5. Неміс романтизміндегі діни-философиялық концепциясы (Шлейермахер). С.Кьеркегор діни философиясы. Ағарту дәуірі білім рухани өмірді дін ауыртпалығынан босатады деп ойлады. Романтизм таза идея, арман әлемінен қоғамның практикалық мәселелері саласына түсе, түсіне бастайды. Шлейермахер жаңа білім тек діннен ғана терең күш таба алады деп көрсеткен бірінші адам болды. Ф.Шлейермахер дін теориясының негізгі ережелері («Дін туралы сөздер» бойынша»). Шлейермахер діннің даралықпен байланысын ерекше атап өтеді. Дін жоқ. Дін «шексіз сезім мен дәм» ретінде әр түрлі нақты адамның өзіндік ерекшелігіне сәйкес дараланады. Демек, дін адамның рухани қабілеттері қатарында басым орын алады. Шлейермахер дамытатын діни сананың феноменологиясы оның сана-сезімнің ерекше және дербес саласын («сезім» саласы) ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі өмірінде де, адам мәдениетінде де оның жоғары мәртебесін дінді мойындау талабы үшін теориялық негіз ретінде қызмет етуге арналған.Шлейермахер барлық мәдениеттің өмірлік бірлігі діннен табылатынына сенімді болды, бірақ еуропалық халықтардың өмірінде ортағасырлық католицизмнің бұзылмаған үстемдігі болғаны тарихи факт екенін де ұмытпағанымыз жөн.
XIX ғасырдың 30-40 жылдарында философиялық ойдың нақты адамға бетбұрысы іске асты. Мұндай ізденіс бірнеше бағытта жүрді. Солардың алғашқысы - С.Кьеркегордың адам туралы діни-философиялық көзқарасы. Кьеркегор Неміс классикалық идеализміне қарсы шықты. Рационалдының екіншілігін, таза тіршіліктің (экзистенциалдылықтың) біріншілігін, бастапқылығын тұжырымдады. Кьеркегордың адам туралы ілімінің ерекшелігі – «адам болмысының бүгінгі күнгі шындығы - адамның өз-өзінде» деген ой Кьеркегор: «Неге философия болмыс мәні, материя, Құдай, рух, таным тетіктері мен шегі сияқты түрлі сұрақтармен айналысады да, нақты адам, оның ішкі дүниесін қарастырудың орнына жалпы, абстрактылы, адамды қызықтырмайтын, адам өміріне тікелей қатысы жоқ сұрақтар ағынында жойылады?» деген сұрақ қойды. Философ мынадай ұғымдарды тұжырымдады:
1. адамның қоғамға толық бағыныштылығы, «басқалар сияқты», «басқалармен бірге», «өмір ағынымен», өз «Менін» танымай, өз тұлғасының бірегейлігін сезінбей, өзінің шын ұмтылысы мен орнын іздемей, таппай өтуі – жалған өмір;
2. қоғамдық жаншылу жағдайынан шығу, ерікті, саналы таңдау, өзін-өзі тауып, өз тағдырының қожайынына айналу - нағыз өмір.
Нағыз өмір-тіршілік дегеніміз - экзистенция.
Адам тіршілігінің 3 кезеңі туралы ілім - Кьеркегор мұрасындағы маңызды идея болып табылады. Адам тіршілігі, Кьеркегор ілімі бойынша, бір-бірінен өзгешеленетін 3сферада іске асады: эстетикалық, этикалық, діни. Осы кезеңдерге сәйкес Кьеркегор адамдарды 4 түрге бөледі: пенде (Spidsborgeren), эстет (Æstetikeren), этик (Estetikeren), діндар адам (Den religiøse). Қарапайым пенде өз айналасындағылар сияқты өмір сүреді: жұмыс істейді, отбасы құрады, жақсы киініп, жақсы жүруге ұмтылады. Ол тобырлық инстинктіні басшылыққа алады. Өмір ағынына бойсұнып, өз тіршілігін өзгертуге болатындығын ойламайды. Өйткені ол таңдауға ерікті екенін білмейді, сезінбейді.
Тіршіліктің бір сферасынан екіншісіне жайлап қана өту мүмкін емес. Олардың арасы шыңыраумен бөлінген. Эстетикалық тіршілік – бұл бар нәрседен пассивті ләззат алу. Эстетикалық кезеңде адам өмірін сыртқы жағдайлар анықтайды. Адам «ағын жетегімен жүзіп», тек раһатқа ұмтылады. Эстет өзінің таңдауға құқы, еркі бар екенін, басқаларға қосылмауға, ермеуге болатындығын біледі. Раһат-ләззәтқа толы өмір жолын таңдайды. Оған дәмді тағам, жақсы шарап, көрікті әйелдер ұнайды. Жауапкершілік пен парыз, ненің дұрыс ненің бұрыстығы туралы әсте ойламайды. Өмірден ләззат алып, «бір күндік» тіршілік кешеді. Қызықты нәрсе болмаса іші пысады. Уақыт өте келе - өз өмірінің мәнсіз, бос екенін сезінеді. Мұндай уайымдар түңілу сезіміне ұласып, адам әрекетін ақыл-парасат, борыш басқаратын этикалық сатыға итермелейді.
Этикалық кезеңде адам ерікті таңдау жасап, саналы өмір сүреді. Ондай адамның басшылыққа алатыны – борыш. Өз борышын атқару, ізгі құндылықтар жолында аянбай өмір сүру, қоғам игілігі үшін өзін құрбан ету – жоғарғы принципке айналады. Ол жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықты аңдайды. Әйелмен тұрмыс құру, аялау және оған адал болу қажет деп санайды. Тек жақсы істер атқарып, жамандықтан аулақ болғысы келеді.
Этикалық сатыда эстетикалық сезім біржолата жоғалмайды. Адам этикалық пен эстетикалықтың арасында ауытқумен болады. Толық, шынайы қанағаттануға қолы жетпейді. Абстрактылы, жалпымәнді принциптерге бағына отырып өзін-өзі жоғалтқанын сезінеді. Кенеттен, «баршаға ортақ заң» алдындағы ішкі қорқыныш пайда болады. Нәтижесінде адам екі өмірсалттың (эстетикалық пен этикалықтың) да аясының тарлығын, шектеулілігін айқын сезініп, күйінеді. Діни сфераға бет бұруға импульс туады. Мұндай түңіліс дискретті түрде адамды рухани сатыға жетелейді.
Діни кезеңде адам өз қалауын толық та терең сезінеді. Оған сезім мен ақылдың билігіне көнбейтін жүрек сенімі жетекшілік етеді. Құдайдың ғана мінсіз, ал адамның жетілмегендігіне көзі жетеді. Өзінің күнәһарлылығын, сондықтан Құдайды қажетсінетіндігін ұғынады. Осы сәттен бастап сыртқы дүние мәнсізденіп, оның өмір жолына кедергі бола алмайды. Өмірінің соңына дейін діндар адам (Иисус Христос сияқты) барлық азап пен сыртқы жағдайларды жеңіп, өз тағдырын қайыспай жалғастырады. Бұл сферада адам тіршілігі болуы мүмкін биіктерге қол жеткізеді. Мұнда ол Құдай алдында – күнәһар ретінде – жалғыз тұрады. Күнә алдындағы қорқыныш жанды кеміргенмен ол өзінің сенімі мен құдіретті маһаббатының арқасында құтқарылады. Бірақ мұндай сенім үшін ешқандай жалпымәнді өлшемдер және рационалды негіздер жоқ. Нағыз сенім – таза субьективтілік, импульсивтілік және парадокс.
Осы тұрғыдан алғанда адам экзистенциясы Кьеркегор ілімі бойынша, басқа адамдармен коммуникацияға енуге қабілетсіз. Экзистенцияның индивидуалды құрылымының сыртқы қабығы монаданың тұйықтығы сияқты, жердегі барлық байланыстар мен қатынастар үшін жабық. Адамның өз құшағын ашуы (жалғыз шешуші құбылыс болып табылатын) – оның Құдаймен кездесуінің интенсивтілігін босаңсытып, кедергіге айналған болар еді. Индивидуумның тұйық панцирі Құдай бағытында ғана ашылады. Өмірмәнді кездесу – Құдаймен ғана іске асады. Адам Құдай алдында жападан жалғыз. Оған бет бұру, Онымен коммуникацияға ену – адамның бірден-бір мақсаты. Бірақ бұл мақсатқа біртіндеп, жоғары көтеріле отырып жету мүмкін емес. «Тіпті өзгеге» - тек радикалды секіріс арқылы. Бұл жерде коммуникация туралы «тоқтаусыз тереңдеп отыратын ортақтық», «қауымдастық» мағынасында айту мүмкін емес.
Адамдардан оқшауланып, өзін-өзі танып, өзінің тұлғалық Менін тұйықтау арқылы адам өзінің Құдайға тәуелділігін түсінеді. Осы түсінік адамды шексіз бен мәңгілікке, өз тіршілігінің, өз экзистенциясының уақытшалылығын ұғынуға итермелейді. Адам, Кьеркегор пікірінше, бастапқыдан шекті, күнәлі тіршілік иесі, тұйық рухани монада. Адам қауымдастығының табиғи формалары (ру, отбасы, мемлекет, басқа адамдар) оныменен тек сырт қатынаста. Сырт қатынастар терең және мәнді емес. Олар тұлғалық (субьективті) деңгейді қамтымайды. Тек соңғысының арқасында адам өз тіршілігінің «шын мағынасын» тануға, өзінің қоғамдағы нағыз өмірлік қатынастардан жаттануын түсіне алады. Мұндай түсінік адамның шын бостандығын бейнелейді. Осынысымен Кьеркегор діни антропологиялық теорияны негіздеді.
Адам өмірі – түңіліс, деп санады Кьеркегор. Түңіліс – бір жағынан, адам табиғатының бастапқы күнәһарлылығынан туындаса, екінші жағынан, бұл - Құдайға жақын келудің жалғыз мүмкіндігі. Кьеркегор адам тіршілігінің үш сатысына сәйкес келетін үш түрлі түңіліс түрін жіктеді:
Көп мәселеде Кьеркегор дін ықпалында болғанына қарамастан діни сарындарды артқы планға ығыстырды. Кьеркегор пікірінше, адам өзінің радикалды күнәһарлығы себептілігінен Игі де Құдіреттіні тануға қабілетсіз. Оның бойында Құдайға апаратын жолды нұсқайтын қандай да бір мәнділіктер мен нормалар жоқ. Әйтсе де абсолютті түңіліс жағдайында Құдіреттіні тану – мүмкін. Құдайға жақын келу, байланысқа шығу мүмкіндігі жолында адамның табиғи ұмтылысы аздық етеді. Барлығы Құдай шапағатымен шешілуге тиіс. Құдаймен байланысқа шығу мүмкіндігі жайлы - импульс ретіндегі бірсәттік қана кездесу туралы айтуға болады. Байланыс әр жолы бұрынғыдан да жоғарғы деңгейге көтеріледі. Содан соң тағы да ізсіз жоғалады. Адам әрдайым таңдау жағдайында болып, «өзіне баратын жолда сансыз рет өзгереді». Адам әрдайым өз-өзін іздеп, сәт сайын өз тіршілігінің шарттары мен жағдайын тексерумен, сынаумен болады. Кьеркегор пікірінше, тұлға экзистенциясының дамуы белгілі диалектикалық айналыстан кейін өз мәнін діни сенімнен табуға тиіс. Ал адам тіршілігінің мәні - өзіне берілген уақыт ішінде өз-өзін жүзеге асыруында. Және сол процестің құндылықтық-жасампаздық сипатында.
Қолданылған әдебиеттер:
1.К. Армстронг. Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны, Астана 2017.
2. А.Игінеки. Ақиқат сыйы. Алматы: 1998.-215б
3 Қасымжанов А., Қасымжанова С. Духовное наследие казахского народа, Алматы: ҚазМУ, 1989.- 101 б.
4 Мұқашев Қ., Әйтімбетова Г. Діндер тарихы мен теориясы және еркін ой. - Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1994. - 135 б.
5 Мец. А. Мусульманский ренесанс. - Москва., Знание, 1973. - 102 б.
6 Тәжікова К. Ислам: дүниетаным, идеология, саясат.- Алматы: Өнер, 1982. - 243 б.
7 Ш.Құдайбердіұлы. Мұсылмандық шарты. Алматы: Ғылым, 1993.-779.
8 Кішібеков Д. Қазақ Т.Қ. Қазақтардың мұраты. – менталитеті: кеше, бүгін, ертең. –Алматы: Ғылым, 1999. – 199 б.
9 1001 хадис. Алматы, 2001. - 120 б.