Зәр нефронда түзіледі. Ол екі кезеңенен тұрады. Бірінші кезеңде алғашқы зәр, ал екінші кезеңде соңғы зәртүзіледі. Нефрон капсуласындағы тамырлар шумағына қан қысымы жоғары, сондықтан қанның сұйық бөлігі капсула ішіне сүзіледі. Мұның нәтижесінде алғашқы яғни бірінші реттік зәр пайда болады. Алғашқы несептің құрамы қан плазмасымен бірдей, бірақ оның құрамында нәруыз бен қан жасушалары болмайды.
Екінші кезеңде бірінші реттік зәрдің құрамындағы су, глюкоза, амин қышқылдары, натрий, калий иондары т.б. ағзаға қажетті заттар қайтадан қанға кері сіңіріледі, ал несепнәр, несеп қышқылы, сульфаттар сияқты зиянды заттар Генле иінінен кейінгі екінші деңгейлі иірім каналдарда(дистальды канал) қалып, нағыз зәрдің құрамына кіреді. Соңғы зәр нефронның жинағыш жолдарымен ағып бүйректің бүртіктеріне, одан тостағаншаларына, одан бүйрек түбегіне, содан соң ұзындығы 30 см-дей несеп ағар арқылы қуыққа барады.