Абдиралиева (Байзақова) Салтанат Серикбайқизи


Бастауыш мектепте оқушылардың үй жұмыстарын ұйымдастыруға арналған жұмыстар тәжірибесі



бет6/8
Дата26.06.2022
өлшемі110,79 Kb.
#37304
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Абдиралиева Бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетінде шығармашылық үй тапсырмаларын қолдану

2.2 Бастауыш мектепте оқушылардың үй жұмыстарын ұйымдастыруға арналған жұмыстар тәжірибесі


Оқыту арқылы тіл дамытуда өз бетінше жұмыстың маңызы зор. Оқыту процесінде мектеп оқушыларын тәрбиелеп, олардың дүниеге көзқарасын қалыптастыруда бастауыш мектептердің бағдарламалары аса бай материалдар береді.
Бастауыш сыныптарда ана тілі пәні – балалардың негізгі құралы. Оқуға үйрету сауат ашу кезеңінен басталады. Бұл кезде оқушылар әрбір дыбыстың ерекшеліктерімен танысу барысында дыбыстан буын, сөз құрап, оны дауыстап дұрыс оқуға жаттығады. Буын, сөз құрайтын дауысты дыбыстардың қасиетіне ерекше көңіл бөлінеді. Жеке оқушылардын дыбыс, буын, сөз, сөйлемдерді саналы дұрыс, анық, дауыстап оқуы талап етіледі. Сондай-ақ мәтінді оқу кезінде сөз мәніне, мағынасына назар аудару, сөйлемдер арасындағы байланысты түсіну, сол арқылы мәтін мағынасын түсініп, айтып беруге үйрену, сөйтіп түсініктерін біртіндеп күрделену бағытында мәнерлеп оқуды жетілдіру мақсаты көзделеді.
Екінші, үшінші сыныпта оқуға үйретуге қойылатын негізгі талап – дауыстап, мәнерлеп және іштен оқуды меңгерту. Оқушылардың үйде өздігінен оқуына берілетін тапсырмалардың көлемі мен мазмұны біртіндеп күрделене түседі. Оқуға үйретудің сапалы болуы оқу сабағын дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Ол үшін оқушыларды оқулықпен, оқулықтағы жеке мәтінмен жұмыс жасауға үйрету қажет. Оқытудағы үйретудің әдіс-тәсілін шығарма жанрларына қарай, яғни көркем шығармалар, ғылыми көпшілік мақалалар, ертегілер, мысалдар, өлеңдер ойластырған жөн [27].
Көркем шығармаларды ерекше дауыс ырғағына, екпініне қарай мәнерлеп оқып, негізгі кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, көңіл-күйін дәл бейнелейтін сөздер мен сөз тізбектерін даралай оқу қажет.
Кейбір түсінікті, жеңіл мәтінді сыныпта да, үйде де өз бетінше оқи беру балаларды жалықтырады. Сондықтан сыныптағы озық және үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс түрін әр сабақ сайын жоспарлап отырған жөн.
Бастауыш сыныптарда оқу сабағын жүргізгенде мыналарды ескеру қажет:

  1. Бастауыш сынып оқушыларының оқу машығын жетілдіруді оқушының дұрыс және мәнерлеп, тездетіп оқуын қамтамасыз ету. Онсыз оқушының мәтінді толық түсінуі де қиын болады. Сондықтан сабақта қолданылатын әдіс, тәсіл оқудың техникасын жетілдірумен бірге, баланың кітапқа, оны оқуға деген ынтасын арттыратындай, бір мәтінді бірнеше рет үйде өз бетінше жалықпай оқуға жағдай жасайтындай болуы керек.

  2. Төменгі сынып оқушыларының әсіресе абстрактылы ойлауы жеткіліксіздеу болғандықтан, оқу сабағында оқушының білімін толықтыра отырып, оның ойлануы, қызығушылығы, бір затты екіншісімен таныстыру, салыстыру, бірін екіншісіне қарама-қарсы қойып, салыстыра отырып байқампаздығын тануға баулитын әдіс, тәсілдің сабақта көбірек қолданылуы қажет.

  3. Бастауыш сынып оқушыларының көркем әдеби шығарманы түсінуге керекті мәселені – образды түрде ойлануға күші жетіңкіремейтінін ескеріп, оқушының шығармашылық қиялын ұштарлықтай тәсілдер көбірек қолдану қажет. Затты не оқиғаны өзі көріп, нақты елестете алатындай жағдай жасап отыру керек. Оқу негізінен мынадай түрлерге бөлінеді:

Балалар өз бетінше сыныптың екінші жартысында және үшінші сыныпта бірнеше сөз тіркестерін тұтас сөз тіркестерін, фразалық тіркестерді оқи алатын болады. Бірақ оқу үстінде интонациялық қате жіберу немесе мағынасына сүйеніп сөз тіркестерін қысқартып, жобалап оқу көп кездеседі. Бұның себебі, үшінші сыныпта қойылатын міндет пен талап сөзді тұтас оқу болғандықтан, тұтас оқуға тырысу әрекетінің күшті болуынан, яғни оқуға деген ынта бар да машықтың әлі қалыптаспағандығынан белгілі бір фразаны, тіркестерді оқи білу машығы әлі жетілмегендігінен. Осы себептер әлі жетіле қоймаған оқушының оқуды дұрыс оқыды ма дегенді тексеріп отыруға міндеттейді. Бұны үйде ата-анасы да байқап, түзетіп отыру керек [29].
Бір буынды не бір сөзді оқушының неліктен қайталап оқитынын ілгеріде айттық. Сондықтан оқушының қайталауын мұғалім, ал үйде ата-ана қадағалап ескерту жасап отыру керек. Үнемі, үздіксіз ескерту естіген оқушы енді оны қайталмайды.
Оқушы оқыған материалдардың мазмұнын саналы түрде меңгерген болса, онда соның нәтижесінде оқушыда белгілі бір икемділік, өмір, зат, құбылыс, адам, оның іс-әрекеті жөнінде көзқарасы пайда болды. Оқушы оқиғаны мәтіннің мазмұнын түгел меңгеріп, ондағы негізгі ой тірегін анықтап, оқылған әңгімедегі болған жағдайды, оның себебі мен салдарын суреттелген адамдардың іс-әрекеттерін, оның болу себебін, және қарым-қатынасын анықтай алады. Тұтас мәтіннің жеке бір бөлігіндегі ойды, автордың не айтқалы отырғанын түсіне алады. Сонымен қатар жазбаша тілдің ерекшелігін, тыныс белгілерін, түрлі көркемдігін, сөздердің қолдануын, дауыс ырғағын келтіруін анықтай алатын болады.
Оқылған мәтінді өз бетінше саналы түрде меңгерудің бір жолы балалардың өз өмірінде көрген, білгенін, байқағанын, естігенін, оқығанмен ұштастыра білу.
Кіріспе әңгіменің барысында сабақ мерзімін үнемдеп, мәтін мәселесіне жете көңіл бөлу керек. Оқушының оқылатын мәтінді дұрыс қабылдап, оның мазмұнын саналы түрде меңгерту мақсатына қажетте жұмыс түрінде саяхатта пайдалануға болады. Саяхатқа күні ілгері дайындалу керек ол сонда ғана нәтижелі болады. Ана тілі оқулығында берілген тақырыптарды оқушылардың түсініп оқуына бірден-бір мүмкіндік беретін нәрсе үйге берілетін тапсырманы оқуды байланыстыру. Оқушының оқу әдістерін жан-жақты жетілдіріп, қалыптастыру үшін мәтінді үйде өз бетінше бірнеше қайтара оқу негізгі шарт. Осыған сүйене отырып, 3-сыныпта өз бетімен жоспар құрудың тиімді әдістерін меңгертуге болады. Ол үшін 3-сыныпта Ғ.Мұстафиннің “Көктемгі егіс” атты әңгімесін өткен кезде, үйге тапсырма ретінде оны бөлімге бөлдіріп, әр бөлімге оқушылардың өздеріне ат қойғызу керек. Ол үшін ең әуелі мәтінді алдын ала сабақта түгел оқып, онда не туралы айтылғаны жөнінде сұрақ-жауап арқылы талданған соң, мұғалім мәтіннің бөлімдерін өзі көрсетеді де, оқушыларға тақырып қою керектігін ескертеді. Оқу сабақтарында мәтіннің білімдік және тәрбиелік мәнін арттыру үшін мұғалімдер оқушыларды үй жұмысын дұрыс ұйымдастырып, олардың ой-өрісін дамытуға іскерлігін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Оқушыларды оқуға машықтандыру мақсатында үлкен тақырыптар бойынша өтілетін қорытынды сабақтардың мәні зор.
Бастауыш сырып оқушыларының дұрыс өз бетінше оқуын жетілдіруде қойылатын бағдарламалық талаптың бірі - оқушыны мәнерлеп оқуға үйрету болып табылады.
Мәнерлеп оқу – қандай мәтінді болмасын дұрыс оқып, сөздерді бұзбай, қалдырмай, сөз аяғын жұтып қоймай, әрбір сөзді, ондағы дыбыстарды анық етіп оқу.
Көркем шығарманың негізгі ой тірегін анықтап алмай, оқығандағы мақсат айқын болмайынша бірде бір жолды мәнерлеп оқу мүмкін емес.
Оқушыны мәнерлеп оқуға үйретпейінше оны мәдениетті сөйлеуге үйретеміз деп айта алмаймыз. Ал мәдениетті сөйлеу дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, болып табылады. Осыларды үйрету негізгі бастауыш мектептен басталады және қаланады[33].
Оқушы мектеп есігін ашқаннан бастап-ақ оқыған сөзінің мағынасын түсінуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сол жұмыс түрлері мәнерлеп оқуға жол ашып отырады. Мұғалім жеке сөзді, сөйлемдерді оқу кезінде оқушылардың тек оқып шыққанына қанағаттанбай, оның мағынасын ашуға арналған жұмыстар жүргізіледі. Яғни оқушы оқып тұрған сөзін, сөйлемін өзі түсініп тұр ма, соны анықтап, егер оқушы түсінбесе, мұғалім қосымша түсіндіреді. Осыдан кейін мұғалім оқушының берілген сөзді не мәтінді үстірт оқымай дауыс ырғағымен оқуын қадағалап отырады. Содан соң қойылған талап бойынша үйде де қайталауын міндеттейді. Тек сабақ үстінде тиісті деңгейге жету мүмкін емес. Ол әсіресе үй жұмысын дұрыс ұйымдастырмайынша жүзеге аспайды.
Бала тілін дамытудың өзекті бір саласы - сыныптан тыс оқу. Сыныптан тыс оқу арқылы бала өзін қоршаған ортада қандай оқиғалар болып өткендігін, не болуы мүмкін екендігін байқайды, сезінеді. Шығармалардағы кейіпкерлер іс-әректіне еліктейді, солардан үлгі өнеге алады, дүниетанымы кеңейе түседі. Осыдан бастап сыныптан тыс оқудың мақсаты да айқындала түседі. Ол балаларды өз бетінше кітап оқуға үйретіп, соған деген құштарлығын арттыру, оқу-жазуға үйретуді жетілдіре түсу. Олай болса, сыныптан тыс оқу жұмысын неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым тиімді де жемісті болмақ. Басқаша айтқанда бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап сыныптан тыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Себебі, сауат ашудың алғашқы кезінде балалардың тілін, ақыл-ойын дамыту жұмыстары түрлі-түсті суреттерді, суретті кітаптарды көрсету, мәнерлеп, дауыстап оқып беру арқылы жүргізіледі.
Сондай ақ сыныптан тыс оқу шәкірттердің өз беттерінше оқу дағдыларын қалыптастырады және арттырады. “Әліппе” және “Ана тілі” оқулықтарында берілген бағдарламалық көркем шығармалардың идеялық мазмұны көркемдік ерекшеліктерін түсінулеріне аса зор пайдасын тигізеді. Балаларды өздері үйде оқыған шығармаларына, олардағы кейіпкерлер іс-әректіне өзінше баға беруге жетелейді.
Міне сондықтан да кітаптың атқарар қызметі орасан зор. Басқаша сөзбен айтқанда кітап - екінші ұстаз. Кітап оқу арқылы бала бүкіл әлеммен, онда жасаушы адамдармен, олардың саналуан қиялымен және армандарымен, мінез-құлқы, жан сырымен танысады. Солардан тағылым алады. Олай болса мұғалім барлық мүмкіншіліктерін, айла–тәсілдерін пайдалана отырып баланы үйде кітап оқуға қызықтыруға міндетті.
Үй жұмысын ұйымдастырудағы басты да өзекті үрдіс – сыныпта жүргізілетін оқумен тығыз байланысты, яғни соның жалғасы сияқты болуы керек. Бұл байланыстылықты өзара жымдастыра жүргізу мұғалімнің әдістемелік шеберлігіне, қабілетіне қарай әртүрлі дәрежеде жүргізіледі. Осыдан барып әр мұғалім сыныбы әр қилы дәрежелі білім деңгейін меңгеретіндігі шығады [332].
Қашанда ізденгіш балаларды жанымен жақсы көретін өзінің ұстаздық парызына адал оқытушылардың шәкірттері ұқыпты да тәртіпті білімді болады.
Дәл осы арада үй жұмысын тек қана былай жүргіз, олай жүргізбе деп айтудың, нұсқау берудің қажеті жоқ. Себебі, жоғарыда айтқандай әр мұғалімнің ұяты мен шеберлігі біледі. Дегенмен үйде оқылатын кітаптың жоспарлы оқу материалдарына сәйкестенуі, соны кеңейте түсуі ескерілген жөн. Мысалы, табиғатқа ондағы жан-жануарларға байланысты сабақ өтілгенде сыныптан тыс оқу үшін А.Сейдімбектегінің “Тауға біткен жалбыз” кітабынан бірнеше үзінділер ұсынуға болады. Атап айтқанда “Айқас” әңгімесіндегі жыландар мен құрбақалардың жан беріп, жан алысқан айқасын оқуға ұсынса бала дүниетанымының кеңи түсетіні даусыз. Осы арада айта кететін бір нәрсе “ойбай ол ересектерге арналған шығарма ғой, бала түсінігіне ауыр болады” деген жаттанды қағидадан аулақ болу керек. Себебі, психолог-лингвист ғалымдар дәлелдегендей мектеп жасына келген бала тілдің бүкіл фаналогиялық жүйесін түсінеді. Бағдарламалық материалға сай белгілі бір жазушының не ақынның шығармасын өткенде сол жазушы немесе ақын туралы балалардың білгісі келетіні даусыз. Сондықтан оқытушы олар туралы (өмірбаяны, мекенжайы, қайда еңбек етеді, қандай шығармалары бар, олардан қайсысын оқуға ұсыну керек) өзі алдын-ала дайындалып келуге міндетті. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдерінің үнемі есте сақтайтын нәрсесі – үй жұмысының тіл дамытумен байланысты екендігі. Себебі, оқу барысында балаларға түсініксіз сөздер, сөз тіркестер кездесуі мүмкін. Оларды түсіну үшін бала:

  1. Ата-анасынан не аға-әпкелерінен көмек сұрасын;

  2. Өзі түсінуге тырыссын. Ол үшін:

а) Берілген үзіндіні қайта-қайта оқысын;
ә) Мәтінді толық оқып шығып, ой қорытсын.

  1. Сыныптан тыс оқуға берілетін мәтіндегі қиын сөздерді, сөз тіркестерін мұғалім алдын-ала түсіндіріп жіберсін.

Міне сонда ғана оқушы дүниетанымы кеңейеді, тілі мен ойы, ойлау қабілеті қатар дамиды.
Бастауыш сынып оқушыларына ана тілін үйретуде, оны тереңдете меңгертуде және тілін дамытуда көрнекті құралдардың алатын орны ерекше. Себебі көрнекілік ойлауды және балалардың ойлағандары мен бақылағандарын сөзбен дұрыс айтып жеткізе білуге, одан белгілі-бір логикалық қорытындылар шығаруға дағдыландырады. Оқу сабақтарында көрнекілікті қолдану аясы өте кең: айнала қоршаған дүниені, яки тірі табиғатты тікелей бақылау, саяхат кезіндегі бақылау, оқушылардың жинаған заттары, жеке колекциятүріндегі гербарийлер, жан-жануарлардың, құстардың тұлыбы, млдельдері, макеттері мен пано-рамалар (оқушылардың өздері пайдаланады), кинофильмдер, диафильмдер, мультфильмдер, картиналар, портреттер, оқулықтағы, газет-журналдардағы суреттер т.б.
Кинофильм, диафильм, мультфильм және т.б. көрнекіліктердің өмір тәжірибесі аз, көп нәрселер мен құбылыстар жөнінде түсініктері кемелденбеген төменгі сынып балалары үшін орны бөлек. Мұндай көрнекті құралдар оқушылардың шығармашылдық ойлау қабілетін, білім-танымын дамытуға, тіл-байлығын арттыруға, жаңа білімді тез меңгеруіне зор ықпал жасайды. Міне, сондықтан да көптеген зор ойлы ұстаздарымыз сабақтың көрнекілікпен жүтгізілуіне ерекше мән беруде. Олар балаға таныс емес бес сөз үйретсең, ол оны үйрену үшін ұзақ уақыт босқа қиналатынын, ал сондай жиырма сөзді суретпен байланыстырсақ, оны оп-оңай тез меңгеріп біліп алатынын өз тәжірибелері арқылы дәлелдеп жүр.
Көрнекті құралдарды былайша пайдалануға болады:
Мысалы, оқушыларға теледидардан көрген фильмнен өз бетінше сурет салып келуді тапсыруға болады. Мұндай тапсырманы 2-ші, 3-ші сыныптың оқушылары зор ынтамен орындайды, мұғалімнің көмегімен көрген фильмнің мазмұнын эпизодтарға бөліп, оларға тақырып қояды. Тапсырма орындалып болған соң, ол тексеріліп, сәтті қойылған тақырыптар тақтаға жазылады, оны оқушылар дәптеріне көшіреді.
Алынған мультфильмдер, диафильмдер өтілетін тақырыпқа сәйкес келетін болуы керек және олардың мәтінді оқу алдында көрсетілгені дұрыс.
Бастауыш сынып оқушыларына диафильм мен мультфильмдерді көрсетудің мәні зор. Бұларды тіл дамыту үшін көрсетілген материалды көрнекті түрде жеке ұғындыру мақсаттарында жиі қолдануға болады. Диафильм мен мультфильмдерді қолданғанда ғана оқушылардың көру есту түйсіктері қатар қатысады. Қорытындысында оқу материалының мазмұнын жақсы түсініп, есінде берік сақтауға септігін тигізеді. “Егін жинауға”, “Мереке алдында”, “Сиқырлы сөз”, “Ақсақ құлын” т.б. диафильмдерімен мультфильмдерді пайдалануға болады. Бұл арада оқушыларға сұраулар қою олардың қойылғын сұрақтарға жан-жақты, толық жауап беруін, онда да бір сөзді бірнеше рет қайталамауын қадағалау керек
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
- ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
- мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
- оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
- жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің жүзеге асуына көмектеседі.
Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс.
И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин оқыту әдістерін оқушылардың танымдық жұмыстарының түріне қарай топтастырған. Авторлар балаларға ақыл-ой жұмысының, өз бетімен білім алудың жолдарын көрсетеді [34, 14].
Ю.К. Бабанский оқу-танымдық іс-әрекетті ынталандыру әдістерін топтады. Ол іс-әрекет 3 бөліктен: ұйымдастыру, ынталандыру, бақылаудан тұратынын атап көрсетіп, әдістерді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау әдістері деп бөледі[35].
М.И.Махмутов оқыту әдісіне сәйкес келетін оқу әдістерін іріктеген. Оқыту әдістері: а) ақпарат беру әдісі, ә) түсіндіру әдісі, б) ынталандыру әдісі, в) тәжірибелік әдіс[36].
Оқушының кітаппен жұмысы оқу әрекетінің тәсілі болып табылады. Егерде оқушы мәтінді талдаса, түсінгенін өз сөзімен айтса, онда кітаппен жұмыс оқу әдісі болып табылады. Егер монологтық баяндау әдісі қолданылса, онда мұғалім әңгімелейді, ғылымның дайын қорытындыларын, ережелерін, фактілерін хабарлап оқиғаларды суреттейді, іс-әрекеттің үлгілерін көрсетеді және оқушыларға тапсырмалар береді. Эвристикалық әдісті қолданғанда мәселелік деңгей (оқушылардың белсенділігі) едәуір көтеріледі, эвристикалық әңгімелерге танымдық (логикалық) есептер және проблемалық тапсырмалар қосылады. Оқушылар мұғалімнің көмегімен "жаңалық" ашады, бірақ негізінен оқушылар өз бетімен жұмыс істейді. Зерттеу әдісін қолданғанда мұғалім оқушыларға тәжірибелік сипаттағы тапсырмалар (тәжірибе жүргізу, қосымша ақпарат, фактілерді жинап оларды өз бетімен талдау және қортындылау, өз ойын дәлелдеуге керекті материалдарды жинау, т.б) береді. Оқушылар оларды өз бетімен орындайды, бірақ бұдан мұғалімнің басшылығы керек емес деген сөз тумайды.
Оқыту әдістерін тандау әдетте сабаққа оқу материалының мазмұнын таңдаған кезде жүреді. Ол дидактикалық мақсатқа, оқушылардың білім деңгейіне мұғалімнің өзінің дайындық деңгейіне байланысты.
Әңгіме – оқу материалын ауызша баяндау. А. Байтұрсынов "Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас" дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады [2].
Міржақып Дулатов оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол "баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек", - дейді. Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. "Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық", - дейді [38].
Оқушылар үшін білім көзі – бақылау, мұғалім сөзі, баспа материалдары. Оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми – көпшілік әдебиеттер және журналдардан оқушылар түрлі ақпараттар алып, сабақта алған білімдерін бекітуге, кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік алады, өз бетімен білім алу әдістерімен қаруланады. Кітаппен жұмыс әдісін меңгеру үшін ең алдымен оның тәсілдері меңгеріледі.
Кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруде бастауыш мектепте қолданылатын, көп уақыт алатын статикалық оқу үлкен рөл атқарады. Мұндай оқудың мақсаты мәтінді түсіндіру, оқушыларға мәтінді толық меңгерту, оған мәтіннің негізгі идеясын ұқтыру. Жаңа ақпаратты түсінудің құнды әдісі – мәтінді талдау.
Мұғалім кітаптар мен журналдарды тақырыпқа сай қолданады. Осы өздік жұмыстың жиі қолданылатын тәсілдері:
1. Белгілі бір ақпарат алу және оны бекіту мақсатымен кітапты оқып шығу. Осы мақсатқа жету үшін, мұғалім оқушыларға қысқа мерзім ішінде мәтінді қалай түсінуге болатындығын айтады. Әдетте, оқушылар мәтінді бір рет оқып шыққан соң, оны талдап, мәтіннің жоспарын жасайды.
2. Түсініксіз сөйлем және сөздердің мағынасын сөздік немесе энциклопедия арқылы ашып, қосымша әдебиеттерден ақпараттар алып, керекті мәліметтерді конспектілеп, оқығанын өз сөзімен айтып көреді. Мұғалім оқушыларды мәтіндегі негізгі ойды бөлуге үйрету керек. Жоспар жасау үшін мәтіндер бір-бірімен өзара байланысты бөліктерге бөлінеді де, әр бөлікке атау беріледі.
3. Қосымша әдебиеттерді қолдану үшін оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу қабілеті болуы керек. Оқушылардың кітаптар мен журналдарды сыни тұрғыдан оқуының да үлкен маңызы бар. Идеялардың матрицасы - әртүрлі авторлардың еңбектеріндегі біртекті ойлар мен құбылыстарға салыстырмалы сипаттама беру.
Бастауыш сынып оқушыларының оқуға үлгермеуін болдырмаудың бір жолы – қызметтестік қағидасы. Қызметтестік дегеніміз - ұстаз бен шәкірттің ортақ жүйемен жұмыс істеуі, жетістікке, көздеген мақсатқа жетуі. Осы қағиданы орындау барысында мынаны ескеру керек: біріншіден, ортақ мақсатқа екі жақтың да көзінің жетуі. Екіншіден, ұстаз бен шәкірттің әрқайсысы өздеріне тиісті шарттарды біліп, ешкімге арқа сүйемей үйлесімді орындауы. Үшіншіден, керек жерінде бір-біріне көмегін беру, масыл болмау.
Бірақ педагогикалық қызметтестіктің орындалуы балалардың жас ерекшелігіне байланысты. Ол әр кезеңде әр түрлі қатынас, қызметтестік болуы мүмкін.
Мектеп жасына дейінгі балаға қамқорлық керек. Қызметтестік үлкендердің қамқорлығымен жүреді. Мектеп жасына дейінгі балалар шамасына қарай тәрбиешіге көмектесуі мүмкін. Бірақ бұл жастағыларға ересектердің қамқорлығы басым болады.
Бастауыш сынып оқушыларымен қызметтестік айшықталып көріне бастайды. Дегенмен осы жаста да негізгі рөлді ересектер, мұғалімдер атқарады. Мұны біз тәлімгерлік-қызметтестік дейміз. Бірақ бұл кезеңде балаларға қызметтестікке араласуға мүмкіндік береміз.
Қызметтестіктің ең жоғары түрі – достық. Қызметтестік қатынас достық қатынасқа ұласуы мүмкін. Мұғалімнің оқушылармен тек қызметтес болмай, осы қатынас достыққа өссе, бұл ұстаздың ең үлкен жеңісі, ұстаздық қызметтің жемісі болып табылады.
Бірақ қызметтестік-достық толық тең құқықтықта болмайды және жіберілмейді де. Мұғалім - әр уақытта мұғалім. Ол оқушымен арақашықтықты сақтай білуі тиіс.
Біз осы арақатынасты мысал-жағдайлар арқылы талдай отырып, оқушыларды бірнеше топқа бөліп қарайық. Мәселен, мұғалім мен оқушылардың бірігіп қызмет жасап, жетістікке жетудің жағдайын жасау жолында "Үміттің ақталуына байланысты қуанышқа" бөленген оқушылар тобы болады. Олардың көптен күткен жеңіс-қуанышы орындалады. Оның орындалуына бала, ата-ана, мұғалім де ат салысады. Осының орындалуына баланың оқуға деген құнттылығы, орындауға жұмсалған күш-жігері және жұмыстың нәтижесі себеп болады. Бұл қуанышқа барлығы ортаң. Сондықтан барлығына ортаң тең қуаныш. Сонымен осы "Үміттің ақталуына байланысты қуаныш иелерін" топтарға жіктеп көрейік.
Бірінші топ "Сенімділер" немесе "Өз ісіне тыңғылықтылар" деп аталады. Мұндай топ оқушылардың кез келген жас кезеңдерінде кездеседі. Мұндайларға жауапкершілігі бар, оқуға деген қабілеті жоғары, үй тапсырмасын ұқыпты орындайтын, қоғам жұмысына берілген, өз ісіне берік, абыройы жоғары, өзіне-өзі сенген оқушылар жатады. Бұл аталған оқушылар негізінен ата-анасының балаға деген қамқоры педагогикалың тұрғыдан дұрыс қатынас жасай алатын отбасынан шығады. Бұл оқушылардың оқудағы жетістік-қуанышы берік, бала өзі-өзіне сенімді [43].
Бірақ мұндай оқушылар да сүрінуі мүмкін. Оған көңіл бөлудің қажеті жоқ. Баланың өзі кемшілікті талдауға шамасы келеді. Ондай оқушылар өз қиындығын өзі жеңіп шыға алады. Бұлар сенімділер.
"Батылдар" тобына жататын оқушылардың оқуға деген қабілеті "сенімділерден" көп жоғары. Бірақ оқу жүйесіндегі қызметі төмен болып келеді. Мұндай оқушылар бір кезде жетістікке жетсе, бір кезде төмендеп кетуі мүмкін. Батылдықта тұрақтылың жоқ. Әрине, мұндай оқушылар тұрақты, мәдениетті, балаға деген қамқорлығы жоғары отбасынан шығады. Осы көрсетілген оқушылар сезімге тым берілгіш, жетістікке тым еті үйреніп кететін, жеңіліс, қолайсыз жағдайды көтере алмайтын болып келеді. Мұндай оқушыларды уақытысында "құдайын таныту керек", сезімін оятып, ұятқа шаңырып, керекті көңіл басуын жасаған жөн.
"Күмәнділер" тобы. Мұндай оқушылар да балалардың әр жас кезеңдерінде кездеседі. Бұл оқушылар да жақсы отбасынан шыққандар. Сабаққа деген қабілеті жақсы, жақсы оқитындар. Бірақ олар өз ісіне күмәнді, өзіне деген сенімі нық емес.
Мұндай қасиеттің көптеген себептері болуы мүмкін. Біріншіден, өзін-өзі дүрыс бағалай алмау. Екіншіден, жүйкесі жұқарған, артың іске, батылдыққа бара алмайды. Үшіншіден, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Төртіншіден, өмірдегі, оқудағы жеңіліс баланы жал-таң етуі, т.б.
Мұндай оқушылармен мұғалім ерекше әдіс-тәсілдермен жұмыс істеуі тиіс. Уақытын тауып мақтап, алда болатын жұмыстарды айтып, дайындап отырса, ондай оқушылар қатарға қосылып кетеді.
"Күтпеген қуанышқа бөленген" оқушылар тобы. "Күтпеген қуаныш" деп отырғанымыз - оқу-тәрбие саласындағы баланың болжаған жобасынан күтпеген артық нәтижеге жетудегі қуанышы. Әрине, мұндай баланың күтпеген жетістігі ұстаздың ұйымдастырумен жүргізіледі. Балаға күтпеген жетістік болғанымен, ұстаз үшін ол белгілі. Бірақ оны ұстаз балаға күні бұрын айтпайды да, баламен бірге күтпеген қуанышқа бөленгендей болып бірге қуанады. Бірақ бұл - ұстаздық қүпия. Дегенмен жетістікті күтпеуі де мүмкін. Себебі оқушының сол жоспарды орындай алатыны және орындай алуына күмәнді оқушылар бар. Әсіресе, сол күмәнділер жобалы тапсырманы дұрыс орындаса, ұстазға да күтпеген қуаныш.Осы күтпеген қуанышты жасаудағы ұстаздық әдіс-тәсілдердің түрлері бар.
Қуануға сатылап немесе біртіндеп жету. Біріншіден, психологиялық шабуыл жасау. Баланың тапсырманы орындаудағы жүрексінуін жеңу, соған психологиялық жағдай жасау, баланың осы тапсырманы орындай алуына эмоционалдық әсер ету.
Екіншіден, эмоционалдық одақтасу. Ұстаз және оқушы қиын істі бастап жеңу үшін одақтасады. Мұғалім баланың жүрексінуін жеңуге көмектеседі. "Оқудағы нәтижесіздік - уақытша, кездейсоқтықтан пайда болған. Сол жеңілісті жеңуге болады", - деп баланы сендіру керек.
Үшіншіден, негізгі бағытты таңдап алу. Мұғалім баланы сендіргеннен кейін, сол жетістікке жетудің жолын анықтайды. Оқу процесінде кездеседі деген кедергілердің алдын алады.
Төртіншіден, оқуда кездесетін қиындықты болжай отырып, мұғалім күмәнданатын балаға тапсырманы басқа балалармен бірдей бере береді. Бірақ күмәнді баланың жұмысында кездесетін қиындықтың алдын алып, көмектеседі.
Бесіншіден, жұмыстың нәтижесін талдағанда күмәнді баланың қиындықты жеңе білгенін атаған жөн. Бірақ келесі жолдары күмәнді бала мұғалімге арқа сүйей бермей, өзінше еңбектенгені де дұрыс.
Алтыншыдан, күмәнді баланың күмәні сейілгеннен кейін жалпы қатарға қосып оқытуға болады.
Қысқасы, баланың күмәнін сейілту үшін педагогикалық алты кезектен сатылап өтіп, жүрексінетін баланы жалпы қатарға қосуға мүмкіндік бар.
"Күтпеген қуанышқа" кенелудің тағы бір жолы - ол балаға үміт арту. Үміт арту екі жаққа да бірдей. Мұғалім балаға үміт артқанда, өзі де іштей баланың күтпеген қуанышына өз үлесін қосады, үміттендіреді, үміттенеді. Үміт ақталғанда екі жақ та күтпеген қуанышқа кенеледі.
"Жалпы қуаныш-мақтаныш" жағдайы. Бала жалпы қуанышқа жора-жолдастарының, өзінің пір тұтатын жолдастарының, мұғалімдердің оқу-тәрбиедегі жетістігіне қуанғанда кенеледі.
Жалпы қуаныш-мақтанышты да мұғалім ұйымдастырады. Жалпы қуаныш - аяқ астынан бір нәрсеге қуану, сыртқа шығарып қуану, іштей қуану, т.б. болып бөлінеді. Жалпы ортақ қуаныш - мақтанышқа балаға, мұғалімге, жолдастарына қатысы бар қуаныш жатады. Жалпы қуаныш - мақтаныш. Ол - мектептің, ұжымның, жолдастарының қуанышы. "Онымен мектепте бірге өсіп едік немесе бір партада отырып едік", - дегендей мақтаныш-қуаныштар болады.
Жалпы ортақ қуаныш-мақтаныш еш уақытта өз қасиетін, мазмұнын жоғалтпайды. Кейде ортақ қуаныш-мақтаныш баланың басын айналдыруы да мүмкін. Сондықтан ондай жағдайды мұғалімнің қадағалағаны жөн. Қуаныш-мақтанышқа кенелушілерді үш топқа бөлуге болады.
Бірінші топ — санаткерлік қабілеті нашар, жалқаулығы басым. Бірақ ел қатарлы, орта топта жүріп, қоғамдық жұмыстарды орындап, жолдастарымен жақсы қатынаста болып, мұғалімнен ескерту алмай оқитын балалар осы топқа жатады. Ондай балалар елгезек, тәртібі дұрыс болып келеді. Мұндай оқушыларды қуаныш-мақтанышқа кенелту үшін, оларға өр уақытта жол салып беріп тұру керек. Бір кезде өзінше жұмыс істеу қабілетіне жеткенде мұғалім ондай балаларды жетектегенді доғарады.
Осындай топтағы оқушыларға қолданатын тәсілдің бірі "Менің істегенімді қайтала" деген алгоритм. Мұның мақсаты – алға озып кеткен оқушыны қуып жету, соған психологиялық тұрғыда дайындау, баланың сана-сезімін ояту. Осы алгоритмнің бірінші жолында сыныптағы оқушылардың, сынып ұжымының санаткерлік ахуалын анықтау, яғни кімге еліктеу керек, кімді қуып жету керек? Егер де сынып ұжымының көпшілігі ұйқылы-ояу болса, онда ондай ұжымда бұл алгоритмді пайдалануға болмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет