2.1. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалану жолдары, формалары, әдістері
Қазақ этнопедагогикасының мазмұны бай және сан қилы. Жеткіншек ұрпаққа тәрбие берудің барлық жағын қамтиды. Тәрбиенің қалыптасуы мен дамуы халықтың сан ғасырлар тарихы мен тыныс тіршілігімен тұрмыс- салтымен және мәдениетімен тығыз байланысты. Қазақ халқының өзінің тарихи географиялық, әлеуметтік – экономикалық жағдайлары көшпелі тұрмыс – салты, олардың материалдық рухани мәдениетіне, тұрмысы мен діни көзқарасына өз әсерін тигізеді. Осыған орай халқымыздың өзіне тән тіршілік салты, қолданбалы өнері, ән – күйлері, аңыз – ертегілері, мақал – мәтелдері, жыр – дастандары, әдет – ғұрыптары, ұлттық салт – сана мен тәрбиенің халықтық дәстүрлері өмірге келді.
Сөйтіп, өз тіршілігінің сан ғасырлық тарихы ішінде қазақ халық тәрбиенің өзіне тән тәжірибесін, өскелең ұрпаққа тәрбие берудің өзіндік әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін жинақтады. Оларда халықтың шығармашылық тәжірибесі, азды-көпті орнықты қағидалары, қоғамдық мінез – құлық нормалары мен принциптері топтастырылған. Қазақ этнопедагогикасында отбасындағы қатынастың өзіндік ерекшелігі ретінде, біріншіден, балаларға деген мейірімділік, екіншіден, белгілі бір дәрежеде өктемдік орын алады. Ата- аналарды, үлкендерді, туыстық байланыстарды терең құрметтейтін ұлттық әдет – ғұрыптар мен дәстүрлер үлкендердің беделін қамтамасыз етті.
Қазақ жерінің кең – байтақ көлеміне, руы – тайпалық бөлінулеріне қарамастан, түрлі аймақтардағы педагогикалық көзқарастарда айырмашылық шамалы болды десе болады. Мұның өзі қазақтардың халық педагогикасында өскелең ұрпаққа тәрбие берудің біртұтас жүйесі қалыптасқан деп тұжырым жасауға негіз болады.
Халық тәрбиесінде үлкендердің, ата – аналардың жеке басының жақсы істерін үлгі тұту, тәрбиеде «ұят», «намыс», «ар» ұғымдарының кең пайдалану әртүрлі әдістермен жүзеге асырылып отырды. Балаларды ерте жасынан еңбек түрлеріне баулу, өнер туындыларын жасату, олардың жас ерекшеліктеріне сай талапты күшейту халықтың жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін меңгертуде негізгі міндетіне айналды.
Халықтың тәрбиесінде балалар мен жастарға тәрбие беруде педагогикалық ықпал етудің толып жатқан әдіс – тәсілдері қолданылды: балаларға қайырымды, ілтипатты қатынас жасау, баланың асыл, адамгершілік сезімдерін ояту, жанама ықпал жасау, моральдық қолдау, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, жауапты да қызықты іс – әрекетке тарту, реніш, наразылық білдіру немесе ашулану, айыптау, бұйыру, еркелете күнә арту, жалған енжарлық көрсету және т.б. Жастарға педагогикалық тұрғыдан ықпал жасауда әсіресе тұспалдап айту тәсіліне аса мән берілді.
Балаларға тәрбие беруде отбасындағы туыстық байланыстардың беріктігі ескерілді. Мысалы, ата – аналарды сыйлау, құрметтеп қарау, үлкендерді құрметтеу, олардың балаларымен бірге тұруы, кенже немесе жалғыз ұлдың ата – ана алдындағы жауапкершілігі, туыс отбасылардың өзара көмегі және жесірлердің балаларын туыстары өз қамқорлығына алуы сияқты әдет – ғұрыптар мен дәстүрлер қазақ отбасының жазылмаған заңдары бола отырып, балалар мен жастарды тәрбиелеуге жағымды ықпал жасады. Мұның бәрі баланың жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыруға жәрдемдесті, тәрбиенің бір қатар проблемаларын шешуді жеңілдетті.
Халықтың балаларды жасайтын шаруашылыққа араластыру оның тез есейіп жетілуіне мүмкіндік туғызды.
Баланың жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда халық шығармашылығы (ауызекі – поэтикалық, музыкалық және сәндік – қолданбалы, бейнелеу өнері, бала ойындары), салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрып, ырым –жоралғылары, даналық ой – пікірлері мен көзқарастары, идеялары, халық ілімдері мен педагогикалық іс – әрекет тәжірибесі тәрбие құралдары міндетін атқарды. Олар қазіргі кезде ғалымдардың еңбегінде қазақ этнопедагогикасы материалдары, үлгілері деп аталып жүр. Мысалы, Г.Бахтиярова қазақ этнопедагогикасы материалдарына салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарды, халық шығармашылығын (поэтикалық, музыкалық, сәндік қолданбалы), ататек шежіресін, діни ілімдерді, философиялық этикалық, поэтикалық озық ой - пікірлер мен идеяларды жатқызады.
Олардың қайсысының болмысын тәрбиелік мүмкіндіктері жоғары, өзіне тән мазмұны, ерекшеліктері бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін оқу – тәрбие үрдісінде пайдалануға болатын қазақ этнопедагогикасы материалдарының үлгілерін берейік (Кесте 1).
Кесте 1 – Оқу-тәрбие үрдісінде пайдалануға болатын қазақ этнопедагогикасы материалдары
Достарыңызбен бөлісу: |