Абильдина Алия Ю-22 (3 года)
Еркіндік философиясы
Практикалық тапсырма:
1. «Қазіргі заманғы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың рөлі» тақырыбына шығармашылық жұмыс (эссе, реферат, баяндама) дайындау.
2. Еркіндік деңгейін сипаттайтын төмендегі кестені толтырыңыз:
Еркіндік деңгейлері
|
Сипаттама
|
Саяси еркіндік
|
Мемлекет конституңиясы кепілдік беріп, заң бойынша қамтамасыз етілетін азаматтардың, демократиялық түрде еркін саяси үрдістерге қатысу құқықтары. Оларға сайлау және сайлану құқығы,сөз, ақпарат алу бостандығы, еркін, тең, жүйелі өткізілетін сайлау құқығы, саяси ұйымдар құру, азаматтардың өз мақсат-мүдделеріне қарай іс-әрекет жасау және т.б. жатады.
|
Ұлттық еркіндік
|
Ұлттық еркіндік өзін-өзі анықтау автономиясын, ұлттық өмірдің мәнін құрайтын рухани қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандыру тәуелсіздігін білдіреді.
|
Ерік еркіндігі
|
Философияда бұл ұғымды адамның таңдау мүмкіндігін жүзеге асырудың құралы ретінде қарастырады. дам баласы тумысынан еркін, өз тағдырын өзі шешуге тиіс. Бірақ оның көздеген мақсаттарына жету жолында әр түрлі кедергілер кездеседі. Әрине, дұрыс таңдау, әрекеттік шешім қабылдау үшін білім қажет. Ерік еркіндігі — істі біле отырып, шешім қабылдау қабілеті.
|
Оң және теріс еркіндік
|
Теріс еркіндік - бұл классикалық либерализм, ал оң еркіндік оны пайдалану мүмкіндіктерін білдіреді. Роулс еркіндік, тек теріс еркіндік деп қана айтады; оны пайдалану мүмкіндігі болмаса, еркіндік - бұл бос уәде.
|
Жеке еркіндік
|
(лат. Liberum arbitrium, сонымен қатар азаматтық бостандық) - бұл конституциялық-құқықтық категория, оның саналылығы, жауапкершілігі,бостандығы, қадір – қасиеті , даралығы.
|
Табиғи құқық
|
Мемлекеттен тәуелсіз адам табиғаты мен зердесінен туындайтын идеалдық құқық туралы ілім.
|
1. «Қазіргі заманғы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың рөлі»
Эссе
Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.
«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.
Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектелуде.
Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.
Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.
Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап,тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.
Яғни қазір елімізде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүруде. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты.
Бірақ бұл құлшыныстарды нарықтық қатынастардың алғашқы ауыр кезеңі біршама көмескілендірді. Осы сындарлы сәтті тәуелсіздікпен бірге орныққан ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігін пайдаланып сыналап ене бастаған сыртқы күштер тиімді пайдаланды. Барлық ақпараттық және заңнамалық мүмкіндіктерді қалт жібермей қолдана отырып, жұртшылыққа жат идеологиялық бағдарлар мен құндылықтарды таңудың, дәстүрлі құндылықтарды өзгертудің белсенді әрекеті басталды. Қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәстүрлі қалыптан ауытқуы үдерісіне қолдан қосылған ұлттық руханият саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуы үстелді.
Қоғам қажеттілігінен туындаған табиғи үдерістер мен сыртқы ықпалдың әсерінен қалыптасқан жасанды үдерістердің өзара қақтығысы қарапайым қоғам мүшелерінің санасында ақ пен қараны ажырата алмайтын сарсаң хәл туындатты. Мұндай жағдайда идеологиялық саланың мемлекет тарапынан толық бақылауға алынуы және ұлт зиялылары, зерттеуші ғалымдар, талдағыштар мен сарапшылар күшін біріктіре, тиімді пайдалана отырып, ортақ идеологиялық мақсатқа жегілуі, сол арқылы басымдық берілетін рухани-идеологиялық бағдарлардың айқындалып, қоғамға белсенді түрде енгізілуі қажет болатын. Бұл тұрғыда бірқатар шаралар атқарылғанымен, бүгінге дейін мемлекеттің стратегиялық-саяси жүйесінің қоғамның негізгі тұғыры саналатын дәстүрлі құндылықтар құбылысын жете бағаламауы және толық пайдалана білмеуі аңғарылуда. Соның салдарынан ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланыс шартты қатынастар аясында қалып отыр. Кез келген шетін құбылысқа қатысты мемлекет – реалды-саяси тұрғыдан, ал ғылыми қауымдастық құндылықтық-прагматикалық тұрғыдан пайымдап, әрекет етуде. Мемлекеттің саяси жүйесін ғылыми қауымдастықпен біріктіретін ортақ тұғырнама қалыптасқан жоқ. Тұжырымдамалық ұстанымдарды нақты айқындап алмаудың салдары әртүрлі науқандық идеялардың жетегінде кетуге себеп болып отыр.
Өз саясатына мығым өркениетті елдерде ғылым саясаттың алдында жүреді. Ішкі-сыртқы саясаттағы бағдарлар мен басымдықтарды дүниежүзілік тәжірибені сарапқа салып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ғылыми институттар айқындайды. Біздің еліміздің жағдайында адам факторының басымдық алуы, яғни белгілі бір тұлғалардың дербес зерттеулерінің, сыннан өтпеген сараптамаларының, объективтілігі мен субъективтілігі аралас талдамаларының негізінде идеологиялық-саяси көзқарастардың қалыптасуы және қоғамға кеңінен ұсынылуы орын алуда. Бұл ғылыми орта тарапынан да наразылық тудырып, соның салдарынан ғылыми пікірлердің бірнеше жікке бөлініп, ортақ ұстанымдардың орнықпауына соқтыруда.
Айтылғандардың салдарынан көптеген шетін құбылыстарға, радикалды ағымдарға қатысты мемлекеттің кесімді сөзі айтылған жоқ. Дін саласындағы рухани бағдардың халыққа ұсынылмауы сенімсіздікпен, наразылықпен қоса адасушылықты да күшейтуде, басқаша айтқанда тыйым салмағанның бәрі рұқсат етілген нәрсе ретінде қабылдануда. Теория мен тәжірибе сәйкестендірілмеген және бірдей дәрежеде әрекет етпеген жағдайда оның нәтижесі әрекетсіздікке тең болып шығатынын ескеру қажет.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы өлшеусіз. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |