Абақтыда айдан, күннен жаңылдым, Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым



Дата25.11.2023
өлшемі18,83 Kb.
#126216
Байланысты:
Сатыбалдиева А


Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.

Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!

Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды, туған елді сағындым.

Әлдеқайда Күн шығады, батады,
Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.
Қарар болсаң терезеден темірлі,
Көздеп тұрған күзетшілер атады.


Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез, ақық жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей шапақ таңды сағындым.

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!

Қалың елім, қалаң қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ер, Алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.

Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.


Тәңірі ие, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?!
Баласынан тұтқын болып сарғайған
Кім жеткізер сәлемімді анама?

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
"Қарашығым, құлыным!" - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.


1-тапсырма
Автор қандай концептіні негізге ала отырып бұл өлең жолдарын жазғанын тауып,сәйкес келетін 3 мақал-мәтел жаз.
2-тапсырма
Өлеңнің когнитивті моделін құрастырып қандай фрейм-сценарийлары және ойсурет пен схемалық құрылымы арқылы танылған тауып, өз жауабыңызды дәлелдеңіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет