Жеңілдетілген диффузия. Оның пассивті диффузияға ұқсастығы бар, яғни заттар жоғары концентрациялы ортадан төменгі концентрациялы ортаға (клетка ішіне) ауысады. Бірақ пассивті диффузияның субстратқа деген талғамы минималды болса, жеңілдетілген диффузия субстратқа сәйкес ферменттер жүргізетін реакцияларға сай келеді. Жеңілдетілген диффузияның ерекшелігі – оның пермеаза деп аталатын тасымалдаушы ақуыздардың көмегімен жүруінде. Олар субстраттың молекуласымен байланысып, заттарды мембранадан өткізеді. Өткізу механизмі ақуыздың (пермеазаның) конфигурациясының өзгеруімен байланысты.
Белсенді тасымалдау. Бұл процеске де тасымалдаушы ақуыздар қатысады, бірақ еріген зат мембрана арқылы жоғары концентрациялы ортаға қарай өтеді, яғни заттар концентрация градиентіне қарсы ауысады. Белсенді тасымалдау үшін энергия қажет. Аэробты бактериялар энергия ретінде протон қозғаушы күшті пайдаланады. Тыныс алу процесі барысында мембранадағы тыныс алу тізбегі протондарды шығарып тастайды. Олар мембранадан өткенде, протон қозғаушы күш пайда болады.
Радикалды тасымалдау. Бұл кезде субстрат өзгеріп, фосфорланады. Заттар фосфоэнолпируват транспорттық жүйесінің көмегімен өтеді.
Микроағзаларды қоректік орталарда өсіруді культивациялау (латынның cultus - өсіру) деп, нәтижесінде өсіп жетілген микроағзаны культура (дақыл) деп атайды. Сұйық ортада өсіп жатқан культуралар суспензия, тұнба немесе пленка, қатты ортада - колония түзеді.
Таза дақыл - ұқсас морфологиялық, дақылдық, биохимиялық және антигендік қасиеттерімен сипатталатын, қоректік ортада бөлінген біртекті микроорганизмдердің жиынтығы.
Микроб клеткасының өсуі – бұл микроорганизмдер клетканың мөл-шерінің және олардың санының арту процесі. Өсу жылдамдығы сыртқы ортада қоректік заттардың және алмасу өнімінің болуына, температураға, ылғалдылыққа және басқа жағдайға байланысты.
Бактерияларды өсіру, дақылдау, көбею кезеңдерін зерттеу күрделі мә-селелердің бірі. Прокариоттардың онтогенезі - бір клетка циклына сәйкес, яғни бір бөлінген кезеңінен екінші бөлінем дегенше. Бактериялардың клетка циклына өсу мен бөліну процестері кіреді.
Бактерияның өсуі - клетка структурасында түзетін химиялық компо-ненттердің көбеюі болып табылады. Клеткалардың өсуі олардың салмағы мен көлемінің өсуімен байланысты.
Бактериялардың басым түрінде өсу процесі толық жетілген соң бөліну кезеңі басталады. Сирек кезде өсу бөлінуге жалғаспайды, немесе керісінше, клетка өспей, бөлінеді. Микробтық жасушаның көбею жылдамдығы микроб-тың түріне, өсіндінің жасына, қоректік ортаның құрамына, температураға, ауа оттегінің болуына немесе болмауына және басқада факторларға тәуелді.
Микроорганизмдердің таза дақылдарын сұйық ортада өсіру үшін екі негізгі әдісті қолданады: мерзімді және үздіксіз.