Аға ұрпақ өздерінің білім тәжірибесін кейінгі жастарға тұтастай ұсынып отырған, ғасырлар сынынан өткен халық тәжірибесін қазір жас ұрпақты тәрбиелеуде үлгі ретінде қолданады


Қазақ этнопедагогикасы материалдарының мектептің оқу-тәрбие үрдісіндегі кемелдену кезеңдері



бет7/24
Дата05.04.2022
өлшемі254,13 Kb.
#29901
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24
Байланысты:
этнопедагогика диплом - копия

Қазақ этнопедагогикасы материалдарының мектептің оқу-тәрбие үрдісіндегі кемелдену кезеңдері

Бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, игі дәстүрімен тереңірек таныстырып, солардың негізінде тәрбие мен білім беруді талап етеді. Бұл талап қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдаланудағы білім, іскерлік, дағдылардың жиынтығын қалыптастыруына көңіл бөлінген жағдайда ғана нәтижелі жүзеге аспақ.

Қазақ этнопедагогикасы жоғары және арнайы педагогикалық оқу орындарының, мектеп, бала- бақшаларының оқу- тәрбие үрдісінде пайдалану мәселесінің зерттелуіне зор үлес қосқан С. А. Ұзақбаева « этнопедагогика оқу пәні ретінде оқу жоспарында мүлде жоқ болуы? ...Этнопедагогиканың прогресшіл дәстүрлерін ескере отырып, оқу- тәрбие үрдісін ұйымдастыруға студенттер мен мұғалімдерді әдістемелік даярлау қажеттілігін» атап өтті. 1991 жылдың 19 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Білім Министрлігі коллегиясының №16\5 қаулысы бойынша мұғалімдер даярлайтын оқу орындарында этнопедагогика кафедраларын ашу және болашақ мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. 1992 жылы мамыр айында Білім министрлігі коллегиясының «Оқу – тәрбие үрдісінде халық педагогикасы дәстүрін пайдалану» атты І Республикалық ғылыми- практикалық конференцияның қорытындылары жөніндегі қаулысында аталған мәселеге зор назар аударылды. Онда Республикалық ғылыми- координациялық орталық ашу этнопедагогика, этнопсихология проблемалары жөнінде оқу жоспарларын, бағдарлама, оқулық, оқу құралдарын әзірлеу, педагогикалық кадрлардың біліктілігін жоғарылату; педагогикалық институттар мен университеттерде этнопедагогика, этнопсихология кафедраларын ұйымдастыру ісін әрі қарай жалғастыру үшін олардың оқу жоспарына «Қазақтың халық педагогикасы», «Қазақтың халық психологиясы» және т.б. пәндерді енгізу, жоғары оқу орындарын халық педагогикасы мен психологиясы бойынша курстық бағдарламамен қамтамасыз ету; оларға қажетті оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар әзірлеу туралы шешім қабылдаған болатын. Бірақ түрлі себептермен қабылдаған ресми құжат толығымен жүзеге аспай, тек бір жақты сипатқа ие болды.

Республикалық облыс орталықтарында арнай кафедралар ашылмағанмен «Қазақ халқының этнопедагогикасы» (Алматы шетел тілдері педагогикалық институты, авт. З. Әбілова) [22], «Тәлім- тәрбиенің ұлттық негіздері» (Қызылорда, авт. Ж. Асанова), «Этнопедагогикаға кіріспе», «Этнопедагогика негіздері» (Талдықорған авт. В.П.Баженов, Т.Т.Нұржанова) [23], «Қазақстанда білім беру мен тәрбиелеудің ұлттық қырлары» (Талдықорған авт. Г.М.Черникова) [24], «Халық педагогикасының дәстүрі және оларды ауыл мұғалімдерінің кәсіптік- педагогикалық даярлау тәрбиесінде пайдалану» (Атырау, авт. Қ. Б.Сейталиев) [25], «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ халқының салт- дәстүрлері» (Алматы, Қыздар педагогикалық институты авт.С.Қалиев) [26], «Қазақ халық педагогикасы (Ақтөбе авт. А.Тайжанова), «Этнопедагогика» (Ақтөбе авт. А.А.Колюжный) [27], «Балаларға музыкалық – эстетикалық тәрбие берудегі қазақтың дәстүрлері» (Шымкент, авт. Ә.А.Қалыбекова) [28], т.б. пәндер мен арнайы курстардың бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулары жасалып, оқу процесіне ендірілді.

Аталған бағдарламалар мен әдістемелік нұсқаулардың мазмұнына жасалған талдау, олардың қазақ этнопедагогикасы материалдарына әлеуметтік- педагогикалық мәні мен мақсат- міндеттері, ролі, мазмұны, тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері, әдіс- тәсілдері, құралдары жөнінде мағлұматтар берілгенін көрсетеді. Алайда аталған еңбектерде бағдарлама құрастырушылар көбінесе болашақ ұстаздарды қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық жағына көп көңіл бөлген. Олай болу түсінікті де. Себебі, мұғалімдер қауымын егеменді ел болуға байланысты жаңадан ғана қолға алынған қазақ этнопедагогикасы материалдарымен таныстыру алдыңғы мақсаттардың бірі болып саналады.

Бағдарламаларда мұғалімнің қазақ этнопедагогикасын пайдалануға даярлау, олрға қажетті білім, іскерлік, дағдылармен қаруландыру жалпылама сөз болғанмен әдістемелік даярлау шешімін тапқан жоқ. Білім министрлігі 1993 жылы барлық педагогикалық институттарға «Қазақ этнопедагогикасы» (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, З.Әбілова) атты курс бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырмалар, нұсқаулар берілді [29]. Ұсынылып отырған бағдарламаның құндылығын атай отырып, толық қосылуға болатындығын, алайда қарастырылған тақырыптар аясы этнопедагогика пәні мен міндеттерін, әдістемелік тәсілдерін, этникалық ойлаудың тууы мен тарихын, тәрбие түрлерін (ақыл- ой, адамгершілік, имандылық, еңбек, дене т.б.) мен салалары және осы тақырыптарға байланысты семинар сабақтары, практикалық жұмыс түрлері, реферат тақырыптары, жоспарларын қарастырумен шектелгендігін байқаймыз.

Осы бағыт бойынша, білікті кадрлардың жоқтығы, ғылыми – теориялық әдебиеттердің болмауы, оқу орындарында «Этнопедагогика» кафедраларының ашылмауы мұғалімге ұлттық «этномәдени білім мен этнопедагогикалық сауаттылық» деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. 1990 жылы Білім министрлігі бекіткен «Қазақ мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде имандылық-эстетикалық тәрбие берудің кешенді бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша мектеп оқушыларына арналған бағдарламалар жасалды: бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер пәні саласынан Ұ.Ибрагимов (1-4 сынып) Қамақов, Әмірғазин, Балкеков (1-7 сынып), ән-күй пәні саласынан: М.Т.Балтабаев, С.А.Ұзақбаева, Т.Қашқашбаев т.б. (1-3 сынып); Айтыс (С.А.Ұзақбаева, Ү.Асанова), «Қазақ халқының ән және әншілік өнері» т.б. [30]

Осы жылдары X-XI сыныптарға арналған «Қазақтың тәлім- тәрбие тарихы» (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев ) «Әдеп және психология» (Қ.Жарықбаев, Х.Арғынбаев, Ә.Табылдиев), педагогикалық оқу орындарына арналған «Қазақ халқының этнопедагогикасы», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» арнайы пән бағдарламалары жарық көрді.

Қ.Бөлеевтің «Қазақ халқының этнопедагогикасы» атты бағдарламасы [31], Қ.Б.Жарықбаев пен С.Қалиевтің «Қазақтың тәлімдік ой- пікірлер антологиясы», «Қазақ тәлімінің тарихы» [32], С.А.Ұзақбаеваның «Тамыры терең тәрбие», «Қазақ этнопедагогикасы» [33], «Тәлімдік тағылымдар», сондай-ақ мемлекет тарапынан бекітілген Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру, этномәдени білім беру, тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамалары мектеп мұғалімдерінің мектеп жағдайында қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалану тәжірибесін түбегейлі үлес қосқандығын ерекше бағалаған жөн.

1991 жылы қараша айында Әл-фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінде қоғамдық негізде ұлттық өнеге тәлімді жолға қоюды және оны қалыптастыруды мақсат еткен ассоцияцияның құрылуы да үлкен істің бастамасы болды. (төрағасы профессор Қ.Б.Жарықбаев) және мұғалімнің әдістемелік білімі, іскерліктерінің қалыптасуына едәуір септігін тигізді. Мысалы, 1991-1992 оқу жылында Алматы қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының халықтық педагогиканы мектеп өміріне, балаларды тәрбиелеу ісіне пайдаланудың қалыптасқан тәжірибелерін тарату жолдарын іздестіру мақсатындағы семинар кеңесі, «халықтық педагогика дәстүрлерін педагогикалық қоғамның мектепке дейінгі мекеме ұйымдарының жұмыс практикасында пайдалану» деген тақырыпта. Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан педагогикалық қоғамының 5 пленумы 1991 жылы желтоқсан айында Алматыда өткен ұлттық тәрбиенің мәселелеріне арналған Республикалық «Халық педагогикасы адамгершілікті- эстетикасы» семинары 1992 жылы сәуір айында өткен «Халық педагогикасы мен психологиясы дәстүрлерінің оқу- тәрбие үрдісінде қолданылуы», С.А.Ұзақбаеваның жетекшілігіндегі аспиранттар мен ізденушілердің қатысуымен Талдықорған қаласында өткен «Халық педагогикасы негізінде оқушыларға адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру», «Халық педагогикасы дәстүрлері негізінде білім мен тәрбие беру»,»Этнопедагогика идеяларын мектептегі оқу- тәрбие үрдісіне ендіру жолдары», «Қазақ этнопедагогикасы: теория, әдіснама, практика» айдарымен өткен ғылыми- теориялық, ғылыми- практикалық, әдіснамалық конференциялар және т.б. әсіресе «Қазақстандағы педагогика және психология ғылымдарының өзекті мәселелері» (1990 ж.) «Мұғалімдер мамандығын көтеру жүйесін жетілдірудің келелі мәселелері мен жолдары» (1994 ж), «Үздіксіз педагогикалық білім берудің үрдісі мен стратегиясы» (1998 ж.) халықаралық ғылыми конференциялардың «Этнопедагогика, этнопсихология» «халықтық педагогика, психология» секцияларының жұмыс нәтижелері қазақ этнопедагогикасы материалдары мектеп жағдайында пайдалану бойынша үлкен септігін тигізді. Қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалану бойынша Қазақстан мектептерінің практик-мұғалімдері айтарлықтай іс-тәжірибе жинақтады. Оған облыстық мектептердің қай- қайсысы болса да өз үлестерін қосып, шығармашылық танытты. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын мектеп жағдайында пайдалануға пән мұғалімдері мен тәрбиешілер арасында анкета- интервьюлер өткізілді, мектеп құжаттары(оқу- тәрбие жоспары, пән мұғалімдерінің, тәрбиешілердің күнтізбелік жоспары, тақырыптық жоспарлар), Алматы облыстық мамандар кәсіпкерлігін дамыту институты, облыстық қалалық білім басқармаларының жылдық жоспарлары жинақталған.

Зерттеу барысында көпшілік мектептерде және мектепке дейінгі тәрбиеде мұғалімдер мен тәрбиешілердің өз бастамасымен қазақ этнопедагогикасы материалдарын сабақтарда және тәрбие жұмысында пайдалануға талпынатындықтарын көрсетті.

Әрбір жеткіншек өз халқының тарихы, әдет-ғұрпы, мәдени дәстүрі саласынан белгілі деңгейдегі де эстетикалық білім мен тәрбие алып, елімнің игілігіне үлес қосу мақсатында Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз мектебінің «Алтын көмбе» орталығы (жетекшісі Ж. Өтеев) жұмыс жасады. «Алтын көмбе» орталығындағы «Жанартау» өнер отауы жастарды айтыс, зергерлік ою- өрнек, кесте, өрім өнеріне баулыса, «Дидар ғайып» өнер отауы жоғары сынып оқушыларының «Сырласу атты сыр сандық» айдары мен сезім жырларын көпшілікке ұсынып, пікірлесу арқылы әрқилы, әртүрлі тақырыпта өз ойларын жеткізді.

Халықтық тәрбиенің қайнарларын жас ұрпақ бойына дарытатын «Ағалар алқасы» отауы бастауыш, орта, жоғары сынып оқушылар мен ата- аналар арасындағы тәрбие шараларын қамтиды. Бұл Қарасаз мектебіндегі «Алтын көмбе» орталығының игілікті ісі, халықтық тәрбие саласындағы жүйелі жұмыс оқушылар мен жұртшылықтың рухани мәдениетінің жетілуіне, халық мұрасына деген сыйластық сезімінің оянуына ықпал тигізеді. Қарқара өлкесіндегі Шырғанақ орта мектебінде жаңа тарихи өлкетану музейін ұлттық тәрбиенің орталығы ұрпақтан- ұрпаққа жалғасқан қол өнердің қасиетін танытса,, Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы №35 орта мектептің бастауыш сынып шәкірттері киіз үйдің жарты бөлігіне орнатқан ішіне алаш, текемет, сырмақ, сырлыаяқ, сандық, кебеже, бесік, бақан, келі- келсап т.б. макеттер орналасқан этнографиялық кабинетте білім алады. Бұл баланы ұлт- дәстүрін түбегейлі меңгеруге, өнердегі әдемілікті көре білуге, эстетикалық талғамын дамытуға бағытталған. Талдықорған облысы Сарқанд ауданы жанындағы Екіаша орта мектебінде «Ата кәсіп- еңбек тәрбие көзі», Көксу ауданындағы Ж. Егінбаев атындағы мектептегі «Этнография негізінде оқушыларға алтын заң» құқықтық тәрбие беру орталығы, Алакөл ауданындағы № 4 мектепте «Қыз өссе елдің көркі» атты тәрбие беру салаларының негізгі мақсаты- дені сау, білімді, ұлттық сана- сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, өз халқының тарихын, салт-санасын дәстүрін білетін жақсы қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеп шығару болып табылады.

Тараз қаласындағы № 25 қазақ орта мектебінде оқушыларға сыныптан тыс жұмыстарда ұлттық тәрбие беру мақсатында халықтық педагогикаға негізделген «Болашақ» атты авторлық бағдарлама мен іс- шаралар ұйымдастырылған. Ұраны: Егеменді елімнің ертеңгісі мен болашағы. Тәрбие бағыттары: ұлтжандылық, құқықтық, көркем эстетикалық, табиғатты қорғау, тарихи сананы қалыптастыру, адамгершілік- имандылық, экономикалық, ұлттық салт-дәстүр, салауатты өмір салты.

Бағдарлама мазмұны әр айға бөлінген:

Қыркүйек - «Туған өлке тарихы»

Қазан - «Талаптыға нұр жауар»

Қараша - «Жері байдың елі бай»

Желтоқсан - «Желтоқсан жаңғырығы»

Қаңтар - «МеніңҚазақстаным»

Ақпан - «Үлкенге- құрмет, кішіге- мейір»

Наурыз - «Атасалтым - кеңпейіл дархандығым»

Маусым - «Тәні саудың – жаны жаны сау»

Мамыр - «Ел намысын ер қорғайды»

Мақсаты: Сыныптан тыс тәрбие жұмысын жүргізсе оқушылардың сана- сезімін, ой- өрісін дамыта отырып, дені сау, рухани таза, мәдениетті, еңбекқор, іскер, елін- жерін, тарихын, Отанын сүйетін, өз халқының салт- дәстүрін білетін, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген XXI ғасырдың азаматын тәрбиелеп шығару. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын ұрпақ тәрбиесіне қажеттігін мойындау жеткіліксіз, ол өзінен- өзі жүзеге асырыла салмайды. Оларды білім мен тәрбиеберудің бүгінгі мақсатына сәйкес сұрыптау, әдіс-құралдарын қолайлы етіп іріктеу, жүзеге асыру жолдарын іздестіруқажеттігі туындайды. Бұл мәселелердің шешілуі қазақ этнопедагогикасы материалдарының мазмұны мен функциялары анықтауға тікелей байланысты. Этнопедагогика материалдарының мазмұнына байланысты жүйелеп классификациялау ғылыми еңбектерде арнайы мәселе ретінде көтерілмегенімен, оларды мазмұнына қарай топтастыру Г.У.Убайдуллаевтың зерттеулерінде қарастырылып төмендегіше сипаттама алған [34]:

1.Педагогикалық білімдер мен іскерліктер

2.Тәрбиес аласындағы халық дәстүрлері

3. Халық педагогикасының идеялары мен түсінік, ұғымдары, дәстүрлері бейнелі көрініс алған халықтық көркем шығармашылығы. Алайда Г.У.Убайдуллаевтың топтамасымен толық келісуге болмайды.

Біріншіден, автордың «педагогикалық білімдер мен іскерліктеріне жатқызып отырған баланы күту, денсаулығын сақтау, тілі мен ойлау қабілетін, еңбекке үйрету», белгілі бір ғылым саласы мен кәсіпкерлікке баулитын халық білімдерін қажет ететін халықтық білімдерден, ал адамгершілік, дене, эстетикалық тәрбиеге байланысты жинақталған түрлі педагогикалық іс- әрекет тәжірибесі деп алған дұрыс сияқты.

Екіншіден, автор баланың дүниеге келуіне, оны күтуіне, тәрбиеге байланысты әдет-ғұрыптарды, салттарды және бала тәрбиесіндегі көпшілікке танымал практикалық ұсыныстары мен ережелерін, құралдарын, амал- тәсілдерін «Тәрбие саласындағы халық дәстүрлері» деп есептейді. Осылайша топтастыру дұрыс та шығар. Дегенмен, педагогикалық мақсатта этнопедагогика материалдарын атқаратын қызметіне қарай ыңғайлы етіп сұрыптау үшін осы дәстүрлерді «Халықтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ырым- жоралғыларына», ал автор айтқандай бала тәрбиесіндегі көпшілікке танымал практикалық ұсыныстары мен ережелері, құралдары, амал-тәсілдері белгілі бір іс-әрекет түрінде қолданылатындықтан халықтық педагогикалық іс-әрекет тәжірибесі деп танығанымыз абзал.

Үшіншіден, Г.У.Убайдуллаев халық педагогикасының идеялары мен түсініктерін, ұғымдары мен дәстүрлерінің көрінісі ретінде халықтың көркем шығармашылығы халықтың ауызекі поэтикалық шығармашылығында сақталғандығын мысалға келтіреді. Біздің ойымызша , ауызекі шығармашылық мұраларында тек идеялар, ой-пікір, көзқарастар ғана емес, көптеген ғылым салалары, кәсіпкерлікке баулу т.б. дидактикалық білімдер, тәлім-тәрбиенің әдіс- тәсілдері, амал- жоралары бейнеленген. Олай болса, Г.У.Убайдуллаев айтып отырған, халықтың даналық ой- пікірлері мен идеяларын, көзқарастарын өзінше бөлек біртөбе етіп, халық шығармашылығы деп қарастыру ыңғайлы шығар.

Халықтық педагогикаға, этнопедагогикаға қатысты зерттеулерге жасалған талдау, сонымен бірге қазақтың, тарихи-этнографиялық мәдениет ескерткіштерінің мазмұнына ой жүгірту қазақ халқының ғылым салалары (халық медицинасы, халық метереологиясы, халық зоотехникасы, халық ветеринариясы, кулинариясы т.б) және арнайы кәсіпкерлікке баулу жөнінде ұщан- теңіз білім қорын жинақтағандығын көрсетеді. Халық білімдерін М.И.Стельмахович саралағандай дидактикалық білімдер жүйесі емес, бөлек жинақтаған дұрыс [35]. Себебі, біріншіден дидактикалық жүйе дегенде оның негізгі категорияларын (оқу, оқыту, білім беру, іскерлік, дағды, сондай-ақ мақсат, мазмұн, ұйымдастыру түрлері, формалар, әдістер, құралдар, оқу нәтижесі т.б.) түгелімен қамту қажеттілігі туындаса, екіншіден мектепте оқылатын ғылым негіздеріне қажетті мазмұн және түрлі ғылым салалары мен белгілі бір кәсіпкерлікке баулитын халық білімдерін сұрыптауды жеңілдетеді. Сөйтіп, қазақ халқының өзіндік дидактикалық білімінің қалыптасқандығын мойындай отырып, халықтың жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі мақсатын, қағидаларын, әдіс-тәсілдерін, құралдарын және тәлім- тәрбиенің халықтық сипатын танытатын, моральдық, адамгершілікті мінез- құлық нормалары мен мөлшерін танытатын талаптарын «Педагогикалық іс-әрекет тәжірибесі», - деп топтастырған дұрыс. Этнопедагогика материалдарына тікелей қатысты Г.Н.Волков [36], Г.У.Убайдуллаев, С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, т.б. ғылымдардың ғылыми-педагогикалық зерттеулерін талдау этнопедагогика материалдарын оқу- тәрбие үрдісінде пайдалануға лайықты етіп, сұрыптауды көздейтін төмендегі жіктемені ұсынуға мүмкіндік береді.

1. Халық шығармашылығы (ауызекі поэтикалық, музыкалық және сәндік- қолданбалы, бейнелеу өнері, бала ойындары).

2. Салт-дәстүрлері, әдет-ғұрып, ырым-жоралғылары.

3. Даналық ой-пікірі, көзқарастары, идеялары.

4. Халық білімдері.

5. Педагогикалық іс- әрекет тәжірибесі. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың маңызы зор. Олар оқушылардың білім қорын молайтып, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына қазақ этнопедагогикасы материалдарын шығармашылықпен өзгелерге жеткізу іскерліктерін дамытуға өзін отбасының, ұжымның мүшесі, Қазақстан Республикасы азаматы ретінде сезіне білуіне әсерлі ықпалын тигізеді. Қазақ этнопедагогикасы материалдарының педагогикалық ықпалы мен әсерінің мол болуы оның көп функциялығында. Философия, социология, этнография, мәдениеттану саласындағы зерттеушілер, мәдениет жайлы сөз қозғай отырып, оған көп функционалдық сипат тән екендігін атап көрсетеді. М.С.Каган «Функций культуры, в сущности столь же бесконечно многообразны как потребности социальной жизни, которые, она призвана удовлетворять», - дей келе, оның негізінде алынатын екі функциямен бірге жаңартылған, ұйымдастырылған, проекттіленген, танымдық, коммуникативті, әлеуметтендерелген деген түрлеріне ажыратады.

Г.Н.Черникованың көркем мәдениеттің қоғамда атқаратын қызметіне қарай эстетикалық, танымдық, идеологиялық, тәрбиелік, коммуникативтік функцияларын ажыратуларын біз үшін қызығушылық тудырады. Автордың пайымдауынша, танымдық функциясы қоғам дамуына қарай өмірді тануға, ұлт пен жеке тұлғалардың психологиясын ашып көмектеседі. Тәрбиелік функциясын белгілі бір идеология тұрғысында қоғамдық идеяға сәйкес, адамның ақыл-парасатына, ерік-сезіміне ықпал етіп, рухани жан-дүниесін қалыптастырады. Коммуникативтік функциясы адамдардың рухани қарым- қатынас құралы ретінде тек білім ғана емес, сезімді де жеткізу арнасы болуына байланысты. Зерттеушінің көркем мәдениеттің танымдық, тәрбиелік, коммуникативтік, идеологиялық функцияларына берген тұжырымдары этнопедагогика материалдарын қызметіне сипаттама беруді негізге алуға болады. Қазақ этнопедагогикасы материалдарының функциялық қызметінің мәнін ашатын еңбектерге оның кейбір аспектілері А.С.Ұзақбаева, Е.Ш.Қозыбаев (Қазақ музыка фольклорының қоғамдық жаңғыру, компенсторлық танымдық-эвристикалық иландыру), Б.Е.Қайырова (Этномәдениеттің танымдық, тәрбиелік дамытушылық, ақпараттық, коммуникативтік, реттеушілік әлеуметтендіру), Қ.Ж.Қожахметова (Этнопедагогикалық білімдердің танымдық тәрбиелік) сияқты зерттеулердің ізденістерінде айтарлықтай сипатталған. [37]

Қ.Ж.Қожахметова халық білімдерінің атқаратын қызметіне талдау бере келе, олардың бірнеше функциясына түсініктемелер берген. Оның пікірінше, бірінші функция балалардың этикалық дүниетанымын қалыптастырады, екіншісі- адамның өз іс-әрекетінің бағытын анықтауда бағдарлық роль атқарады, ал үшіншісі этнос субъектілердің қарым-қатынастарын реттеуде туыстық қатынастардың күрделі жүйесін және этноәлеуметтік рөлдерінің мәнін тануға байланыты. Автордың бірінші функциясы «При определении человеком отношений» дегендері адамның қоғамдағы өз орны мен үлесін салмақтай білуге, сол ортада өмір сүре білуге даярлығына қатысты ұқсас ұғымдар болғандықтан, ол функциялар бірін- бірі қайталап тұрған сияқты. Сондықтан осы соңғы екеуін халық білімдерінің әлеуметтендіру қызметі аясында қарастыру дұрыс шығар.

Этнопедагогика қоғамның тарихи дамуы барысында көкейкесті проблема болғандығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оның көкейкестілігі соңғы жылдары әр республиканың Егемендік алып, жеке мемлекет болуына сонымен бірге ұлттық сана- сезімнің жетілуіне қоғам өміріне рухани жандануына байланысты бұрынғысынан да артуда. Мұны ғылымның барлық саласында соның ішінде педагогика ғылымы саласында орындалған зерттеу еңбектері де дәлелдеуде. Оларда этнопедагогика жеке ғылым тұрғысында қалыптастырып, оның бүгінгі заман жеткіншектерін тәрбиелеудегі мән-мағынасы зерделенуде. Зерттеушілердің басым көпшілігі бұл ұғымға түсінік беруде Г.Волковтың «этнопедагогика жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі халық бұқарасының тәжірибесі, олардың педагогикалық көзқарастары, тұрмысы туралы ғылым, отбасы, ру, тайпа, ұлыс және ұлт туралы ғылым». Этникалық тарихи жағдайлардың әсерімен қалыптасқан ұлттық сипаттағы ерекшеліктерді зерттейді деген анықтамасын ұстанады. Этнопедагогика проблемасы көкейкестілігінің жаңа қоғам талаптарымен ұштасып жатқанын Қазақстан Республикасы үкіметінің, Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулары, нормативті құжаттарының жарық көруі дәлелдеп отыр. Орындалған зерттеулерге жасаған талдау бойынша мынандай көріністерді байқауға болады.

а) этнопедагогика проблемалары барлық мемлекетте педагогикағылымының көкейкесті мәселесі болып саналады.

ә) этнопедагогика мектеп практикасына кешенді ендіру мәселесі жеке зерттеу проблемасы тұрғысында қарастырылмайды. Зерттеудің басым көпшілігі халық педагогикасы аясында орындалған.

б) зерттеу еңбектері баспалардан арнайы жарық көріп, таратылмаған. г) этнопедагогика материалдарын оқу үрдісінде кешенді пайдалану мәселелері кейбір еңбектерде ғана көрініс тапқан К.Пралиев.

Аталған зерттеулердің ішінде бізді қызықтырғаны К.Пралиевтің докторлық еңбегі болды [38]. Еңбекке оқушыларды 1-сыныптан мектеп бітіргенге дейін жас мөлшеріне қарай дамыту мен оқытудың барлық кезеңдеріне сәйкес халық педагогикасының прогресшіл дәстүрлерін бүгінгі тәрбиенің барлық бөлігінде тұтастық тұрғыда пайдаланудың ғылыми негіздерін жасау мақсаты көзделген.

Бұл орайда олардың кейбір сарқыншақ түрлерінің зиянды, жағымсыз ықпалымен жүйелі түрде күресе отырып, лайықтылық дәрежесі бойынша оқу процесінде сатылап біртіндеп пайдалану жайлы ескерілген.

Зерттеудің ғылыми нәтижесі сол - мұнда халық педагогикасының прогресшіл дәстүрлерін бүгінгі тәрбиенің барлық бөлігінде кешенді түрде пайдаланудағы тұтастық тұрғыдан тұжырымдамасының жасалуы мәселе ретінде қойылып, өз шешімін тапқан. Еңбекте халық педагогикасын зерттеудің принципті маңызды теориялық және практикалық мәселелері шешілген:

а) халық педагогикасының прогресшіл дәстүрлерін тұтас пайдалануда этнопедагогикалық материалдарды сұрыптау критерийлері мен оның теориялық үлгісі құрастырылған.

ә) халық педагогикасы прогресшіл дәстүрлерін сабақ процесінде және оқушымен сыныптан тыс жұмыстар тұтас пайдаланудың принциптері мен әдістемесі пайдаланып негізделген.

б) халық педагогикасы прогресшіл дәстүрлері негізінде тұтас тәрбиелеуде түркімен мектебі білім мазмұнының потенциалды мүмкіндіктері анықталып негіздеме берілген.

в) оқушылардың халықтық педагогикалық дәстүрлер бойынша меңгерген білім, іскерлік, дағды деңгейлерін бағалау өлшемдері негізделген.

г) халық педагогикалық дәстүрлер бойынша оқушылардың меңгерген білім, іскерлік, дағды деңгейлерінің үлгісі құрастырылған.

ғ) нақты материалдар негізінде халық педагогикасындағы ұлт пен интернационалдылықтың арақатынасын зерттеу жүзеге асырылып, оларды оқу- тәрбие жұмысында практикалық өзара байланыста падалану жолдары көрсетілген.

Ал енді қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасына ендіру проблемасына келетін болсақ тарихи деректерге қарағанда Қазақстан Егемендігін алғанға дейін бұл мәселе педагогика ғылымының аясынан қағыс қалып отырған. Бұған таңдануға болмайды, өйткені бұның бәрі сол кездегі кеңестік идиологияның талаптарынан туындаған жәйт еді. Әйтседе бұдан қазақ этнопедагогикасының мүделері аударылмаған екен деген ой туылмауы керек. Бұл мәселе саласында бірқатар тәжірибелер жинақталды, өнеге тұтар құнды идеялар, көзқарастар сарапталып, оны дамытуға жеткіншектер тәрбиесінде пайдалануға байланысты ұсыныс нұсқаулар беріледі. Егер дәлелді сипаттама беретін болсақ:

1. Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін ұлттық сана сезімін дамыту мақсатында халық педагогикасы материалдары мектеп практикасында пайдалану қажеттігін кезінде ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин өзінің тәжірибесі мен еңбектері арқылы дәлелдеп берді (ұлттық мектеп ашты, ауызекі шығармашылығын, ұлттық қолөнерді, салт- дәстүрлерді т.б. бала тәрбиесінде пайдаланды) ол өзі нәр алған қазақ даласының ұлы ойшылдары (Қорқыт, Әл- Фараби, Ж. Баласағұни, Қ. Яссауи) мен жыршы, жырауларының (Асан Қайғы, Шалкиіз, Дулат Бабатайұлы және т.б.) педагогикалық ой- пікірлерде көрініс тапқан ұлттық өнегелі дәстүрлерінің бала тәрбиесі үшін мәнін жақсы түсінеді [39,40,41].

2. Қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасында пайдалану қажеттігін тікелей атап көрсетпегенімен, оның бала тәрбиесіндегі рөліне, құнды адамгершілік қасиеттері мен ұлттық сана сезімін қалыптастырудағы мәніне ғұлама ағартушылар Шоқан Уалиханов пен Абай Құнанбаев та рекше назар аударған.

Халықтың өнегелі дәстүрлеріне Шоқан өзінің көзқарастарын ауызекі шығармашылық үлгілерін (мысалы: «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу», «Ер көкше», «Орақ», «Едіге», «Манас» т.б.) жинақтары арқылы көрсетсе, ғұлама Абай өз шығармаларына халықтың көптеген нақыл сөздері мен мақал- мәтелдерін арқау еткен.

Мысалы, Шоқан жазып алған «Көкетайдың асы» халықтық педагогикаға аса назар аударылған бүгінгі кезде өзінің тарихи шыншылдығымен, мазмұндылығымен (халықтың әлеуметтік тіршілігі, рухани көзқарасы, өлікті жерлеу, еске түсіру, ас беру, өлген адамның өсиетін орындау, аруақты сыйлау т.б.) қырғыз - қазақ балаларының адамгершілік-эстетикалық тәрбиесі үшін таптырмайтын үлгі.

Шоқан ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде адамгершілік-эстетикалық тәрбиенің таптырмас құралы – ертегілер жайлы құнды пікірлер айтады. Ертегілердің мазмұнының бай екенін ескертеді, ондағы батыр, жезтырнақ алып секілді көптеген кейіпкерлерді көрсету арқылы адам баласының жағымды- жағымсыз моральды қасиеттерін (кішіпейілділік, әділеттілік, шыншылдық, ізеттілік, инабаттылық, қайырымдылық, қайырымсыздық. зұлымдық т.б.) ажырата білуге, әдемілікті сезіне қабылдап тани білуге шақырады.

Мақал-мәтелдерді жинақтау арқылы (барлығы 300- ге жуық мақал жинаған) халықтың балалар мен жастар тәрбиесіндегі әлеуметтік тарихи тәжірибесін әсерлі көрсете білді.

Абай болса ... мақалдарды халықтың өмірімен және тарихымен тығыз байланыста алып қараған, оларды қоғамдық мәні тұрғысынан бағалап, өзінің қазақ тарихына, этикасына, дініне, дүниетанымына деген көзқарастарына сәйкес талдаған. Талдау барысында көтерген мәселелері адамгершілік ынтымақтастық, татулық, әділдік, еңбекшілдік, адалдық, талапкерлік, талаптанушылық және ел тарихы.

Бұл мәселелерді ол жеке жалаң түрде алмай мақалдарды талдау барысында, зұлымдық, сұрқиялық, екі жүзділік, барымташылық тәрізді мінез- құлықтарға қарсы қоя отырып қарастырады.

Ақын « Отыз тоғызыншы сөзінде»: «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», «Аз араздастықты қуған көп пайдасын кетірер», «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болсатөбедегі келеді», «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған бәлеге жолығар», - деген мақалдарды мысалға келтіре отырып, бұрынғылар «ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен», - деп балалар мен жастарға мінездің жағымды, жағымсыз жағын айыра білуге көмектеседі. Бұлардың арлылық, намыстылық, табандылықтан келетінін айтып, бауырмалдылық, туыстық, достық сезімінің нығаюына ықпал ететінін түсіндіреді. Бұдан Абайдың адамдарды ізгілік көзқарас, қатынаста тәрбиелеуге талпынғаны байқалады.

3. Қазақ зиялылары мен ғалым-педагогтары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов және т. б. халықтың өнегелі салт- дәстүрлерін, әдет- ғұрыптарын, ауызекі шығармашылығын оқу- тәрбие үрдісінде ұлттық сананы ояту, туған жерге, елге аялы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында пайдалану, ана тілінде мектептер ашу мәселелеріне аса мән берді.

Оны М.Дулатовтың: « Бастауыш мектепте алған тәрбиесінің әсерлері күшті, сіңімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысына һәм табиғаттан жазылып баяндап оқытудың асыл мақсатына үйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда, балқыған жас баланың ойына қанның сүйгеніне ұлт рухы сіңіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп - медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды.

Қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық, өзгерістер икөрсе де, ұлт ұлы болып қалады. Оқудан мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбие қоса беру»- деген ой- тұжырымымен Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе болмасқа тиісті»-деген дана сөзінен және оның «Педагогика» кітабына халық педагогикасы үлгілерін енгізуінен байқау қиын емес.

Мәселен Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» (1922) еңбегінде дене, жан (рухани), ақыл- ой және эстетикалық тәрбие мәселелері қарастырылап, ана тіліндегі мектептерде оқушыларға тәрбие берудің жолдары, түрлері мен әдістері көрсетіледі. Сондай- ақ, баланы рухани тәрбиелеудің биік мақсаты айтылып, мұғалімдерге, тәрбиешілер мен ата-аналарға айналадағы дүниені қабылдаудың принциптері мен заңдарын, бала бойына байқампаздықты, есте ұстаудың барлық түрлерін, оңды қасиеттерді, ерік-жігерді, әсемдікке, мейірімділікке. Жалпы адамзаттық мұраттарға ұмтылысты дарыту туралы ақыл-кеңестер беріледі.

Автор баланы діни сезімге тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше атап көрсетеді. Оның айтуынша, дін адамның мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін және жақын адамға деген сүйіспеншілігін оятады. М.Жұмабаев балаларды ана тілінде тәрбиелеуге шақырып, оның бай да сарқылмас мүмкіндіктерін кеңінен ашып көрсетеді. Жас аналарға бөбектеріне бесік жырын, тартымды әңгіме, ертегілер айтып беріп, құлақтарына ана тілінің әуезін ерте бастан сіңіру, домбыра тартып, халқының музыка сазынан құлағдар ету жайында кеңес береді. Жұмабаев еңбегінде халықтың ауызекі шығармашылығын (мақал - мәтелдер, нақыл сөздер, халық ертегілері, эпостар және т.б.) және қасиетті Құран сөздерін бала тәрбиесінде пайдалану туралы да сөз болады. Сонымен бірге автор халықтық педагогикада өркениетті емес дәстүрлер де ұшырасып қалатынын айтып келіп, оны шектен тыс марапаттай беруден сақтандырады. Ол тәрбие мәселесінде ең алдымен халықтың өз тәжірибесіне сүйенуді ұсынады.

Жоғарыда айтылғанның бәрі – қазақ зиялыларының балалар болашағын ойлағандығының айқын айғағы. Олардың оқушыға ана тілін, ұлттық- салт- дәстүрлерді кіші сынып жасынан бастап меңгерту қажеттігі туралы ой- тұжырымдары бүгінгі заман талабымен үндесіп жатыр.

4. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын мектептерде пайдалану туралы қазақ зиялыларының айтқан ой- пікірлерін кейінгі жылдарға ғалым- педагогтар да (Т.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Қ.Бержанов және т.б.) қолдап отыр. Олар қазақ халық педагогикасының өнегелі дәстүрлері, олардың бала тәрбиелеудегі мүмкіндіктері, әдістері мен амал-жолдары туралы іргелі еңбектер жазды.

Мәселен, бұл орайда «Қазақстан мектептері мен ауылдарындағы балалар тәрбиесі», «Қазақстандағы 20-шы ғасырдың екінші жартысындағы педагогикалық ойлар» (Т.Тәжібаев), «Қазақ халық ауыз әдебиеті» (М.Ғабдуллин), «Оқу- ағарту ісіндегі орыс-қазақ достығы» (Қ.Бержанов) зерттеу еңбектерін атап айтуға болады.

Іргелі педагогикалық зерттеулерде авторлар (С.Қалиев, Қ.Б.Жарықбаев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, М.Х.Балтабаев, Қ.Ж.Қожахметова, Ш.Б.Құлманова өзінің әдіснамалық, теориялық көзқарасын дәлелді негіздеуге талпынады, шешімі қарастырылып отырған проблеманы теориялық тұрғыда көлемді негіздейді. Зерттеу тұжырымдамалары ғылыми дәлелдемелермен тығыз байланыста қарастырылады. Зерттеу нәтижелерін мектеп практикасында паайдалануға байланысты қлданбалы әдістемелік ұсыныстар беріп, өңдемелер жасайды.

Мысалы, С.Қалиев өз еңбегінде қазақ этнопедагогикасының ғылыми- теориялық мәселелерін этнопедагогикалық түсініктерге ғылыми анықтамалар беру, этнопедагогика мен этнопсихологияның ортақ белгілерін жан- жақты мазмұндау, қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшеліктерін және халық педагогикасының негізгі қағидалары мен оның ғылыми педагогикамен байланысын ашып көрсету арқылы негіздейді.[34].

Алғаш рет қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде туып, қалыптасып, дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады.

Бірінші – қазақ этнопедагогикасының туу кезеңі (XIX ғ. екінші жартысы), оның белсенді қайраткерлері.

Екінші - қазақ этнопедагогикасының қалыптасу кезеңі (1920-1930 жж.) және сол кездегі қайраткерлер.

Үшінші - қазақ этнопедагогикасының даму кезеңдері(1970-1995 жж.) Автордың ұсынып отырған кезеңдерімен келісуге болмайды. Әйтсе де біздің пайымдауымызша, үшінші кезеңді 1970- 1995 жылдар аралығымен шектеу дұрыс емес. Өйткені 1990 жылға дейін Қазақстан бұрынғы одақ құрамында болған және ол кезде саяси- идеология да бөлек көзқарасты ұстанған. Олай болса, үшінші кезең аралығын (1970-1990) Қазақстанның егемендік алғанға дейінгі кезеңмен шектеп, ары қарай төртінші- қазақ этнопедагогикасының қайта жаңғыру (1990- 2000) кезеңімен жалғастырған жөн сияқты.

Олай дейтініміз, қазақ этнопедагогикасы кешенді түрде осы жылдары зерттелді. Оны ғылыми зерттеу еңбегінің бүгінгі таңдағы ауқымының өзі- ақ дәлелдеп отыр.

Автордың зерттеу еңбектері бізге қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасына ендіруде үлкен көмегін тигізді.

Қ.Жарықбаевтың диссертациясында алғаш рет Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің даму кезеңдерін анықтауға талпыныстар жасалып, олардың Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдерде қалыптасу барысында жалпы баға берілген; қазақ халқының педагогикалық ой- пікірінің ішкі бастаулары қарастырылып, (Әл-Фараби мұралары, ежелгі түрік жазба ескерткіштері) көшпелі қазақтардың халық педагогикасының өзіндік ерекшеліктері анықталған; XVIII және XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ ойшылдарының педагогикалық мұраларын талдап, ғылыми айналымға ендірілген, олардың Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихындағы орны анықталған қазақ ағартушыларының (XIX ғасырдың екінші жартысы) және олардың ізбасарларының (XX ғасырдың басы) педагогикалық мұралары талдауға алынған.

Автордың дайындауындағы арнайы курстардың бағдарламалары студенттерге зерттеліп отырған проблеманы меңгеруде септігін тигізді.

С.А.Ұзақбаева өзінің зерттеу еңбегінде халықтық педагогиканы халық бұқарасы білімнің, іскерліктері мен дағдыларының жиынтығы ретінде мектептегі оқу- тәрбие үрдісінің әдіснамалық негізі тұрғысында қарастырады. Олардың негізінде ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, рухани бай жеке адамды тәрбиелеуге жәрдемдесетін белгілі бір әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқанын тұжырымдайды. Мектеп тәжірибелеріне жасаған талдау нәтижесінде былайша ой түйіндеуге болады.

1. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын оқу – тәрбие үрдісінде пайдалануда мұғалімдер басылым көрген кітаптар мен қолжазбаларды, құралдары мен қолданба құралдарды, кітапшаларды негізге алумен шектелген.

2. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын оқу –тәрбие үрдісінде пайдалануға байланысты жасалған бағдарламалар да педагогикалық талаптар ескерілмейді және мазмұны теориялық тұрғыда негізделмейді.

3. Қазақ этнопедогогикалық материалдарын практикада тиімді пайдалану факторлары мен шарттарын анықтау ескертілмейді.

4. Бағдарлама мазмұнына ендірілген материалдар нақты көрсеткіштер арқылы сұрыпталмайды.

5. Қазақ этнопедогогикалық саласында қалыптасқан озық тәжірибелерді мектептерге ендіру мәселесіне назар аударылмайды.



6. Қазақ этнопедагогикалық аясында орындалған ғылыми зерттеу еңбектерін оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану жолдары қарастырылмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет