Фольклор – тұрмыстың бөлшегі. Фольклор – адам тіршілігінің өн бойында қолданылып, әр
саласында пайдаланылатын дүние. Ол күнделікті өмірде утилитарлық функция орындайды, яғни
тұрмысқа қызмет етеді, қажетті бір істі атқарады. Сол себепті фольклордың біраз бөлігінде саналы
көркемдеу болмайды. Осындай фольклордың қатарына тұрмыстық функция атқаратын ғұрыптық
және үйлену салтына әрі жерлеу рәсіміне байланысты жанрлар жатады. Мысалы, сәби дүниеге
келгенде жүзеге асырылатын әр түрлі ырым-кәделер мен соларға қоса орындалатын ғұрыптық
өлең-жырлар, тілек-баталар, дұғалар, сол тәрізді сәбиді қырқынан шығару мен бесікке салу
кезінде атқарылатын ырымдар мен айтылатын шарапатты сөздер, тұсау кесер мен сүндет той
кезінде орындалатын кәде-жоралғылар мен өлеңдер, –бұлардың бәрі міндетті түрде орындалуға
тиісті фольклор. Ол ырымдарсыз, шапағатты тілек-батасыз, ақтілеулі дұғасыз аталған шаралар
жүзеге асырылмайды. Демек, бұл тұста фольклор – тұрмыстың бір бөлшегі, тіршіліктің қажетті ісі
болып көрінеді. Осы сияқты үйлену салтындағы ырым-кәделер мен жар-жар, сыңсу, беташар
секілді жырлар, ал адам қайтыс болғанда міндетті түрде айтылатын естірту, көңіл айту, жұбату,
жерлеу рәсімі бойынша айтылуға тиісті жоқтау, – адам өмірінің әр кезеңінде таза тұрмыстық,
утилитарлық қызмет атқаратын фольклор. Бұларсыз үйлену тойы, жерлеу рәсімі болмайды.
Ендеше, фольклор – тұрмыстың өзімен біте қайнап, қосылып кеткен руханият.
Фольклордың бұл түрінде ежелгі дәуірдің пайым-түсінігі, діни ұғымы мен нанымы, дүниетанымы
толық пайдаланылады. Бірақ бұл жағдайда олар әдейі қолданылмайды. Керісінше, көне заман
ұғымдары емін-еркін, табиғи түрде, ешбір күдіксіз араласады. Көбінесе, олар көркемдік міндет
атқарады, алайда, бұл көркемдік мақсатты емес, ол да болмысы мен сезімі сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |