Абстракция заттар немесе құбылыстарды зерттеу мақсатындағы оның белгілі бір белгілері мен қасиеттерін ойша бөліп алу



Дата14.12.2022
өлшемі20,3 Kb.
#57407
Байланысты:
Глоссарий психология (копия)


Глоссарий

  1. Абстракция – заттар немесе құбылыстарды зерттеу мақсатындағы оның белгілі бір белгілері мен қасиеттерін ойша бөліп алу.

  2. Адаптация – сыртқы орта заттары мен құбылыстарының ерекшеліктеріне сезім мүшелерінің бейімделуі.

  3. Ассоциация – психикалық құбылыстардың өзара байланысы.

  4. Авторитарлық (биліктілік, бұйрықтылық)- адамның жеке тұлға ретінде өзге адамдарға демократиялық емес ықпал жасауға бейімділігін көрсететін мінездемесі.

  5. Агрессиялық (жаулық, өшпенділік)- адамның өзге адамдарға қатысты зиянын тигізуге, қолайсыздықтар туғызуға талпынған мінез-қылығы.

  6. Акцентуация – адамның өзгелерден ерекше белгілі бір психологиялық қасиетін не белгісін бөліп көрсету.

  7. Альтруизм – адамды өзге адамдарға ақысыз көмек көрсетуге итермелейтін мінездік сипат.

  8. Аморальдылық – қоғамның моральдық негіздерін қабылдамау, адамгершілік ережелерге нигилистік қатынас, жеке адам мен әлеуметтік топтардың рухани құлауы. Аморальдылықтың шеткі көріну нысанына цинизм – қоғамның барлық мәдениетіне, оның рухани құндылықтарына деген жеккөрушілік қатынас пен әлеуметтік негіздер мен мұраттарды мазақ ету жатады.

  9. Апатия – немқұрайдылықтың, селқостықтың психологиялық қалпы. Түрткілер мен мүдделердің әлсіздігі, айнала қоршаған шындықтың оқиғаларына деген немқұрайдылық,көңіл-күй селқостығы.

  10. Астения – жоғары шаршау мен тітіркенгіштіктен көрінетін жүйке-психикалық әлсіздігі.

  11. Аутизм – адамның қалыпты ойлау барысының ауыруға, психотроптық дәрілерге немесе ойлау логикасының дамымауына байланысты бұзылуы. Өзіндік реттелудің төмен мүмкіндігі, адамның арман мен қиял әлеміне жиі кетіп қалуы тән.

  12. Аффект — қысқа мерзімдік күшті эмоциялық қозудың қалпы.

  13. Әлеуметтік адаптация – даралықтың әлеуметтік орта жағдайларына бейімделуі.

  14. Бағдарлаушы рефлекс – зейіннің шоғырлануы, күштері мен қорларын жинақтау сияқты жалпы белсенділіктен көзге түсетін ағзаның жаңа стимулға деген реакциясы.

  15. Вербальдық – адамның дыбыстық сөзіне қатысты.

  16. Гипноз – нандыру арқылы адамның санасын уақытша ажырату, өзінің мінез – қылығын еріктік қадағалаудан азат ету.

  17. Дағды — көп қайтара қайталаудың (жаттығудың) негізінде қалыптасқан, әрекеттің элементтерін саналы қадағалауды азайтуымен сипатталатын жартылай автоматтандырылған қимыл.

  18. Деперсонализация (жеке басын жоғалту) – адамның өзін қайталанбас даралық ретінде сипаттайтын жоғары психологиялық және мінез – қылықтық сапаларын уақытша жоғалтуы.

  19. Депрессия – адамның белсенділігін төмендететін рухани күйзелу мен ұнжырғасы түсу жағдайы.

  20. Ес (жад) – адамның алуан түрлі мәліметтерді есте ұстауы, сақтауы, қайта жаңғыртуы мен тануы.

  21. Жедел ес (жад) – міндетті шешуге, әрекетті болмаса операцияны орындауға керекті уақытқа ғана мәліметті сақтау үшін қажетті естің түрі

  22. Жеке бастың сипаты — жеке басқа тән мінез — қылық пен ойлауды көрсететін жеке адамның тұрақты қасиеті.

  23. Идентификация – бір нәрсені болмаса біреуді танудың, объектіні бұрынғы қалыптасқан бейнемен салыстырудың процессі.

  24. Интеллект – адамның ақыл – ой қабілеттіліктерінің жиынтығы.

  25. Инфантилизм – ересек адамда балалық мінез – қылықтың өзгешеліктерінің сақталуы және көрінуінен, өзіндік сынның төмендігінен, эгоценризмнен, өзге адамдардың өзіне қамқорлық жасауына деген жоғары талаптар қоюдан көрінеді.

  26. Катарсис – тазару. Адамда күшті эмоциялық күй кешулерден кейін туындайтын рухани жеңілдікті бейнелейтін психологиялық термин.

  27. Коммуникация — әлеуметтік өзара әрекеттің мәндік жағы. Адамдардың бір бірімен араласуы, хабар алмасуы және өзара әрекеттесуі.

  28. Конфабуляция – жалған еске алулар.

  29. Қабылдау – адамның миға сезім органдары арқылы келіп түскен хабарларды алуы мен қайта өңдеуінің процессі.

  30. Қажеттілік – адамның қалыпты өмір сүруі үшін керекті бір нәрсеге деген мұқтаждығы

  31. Құндылықтар – адамның өмірдегі ерекше бағалайтын және үнемі ұмтылатын жағдайлары.

  32. Мимика – адамның қабылдаған, елестеткен, ойлаған, еске түсірген жағдайларына деген қатынасын немесе қалпын көрсететін бет мүшелерінің қимыл – қозғалысы.

  33. Мораль – мәдениетті адамның қоғамдағы мінез – қылығының ережелері, шектері мен қағидалары.

  34. Пантомимика – адамның мәнерлі дене қимылдарының жүйесі.

  35. Перцептивтілік – қабылдауға қатысты құбылыс.

  36. Психика – барлық психологиялық құбылыстардың жиынтығын бейнелейтін жалпы түсінік.

  37. Психологиялық кедергі – адамға ойлауға және өзін адамдар ортасында дұрыс ұстауға кедергі келтіретін ішкі бөгет.

  38. Рефлекс – ағзаның кез келген ішкі немесе сыртқы стимулдың әрекетіне беретін автоматты жауап реакциясы.

  39. Сензитивтілік — әлсіздігіне байланысты бір бірінен сәл ғана айрықшаланатын стимулдарды дәл қабылдап, ажырата алудан және таңдамалы түрде көңіл аудару қабілетінен көрінетін адамның сезім органдарының сезгіштігі.

  40. Сенсибилизация – белгілі тітіркендіргіштердің әсеріне байланысты адамның сезім органдарының сезгіштігінің артуы.

  41. Статус – адамның топтық қатынастар жүйесіндегі орны.

  42. Темперамент – адмның психикалық процесстері мен мінез – қылығының динамикалық сипаттарының жиынтығы.

  43. Фанатизм — адамның бір нәрсеге шамадан тыс еліктеуінің нәтижесінде өзінің мінез — қылығын қадағалауының төмендігінен, еліктеу объектісі туралы пікірлерінің сындарсыздығынан көрінеді.

  44. Флегматик — адамның темпераментінің типі ретінде төмен қозғалғыштықпен, қимылдарының баяу ырғағымен, нашар дамыған экспрессиясымен сипатталады.

  45. Фрустрация – аданың өзінің сәтсіздіктерін терең сезінуі, үміттерінің қирауы мен тұйқтыққа тірелу сезімдерінен көзге түседі. Фрустрацияға, қиыншылықтарға деген табандылықты толеранттылық деп атаймыз.

  46. Холерик – адамның темперамент типі ретіндде жоғары қозғыштығымен, ұстамсыздығымен, қимылдарының жылдамдығымен және көңіл — күйінің айқындылығымен сипатталады.

  47. Эгоцентризм – адамның санасы мен зейінінің тек өзіне ғана шоғырланып, айналасындағы оқиғалар мен адамдарға көңіл аудармауы.

  48. Эмпатия — өзге адамның эмоциялық қалпын жете түсіне алу қабілеті. Эмпатияның болмауы аяусыз зорлық қылмыстардың жасалуының негізгі алғышарттарының бірі.

  49. Экстраверсия – интроверсия – жеке бастың сыртқы объектілер әлеміне болмаса өзінің субъективті әлемінің құбылыстарына бағыттылығына тәуелді дара — психологиялық ерекшеліктерінің сипаттамасы.

  50. Эйдетикалық ес – бейнелерге, оларды ұзақ сақтау мен қайта жаңғыра алуға байланысты көрінетін көру есі.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет