Фольклор – сөз өнері. Өнер болу үшін ең әуелі көркемдік қасиет және орындаушы мен тыңдаушы
болуы керек. Қазақ қоғамында фольклор осы үш шартты түгел орындаған, тіпті, одан да кең
ауқымды қамтыған. Фольклор –әрі әдебиет, әрі театр рөлін атқарды, оның шығарушылары әрі
орындаушылары – жыршы мен ақындар, сондай-ақ тыңдаушылары мен көрермендері болды.
Сондықтан фольклор өзіндік көркем әдіс, бейнелеу тәсілдер мен көркемдеуіш құралдар жасап,
орнықтырды. Бұл процесте ол ежелден келе жатқан ұғымдар мен нанымдарды, мифтер мен басқа
да ескі жанрларды пайдаланып, оларға басқа сипат дарытты, эстетикалық міндет артты. Сөйтіп,
алғашқы қауымға тән мифтік сананың жемісі көркем құралға айналды, бейнелілікке және
метафораға негіз болды. Осы жолда көркемдік шарттары қарапайымдылықтан күрделілікке
ойысты, саналы, мақсатты қиял пайда болып, ғажайыптық сипат алды, утилитарлық функция
эстетикалыққа ауысты, осының нәтижесінде фольклор поэтикасының қалыптасуы, оның кейінгі
заманда әдебиетке енуі, әдеби поэтикаға негіз болуы – заңдылыққа айналды. Көркем
фольклорлық жанрлар туып, қалыптасты, ертегілер, жырлар, дастандар ең алдымен эстетикалық,
сейілдік, содан соң тәрбиелік, т.б. мақсат тұтты.
Достарыңызбен бөлісу: |