебиеттер
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті туралы // Əдеби мұра жəне оны зерттеу: Қазақ əдебиетінің негізгі проблемаларына арн. ғыл.-теор. конф. материалдары (Алматы, 1959, 15–19 маусым). — Алматы: Қазақ КСР ҒА баспасы, 1961. — 374 б.
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар: Əдебиеттану, сын əлемі. — Алматы: Қазығұрт баспасы, 2003. — 336 б.
Кенжебаев Б. Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары. — Алматы: ҚМБ, 1958. — 307 б.
Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы əдебиет. — Алматы: Білім, 1993. — 248 б.
Ысмайылов Е. XX ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті. — Алматы: ҚМБ, 1941. — 203 б.
Қирабаев С. Ұлт тəуелсіздігі жəне əдебиет. — Алматы: Ғылым, 2001. — 40 б.
Абай Өкінішті көп өмір кеткен өтіп... : Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер / Абай (Ибрагим) Құнанбаев. - Алматы: Раритет, 2008. - 384 б.
Абайды оқы, таңырқа / құраст. М. Мырзахметов. - Алматы: Ана тiлi, 1993. - 160 б.
Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер / Құнанбаев Абай. - Алматы: Жiбек жолы, 2005. - 488 б.
Абай Өлеңдер. Поэмалар. Аудармалар. Қара сөздер / Абай. - Алматы: Мектеп, 2007. - 242 б.
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі / З. Ахметов. - Алма-Ата: Ана тілі, 1995.- 272 б.
Мырзахметұлы М. Абайтану әліппесі: жақсы ұстаз / М. Мырзахметұлы. - Токио, 2010. - 127 б.
Ақатай С. Тереңнен тартқан тамырлар: әдеби мақалалар / С. Ақатай. - Алматы: Принт-экспресс, 2011. - 420 б.
Жанділдин Ж. Абайдың арғы беті, бергі беті... / Жанділдин Ж // Айқын. - 2013. – 22 ақпан.
Сарбасов Б. Абай өлеңдеріндегі рухани құндылықтар / Сарбасов Б. // Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл. - 2014. - №4.- б.6-8.
Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. -Алматы: Жазушы, 1966.
Әуезов М. Абай Құнанбаев. -Алматы: Санат, 1995.
Сильченко М.С. Творческая биография Абая. -Алма-Ата: издательство Академии наук Казахской ССР, 1957.
Нұртазин Т. Абай және орыстың классикалық әдебиеті. -Кітапта: Абай тағылымы. -Алматы: Жазушы, 1986.
Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. -Алматы: Арыс, 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |