Адам болам десеңіз ...
Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.
(с) Шәкәрім
Адамзатты білімге, ғылымға шақырып, көкірек көзінің ояу, білімге ашық болуына өз үлесін қосқан һакім Абайдың ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Абайдың ақын әрі композитор, ұлы ойшыл, һәм философ болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі ықпал етсе, екінші жағынан еуропа мәдениеті де өз септігін тигізді. Десе де, туғаннан елгезек, алғыр бала Абай даналыққа дейін ұлы істерді ұмтылмастай атқарып кеткендігі тарихта белгілі.
Ұлы Абай өмірінің соңғы жылдарында өмірден түйгендерін қағаз бетіне қара сөз түрінде түсіріп, оны көпшілікке ой тастар деген үмітпен үлгі етіп қалдырады. Таңдау оқырманда. Керегін түртіп алады, керегін өмірлік шешім қабылдауда қолданады. Мен өзімнің ой толғауыма Абайдың «Жетінші қара сөзін» алып, өзімнің жасыма сай түйгендеріммен бөлісіп, перзент, оқушы тұрғысынан пікірімді білдірсем деймін.
Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, «ол немене», «бұл немене » деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары» дейді. Осы бір ғибратты ойларды қазіргі өмірмен байланыстырып тарқатсақ.
Меніңше, осы екі типті де әу баста қалыптастыратын ата-ана. Қазіргі таңда баласының тек материалдық қажеттілігін толтырып, оларды тәрбиелеп жатырмын, содан басқа не керек, ішетін тамағы, киетін киімі, ұйықтайтын жері бар, болды емес пе деген пікірлер бар. Шын мәнінде, балаға бұл қажеттіліктерден бөлек көңіл мен әңгімелесу, сырласу, бірге уақыт өткізу маңызды. Кішкене кезінен, ес біле бастаған уақытта балалардың сұрақ қою кезеңі басталады. Сол сәттен-ақ қателік жіберіп, «саған не керек», «сен әлі кішкентайсың» деп тыйып тастайды. Керісінше, сол сұрақтарға ерінбей, ұтымды жауап беріп баланың санасына жаңа нәрселерді таныстырып, өмірге бағыттап жіберсе, болашақта өмірлік қиындықтары мен шешілмей жүрген сауалдарына жауапты даладан іздеп, сандалып жүрген жандардың қатары да азаяр ма еді?!
Ұрпағымыздың тек тән құмарын ойлап, өмірін ішіп-жеп өткізіп жүрмесі үшін не істемек керек. Абай атамыз айтқандай, жүректерін ақыл-ойға толтырып, еңбекке баулымақ керек. Уақыттарын тиімді өткізіп, білім-ғылымды тануға, ізденіске құштарлықтарын арттырып, өнерге баулып, табиғатпен үндестіріп, саяхатқа шығып, дүниетанымдарын кеңейтіп пайдалы іспен шұғылдануларына мүмкіндік мен сәттерді ұйымдастыру ұстаз бен атаның еншісінде деп ойлаймын. Осындай кішкентай қадамдар үлкен жетістіктерге жеткізері хақ.
Аталмыш философиялық ойларын ойшыл былайша түйіндейді: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көбенен біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те білсек деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күндн хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз». Адамның хайуаннан артықшылығы санасында, адам баласына берген үлкен нығметтің бірі – сана болса, сол сананы қараңғылықта қалдырмас үшін, біліммен сәулелендіріп, таным көкжиегін кеңейтіп, кемел адам болуға ұмтылайық, ұмтылдырайық!
Достарыңызбен бөлісу: |